Өтті өмірден өзінің биігінде

Қазақ өнері мен әдебиетіне қырық жылдан астам қыруар еңбек сіңіріп, артына ұлан-ғайыр мұра қалдырған Әшірбек Сығаев жайлы таяуда шығатын естеліктер жинағында ол жөнінде – өмірі, туып-өскен жер, ата-ана, тума-туыс, жора-жолдас, дос-жаран, мінез-құлқы, айналамен қарым-қатынас, қызметтес болған үлкен-кіші әріптес, ұстаз, шәкірттер, отбасы – барлығы егжей-тегжейлі, тіпті артығымен баян етіледі десе сыйымды. Білгендерін ортаға салып адал пейілмен айтуға ниет еткен үлкен-кіші көз көрген замандастары ағынан жарылып, аруақ алдында тағзым етеді, бас иеді, адал көңілден ақтарылады. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Дулат Исабеков, Есмұхан Обаев, Өмірзақ Айтбаев, Сауытбек Абдрахманов, Қали Сәрсенбаев, Жолтай Әлмешұлынан бастап, өзге де өнер, мәдениет, әдебиет қайраткерлері, сахна жұлдыздары, ауылдас-жерлес, өнертанушы шәкірттерінің жазбаларында тың мәлімет, жұрт біле бермейтін жай-жапсарлар қамтылады. Бәрінен де ой саларлық ұшқындар ұшырасады. Алғы сөз ретінде жазған өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейісованың мақаласында Әшірбектің өмірі мен қызметі толығымен, тәптіштей баяндалады. Өзге жазбалар да соған үндес (дедік). Күнделікті қам-қарекет, жүріс-тұрыс, адами, пенделік көріністер елес береді. Марқұмға адалдық, ыстық ықылас, қимас сезімнен туған лебіздерге қарап, өмірден орны толмас қастерлі қайраткер өткеніне көз жете түседі. Үн қосқандардың барлығына бәрекелді, аталарына рақмет. Қазіргідей не көп, кітап көп уақытта бұл жинақтың қолдан-қолға тимей, оқылатын кітап боларына күмән жоқ. Көлемі қандай екеніне қарамай, лебіз білдірген әр жүректің лүпілі бар. Ендеше…

Ендігі әңгімені «Қыз Жібек» жыры негізінде түсірілген фильмге қарай бұрайық. «Қазақфильмнің» бағы жанып, небір тамаша туындыларды бірінен соң бірін көрерменге ұсынған жылдары кезекті шедевр – «Қыз Жібек» фильмі экранға шығардан екі-үш ай ілгері белгілі ұлт жанашыры, өнертанушы, жазушы Камал Смайылов сол кездегі тиражы жарты миллион «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Қыз Жібек» халқына бара жатыр» деген көлемді мақала жазып, күллі қазаққа жар салған-ды. Оның себебі ғасырлар бойы қазақпен бірге жасап, рухани қасиетін сақтап келе жатқан, қалың елге онсыз да белгілі дастанның құндылығын одан сайын әйгілеу, айшықтай түсу еді (Кәмекең солай дейтін).
Қолжазба мұқият сүзгіден өтіп, әскеттікпен қаралды. Алайда қай-қай қолжазбада да болмай тұрмайтын грамматика, орфография, орфоэпия, стилистикалық кем-кетіктер мен бірлі-жарым сөз, сөйлемдердегі ақаулар түзетілді демесек, авторлар еңбегі қырнап-сырналып, редакцияланған жоқ. Оған бірінші себеп, қаламы қарымды, кәсіби шеберлік, дайындығы мол авторлар қолынан шыққан естеліктер оны қажет етпей, сауатты, салдарлы, білгірлікпен жазылыпты. Әйтсе де, майда-шүйде кем-кетіктерді түзеу де аз жүк болмағанын да айта кеткеннің артықтығы жоқ (онсыз да белгілі десек те). Дейтұрсақ та…
Кітапта не бар, не жоғын (ең дұрысы) оқығанда біле жатасыз, әрине. Ал біз не жоғы тұрғысынан толғана келе, осы жолы айтылмаса, басқадай реті келмеуі мүмкін-ау дегендей оймен әрі қажеттігі барына күмән жоқ бірді-екілі оқиғаларды ортаға салуды мақұл көрдік (аруақ үшін). Енді соларға келейік.
Денсаулығына байланысты Астанаға ауысқан соңғы үш-төрт жылда онда қаншалық жұмақ орнатса да, есіл-дерті Алматы болатын да, жастық шағы мен ғұмырының көбі өткен жасыл қалаға – қалай дегенде де – келуге тырысатын, келетін де. Әшірбектің қамы үшін Күләш та Астанада тұрып жүрді. Бір жолы (одан кейін де) Алматыға келгенде Әшірбектің жағдайы болмай, жедел жәрдем шақырыпты. Бұл жөнінде Күләш айтатын. «Алматы жақпайды, Астана қолайлы, онда жақсы жүремін» дейтін өзі де.
Және ол түрліше себеппен Алматыға (көбіне мұндағылар шақырады) келгенде, Астанадан ұшарда «мен самолеттен түскен бойда пәлен жерге барамын, сіз сонда болыңыз» дейтін де, оны шақырған жерден де маған «Әшірбек ағай тапсырды, келіңіз» деп телефон соғатын. Талай рет ол аэропорт, мен үйден шығып барғанда, ол келетін мекеменің табалдырығы алдында жолығып жүрдік (ұлттық кітапханада Әміре Қашаубаевтың туғанына 125 жыл, өзге де шаралар, театрларда өнер тарландарын еске алу, сондай-сондай). Бірде, шамасы, осындағы үйінен болу керек, «Сіз білесіз бе, бүгін Жүргенов академиясында Петроградтан келген артистер Дулаттың (И) пьесасын қояды, бір емес, екі рет, сағат 1-де және 4-те. Сол жерге келіңіз, қалған әңгіме сонан соң» деген соң, онсыз да хабарланып, барғалы отырған академияға жеттім, Әшірбек те келді. Шұрқыраса көрісіп, қатар жайғастық. Адам көп. Бірінші қойылым біткен соң, тысқа шықтық. Әшірбек қолдан-қолға ­тимей, әркім өзіне тартып, оңаша әңгімеге ділгер. Әшірбек ара-тұра маған: «Тұра тұрыңыз!» дейді де, барша жұртқа естірте: «Бүгін 18 мың доллар гонорар алдым. Қазір Зәкеңді ресторанға апарамын, қайсың ілесесіңдер, жүріңдер бізбен бірге!» дейді. Мұны пьесасы сағат 4-те екінші рет қойылатын Дулат та, басқалар да естіп тұр. Ешкім үндемейді. Ұзамай Орынбасар Исақов үшеуміз мейрамханаға бардық. «Ренжімеңдер, таңертең Астанаға ұшамын» деп отырды дәм үстінде.
Қалжың, әрине. Өзіне жарасты. Түсінік қажет емес. Оны басқалар болмаса да, осы кітапқа естелігі енгендер түсінеді. Әшірбек болмысы…
Табиғатты сүйетін. Тау, өзен, көл, қарағай, қайың, құстар… бәрін. Медеуге баратын жол бойындағы таудан төмен қарай сарқырай ағатын өзен бойында кең көсіліп, ән салғанды ұнататын. Сүйіп шырқайтын әндерінің бірі – «Жәмила». Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласы». Илья Жақановтың «Жәмиласы». Илья Жақанов Әшірбектің «Жәмиланы» айтатынын көпке дейін білмей жүрді. Бірде мен айттым. «Солай ма? Онда таныстыр» деді. Кейін өздері танысып, менсіз де табысыпты.
Кино және театр институтының ректор­лы­ғынан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары боп ауысты (министр Е.Рахмадиев). Бұл дүрбелең мол, қиын-қыстау кез. Ақша құнсыз, сабан. Бірде күндізгі сағат 4 шамасында Әшірбек телефон соғып: «Хабарласпайсыз ғой. Бас ауырып, сынып барады. Тез келіңіз» десін. Қару-жарақты сайлап, сол замат жетейін. Кей сөздерінің әзіл-шынын айыру қиын. Әйтсе де, бұл жолғысы шынға ұқсай ма, қалай, «бір жерге барайық» деп емеурін жасаймын». «Тұра тұрыңыз!» дейді. Ұзамай тысқа шықтық. Машина жанында Министрліктің басқарма бастығы Орынбасар Исақов тұр екен. Үшеулеп Медеуге қарай тарттық. Жолшыбай «дүкенге кіріп шығайын» дегенді құлаққа ілмейді. «Сіздікі осылай. Үнемі кешігіп жүресіз. Бір рет ертелеу қимылдауды білмей-ақ өтетін болдыңыз» деп қажайды. Өзен бойына барып тоқтаған бойда шофері жүк салғышындағы көл-көсір анау-мынауды шығарып, дастарқан жайды. Сәкәку басталсын да кетсін. Ән, әзіл-қалжың. Бірер сағат өтер-өтпесте әлдебір жаққа бет алдық. Маңдай тірегеніміз – Чапаев совхозында сельсовет председателі боп істейтін туысқаны Әнәфияның үйі, бүгін екі жастағы ұлының туған күні екен. Төрде Әшірбектің Қаскелеңде сот боп істейтін бөлесі Сұлтан (марқұм) отыр. Мұнда біраз «серперлетіп, қорқорлатып» (Әшірбектің сөзі) аэропортқа тартайық. Онда барсақ, депутаттар бөлмесінде дастарқан жасалып, министрліктің бір қауым басшылары елпеңдеп жүр. Осында бір-ақ білдік, министр Еркеғали Рахмадиев әлдебір шетелден оралуы тиіс екен де, самолет кешігіп, таңертең келетін болған соң, кері қайтатын болдық. Осының бәрін алдын-ала айтпай жасаған Әшірбектің іс-әрекеті өзіне жөн көрінсе, біз де солай қабылдадық. Десе де, министрдің кешігіп келетін болғанына бірінші мен қуанғанымды несіне жасырайын. Қалай дегенде де, бұрқырап жүргеніміз жақсы емес, әрине. Әшірбекке айтсам, «ой, онда тұрған не бар» деп, сол күні де, ертеңіне де бой бермейді. Оны Еркеғали Рахмадиев баласындай еркелетіп, қамқор болғаны бөлек әңгіме. Ерекеңнің: «Жасым жетті, ұзамай менің орныма министр боласың» деген уәдесін орындай алмауы оның кінәсі емес. Рахмадиевтің орнына басқа біреу министр болғанда Әшірбек тобығы тайып, ауруханада жатқан-ды. Бір барғанымда Дулат пен Төлен отыр екен. Барлығымыз бір-бір дорбадан мандарин апарыппыз. Өзімсінгендерге өзімсіне сөйлейтін Әшірбектің сонда: «Тобық не тәйірі?! Ертең қалпына келеді. Алып бара жатқан ауру жоқ. Арақ әкелмедіңдер ме?» дегені де жарасымды-тын. Әттең, жалған!..
Келесі барғанымда бір парақ қағаз көр­сетті. Жоғарғы жаққа министрдің бірінші орын­басарлығынан босату жөнінде арыз екен. «Енді министрлікке қайтып бармаймын, жазатын кітаптарым бар, сабағымды беріп, әрі, солармен айналысамын» деді жайбарақат түрде.
Айтқандай-ақ, кітап та жазды, дәріс те оқыды, қазылар алқасын басқарды, мемсыйлық комиссиясына мүше де болды. Атақ-абырой, қызметі бұрынғыдан артық болмаса, кем болған жоқ. Бірінші орынбасарлықтан кеткен бойда жазған (осы кітапта естелік жазғандардың көбінің қаламына іліккен) тұшымды туындыларының бірі – «Сахна саңлақтарындағы» мақалалардың біразы «Парасат» журналында, кейін «Мәдениет» журналында толықтай жарық көрді.
– Қазір Баққожамен сөйлестім, – деді бір жолы мен отыратын бөлмеге (қашанғыдай тосаттан) кіріп келіп. – «Сахна саңлақтарын» мемлекеттік сыйлыққа ұсынатын болдық. Баққожа: «Шаппай аласың, ұрыста тұрыс жоқ, қазірден бастап кіріс, документтерді дайындаймыз да, жіберетін жерге жібереміз» деді. Ендігі әңгіме сізде. Документке шеберсіз ғой. Не дейсіз, сөйтсек бола ма? Меніңше, болатын сияқты. Соған құлқым аз. Бірақ неміз кетті, берсе берер, бермесе өздері білер, – деп селкілдей күлді.
– Дұрыс, – дедім. – Кірісу керек. Ұсынушы «Парасат» журналы болады ғой. Қомсынып жүрмесе…
– Қомсынса қайтейін. Сіз дұрыс десеңіз бітті. Басқасын қайтесіз. Ертең документтердің үлгісін әкелемін. Соған қарап, сол ізбен жазып, жібере салу керек…
– Мұндай нәрсеге жеңіл-желпі қарама, – дедім өзімше ақыл қосып. – Сен алмай кім алады… аласың…
– Мейлі, ертең келемін.
Ертеңіне келді. Менімен кабинетте бірге отыратын жазушы Нұрғали Оразов барлығын реттеп, Баққожа Мұқаев бастаған бір топ адам қол қойып, Әшірбектің кітабы («Сахна саңлақтары») «Парасат» журналының коллективі атынан Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды да, Баққожа айтқандай, шаппай алды. Әшірбек Сығаев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ал енді мұндай қуанышты атамай көр. Ресторанда аста-төк той… Бір тарих осылай…
Әшірбек кім-кімге де жанашыр, қамқоршы еді. Онысы әр сөз, қимыл-әрекет, тіпті ашу шақырып, кейігенінен де көрініп тұратын. Солай екені алда шығуға тиіс театртанушы шәкірттерінің естеліктерінен де байқалады. Құдайға шүкір, (бұрын біле бермесек те) Әшірбектің ізін басқан, өзі тәрбиелеген ­театртанушылар аз емес екен. Лайым, көп болсын, ұстаздан озған шәкірттер аз болмасын. Кітаптан бұрың-соңды біле бермеген не мән бермеген жаңалық іспетті деректер аз ұшыраспайды. Әсіресе театр, өнер сырына жетік білімді жастардың дүркіреп өсіп келе жатқаны жаңалық боп сезілді өз басыма. ­Назерке Жұмабай, Гүлім Көпбайқызы, Гүлнәз Мәмбеттің тастай мығым жазбаларына қарап, сондай ой түюге болады. Мәселен, мен бұған дейін журналист шығар деп қарайтын Сәуле Әбединованың Әшірбектен тәлім алған өнер зерттеушісі екенін жазбаларынан аңғардым. Сәуле Әшірбектің, ең алдымен, қамқоршы екенін меңзеп, өзін әлдебір (атын атамайды) журналға қызметке алғанын ауызға алады. Сол журналда бас редактор болған Әшірбектің оны (Сәуле) өзіне орынбасарлыққа шақырып, біраз уақыт қызметтес болғанын мен де білетінмін. Өйткені…
Сәуле атын атамаған «Дарабоз» журналын екі жылдай басқарып, әйбаттап шығарған, он бес шақты адам жұмыс істеген сол журналға Әшірбек мені де шақырып, сол жерден қашан кеткенше шолушы деген атпен айына бір-екі рет келіп-кетіп жүрдім. Ондағысы – маған айына 25 мың теңге беріп, қамқорлық жасау болатын. Ондай нәрсе ойыма келмеген-ді. ­Бастама өзінен болды. Әрі, мен барған күні біраз отырған соң, Әшірбек өзі айдайтын машинамен тау жаққа апарып, таза ауада қыдыратынбыз. Ал осы жанашырлық емей не? Коллектив алдында сан рет көкке көтеріп, мерейімді асыр­ғанына Сәуле, Қайрат, Кенжеғалилар куә…
Қайран Әшірбегім жаны жайсаң жомарт еді-ау. Енді бәрі көрген түстей. «Анау ресторанның буфетіне барайық. Жүз грамм аз, екі жүз грамм көп, жүз елу грамды тартып жіберіңіз» дейтін Әшірбек енді жоқ.
Қайтыс болатын жылы, шамамен, сәуір айының соңына таман телефон соғып: «Биыл әкем Төребай 110, анам Аққыз 100 жасқа толады. Екеуін еске алып, 1 маусым күні ас берсем деген ой боп тұр. Қалай көресіз?» деді.
«Пайғамбар жасынан әлдеқашан асып кеткенсің. Өзіңнен артар ештеңе жоқ, біздікі құптау, айтарым сол» дедім. Әкесі Төребай, анасы Аққыз, екеуін де білемін, білгенмін, марқұмдар бақилық болғанда жерлеу рәсімінде бастан-аяқ болғанбыз. Әшірбек үшін сонау Кентаудан келген екеуі өле-өлгенше жалғыз ұлдарының қолында тұрды. Келіні Күләштің шапағатына бөленді. Немерелер көрді. Аққыз апа Төребай атадан бұрын кетті. Он төрт жылдан соң Төребай ата да бақилық болды. Маған бір ой келсін.
Әшірбек екеуміз оқта-текте Медеу жақтағы өзен бойына барып сейіл құрушы едік (дедім ғой). Қырық жыл бұрын менің қызмет көлігіммен барып, сондай бір кезекті сәт бастан өткен-ді. Онда Әшірбек жас, қызметі – бөлім бастығы. Өзен жағасында әңгімеден әңгіме туып, ол әкесі Төребайдың жас кезінде қарулы болғаны, соғыстан алдын ауылдарына атақты Қажымұқан келгенде төсіне қойған тасты Төребай ұрып быт-шыт еткені туралы шабыттана әңгімеледі. Еліге тыңдаған мен бұл жөнінде жазу керек екен деп, болашақ мақаланың тақырыбын талқылап, бір тоқтамға келгендей болған едік. Қажымұқанның көкірегіне қойған тасты соғуға ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда, дүйім жұрт «Төребай соқсын балғаны!» деп айқайлаған екен. Содан Төребай балға соғыпты.
Осы әңгіме арадан қырық жыл өтсе де жадымда жүруші еді. Жазуға құлық болмай, айтқан жерде қалып қойғандай жай бар-тын. Әшірбек әлгіндей деген соң, ештен кеш болса да, бәрі көңілде сайрап тұр, неге жазбасқа деп, Әшірбекке білдірмей, тәуекелге бел будым. Ебін тауып әкесі мен анасының бірге түскен суретін қолға түсіріп, «Алматы ақшамы» газетінде мақала жарық көрді. Ас берілген күні таратылды. Тақырыбы – сол баяғы екеуміз өзен жағасында лапылдап жүргенде келіскен – «Төребай соқсын балғаны!».
Әшірбектің ризалығында шек болмады. Жиын басталғандағы бірінші сөзін маған рақмет айтудан бастады. ­Жексембек Еркінбеков, Өмірзақ Айтбаев, Қали Сәрсенбаев, Қасымхан Бегманов қостап, сол бір қарапайым мақала мені біраз жерге көтеріп тастағандай болды. Менікі аруақ сыйлау еді. Төребай ата мен Аққыз апаға деген құрмет, тағзым…
Жоғарыда баяндалғандар – мен айтпасам, кім айтады тұрғысынан – кітапқа сауға ретінде қағазға түсті, ағайын. Дұрыс түсініп, дұрыс қабылдағайсыздар.
Әшірбек өмірі таусылмайтын жыр-дастан. Біздің айтқандарымыз солардың мыңнан бірі. Миллионнан бірі десек де болғандай. Иә, Әшірбек халқына бара жатыр!..

Зәкір АСАБАЕВ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *