Жауһар жыр

…Көкке кетті Есенин серілікпен,
Есенғали мұнда жүр көп үмітпен.
Аспан жақты әзірге қойды-ау деймін,
Жерде өйткені жұмыс көп оны күткен, — деп өзі жырлағандай, қазақтың айтулы ақыны, құрдасым, курстасым, әріптес досым Есенғали Әбдіжаппарұлы ­РАУШАНОВТЫҢ көкке асықпай жерде жүргенін қалаймыз. Жырлары сөзінің сырлы сазымен, төгілген тіл кестесімен, ойлы образға орай беретін бейнелілігімен бөлектеніп тұратын ақын туындыларын қалың жұртшылық қашанда сүйсіне оқиды.
Ол 1957 жылғы бесінші қазан күні Қарақалпақстанның Хожелі ауданында жарық дүниеге келген. Балалық бал дәурені Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының «Келінтөбе» кеңшарында өткен. 1973 жылы онжылдық орта мектепті бітірген. Сол кезден өлеңдері баспасөз бетінде жарық көре бастапты. 1975-1977 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан. Келгеннен кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген.

1979 жылы Алматыдағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верси­тетінің (қазіргі әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетіне бірге оқуға түстік. Арамызда Жұмабек Мұқанов, Жетіскен Мәкенәлиев, Манарбек Ізбасаров, Үсен Өмірзақов сынды ақын жігіттер болды.
Студент кездің өзінде ақ, яғни 1980 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Бастау» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. 1983 жылы «Бердәулет пен ­Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орынды жеңіп алған болатын.
Оның ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1986) атты жыр жинақтары көзі қарақты оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Кейінгі туындысы үшін 1990 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
Республикалық «Жалын» және «Арай» журналдарында бөлім мең­ге­рушісі, жауапты хатшысы ретінде әбден ысылған «Білім және еңбек» журналының бас редакторлығына дейін көтерілді. Соңғы жылдары «Жазушы» баспасының директоры қызметін абыроймен атқаруда.
Орыстың ұлы ақыны Сергей ­Александрович Есенинге еліктеп ерте есейген Есенғали уақыт еткен сайын барынша кемелденіп келеді. Соның бәрі көз алдымызда. Өйткені өзге жырсүйер қауым секілді оның баспасөз бетінде жарияланған әрбір өлеңі мен мақаласын, жарық көрген кітабын асыға күтіп, зерделеп оқып жүретін жанның бірімін. Өзбек әдебиетінің классигі Хамза ­Хаким-заде Ниязидің өлеңдерін туған тілімізге аударып, «Жазушы» бас­пасынан «Күрес жыры» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи-танымдық жәдігер саналатын «Әмір Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде оның тәржімасымен сөйлеген. Өзі де бірнеше тіл білетін ақынның туындылары қырғыз, өзбек, орыс, украин, литва, тіпті болгар, чех тілдеріне дейін аударылғаны қай қазақ үшін де мақтаныш-мерей екені мәлім.
Есенғали Раушанов лирикасында ұлттық болмыс суреткерлік шеберлікпен дараланған, ұлттық психология, этнография ақын өлеңдерінің ішкі иіріміне образдық бояу болып сіңген («Қозының бүйіріндей тойып емген төбелер», «Қатар­ланған қара нардай азайған қариялар», «Тұлыпқа кеп иіген аруанадай сенің суық ерніңнен іздедім от», т.б.) қара өлең үлгісі ­Есен­ғали поэзиясының тірлік желісіне айналған. Ақын шығармашылығында жаңа формалық ізденістер жетерлік, бірақ қаламгердің ерекшелігі дәстүрлі үлгіні қайта жаңғыртуында. Шығыстық сарында жазылған өлеңдері («Сағдише сүю», «Өзбек қызына») мен жыраулық поэзия дәстүріндегі дүниелері («Қарға бойлы Қазтуған», «Азау, саған не дейін», «Абылайдың асында айтылмаған сөз») замана ақиқатын көркемдік тұрғыда ашып көрсетуде азаматтық үнімен айшықталады. Есенғалидың халықтық аңыз, мифологиялық негізде жазылған «Ғайша бибі», «Түн деген Көрұғлы», «Нұқ Пайғамбардың кемесі», тағы басқа туындылары бар. «Ғайша бибі» драмалық дастаны халықтық поэзия қайнарынан нәр алған, жаңалық өрісімен, кемел көркемдігімен ерекшеленген құнды шығарма.
Былай қарап отырсаңыздар, Есенғалидың жүлде алмаған кітабы жоқ сияқты. Әрине, олардың бәрі де соған әбден лайықты деп есептейміз. 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық керген «Ғайша-бибі» атты жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді. Араға үш жыл салып «Жалын» баспасынан «Қара бауыр қасқалдақ» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы баспа бетін көрген. Халқымыздың арасына лаң салған Геннадий Васильевич Колбинді келемеждеп, қазақтың арда ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қадірлеп, құрметтеуге үндейтін осы аттас әнді бүгінде жұрттың бәрі жақсы біледі. Оның Есенғали Раушанов, ал әнін сазгер жерлесіміз Ілесбек Аманов жазған. «Періштелер мен құстар» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы ­(«Жазушы баспасы, 2005ж.) үшін Қазақстан Республикасының 2006 жылғы әдебиет, мәдениет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туындысында ұят, иман, обал-сауап сияқты қазақтың «төрт қабырғасын» түгендеуді басты мақсат тұтқан. «Бозаңға біткен бозжусан» («Раритет» баспасы, 2006), «Құстар – біздің ­досымыз» («Жазушы» баспасы, 2007) кітаптарына жауһар жырларымен бірге қосқанаттылар табиғатын сөз еткен этнографиялық новеллалары енген.
Ол, сонымен қатар Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар және Қазақ КСР шығармашылық жастардың «Жігер» фестивальдерінің тұңғыш лауреаты. Бірнеше рет еліміздің мәртебелі сыйлықтарын иеленген. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерейтой­лық медалімен марапатталған.
Қайбір жылдары, тіпті «Енді өлең жазбаймын» деп таза жазушылыққа бет бұрғаны да бар. Сөйтіп, оның қаламынан «Нұрдан жаралған» атты роман да туды. Онысы «Таң-Шолпан» журналында жарияланды.
Ерекше риза болатынымыз – Есенғали үшін жұрттың бәрі жерлес, дос, бауыр болып есептелетіні. Оған қарақал­пақ­стандық та, қызылордалық та, жылақтық та, жетісайлық та, ташкенттік те, шымкенттік те, алматылық та, астаналық та, Оңтүстік пен Солтүстіктің, Батыс пен Шығыстың қазақтары да, тіпті төрткүл дүниеден Атаме­ке­ні­міз­бен қайта қауышқан қандас­та­ры­мыз да тү­гелдей бір ет­жақын жан іспеттес. ­Әсі­ресе ұлты­мыздың ұйыт­қы­сы болып саналатын күн­шуақты Оңтүстікке деген сүйіс­пеншілігі алабөтен. Сон­дықтан да ол: «Еліміздің әрбір қаламгері ең алдымен өзін оңтүстікқазақстандықпын деп есептеу керек. Күншуақты Оңтүстік – керемет өлке!» деп айтудан еш танбайды.
Құстарды айрықша жақсы көретін ақын бүгінде қосқанаттылар жайлы «Періштелер мен құстар» атты кітабының екінші томын жазу үстінде. Қайраткер азамат Алтынбек Сәрсенбаев туралы қалам тарту да ойында бар көрінеді. Мәңгілік тақырып – махаббат жайлы «Саған арнадым» атты өлеңдер жинағын шығармақ.
Ақындар – Есенғали Раушанов пен Аманхан Әлімұлы екеуі айрықша жақсы көретін арқалы ақын Тоқаш Бердияровтың қайтыс болғанына келесі 2018 жылы 29 шілдеде отыз жыл толмақ. Әдебиеттанушы ретінде қолымда айтулы ақынның еш жерде жарияланбаған туындылары мен ол жайлы 200-ден астам адамның (оған Есенғали мен Аманхан да кіреді) естелік, эссе, өлең, мақалалары бар. Тоқаш Бердияровтың он томдық классикалық тандамалы шығармалар жинағын шығаруды қолға алу керектігін де айттым. Өйткені көзі тірісінде отыз шақты кітап шығарған оның бірде-бір туындысын бүгінде еш жерден емге таба алмайтынымыз анық. Осыларды және жеке өзімнің жыр жинағым мен белгілі тұлғалардан алған сыр-сұхбаттарымды баспадан шығарып беруді өтініп, көмек сұрағанымда Есенғалидың жауабы қысқа ғана: «Жасаймын!» болды. Бұған көл-көсір алғыстан басқа не айтасың.
Бүгінде айтулы ақын, Мемлекеттік және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының ­лауреаты, ­Қазақ­станға еңбегі сіңген ­баспа қайраткері, Шахимардан ­Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің Құрметті профессоры Есенғали Раушанов асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Жауһар жазушы, саңлақ суреткер Шерхан Мұртаза айтқандай, оны осы «Алпысы – тал түсімен» шын жүректен құттықтап, ғұмыр жасың жүзге жетсін, жазар көбейсін деп тілейміз!

Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист-ақын
Шымкент




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *