Бәсекеге қабілеттілік – басты талап

Білім сапасы қайткенде жақсарады, бүгінгі студент, ертеңгі маманның шынайы азаматтық болмысының толыққанды қалыптасуы үшін қандай шараны қолға алу керек. Көпшілікті толғандырған осындай өзекті сауалдарға С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымының докторы, профессор Бекежан АХАН жауап береді.

– Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орынға ие, өзіңіз басқарып отырған университеттің құрылу тарихы мен құрылымына, материалдық-техникалық базасы мен халықаралық қатынастары жайлы қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Жоғары білім кез келген елдің қарыштап дамуында ерекше рөл атқарады. ХХІ ғасырдағы зияткерлік ресурстарға сүйенген технологияның дамуы, сондай-ақ алдыңғы қатарлы дамыған елдердің сол ресурстарға ұмтылуы тек қана экономика емес, тұтастай алғанда қоғамдық трансформацияның дамуындағы айрықша фактор болып табылады. Жаңа заман біздің алдымызға әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатына байланысты жаңа міндеттер қойып отыр. Қазіргі заманның университеті екі жақты мәселенің шешімін табуға мәжбүр: біріншіден, сол оқу орны орналасқан елдің ішкі қажеттіктерін өтеу, екіншіден, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болу. Елімізге тек теориялық білімді меңгеріп қана қоймай, кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын берік практикалық дағдыларды меңгерген жоғары білікті мамандар қажет.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті 1996 жылдан бері елімізде аса қажет мамандықтар бойынша, соның ішінде техникалық бағыттағы бакалавр мен магистрлерді дайындауда өз үлесін қосып келеді. Қазақстан Республикасының білім беру саясатындағы негізгі бағыттар ескеріле отырып, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 2010-2020 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспары жасалды. Білім ордасының жуық арадағы келешек жоспарын сол құжат негізінде елестетуге болады. Университет ұжымы тәжірибелі менеджерлердің жетекшілігімен білім саласында заман талаптарына сәйкес болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Университеттің жұмысы кампус принципі бойынша іске асырылады, яғни оның құрамында оқу ғимараттары, тест орталығы, технопарк, жатақхана, кітапхана, оқу залы, мультимедиалық, компьютерлік және интернет-кластар, асхана, спорт кешені, теннистік корт және өндіріс ғимараттары бар.
Университеттік білім адами ресурстар­дың дамуы мен білімге негізделген бәсекеге қабілетті экономиканың негізі ретінде өз сапасы бойынша халықаралық стандарттарға жауап беруі тиіс. Мұндай сәйкестіктің объективті көрсеткіші – халықаралық аккредитация және әлемнің үздік университеттерінің қатарына ену екені белгілі. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті институционалдық, бірнеше мамандықтар бойынша халықаралық акредиттеуден өтті. Қазақстан жоғары оқу орындары Ассоциациясының, БҰҰ-ның академиялық бағыттағы Халықаралық одағының мүшесі.
Білім, ғылым және өндіріс интеграциясын қамтамасыз ету мақсатында және мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде облыс бойынша тұңғыш рет «ZEREK» технопаркі салынды. Оның құрамында «Ақпараттық-өлшеу жүйелері ғылыми зертханасы», «Техногендік қалдықтарды тиімді пайдалану ғылыми зертханасы», «Инженерлік профильді ғылыми зертхана» және «Өсімдіктер генетикасы ғылыми зертханасы» жұмыс жасайды. Аталған технопарк университеттің ғылыми-техникалық әлеуетін арттырады деп күтілуде. Технопарк базасында университет білім алушылары практикадан өтіп, маман даярлаушы кафедралар өз зертханасын жасақтайтын болады. Келешекте жаңармалы балама энергия өндіру, соның ішінде Tesla Energy моделінің ашық патентін пайдалану арқылы күн сәулесінен қуат алу мәселесі жоспарлануда. Жаңадан жасалған және жаңартылған ғылыми-зерттеу жобалары жалғасын тауып, зерттеу нәтижелері ретінде автоматтандырудың және тау-металлургия кешеніндегі электр желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар жасау, наноматериалдар негізінде төзімді құрылыс материалдарын сынақтан өткізіп, нарыққа шығару көзделуде.
Халықаралық қатынас университеттің дамуында айрықша орын алады, сол себепті білім ордасының басшылығы шетелдік ғылыми-педагогикалық ұйымдармен арадағы ынтымақтастыққа әрдайым ­назар аударып отырамыз. Өзінің 20 жылдық тарихында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған саясатын ұстану нәтижесінде жылдам дамушы және ғылыми потенциалы жоғары университетке айналып келеді. Оқу орнының шетелдік мекемелермен белсенді ынтымақтастық орнатуының өзі қазақстандық білім жүйесіне қосқан үлес, әрі сол арқылы әлемдік білім беру кеңістігіне нық қадам басқандығымыздың белгісі.
– Ертеңгі тағдырларын Сіздің ұжымға тапсырып отырған жастардың жалпы біліктілігі мен азаматтық тұлғасын қалыптастырудағы оқу орнының маңызы туралы ой бөліссеңіз?
– 1996 жылдан бері университетіміз білім нарығына қажетті экономика, басқару, қаржы, ақпараттық технологиялар саласындағы жоғары білікті мамандар ­даярлау ісінде аймақтағы көшбасшылардың бірі болып келеді. Жоғары оқу орнының 20 жылдық қалыптасу үрдісі жас тәуелсіз мемлекеттің дамуы мен қалыптасуындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларында түрлі ұйымдық-құрылымдық өзгерістермен ілесіп жүрді.
Бұл үрдістер білім беру жүйесіндегі көптеген реформаларға, жаңа экономи­калық жағдайларда жұмыс жасау қажет­тілігіне, нарыққа икемделуге және еш нәрсеге қарамастан әлемдік стандартпен бірге заманауи білім берудің қатаң талаптарына жауап бере алатын бәсекеге қабілетті жоғары оқу орны болып қалуға негізделген.
Университет мемлекеттік жоғары оқу орындарының айрықша құзыретін­де болған Кеңес дәуіріндегі стереотиптерді толық жеңіп шықты деп нық сеніммен айта аламын. Бұл – жоғары ұйымдастырылған менеджментті, жүздеген адамның қажырлы еңбегін, креативті амалын, жылдам шешімдерді талап ететін сындарлы үрдістің нәтижесі. Университеттен осы уақытқа дейін он мыңдаған түлек қанат қақты. Қазіргі таңда университетте 5 мыңдай студент оқуда.Еліміздің білім беру жүйесін модернизациялаудың ең маңызды аспектісі болып табылатын профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық мобильдігін күшейту мақсатында шет елдердің жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасалды. Біздің студенттер әртүрлі жақын және алыс шет елдерде білім алуда, ал оқытушыларымыз шет елдерде орыс, ағылшын және қытай тілдерінде біліктіліктерін жетілдіріп қана қоймай, өздері де әлемнің түрлі елдерінде дәрістер оқып, өздерінің жоғары біліктілігі мен бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеп жүр. Профессор-оқытушылар құрамының жоғары білікті көрсеткіштері пәндердің барлық циклы бойынша оқу үрдісін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оқытудың тиімділігін бағалау студенттердің білім сапасына қанағаттанатынын көрсеткен сауалнама арқылы жүзеге асырылады.Білім мекемесінің толыққанды жұмыс атқаруы жалпы қызмет көрсететін жұмысшылардың – үлкен ұжымының күшімен қамтамасыз етіледі. Профессор-оқытушылар құрамы заман талабына сай жаңа ақпараттық технологияға негізделген оқыту формасын белсенді түрде енгізу арқылы білім берудің интерактивтік әдісін жүзеге асыруда. Мамандарымыз орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық ассоциациясының, «Болашақ» түлектері Ассоциациясының мүшелері. Университетіміздің мыңдаған түлектері еліміздің түрлі салаларында табысты еңбек етуде, олардың ішінде жоғары басқару орындарында жүрген жетекшілер мен бизнес өкілдері де жеткілікті. Біз оларды мақтан тұтамыз.
– Соңғы кездері қоғамымызда рухани жаңғыру турасында маңызды шаралар қолға алынуда. Осы бағыттағы атқарылған істер туралы не айтасыз?
– Қай заманда да білімді адамның маңдайы жарық. Кертартпалар артта қалады, өнер-білім бар жұрттар алға озады. Қазіргі кездің талабы қатал. Ол – бәсекеге қабілетті болу.Ол қолыңнан келмесе, өзгелердің жетегінде жүріп, тарих сахнасынан мүлде жойылып кету қаупінің ауылы алыс емес.
Осыдан ширек ғасыр бұрын жас мемлекет ретінде жаңадан құрылған еліміз ауқымды жаңғыруларды іске асырды. Солардың бірі «Болашақ» бағдарламасы арқылы адами капиталға инвестиция жасау болды. Он мыңнан астам стипендия иегерлері тарихы мыңдаған жылдарды қамтитын әлемнің маңдайалды білім ордалары мен ғылыми орталықтарына барып, білім алды. Сол түлектердің бірқатары біздің арамызда да жемісті жұмыстар атқаруда.
Әрине, Қазақстан ешуақытта Америка да, Еуропа да болып кетпейді. Мақсат өзіміздің ұлттық бет-бейнемізді сақтау арқылы өркениетті елдердің озығын алып, тозығын қалдыруда. Өйткені бұқаралық сананың жаңғыруы елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алуы тиіс. Осыған орай рухани басымдылықты басты назарға алу мақсатында университет жанынан «Ұлы Жібек Жолының Рухани Мұрасы» ғылыми-зерттеу орталығы бой көтерді. Аталмыш орталықтың бастамасымен Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық сана хақындағы басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың мамыр айында «Ер Едіге тұлғасы – түркітекті ұлттардың символы ретінде» атты халықаралық конференция өткізу күн тәртібіне қойылды. Табиғи байлық, қара алтынға ғана арқа сүйеп иек артудың өткінші екендігін, стратегиялық жоспарлау саясатына сай келмейтіндігін өмірдің өзі көрсетті. Білім мен технологияның трансфері нәтижесінде тақыр жерде тығырықтан шығып, әлемге сапалы жеміс-жидектен экспорт жасап отырған ­Израиль, топырақ пен ­тастан басқа байлығы жоқ Оңтүстік Корея интеллектуалдық әлеуетінің арқасында даму қарқыны жағынан алдыңғы орынға шығады деп кім ойлаған?! Немесе 1950 жылдары Азияның артта қалған елдерінің бірі – Сингапур шығыстың бизнес және инновациялық драйверіне айналып, одан Ұлыбритания үлгі алады деп кім пайымдаған?!
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы ағылшын тілін үйренуді ұлттық сананы жаңғыртумен тікелей байланыстырды. Өйткені ғаламдық білімнің кілті – ағылшын тілі болады деп алпауыт елдер бейнебір келісіп қойғандай. Әлемдік мәліметтің 75 пайызға жуығы, техникалық білімнің 90 пайызы ағылшын тілінде болса, секунд сайын жаңғырып отырған жаңалықтарды, толқындай тасыған ақпаратты біздің тілімізге ешкім аударып бермейді, ол мүмкін де емес. Пушкин тілі деп келген орыс тілі де, Наполеон мен Бальзактың ана тілі – француз тілі де жаһандану тіліне айналған ағылшын тілімен бәсекелесуі екіталай болып тұр. Жапония мен Қытай ғалымдарының өзі ғылыми жаңалықтарын ана тілінде емес, ғылым тіліне айналған ағылшын тілінде жарияласа, сол жаңалықтардан бейхабар болып отыру біз үшін, зиялы қауым үшін үлкен сын. Жаңа оқу жылында бірнеше техникалық және экономикалық бағдарламалар бойынша ағылшынтілді топтар ашылмақшы. Оған ағылшын тілін орта деңгейден жоғары сатыда меңгерген студенттер топтастырылып, тілдік даярлықтан өткен оқытушылар дәріс береді.

Сұхбаттасқан
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ
АҚТӨБЕ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *