Қазақ ұлттық университетінен Нидерландыға жолдама

560

Қазіргі заманда кімнің де болса ел көріп, жер көріп, басқа мәдениетпен, басқа өлкемен, өзгеше дәстүрмен танысып, жанын жаңалықпен сусындатып, өзін дамытуды  жөн көретіні анық. Әсіресе, Еуропаның өркениетті елдері көпшіліктің қызығушылығын оятып, өзіне назарын аудартатыны сөзсіз. Сол қарқынды дамыған  Еуропадан ойып орын алған, тарихта шешуші оқиғалардың басты кейіпкері болған, өзінің  саясатымен, ғылыми өмірі және әлеуметтік тұрмысымен ерекшеленген Нидерланды еліне бару мүмкіндігі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «6М021300–Лингвистика» мамандығының 1-курс  магистранттарына берілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстан әлемдік аренада өзіндік орны мен беделі бар жоғары оқу орны екені белгілі. Университеттің барлық факультеттерінде дамушы елдерден бастап, жаһандық даму тізгінін ұстаған дамыған елдердің  ЖОО-мен  халықаралық  келісімшарт бар. Университеттің филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының жыл сайын Нидерланд патшалығының Утрехт қаласындағы Утрехт университетінен магистранттарды ғылыми тәжірибеден өткізуге шақырту алып отырады.  Осыған орай, Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес «6М021300 – Лингвистика» мамандығының 2016-2017 оқу жылының 1-курс  магистранттары  2017 жылдың 14-25 тамыз аралығында ғылыми тәжірибеден  өтуге  жолдама алып,  сапарға аттанған еді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының магистранттарының  Еуропаны көзбен көріп, көңілге түйгендері көп.

       Утрехт университетінің базасында 2017 жылдың 14 тамызы мен 18 тамызы аралығында «Bilingualism» («Билингвизм») курсы бойынша «Билингвизм пәніне кіріспе», «Бір әлде екі жүйе ме? Теориялық мәселелер мен эмпирикалық дәлелдер», «Билингвизм лексиконы», «Код-ауыстыру», «Когнитивтік артықшылықтары» сияқты тақырыптарда ғалымдардың пікірлерін тыңдап, ғылыми еңбектің түрі мен формасы, зерттеу мәліметтерінің компьютерлік өңдеу әдістері туралы кеңестер алдық.

14.08.-18.08.2017 ж. «Тіл эволюциясы» курсында тілдің дамуы туралы теорияларға шолу, «таңба», «мәдени эволюция», «менталды уақыт», т.б. терминдерге жан-жақты түсініктер берілді. «What is the human language faculty? Two Views» мақаласы жайлы пікірталасқа қатысып, лекцияға қатысушы магистранттар мен оқытушылар Marc D. Hauser, Charles Yang, Robert C. Berwick, Ian Tattersall, Michael J. Ryan, Jeffrey Watumull, Noam Chomsky and Richard C. Lewontin-дердің біріккен авторлығымен жарыққа шыққан «The mystery of language» мақаласын талқылап, жан-жануарлар мен адамзаттың тілі арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды талқыладық.

21.08.-25.08.2017ж. аралығында«Introduction to L1 and L2 acquisition» («Т1 және Т2 меңгеруге кіріспе») курсы бойынша «Т1 және Т2 меңгеруге кіріспе», «Т1 және Т2 меңгерудің фонотактикасы», «Фонологиядан тыс Т1 және Т2 меңгеру: Т1 және Т2 меңгерудегі анықтауыштар» атты Берт ле Брюн мырзаның лекцияларын тыңдадық. Бірінші тіл мен екінші тілді меңгерудің ерекшеліктері мен айырмашылықтары мәселелері қарастырылды.

Утрехт университетінің студенттерінің көп уақыты өтетін жер – университет кітапханасы.  Ағылшын және басқа да тілдердегі миллиондаған кітаптар мен электронды оқулықтар  сақталған  кітапханада  бізге да  ғылыми іздену мүмкіндігі берілді. Әр магистрант өзінің зерттеу тақырыбы бойынша ізденіп, тапқан ақпараттармен жұмыс жасады. Бұл кітапханадағы жұмыс  ғылыми ізденіс жағынан өте пайдалы болды. Екі  мемлекеттің де ЖОО ұйымдастырушылық  біліктілігі  мен  университет  мамандарының  кәсібилігі  ғылыми тағылымдамаға құжаттарды рәсімдеуден бастап, тағылымдамадан өтушілердіқарсы алулары мен университеттің жатақханасына орналастыруларынан-ақ анық еді. Алдын-ала жоспарланған бағдарламаға сәйкес, магистранттардың  уақыты толығымен оқуға  және өзіндік даму әлеуетін жүзеге асыруға арналды. Ғылыми тағылымдаманың бірінші күні оқу және мәдени бағдарламаны таныстыру мен ұйымдастырушылық сұрақтарды шешумен аяқталды.

Осылайша, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының магистранттарының Утрехт университетіндегі ғылыми тағылымдамасының әр күні бағдарламаға сәйкес қызықты және пайдалы болды. 25.08.2017 ж. Университет ұжымы ұйымдастырған Утрехт қаласында орналасқан мәдени орталықтарға (Dometower, Ботаникалық бақ, Темір жол мұражайы, түрлі тақырыптардағы Университет мұражайлары) жасалған саяхатқа қатысып, қаланың мәдени өмірінің ерекшеліктерімен таныстық.

         Кәсіби маман ретінде қалыптасумен қатар, ой-өрісті кеңейтіп, тұлғалық дамуға мүмкіндік беретін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы мен А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтына«6М021300–Лингвистика»  мамандығының 1-курс магистранттарының атынан, әсіресе, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Баянжанқызына, ғылыми жетекшіміз Анар Мұратқызына, Айман Əбділдақызына алғыс  айта  отырып, барша  талапкерлерге біздің  сүйікті  ҚазҰУ-ды таңдауға  кеңес  береміз!!!

                                                                                     1 курс магистранттары:

        Әділ ӘБСАТТАР,

Айдана АУШЕНОВА,

Ақерке МЕЙІРБЕКОВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *