ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ №1 АВТОӨНДІРІС

     Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қуатты Қазақстан мемлекетін қалыптастыру үшін өңірлерді өркендету қажет екендігін ұдайы айтып келеді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының түпкі мақсаты да осы — облыс орталығықтарында  әлемдік бәсекеге қабілетт, нарықтық экономиканың қатаң талаптарына төтеп бере алатын ірі өндіріс орындарын ашу. Шыны керек, бұл елдің экономикасын өркендету бағытындағы батыл қадам болды.

         Шығыс Қазақстан облысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында еліміздегі алып автоөндіріс салынды. Алып демеске амал жоқ. 745 футбол алаңындай аумақты алып жатқан автомобиль өндірісінің орны осыдан бірер жыл бұрын мидай жазық дала болатын. Өскемен қаласының қиыр шеті еді. Қазір адам танымастай өзгерді бұл орын. Қазақстан тарихындағы тұңғыш автомобиль зауыты қазір ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды.

         Әу баста қазақстандық автомобиль өндірісіне бел шеше кіріскен кәсіпкерлердің басы-қасында бүгінде «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы дәрежесіне жеткен Анатолий Балушкин жүрді. Олар жоғары технологиялық өндірісті тақыр жерден бастап, әлемдік деңгейдегі әріптестерінің күмәнсіз сеніміне ие болды.

         Өскеменнің конвейерінен шыққан алғашқы автомобиль – LADA 4х4 («Нива»). «АВТОВАЗ» Қазақстанда бұрын-соңды болмаған осы жаңа салаға барынша қолдау жасады. Сондықтан болар, уақыт өте келе, Skoda Auto, General Motors және KIA Motors «АЗИЯ АВТО» зауытының әріптестеріне айналды.

         Қазіргі уақытта автоөндіріс – Қазақстан экономикасының индустриялық дамуындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда республика аумағында жеңіл автомобильдер мен жүк және автобус техникаларын шығаратын бес өндірістік алаң бар.

         Елімізде индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында автомобиль өндіру 4,8 есеге артты. Бұған «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» командасының қосып отырған үлесі айтарлықтай. Қазір олар «АВТОВАЗ»-дың сенімді серігі. Жасыратыны жоқ, «АВТОВАЗ» Ресейден гөрі Қазақстанда әйгілі. Өйткені, біздің елімізде жаңа көлікті сатып алушы әрбір үшінші адам «LADA» үлгісін қош көреді.

         Қазіргі уақытта «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» Қазақстан нарығынан да тыс аймақтарда жақсы танымал. Бұл Еуразиялық Одақ нарығына жол салған қазақстандық алғашқы компания.

         Өндіріс көлемі жылдан-жылға арта беретіні сөзсіз. Өйткені, автохолдинг, Қазақстан мен Ресейдің азиялық бөлігін қоса есептегенде, 7 мемлекетпен іскерлік, сауда-саттық қарым-қатынас қалыптастырып үлгерді. Олар 84 миллион тұрғыны бар нарықты «жаулап алды». Бұл компанияның негізгі және қосалқы өндіріс орындарында 12 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазір қазақстандық автомобиль өндірісі әлемдік нарықта өзінің лайықты орнын алды.

                                      Деректер мен дәйектер

 19 қыркүйек 2012 жыл. Аймақаралық ынтымақтастық жөніндегі IX форумда Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары Н.Ә. Назарбаев пен В.В. Путин автоөндіріс саласындағы ауқымды жобаны мақұлдады.

27 маусым 2013 жыл. Жоба Renault-Nissan альянсының («АВТОВАЗ» ААҚ бақылаушы акционері) ұзақ мерзімді даму стратегиясына енді.

10 қараша 2013 жыл. Болашақ автозауыттың іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды.

30 қыркүйек 2014 жыл. Жобаға қатысушылар бірлескен жұмысқа кірісу үшін Атырау қаласында өткізілген аймақаралық ынтымақтастық жөніндегі XI форумда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.В.Путиннің қатысуымен тиісті келісімге қол қойылды.

12 қазан 2015 жыл. Өндірістік кешеннің инженерлік коммуникацияларының құрылысы басталды.

15 қазан 2015 жыл. Жобаға қатысушылар Моңғолия, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан нарығында келісімшарт ауқымын кеңейту жөнінде шешім қабылдады. Қазақстан мен Ресей мемлекет басшыларының Астанада өткен кездесуі кезінде осындай уағдаластық жасалды.

29 маусым 2016 жыл. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ өндіріс алаңындағы құрылыс барысымен танысып, жобаның толық жүзеге асуына мемлекет тарапынан келешекте де қолдау болатынына кәсіпорын ұжымын сендірді.

         Кәсіпорынның бірінші кезектегі қуаттылығы – 60 мың автомобиль. Бұл межеге 2018 жылы жетпек. Жобалық қуаттылығы – жылына 120 мың көлік. Оның жалпы құны – 340 миллиард теңге. Экспорт көлемі жылына 60 мың автомобильден кем болмайды.

         Демек, «АЗИЯ АВТО Қазақстанның» конвейері тоқтамайды, өндіріс көлемі жылдан-жылға ұлғая береді деген сөз. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорында болған кезінде әңгіме арқауы еткен еді.

 – Біз ертеректе шетелде болған кезімізде осындай конвейерлерді көріп, таң-тамаша қалушы едік. Енді біздің елімізде де тамаша машиналар мен мамандар бар. Мен сіздердің зауытта төрт мәрте болдым. Қазір жаңа алаңды көріп тұрмын. Келешегі жақсы. Қиындықтарға қарамастан, мемлекет сіздерге көмектесуді жалғастыра береді, – деген болатын Н.Ә.Назарбаев.

 Ал, «АВТОВАЗ» ашық акционерлік қоғамының президенті Николя Мор Қазақстандағы №1 автозауыттың аз уақыт ішінде үлкен іс тындырғанын, екіжақты іскерлік, әріптестік байланыстың аясы кеңейіп келе жатқанын тілге тиек еткені бар еді.

         – Бұл Қазақстан мен Ресейдің бірлескен ірі өнеркәсіптік жобасы. Жасыратыны жоқ, екі мемлекет басшыларының бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі бастамаларының арқасында осындай табысты жоба жүзеге асты, – деген еді Николя Мор.

         Өскемендегі өндіріс тәуелсіз Қазақстандағы №1 автозауыт. Оның болашағы кемел. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, алға адымдай беретіні анық.

                                                                 ҒАЛЫМ ОМАРХАНОВ.

АСТАНА.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *