Сәбиіңіз не айтып жүр?

Таяуда бір танысым қалта телефонына «Уатсап» арқылы келген бір өлең жолдарын көрсетіп жағасын ұстады:
– Құдай-ау, не болып барады? Мына өлеңге қараңызшы, балалар бақшасында жаттауға беріпті. 
Телефон бетіндегі жазуға көзім түсті, тіл күрмелетін күрделі тіркестер… Бала тұрмақ үлкендер әрең жаттайтын мағынасы терең сөздер. Еріксіз қоштадым. Осы әңгіме көптен көңілде жүрген күпті мәселеге қозғау салды.
Осыдан біраз уақыт бұрын елорда­дағы білдей бір мемлекеттік мекеменің қызметкері: «Балалар бақшаларында сәбилердің ой-өрісіне лайықты жеңіл өлеңдер, әндер жоқ. Не болса соны айтқызады. Осыны неге жазбайсыздар?» деп ашынған еді.

Расы сол. Баяғы кеңес заманында, осыдан 40-50 жыл бұрын:
«Үстінде үйдің,
Тұр еді мысық.
Қасына келді,
Бір торғай ұшып…» деп айтылатын балаларға арналған ойнақы, жеңіл әуен кейбір балабақшада әлі күнге айтылып жүр. Қазіргі заманғы, бөбектің ұғымына сай келетін лайықты, тұшымды жаңа ән табу қиын. Бар болса, саусақпен санарлық қана. Сондықтан «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деп шырқап тұратын мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндерге еш таңғалмайсың.
Қоғамның беталысы өзгерді. Рухани құндылықтарымыз кеше нарық заңдылығының қанжығасында кете жаздап еді. Бүгін «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары негізінде енді-енді қисайған жүгіміз түзеліп, көшіміз оңалып жатыр. Білім саласы қанша рет реформаланды, оқу-тәрбие жұмыстары қазіргі заман ыңғайына сай атқарылып жатыр. Бірақ балалар шығармашылығы дейтін аса мән беруге тиісті нәзік мәселе осы ұлы дүбірдің тасасында қалып қойғандай көрінеді.
Мектепке дейінгі балалар тәрбиесі ­саласында 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан педагогика ғылымының кандидаты Ақжарқын Бәделқызын біз Астанадағы №77 «Қошақан» балабақшасында жолық­тырдық. Ол «Мәңгілік ел азаматын тәрбиелеуде Тәй-тәй технологиясын жаңаша бағытта қолдану» атты тәжірибе алаңы жұмыстарын қадағалап, бақылап отырады екен. Мәнісі – Қазақстанда бұрын­­нан қолданылып жүрген шетел­дік техно­логияны Мәңгілік ел ұғымымен байланыстыру. Яғни бүлдір­шіндерді топ-топқа бөліп сабақтар өткізіледі.
Маман балабақшалардағы балалар шығар­ма­шылығына қатысты мынадай пікір білдірді:
«Балалар шығармашылығы өте аз. Шағын өлеңдер, маусымдық жырлар, ойнақы әндер табу оңай емес.
Осындай олқылықтар салдарынан балалардың сөздік қоры дамымайды. Егер баяғыда бүлдіршіндер белгілі бір ертегіні бастан-аяқ түгел айтып шығатын болса, қазіргі балалар айта алмайды. Ертегінің оқиғасын ойлап тұрады, бірақ сөзбен жеткізе алмайды.
Балалар бақшаларында бөбектерге лайық әндерді әркім өзінше іздеп тауып, соған ыңғайлап пайдаланады. Мынадай-мынадай әндерді үйрету керек дейтін арнаулы бағдарламалық құжат жасалмаған. Музыка жетекшілері ана жерден бір әнді, мына жерден бір әнді әкеліп балаларға үйрете береді. Кей жағдайларды сөзі бала ұғымына ауыр ма, жоқ па, ол жағына қарай бермейді.
Мұндай кемшіліктерді жойып, жолға қойғымыз келсе, әдістемелік құралдар даярлау керек. Ол үшін балабақшаның тәжірибелі мамандарымен ақылдаса отырып, балалардың арасына келіп зерттеп, арнайы шығармашылық топ құрып, сараптамадан өткізіп барып, мына әндерді үйретуге болады деген қорытынды шығару керек».
Маманның айтып отырғанына еріксіз қосылуға тура келеді. Әр балабақшаның ән-күйге үйрететін тәрбиешілерінің керегін өздері іздеп жүріп әр жерден тауып алатыны шындық. Бұған біз Астана төріндегі «Нұрай» балабақшасында болғанда көзіміз жетті. Мұнда мамандар негізінен Көкшетауда шығатын «Зерек Ботақан» деген музыка мен әнге арналған альманах журналды пайдаланады екен. Қа­зақ және орыс тілінде ноталарымен бірге басылатын әндерден керегін таңдап алады.
«Бұл журналда көбінесе орысша әндер. Қазақша аударған кезде біраз үйлеспейтін, балаға ауырлау мәтіндер болады. Мұндай сәйкес келмейтін жерлерін айтуға оңайлатып, өзіміз дұрыстап аламыз. Әйтпесе, ән-әуендері жаман емес. Әндер де жыл мезгілдеріне, мерекелерге арналып жазылған, керегіңнің бәрі бар. Әндердің дискісі журналмен бірге жүреді. Тек өкініштісі, орысшадан аударма әндер көп…» дейді балабақшаның музыка жетекшісі Лиза Ниязова. – Бұдан басқа сазгер Бота Бейсенованың әндерін пайдаланымыз, бірақ ол кісінің мынау сияқты ән жинағы жоқ. Дискісі бар, сөздерін ғаламтордан аламыз»
Балабақшаның тағы бір ән-күй тәрбиешісі Дана Иманбекованың айтуынша, сазгер Алтын Махамбетованың әндер жинағы да керектеріне жарап тұр екен.
«Бірақ ол кісінің әндері көбінесе жеке дауысқа арналған әндер. Ал балалар бақшасында балалар топпен қосылып, хормен айтады ғой. Негізінен бұл әндер ересек топтарға келеді де, ортаңғы, кіші топтарға жарамай қалады. Мұндай әуендер 3-4 жастағы балаларға қиынға соғады. Кіші топтағы балаларға ән таба алмай қаламыз. Біздің композиторларымыз осы жағына назар аударса» дейді ол.
Осының өзінен-ақ «сәбиіңіз не айтып жүр?» деген сауалға жауап табатыныңыз айқын. Кез келген балабақшаның күйі осындай. Музыка жағынан тәлім-тәрбие беретін мамандар жұмысы – әркімнің өзінше ізденісіне негізделген. Әрине, олар бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне, ұғымына сәйкес келетін ән-әуендерді тауып, келмейтін жерлерін өздерінше жөндеп ұсынып, қиыннан қиыстырып келеді. Бірақ мұның тауқыметтен шығатын жол еместігі бәсенеден белгілі.
Осы орайда мектепке дейінгі сала ­маманы, педагогика ғылымының кандидаты Фатима Жұмабекованың ой-пікірі назар аудартады.
«Мектепке дейінгі мекемелерде бала тәрбиесі талаптарына жауап беретін көркем әдебиет те, өлеңдер мен әндер де тапшы. Қазір пайдаланып жүрген әндердің кейбірінің иірімдері өте күрделі. Мазмұны, мағынасы түсінікке ауыр. Музыка мамандары әр жерден бір қағып алып келеді. «Енді не істейміз, басқа жоқ. Балалар айтып кетеді» деп алақандарын жаяды. Әрине, кез келген бала не үйретсең де, үйреткеніңді айтып тұрады. Мәдинаның, Қарақаттың әндерін шырқап береді. Абайдың әндерін шырқайды. Бұған қуанамыз. Бірақ бүлдіршіндердің тыныс алу жолдарына, дыбыс саңылауларына иірімі көп, үлкендерге лайықты әндер айтарлықтай кері әсер ететінін ешкім ескермейді.
Мектепке дейінгі балаларға жас шамасына қарай ән үйретудің өзіндік әдістемесі бар, әнді тыңдау, дауысты ашу, үнді қою деген болады. Бәрі біртіндеп, сабақтаса жүргізілетін нәрсе. Балаларға жеңіл, ойнақы, мазмұны айқын, оңай әндер керек. Әннің мәтіні, ұйқасы бала тіліне икемді, кедергісіз айтылуы тиіс».
Фатима Жұмабекова қазір «Респуб­ли­калық мектепке дейінгі балалық шақ орталығы» ұсынып отырған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасына негіздеп жұмыс істеу керектігін айтады. Бірақ оның өзінде де біраз олқылықтар бар. Бұрын 15 жылдан бері пайдаланылып келген «Төл туынды – Балбөбек» бағдарламасы ескірді, жаңарту керек деп, қазір Ресей бағдарламаларына ұқсатып осы үлгіні ұсынған екен. Ал Ресейде азды-көпті 27 бағдарлама бар. Сондықтан жаңа бағдарламаның пісіретін тұстары аз емес.
Бір жағынан балабақшалардағы ­музыка мамандарын сөге алмайсың. Жоқтан бар жасап жүр. Елімізде мектепке дейінгі бүлдіршіндерге музыка сырларын, ән-күй құпиясын оқытып, жеткізетін нағыз мамандар жоқ. Музыкалық білімі бар адамдарды еріксіз жұмысқа алған. Оның үстіне жастар жағы балабақшаларда көп тұрақтамайды. Сарапшы-мамандар оларды оқытып, бүлдіршіндермен жұмыс істеу сырларын енді үйретіп келе жатқанда кетіп қалады. Балабақша қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз. Әлеуметтік жағдайлары шешілмеген. Бұл сол біз сөз етіп отырған мәселенің түп-төркіні, өзге де тауқыметтермен қатар бала жүрегіне жақын ән әуендердің бір жүйеге келтірілмей, аса мән берілмей үйретіліп, «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүргізілуінің бір себебі осы болса керек. Арнайы педагогикалық әдістемеліктің болмауы салдарынан құртақандай сәбилерді көше әндері демей-ақ қояйық, соған жақын аннан бір, мыннан бір теріп әкелген күрделі ойға, ауыр тіркестерге құрылған әндер­мен сусындату, олардың биологиялық жас ерекшеліктерін ескермеу жалғаса беретін сияқты…
Біз бірнеше ата-ананың да пікірін білген едік. Зейнеткер Мархабат Төребаева Астана іргесіндегі «Үркер» ауылының «Нұрсәуле» балалар бақшасына баратын немересінің әбден жаттанды болған, таныс әндерді қайталап айтып келетінін жеткізді.
– Жылт еткен жаңа бірдеңе үйренді ме дейсің, жоқ, сол баяғы қалпы. Баланы қуантып, күлдіретін, ойын дамытатын, әр нәрсеге қызықтырып, жетелейтін ойнақы әндер керек, – дейді ол.
Ал Тельман Әбдібекұлы деген азамат төрт жасар ұлының үйге келгенде Әнұранынан басқа ештеңе айта алмайтынын тілге тиек етті. Яғни балабақшада бала санасына жақын ән жоқ деген сөз.
Осы жерде Қазақтан телеарна­ларындағы түрік, өзбек, қырғыз, орыс, араб әуендерінен ұрлап алынған қазіргі қырық құрау қазақ әндері еске түседі. Сазгер көп, ән жоқ. Балабақша қайдан оңсын!
Ал Білім және ғылым министрлігінің реформалармен уақыты өтіп жатыр…

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *