Жұртының жанашыры болған

Бір әкімшілік аумақтық бірліктегі мектептерге кісі есімі екі рет қайталануға болмайды. Қазақстан мемлекетіндегі заңдылыққа сай Атырау қаласындағы екі мектеп Абай бабамыздың есімімен аталатындықтан біреуін өзгерту қажеттілігі ­туындады. Сөйтіп, оның бірі Мақаш Бекмұхамбетов атындағы мектебі аталды. Мақаш Бекмұхамбетов кім еді? 
Мақаш Бекмұхамбетов 1830 жылы Бөкей ордасында «Сасық тау» өңірінде ел ішінде ықпалды болған Бекмембет (Бекмұхаммед) бидің немересі Шолтырдың жанұясында дүниеге келген. 1841-1845 жылдары қазақ даласында алғаш ашылған «Жәңгір мектебінде» оқып, білім алған.

Мектепті бірге аяқтаған Ниязов Жүсіп, Мұхамбет-Салық Бабажанов, Жантөрин Сұлтанмахмұт, Бөкейханов Арыстангерей, Шалабаев Сұлтан, Саңғырықов Мырзағали, Нұрлыханов Зұлхарнайлармен Орынбордағы ­Неплюев кадет корпусында білімін жалғастырып, 1852 жылы тәмамдаған.
Бөкей ордасының уақытша кеңесінде тілмаштық қызметін атқарып, 1855 жылы 2 теңіз жағалық округінің правительдігіне тағайындалады Екі округті қосып, кейіннен жекелеп 1894 жылға дейін басқарған. Үш жыл ордаға кеңесшілік жұмысын атқарып, зейнетке шығады. 1904 жылы мұз қатқан қыс айының бастамасында дүние салған.
Мақаш әкім – іскерлігімен ерекшеленген аса талантты адам. Өзінің қарамағындағы елдің иығын теңестіріп, кең жүруіне жағдай жасаған басшы. Қазақтардың бітіспейтін жер дауын реттеген билеуші.Білімді, мәселені шешудегі алымдылығымен көзге түскен. Әр істі тындырымды атқарып, халқына жайлы болған. 1881 жылы император ІІІ Александрдың таққа отыруын ұлықтау рәсіміне қатысып, патшаның қабылдауында киіз үйдің таза саф алтыннан жасалған макетін шимай қызыл барқытпен жауып сыйлаған. Қыр қазағының сәулетті де бай, сәнді, қымбат тартуына риза болған император Мақаш әкімнің айтқан бұйымтайларын назарға алып, шешу жөнінде әдейі тапсырған. Шаруа баққан елдің малына жайылымдық жер мен шабындық мәселесін шешуге, көшпенді халықтың отырықшылдық салтқа еніп, Теңіз жағалығына еркін қоныстануына ерік беруді сұраған тілегі орындалған.
Мақаш Бекмұхамбетов қыр қазағын отырықшылыққа айналдырып, балық аулау кәсіпшілігін игеруге, су жолымен кеме жүздіріп Еділ өзенін өрлеп балық тасымалдауға, ішкі бойдан халқына қажетті тұрмыстық заттарды алдырып, сауда-саттықтың қырын меңгертті. Кейіннен Танашев, Шынтаев сияқты талай ауқатты жандар, басқа да белгілі кәсіпкерлер қалыптасып шықты. Сулы алқапта егін шаруашылығын меңгеріп, күн көрістің көзіне айналдырды.
Ағартушы, ғалым тұрғысында халықтың сауатын аштыру үшін барлық старшыннан мұсылманша медреселер ашып, Қазан қаласынан ұстаздар алдырып, балаларын оқытқан. Жекеленген ауылдарда молда ұстау күнделікті өмір дәстүріне енген. Округ орталығынан екі кластық мектеп ашып, қазақ балаларын Еуропа біліміне тартқан. Жалпы халықты сауаттандыруға жұмылдырған. Ұлтын сүйіп қызмет жасау өмірлік мұраты болған азамат. Қазақты мұсылмандықтан айырмау ұлттығын сақтау деп есептеп, дінімізді ұстауға батыл қызмет жасаған. Патшаның қабылдауында миссионерлердің қазақ еліне қаптай кіріп, іргелей шіркеу тұрғызып, хрис­тиан дініне енгізуге бағытталған ауқымды жұмысын тоқтатуды сұраған. Мұсылмандықтан айырылған халық қазақ болмайды деген қағиданы берік ұстап, жан аямай қызмет жасаған. Халқына зорлық жасамаған, жайлы болған. Әлеуметтік теңсіздікке жол бермеуді өмірінің мұраты санаған әділ басшы. Бұған Нұрым жыраудың: «Дария жолдас сеңменен, Тәуекел жолдас ерменен.Шатысқан Мақаш жерің жоқ, Өзіңнен кіші кемменен» деген сөзі дәлел болғандай.
Ұлы күйші Құрманғазыға ерекше қамқорлық жасап, Астрахань губернаторынан заң жүзінде қудалауды тоқтатып ақ билет бергізеді. Сақыма деген аралға қоныстандырып, қайырымды қарттығын өткізуге жағдай жасаған. Ол халық өнерін, оның бастаушылары мен шеберлерін дәріптеген. Елдегі дүлдүл домбырашы, жезтаңдай әнші, суырыпсалма ақын, от ауызды билердің ортасында болып үнемі қолдап, қолпаштап отырған. Өзі де өнерлі болған. Шығармашылықпен шұғылданған «Шандоз қыз» дастанын жазса, Крыловтың «Есек пен бұлбұл» мысалын аударған. Ел арасында орындалып жүрген бірнеше күйлері де бар. Соның бірі Мақаштың «Байжұмасы».
Қолданыстағы заң аясында Абай атындағы екі мектептің бірі өзгертілетіні сөзсіз. Оның Мақаш Бекмұхамбетовке бұйыруы да кездейсоқтықтан, біз білмейтін заңдылыққа жақындау сияқты. Екі ұлының арасында үндестік бар. Бір кезеңде өмір сүрген, заманның қыспағы мен талабын бірдей көрген жандар.
Мақаш Бекмұхамбетов әкімшілік билігінің қазанында қайнап, халқына тура жол көрсеткен, олардың тұрмыс-тірлігін бір арнаға түсірген, әділдікті ту еткен жан. Елінің жарлысы мен байы тең болған. Өзі ешкімге артықшылық, астамшылық жасамаған. Өзгеге де жол бермеген.
Қарауындағы халқын өзгенің өк­темдігінен қорғаған. Басқа аймақ­тағыдай жағалық округінің қазақтары Мақаш тұсында орыс халқынан, оның жандайшаптарынан зәбір, жапа шеккен жоқ. Тамыр болып араласып отырды. Билік басындағы ұлықтар да астамшылық жасағанын естіген жоқпыз. Беделіміздің кем болмағаны ел арасындағы бізге жеткен сөзден белгілі. Бала кезімізден ірілеу сөйлеген қазақ жігіттеріне орыстардың «Ты Макаш что ли» деген жаттанды сөзі, сол тұстағы бабамыздың айбарының қандай дәрежеде болғандығын білдіреді. Мақаш әкімнің ұтымды сөзі, ұлағатты әңгімелері мен жазған еңбектері жарияланып жүр. Көпшілігі біздің қолымызға түспей Ресей Ғылым Академиясының Шығыстану институтында профессор И.Н.Березин қорында сақтаулы. Абайдың даналығы мен Мақаш әкімнің іскерлігі бір-бірімен үндесіп, бір мақсатқа арналған. Халықтың мінезіндегі кертартпа тоғышарлық, күншілдік, бақталас, өшпенділік, қастандық пен бір-біріне жау болған қасіретті тағдырына қынжылып күйзелді. Одан шығар жолда бірі даналық сөзімен, екіншісі ісімен бастады. Міне, мұрат үндестігінің айқын көрінісі. Абай аңсаған, Мақаш жүзеге асырған әділеттілік, қазақ елін революциялық сілкініссіз эволюциялық даму арқылы жайлы қоғам жасауға болатындығының бастауы. Ғылыми тұрғыда талдау жасаған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсеткен «Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз танылды» деген тұжырымы бабалар ісімен үндестік тауып тұрғандай. Екіншіден, Мақаш салдырған мектеп бүгінгі күні аудандағы ең ірі республикалық базалық Абай атындағы жалпы орта мектеп. Алдында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Мақаш бабаның жетінші ұрпағы Сәрсенбай Еңсегеновтің өз қаражатына жасатып қондырған ұлы Абайдың мүсіні тұр.
Бүгінгі күні Абай есімін иеленген мектепке Мақаш Бекмұхамбетов атауы берілуі даналардың бірін-бірі қолдап, қайтарылған қарымтадай болған үндестігі деп қорытамыз.
Үшіншіден, дана Абай дара, бірақ жалғыз емес. Өзіндей ойшыл тұстастары бар. Қызыл тілді безеген артында сөз қалдырған ақындар мен жыраулардың үлкен шоғыры атаусыз қалып жатыр. Осы ескерілуі тиіс. Төртіншіден, ұлағатты жұмысымыз Елбасының Болашаққа бағдар сілтеген үшінші жаңғыруды бастаған ниетпен тұспа-тұс келді. Көзге көрінбейтін тылсым күштің әсерінен дей аламыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында отаншылдық пен жершілдігімізге түскен селкеуді жойып, «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дегені Туған жеріміздің тарихи атауларын қайтаруға, жаңадан ашылған нысандарға Қазақ елінің тарихын жеткізетіндей атау­лар беруге меңзеді. Мектепке Мақаш Бекмұхамбетов атауы берілуі де сол басшылыққа алар қағиданың құдірет күшімен үндестік тапқандығы.

Өмірзақ Қажымғалиев, 
жазушы , «Мақаш әкім» қоғамдық қорының төрағасы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *