Сағат – сыншы, Сағат – қайраткер…

Көрнекті әдебиет сыншысы, қоғам және мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаевты қазақ қоғамынсыз, қазақ қоғамын Сағат Әшімбаевсыз елестету мүмкін емес. «Талантқа тағзым», «Сын мұраты», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік», «Азаматтыққа адалдық» сынды еңбектері мен көрерменнің көзайымына айналған «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз» авторлық бағдарламасының, сондай-ақ Қазақстаннан тыс тұратын бауырларымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер халқымен мәңгі бірге жасамақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай «Ұлттық интеллигенция: Қарыз бен Парыз» атты ха­лықаралық ғылыми-прак­тикалық кон­ференция өтті.
Оған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Әзербайжан ғылым академиясының вице-президенті академик Габиббейли Иса, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан және т.б. зиялы қауым өкілдері, алыс-жақын шет елдерден келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Жиын барысында Сағат Әшімбаев­тың қаламдасы, замандасы, досы Нұрлан Оразалин: «…Сағатты бізден екі дүние қағида­сы­мен алыстатқан жиырма алты жыл оның бейнесін мына жалған дүниеден алып кеткенімен, шын дүние – рух дүниесі әлемінен көші­ре де, өшіре де алмағанын сезіне­міз. Осының өзі Сағат қиялы мен ойын тербеген ұстанымдары­ның дәйектілігін, мақсат-мұраты­ның өміршеңдігін танытар, халық санасындағы тұлға тұғырын уақыт өткен сайын биіктетіп, бекіте түсер өмір өлшемі мен мәңгілік кес­кінінің көрінісі екені шүбәсіз. Бұл өлшем, бұл кескінге ие болу – қолына қалам ұстап, уақыт дейтін безбүйрек, қатал кеңістікпен жарысып сөз оздырған, таласып ой түлеткен кез келген көркемсөз жаратушысының түпкі арманы, түбегейлі мұраты.
Біз білетін дос, замандас, қа­ламдас Сағат өзін осындай қатал талап пен уақыт атты қатыгез сын­шының қайрауына салудай-ақ салған әрі осы жолда алған бе­тінен еш қайтпай жүріп, ұлтқа, ұлт әдебиеті мен руханиятына ұлан-асыр еңбек сіңірген санаулы саң­лақ­тарымыздың бірі еді» деп, жүрек тебірентер сөз айтты.
Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлт зиялысының болмыс-бітімін ба­ғам­дап, ұлттық интеллигенция­ның ұлт алдындағы парызы мен қарызы талқыланған конференцияда «С.Әшімбаевтың әдеби-публицистикалық мұрасы», «С.Әшімбаев және әдеби сынның көкейкесті мәселелері», «ЖОО әдебиетті оқыту мәселелері» тақы­рыптары да қалыс қалмады. Қаламгерді өмір жолы, шығарма­шы­лығы қақында сөз болды.
Аталған шараның жалғасы іспетті күннің екінші жартысында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына және оның жары танымал жазушы Шәрбану Бейсенованың 70 жасқа келуіне арналған әдеби-танымдық кеш өтті.
Кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин С.Әшімбаевтың жары Ш.Бейсенованың елге сіңірген еңбегі жайында баяндап, өзінің ізгі ықыласын білдірді. Алматы қаласының әкімі Б.Байбек пен Алматы облысының әкімі А.Баталов Шәрбану Бейсенованың иығына шапан жауып, гүл шоқтары мен алғыс хаттарын ұсынды.
Мерекелік кеште Ә.Кекілбаев, З.Қабдолов, Ә.Сығай, М.Жолдасбеков секілді ел ағалары­ның Сағат Әшімбаев жайлы айтқан есте­ліктері, сыншының алтын қорда сақ­талған байламды ойлары бейнетаспа арқылы халық наза­рына ұсынылып, көрермені қалам­ге­рімен тағы бір мәрте қауышты.
Кеш соңында сыншының ұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев пен Сағат ағаның жары, белгілі жазушы, журналист Шәрбану Бейсенова ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ізгі ниет білдірді.

Бағдагүл Балаубаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *