«Жазылушылар күні» ұйымшылдықпен өтті

«Қазпошта» АҚ-ның Алматы почтамтында Дүниежүзілік пошта күнін атап өту аясында «Жазылушылар күні» ұйымдастырылды. Оған жиналған жұртшылықтың қатары жылдағыдан көп екені байқалады. Оқырмандар өздері қалаған басылымдарына жеңілдік бағамен жазылып бір қуанса, БАҚ өкілдері жұртшылықпен кездесіп, емін-еркін әңгіме өрбітіп, рухани байыған күн болды.

Шараны «Алматы почтамты» Алматы филиалының директоры Ербол Кубентаев құттықтау сөзімен ашып, баспасөздің қоғамдағы рөлінің маңыздылығын атап өтті. Алмалы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Серікболсын Сарыбаев ғаламтор заманында газет-журналдардың таралымы азайып кетті деген пікірмен келіспейтінін, оқырман іздеп жүріп оқитын басылымдардың көп екендігін, оның бір дәлелі бүгінгі жиналған жұртшылық екенін жеткізді.

Шара барысында «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы филиалының директоры Н.Ораз, «Казахстанская правда» газетінің Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Д.Устиненко,  «Қазақ газеттері» ЖШС атынан «Мысль» журналының бас редакторы А.Сандыбай, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы А.Акбаров және т.б. сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті.

«Қазақ газеттері» ЖСШ-ына қарайтын «Ана тілі», «Экономика», «Уйғур авази» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдарының редакциялары да «Жазылушылар күнінде» белсенділік танытып, арнайы көрме ұйымдастырды.

 «Ана тілі» ұлт газетін қос қолымен сипалап, ерекше ықыласпен қарап тұрған кейуанаға көзіміз түсіп, әңгімеге тарттық. Әжеміз Алаш қайраткері, атақты дәрігер Асылбек Сейітовтың қызы Клара Сейітқызы Асылбекова болып шықты.

– Айналайын, «Ана тілінің» қызметкерлеріне дән ризамын. 6-7 жылдан бері «Ана тілі» газетін үзбей оқып келемін. Қазақшам шамалы болса да бастан-аяқ қарап, түгел оқып шығамын. Қазір қазақша сөйлеп тұрғанымның өзі осы газеттегі мақалалардың бірін жібермей, түгел оқығандығымның арқасы.

Ұлт газетінің «Алаш аманаты – 100» айдарымен жариялап жүрген мақалалары жүрегіме өте жақын, сүйсініп, тебіреніп оқимын. Мен де Алаш қайраткерінің ұрпағымын ғой. Жақында Ұлттық кітапханада өткен алашордашыларға арналған дөңгелек үстелге ұйымдастырушылар мені арнайы шақырып, қатысып қайттым. Бұл да тәуелсіз елдің жетістігі.

Газеттің тұрақты оқырманы ретінде айтарым, менің жаныма мәдениет өте жақын. Сондықтан өмірден өткен, қазір де жанымызда жүрген жақсы адамдар жайлы көбірек оқығым келеді. Олардың өмір жолдары өзгелерге, әсіресе жастарға үлгі болса екен деймін. Мәселен, О.Сүлейменов, А.Әшімов сияқты  ел ардақтылары туралы сүйсініп оқимын.

Менің сіздерге айтар өтінішім, әзірге мен тірі жүргенде, өз аяғыммен жер басып жүргенде осы «Ана тілі» газетінен мені айырмасаңыздар екен. Бұл газетті оқып жүргеніме 6-7 жыл болғанын жоғарыда айттым. Маған «Ана тілін» биыл да жаздыртсаңыздар риза болар едім, – деп тебірене сөйледі тектінің ұрпағы Клара апай Асылбекова.

Дәл осы күні жалпы алғанда 686 адам жеңілдік бағамен өзіне қажет басылымдарына жазылған екен. «Егемен Қазақстан», «Жас Қазақ», «Новое поколение», «МК в Казахстане» басылымдары 50%, «Казахстанская правда», «Вечерний Алматы» 20%, «Қазақ газеттері» ЖШС-ына қарасты басылымдар 15%-ға жазылушыларына жеңілдік жасап,  оқырмандарының ризашылығына бөленді.

Жиналған қауым «Алматы почтамты» АФ Сатуды дамыту басқармасының баспасөзді мерзімді басылымдарға тарату және бөлшек саудада сату бөлімінің бастығы Әсия Камалиеваның ұйымдастырушылық қабілетіне риза болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған «Жазылушылар күні» үшін ыстық ықыластарын білдірді.

Бағдагүл Балаубаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *