Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелердің түйіні еліміздің тамыры терең тарихын ғасырлар қойнауынан аршып, ел-жұрт қастерлеген қасиетті мекендердің, құрметті есімдердің маңызын өскелең ұрпаққа таныстыруға негізделген. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ­филиалы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті бірлесіп «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты экспедиция ұйымдастырды. 
Университеттің бас корпусында ұстаздар мен студенттер қауымының сапарға сәттілік тілеген жанашыр сөзінен соң жол таңдамайтын 9 автокөлік жолға шықты. Топырағы құнарлы Кербұлақ, Панфилов, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы елде айтылатын аңыздарды саралап, арнайы монографиялық кітапқа мәліметтер жинақтауды мақсат еткен экспедиция мүшелері ат басын алдымен Алматы – Талдықорған тас жолының бойында орналасқан «Шыңғысханның шатыры» табиғи ескерткішіне тіреді.

Табиғаттың өзі қашап қалдырған биік төбе туралы ел аузында жалғыз аңыз бар. Онда жарты әлемді жаулап алып, «Алтын Орда» мемлекетінің іргетасын қалаған Темірші–Шыңғысханның өз әскерінің дайындық жаттығуларын осы төбеден бақылап, арнайы бұйрықтар беріп отырғандығы айтылады. Шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстік тарап алақандағыдай көрінетін биік төбе туралы кесек пішіп, терең толғайтын аңыздың қисынына қарасақ, шындықтан алыс кетпейтінін байқаймыз. Айналасы құлама жартасты төбеге жалғызаяқ соқпақ шығарады. Күрең бел өңірінің барлық сай-саласын, қырат-жотасын анық көруге болатын төбенің үсті жазық, киіз үй, шатыр тігуге қолайлы. Бір қарағанда атының тұяғы тасты уатып, топырақты езген қалың әскердің әлеуетін, мүмкіндігін биік шоқыдан бақылап, әскери стратегиялық жоспар құруға ыңғайлы жер. Сондықтан да биік шоқы ел ішінде «Шыңғысханның шатыры» атанып кеткен.
Жалпы Ұлы Далада өткен әрбір тарихи оқиғалар мен өңірдегі ежелгі қоныстар туралы деректер еуропалық ғалымдардың еңбектерінде көптеп кездеседі. Тіпті Ұлы Жібек жолымен жүріп өтіп, сайын даланың сырын қағазға түсірген Марко Поло, Плано Карпини, Адольф Шлагинтвейд секілді саяхатшылардың еңбектерінде Жетісу жері көптеп қамтылған. Алайда бізге жеткен теңізге тамған тамшыдай бөлігі кеңестік кезеңде бұрмаланып тәржімаланған. Яғни орыс тілі арқылы жеткен еңбектердегі мәліметтермен түпнұсқадан танысу бүгінгінің міндеті екенін филология ғылымының докторы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов айтып өтті.
– Ондай мәліметтерді мұқият зерттеп, елімізге қатысты деректерді түпнұсқадан оқығанда ғана анықтай аламыз. Сондықтан еуропалық ғалымдардың, зерттеушілердің, саяхатшылардың ой-пікіріне, көзқарасына мән беруге тиіспіз, – деген Мұратбек Мүбаракханұлы жол бойында тұрған ­биік төбенің маңыздылығына тоқталды. – Біз тұрған мына жер тарихи мекеннің бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған қасиетті жер. Қасиетті, киелі жер есебінде бұл төбе жергілікті халықтың аузында жүрген аңыздарда, мифологиялық әңгімелерде жиі айтылады. Сондықтан келешекте жүретін туристік бағытты жасайтын болсақ осы жерге міндетті түрде үлкен ескерткіш тақта орнатып, оған арғы-бергі тарихын жазуға тиіспіз. Сонда бұл елге де, жұртқа да, келушілерге де рухани-патриоттық сезім сыйлайтын орынға айналады.
Сапарын жалғастырған экспедиция мүшелерін Сарыөзек кентінің кіре берісінен күтіп алған Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиев аудан орталығында атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша таныстырып, сапарға шығушыларға ақжолтай тілегін арнады.
Ауданның Майтөбе ауылына жақын жерде орналасқан «Шиірбай ата бастауы­ның» суы дәрумендігімен ерекшеленеді.Бұл жерде 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылық кезінде, 1941-1945 жыл­дардағы Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында жергілікті халықты нанмен қамтамасыз еткен су диірмен болыпты. Оны 1892 жылы дүниеге келген Шиірбай Ералыұлы жүргізіп, көпшіліктің ризашылығын алған. Ол Майтөбенің етегіндегі бастау суын игілікті іске пайдаланып, мұқтаждарға қарайласқан. Бізді бастау басында күтіп алып, киелі орынның қасиетін таныстырған Қапиза Шиірбайқызының айтуынша, бұл маңда Тәттімбет, Махно, Иван деген кісілердің де диірмені болыпты. Олардың бәрі де сол тұста қиындық көрген халыққа барынша көмектесіп, жетім-жесірдің ас-суын ­дайындап берген. Соны жақсы білген халық киелі бастауда орналасқан диірменге жиі келіп, өзегін жалғаған. Өткен ғасырдың 1977 жылы көз жұмған Шиірбай қарияның артында қалған қызы Қапиза бастаудың қасиетін жақсы ұғынып, еліміз тәуелсіздік алған соң жерді иеленуге күш салады. ­Тынымсыз еңбегінің арқасында киелі судан шипа іздеп келгендер үшін қос ­ауызды үй салып, халықтың ризашылығына бөленіп отыр. Шиірбай бастауының ­шипалы екендігін республикалық ғылыми-зерттеу институтының арнайы зертханасы анықтап, іш құрылысы, асқазан, көз, ­тыныс жолдары, тері, бүйрек, бауыр ауруларына, қан қысымына ем екендігін растаған. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты зертхананың меңгерушісі, академик, медицина ғылымының докторы, профессор ­Болат Абдукаримов бастаудан алынған суды зерттеу бойынша жасалған сараптамаға сүйеніп, арнайы шешім шығарған. Дәмі бір-біріне ұқсамайтын тоғыз бұлақты біріктірген Шиірбай бастауы еліміздің қасиетті орындарының қатарына кіреді.

«Найзатапқан» мен  «Әулиеағаш»

Панфилов ауданының тауы мен тасы, жазық даласы мен үстірт құмы тарихқа бай. Әсемдігімен кім-кімнің де көзін қызықтырып, аузының суын құртатын табиғи ескерткіштері тіптен ерекше. Мұндағы «Алтынемел» ұлттық бағы аумағында әйгілі Айғайқұм, Бесшатыр қорғаны, Үштас қорғаны, «Қызылауыз» петроглифтері әлемдік мәдени мұралардың қатарына кіретін жәдігерлер. Жоспар бойынша экспедиция мүшелері қола, сақ дәуірлерінен сыр шертетін «Үштас», «Бесшатыр» қорғандарына барып, ондағы аңыздардың желісіне құлақ түруі тиіс болатын. Алайда межеленген жерлердің шалғайлығына байланысты сапарымызды Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты аймақта орналасқан «Найзатапқан» арасанына бет түзедік. Жол талғамайтын автокөліктердің қарқынымен көз ұшында мұнартқан таудың қолтығына жеттік. Жартасты, құм-қиыршығы көп секілді көрінетін таудың күнгейі тықыр, ағаш атаулыдан жұрдай. Тек жалғыз сайдың етегін ала түскен жасыл шалғынның күзгі салқынмен сарғыш тартқаны білінеді. Жоғарыдан аққан шипалы бұлақ суы әр тұсты жарып шығып, айналасына нәр бергендей. Сазды топырақты бүлкілдетіп жатқан бұлақтардың әрқайсысы әртүрлі ауруға ем екен. Бір әттеген-айы, шипалы арасанның айналасы малдың қиымен ластанып, табиғи шипажайдың күтімі қашқан. Десе де, ауруына шипа іздеген жандар жаз бойы Найзатапқан арасанын босатпайды екен.
Ынталы ауылындағы орта мектептің кітапханасына бар саналы ғұмырын арнаған зейнеткер Рыскүл Мәкеева, мектеп директоры Жұмағали Қизатұлы, шәкірттеріне география пәнінің қыр-сырын үйреткен зейнеткер ұстаз Молдақасым Ауғанов, «Орбұлақ» аң қорғау мекемесінің инспекторы Ербол Салқынбаев осы өңірдің тарихын экспедиция мүшелеріне кезектесе таныстырып, шипалы арасанның аңызы жайлы әңгімеледі.
– ХVІІ-ХVІII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығына дейін бұл жерді Қаңлы, Жалайыр рулары мекендеген. Кейіннен Аңырақай шайқасынан соң атақонысын бетке алған ел қайтадан қоныстана бастағанда Қожбамбет Биебайұлы бабамыз албан, суан руларын Іледен бері өткізіп, Жаркентке таяу қоныстандырған, – деген шежірелі қарт ана Рыскүл Мәкеева өзі білетін мәліметтерді бүкпесіз әңгімеледі. – Сол ғасырларда болған үлкен ұрыстарда жараланған жауынгерлер арасанның ­шипалы суына емделген сияқты. Солардан қалған найзаны кейіннен мал қарап жүрген бір кісі табады. Шоқының үстінде отырғанда ол темірдің ұшын көріп қалады. Сосын түрткілеп қазып жіберсе шашақты найза табылады. Содан әлгі найзаны осы шоқының биігіне қадап қояды. Сол күннен бастап бұл маң «Найзатапқан» атанып кетеді. Әйтпесе, ертедегі аты сайдың аузындағы биік төбеге орай Қарашоқы деп аталатын.
Найзатапқан арасанынан шипа тапқандар көптеп саналады. Алайда қасиетті суды ішіп, ауруынан айыққан­дарды санаған ешкім жоқ. Дегенмен, жыл сайын жаз айларында 100 шақты адам келіп, киіз үй, шатыр тігіп жатады. Асқазан, ішек, көз, мұрын, бас ауруларына, қан қысымына оң әсер ететін шипалы бастаудың айналасында көптеген тас белгілер бар. Аңғардың солтүстік-батысындағы таудың биігіндегі қойтасқа таутекенің мүсінін ертедегі адамдар салғаны белгілі. Сол тұста тас бесік, тас ошақ секілді көрген жанның қызығушылығын арттыратын жәдігерлер бар. Бір қызығы, Найзатапқанның күзетшісі жылан екен. Ол жаман ниетті, арақ ішкен адамдардың ғана көзіне көрініп, бастау маңына жолатпайтынын білетін кісілер айтып берді. Шын дейін десек, өз көзімізбен көрген жоқпыз, өтірік болар дегенге сүйенсек, сол маңды ертеден білетін кісілер әбден сендіре айтты.
Найзатапқан арасанынан соң «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты ғылыми-танымдық экспедиция мүшелерін Қоңыр­өлең ауылындағы Аманбайұлы атындағы орта мектепте ауылдық округ тұрғын­дарымен кездесу күтіп тұрды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі қағидаларын тұрғындарға түсіндіруге негізделген кездесу экспедицияның алғашқы күнін түйіндеді.
Экспедицияның екінші күні Жаркент қаласындағы әйгілі мешітті тамашалаудан басталды. Қытай сәулетшісі Хон Пикті аттай қалап алдырып, ешқандай шегесіз ағаштан қиюластырып салынған мешітке тапсырыс беруші жергілікті ұйғыр байы Уәли Юлдашов. Құрылысы 1887 жылдан 1895 жылға дейін жалғасқан мешітке керекті қарағай Кетпен тауынан алдырылса, шақпақ тас Қапшағайдан әкелінген. Сұрқия саясаттың кесірінен мешіт кеңестік кезеңде атқораға, әскери казармаға да айналдырылған. Соған қарамастан тарихи жәдігер жақсы сақталып, бояуларына дейін бұзылмаған. Қоршауының кірпішіне дейін бұзылмай сақталған мешіттің аумағында қазір шағын музей жұмыс істейді. Онда жергілікті халықтың тұтынған заттары қойылған. Көрушісін қызықтырар жәдігерлерді тамашалаған экспедиция мүшелері бұдан соң Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен кездесуге қатысты. Онда жергілікті ғалымдар Жаркент өңірінің тарихына қатысты көптеген мәліметтерді әңгімеледі. Белгілі ұстаз Баймолда Ахметұлының айтуынша, Панфилов ауданының аумағында жатқан көне қалаларға археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілмеуі жергілікті тарихты назардан тыс қалдырып барады. Түрген, Ақкент сияқты қалалардың орнына ауылдар түсіп, тарихи жәдігерлер ескерусіз қалып жатыр.
Үлкенағаш ауылдық округіне қарасты жердегі Әулиеағаштың атағы елімізге ғана емес, жарты әлемге белгілі. Осыдан 5-6 ғасыр бұрын тамырын тереңге салып, қанатын кеңге жайған алып қарағаштың дақпыртының алысқа жайылғаны рас. Ертеректе дін тарату үшін батыстан шығысқа қарай бет алған жеті әулиенің ат байлаған мамағашынан алып бәйтерекке айналған Әулиеағаш туралы аңыз көп. Ағаш басында шырақшы қызметін атқарып отырған ақсақал Бердіқожа Саурықұлының айтуын­ша, Әулиеағаштың шірігенін қолмен кесіп, тазалауға болмайды. Тек өздігінен үзіліп түскен бұтақтарын құрбан айт, ораза айт секілді мерекелер мен ауызашарлардың асын пісіруге қолдануға болады. Әйтпесе, ағаштың киесі ұрып, бұтағын сындырған адамның аузы қисайып, өміріне қауіп төнеді. «Кісіні кесапатқа ұрындыратын ол қандай қасиет? Сіздердікі соқыр сенім емес пе?» деген сауалымыз шырақшының қасындағы Ұзақ Абиырұлын елең еткізді. Жасы алпысты еңсерген қария:
– Соқыр сенім деген сөзіңіз дұрыс. Мұнда бір айта кететін нәрсе, мен 3-4 жыл бұрын қажылыққа барып келдім, Алланың қалауымен. Сол жерде пайғамбардың басында: «Ей, пендем, маған сыйынба, Аллаға сыйын!» деген сөз жазулы тұр. Бір Аллаға сыйынып, тілеу тілеуге болады. Оны шариғат та жоққа шығармайды, – деп сөзін түйіндеді.
Расында Әулиеағаштың айналасы қалың тоғайға айналып, алып ағашты қоршай тұрған ағаштардың шеруіне ұлас­қан­дай көрінеді.Бұған дейін әлдекімдер Әулие­ағашты өртемек болған-ды. Онда да ел ішіне іріткі салып, халықтың қастер тұтқан нәрселерін мансұқтайтын теріс ағымдағы уаһабшылар осындай қадамға барған еді. Алайда олардың ағаштың киесінен өліп қалғанын не аузы қисайып қалғанын естімедік. Дегенмен, күтім көрмеген бұтақтарын қуратқан шірік алып ағаштың діңіне зақым келтіргені анық білінеді. Қазіргі күйі жанашырлық кейіпте. Енді аздаған жылдан соң ел қадір тұтқан Әулиеағаш құлап түсетіндей әсер қалдырды.

Тамшыбұлақ, Қарауылтөбе, Қойлық

Бұдан кейінгі сапарымыз Ақсу ­ауданына қарай жалғасты. Түс ауа жолға шыққан көліктер шеруі тау асып, су кешіп Қапал ауылдық округіндегі Тамшыбұлаққа түнделетіп жетті. Табиғаттың сырлы құпиясын бауырына басқан Тамшыбұлақ шынында ғажайып.Ойпаңда тұрған жартас­ты қабақтың астынан су сыздықтап, көрушіні түрлі ойға жетелейді. Топырақ қабатын бүлдірместен сыртқа ұмтылған су жолдары қараңғыда тылсым сырды шертетіндей, құлақ қойып тыңдаушысын ғасырлар қойнауына ертетіндей әсер қалдырады. Қалай болғанда да табиғат тамашасы Тамшыбұлақтың сыры әлі толық ашылмағандай. Жүздеген тамшының сыбдыры ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, көптеген құпияны айтқысы келетіндей. Тілі болса тамшының да айтар ойы бар. Суының тамшысынан табиғи перде жасап, тырсылдап жатқан бұлақтың суы ауруға шипа, дертке дауа екен. Бұдан соң экспедиция мүшелерін ауылдық округ басшылығы Қапал ауылындағы ақын Сара Тастанбекқызының музейіне апарды. Онда осы өңірдің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған.
Қапалда болған кездесуден соң көршілес Сарқан ауданына қарай жолға шыққан ғылыми-танымдық экспедиция діттеген жеріне түнделетіп жетті. Таңғы астан соң Қарауылтөбе ауылына бет түзеген көпшілікті ауылдық округ әкімі Еркінұзақ Дармышев күтіп алды.Шығысында Алакөл ауданын, батысында Қаратал ауданына дейінгі аралықты алып жатқан ұлан-байтақ өңірді шолып шығуға мүмкіндік беретін биік төбе сақтар дәуірінен қалған қорған екен. Жоңғар шапқыншылығы кезінде халыққа от бағып белгі берілген төбе сол себепті Қарауылтөбе аталған. Жаугершілік заманда әскери бақылау орнының қызметін атқарған Қарауылтөбенің қорым екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдепті. Соған орай төбенің қақ ортасы темір қоршаумен қоршалып, бейітке қойылғандардың мазасын алмау қарастырылған. Марқұмға деген құрметтің қазақы үлгісі осындай болса керек.
Қарауылтөбе ауылының 77 жастағы тұрғыны Тоқтарбек Рахымбайұлы бұл өлкенің тарихын ел аузындағы аңыздан біліп өскен жан.
– Бұл қорғанның тарихын аса жете білмейміз ғой. Біздің әкелеріміз, аталарымыз Қарауылтөбенің маңында көп соғыс болғанын айтып отыратын. Қарауыл қараған адам сонау Балқаш көлінен бергі жердің бәрін көреді. Сонда қазақтар осы төбенің басында тұрып жоңғарларды алдайды екен. Атқа ер-тоқымды теріс салып мінеді екен. Сонда жоңғардың жауырыншылары: «Қашып барады, кетіп барады» деп әскерді жеделдете жүргізеді екен. Осылайша жаудың мінген аттары барлығып, болдырады. Қалтарыста тынығып жатқан қазақ әскері тұтқиылдан шабуылдап, жеңетін көрінеді. Бұл да әскери тәсіл болса керек, – деген Тоқтарбек ақсақал Қарауылтөбеге жүргізілген зерттеулерді жақсы білетігіндігін көрсетті. – Үлкендер: «Мұнда бірталай адамның сүйегі жатыр. Батырлар қойылған» деп айтып отыратын. Төбенің етегіндегі жазықта адамның сүйектері күні кешеге дейін шашылып жататын. Кейіннен топыраққа сіңіп кетті. Кімнің сүйегі екенін білмеймін. Бала күнімізден осы маңда өстік. Анау жылдары арнайы аппаратпен тексерген ғалымдарды көрдік. Солар мұнда басы жоқ адамның сүйегі жатыр, атты кісі, ­сауыт-сайманымен қойылған деді. ­Сосын бір қыздың сүйегі көмілгенін айтты. ­Содан кейін Қарауылтөбедегі бейітті мал баспасын деп қоршап қойдық.
Жаугершілік заманның белгісіндей болған Қарауылтөбе өскелең ұрпаққа дәріптеуге лайықты орын деуге болады. Себебі халқымыздың жаугершілік дәстүрінен хабар беретін биік төбені кез келген тәлімдік пәнге мысал ретінде ұсынған жөн.
Бұдан соң экспедиция мүшелері ­ХІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген көне шаһар Қаялық қаласының орнындағы Қойлық ауылына бет алды. Ислам өркениетінің айқын үлгісі көне қалаға жақын маңдағы Лепсі өзенінен қыш құбырлармен тартылған судан көрініс тапқан. Су бар жерде тіршілік, тазалық бар. Тау өзенінен аққан су көне қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, кір-қоңысын да тазалаған. Қала орнынан табылған көне моншаның орны осыған дәлел.

Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу

Рухы бекем,
киелі мекен – Жетісу

Сол замандағы Қойлық қаласы көпдінді болған деген болжамды археолог ғалымдар ұсынған. Алайда мұсылмандар мешітінен табылған шамдал, араб жазуларынан өзге христиан, будда діндерінің белгілерін танытатын жәдігерлер мүлде жоқ. Бірақ будда ғибадатханасы деп аталған көне ғимараттың қирандысы көңілге күмән ұялата берді. Қабырғалары қалың, топырақ кірпіштен қаланған нысанның жылыту жүйесі ерекше. Ертедегі кәң үлгісімен салынған жылу құбыры қабырғаларды ысытқан. Сол арқылы ауқымды ғимарат қыстың аязында қыз-қыз қайнап жатқан. Құбырларын тігінен қалап, жаққан оттың түтінін қабырға арқылы шығарған кәңнің төменгі қабаттарына екі қатар күйдірілген кірпіш қаланыпты. Мұнда да Будданың не мүсіні, не рәсімдік заттары қалмаған. Соған қарап будда діні Қойлықта өрістеп, дамыды деген ойдың жаңсақтығын байқауға болатындай. Әрине, кеңестік идеологияның әсерімен жазылған еңбектерге сүйенген біздің ғалымдар: «Көне Қойлықта көп­дінділік қарым-қатынас орнаған» деген пікірді ұстануға мәжбүр. Алайда тарихқа жаңаша көзқараспен, жаңа сипатта қарайтын кезең келгендіктен Гильом Рубруктың жазбаларын түпнұсқадан қайта оқуды қолға алу керек. Өйткені орта ғасыр саяхатшысының қолжазбаларын біз орыс тілі арқылы оқып келдік.
Бұдан соң Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепке қойылған жәдігерлерді тамашалаған экспедиция мүшелері осы ауылдағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы мәдениет үйіне орналасқан қазақ-орыс этно-мәдени орталықтарына бас сұқты.
Түс ауа Алакөл ауданына бет алған ғылыми-танымдық экспедиция Қабанбай ауылындағы өлкетану мұражайында аймақтың қасиетті орындарының картасымен танысты. Солардың қатарында Ақжар ауылдық округіне қарасты беткейде орналасқан Аңырақай шайқасының 270 жылдығына арналған ескерткіш тас пен Жыланды ауылдық округіндегі Есім төре кесенесі бар.Олардың алғашқысы Аңырақай шайқасынан соң туған жерінің топырағы үшін жан қиған батырлардың рухына арналған. Ел аузындағы аңызға қарағанда жоңғарларды тықсырған қазақ жасағы жеңіс тойын осы беткейде тойлаған. Ал 1852 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болған Есім төренің кесенесін белгілі меценат Бауыржан Оспанов тұрғызып, ел құрмет тұтатын қасиетті орынға айналдырыпты. Санкт-Петерборға ­Романовтар әулетінің мерейтойына арнайы шақырумен барып, отбасымен суретке түскен Есім төре қарапайым адам болмаған. Қазақ даласын жаппай шарпыған ашаршылық кезінде мұқтаждарға астық таратып,малын садақаға берген Есім төренің жылқысы Шынжылы өзенінің суын тауысқан. 1914 жылы Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың кітабының шығуына да мұрындық болған.
«Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты ғылыми-танымдық экспедиция мүшелерінің сапары бұдан кейін Ақши ауылдық округінің аумағында жалғасты. Асусай өткеліне жақын маңда орналасқан көне керуенсарайдың орнына барған экспедиция мүшелері көне ғасырдың шертер сырына құлақ түргендей болды. Ондағы жаңбыр мен жел мүжіп, бір жағы құлап қалған қос бейітке құран бағыштап, аса маңызды нысанның орнында жүрген археологиялық қазбадан қалған қыш құмыралардың сынығын суретке түсірді.
Дәл осындай көнеден қалған жәдігердің бірі Көктұма ауылдық округіне қарасты беткейде тұрған «Қоскеліншек» қорымы. Мұнда ­VІІ-VІІІ ғасырлардағы қарлұқ кезеңінде қаза тапқан келіншектер жерленген. Аңыз бойынша жақын маңдағы Жаманты өзеніне қос келіншектің бірінің ұл баласы суға кетіп қалады. Ағыны қатты тау өзеніндегі мәйітті қуалаған қос келіншек бірінен соң бірі опат болыпты. Елге сыйлы, аймаққа белгілі адамның әлде қызы, әлде әйелдері болған қос келіншекке ­тастан қалап күмбез орнатылған. Ислам діні келгенге дейінгі дің үлгісінде салынған күмбез бүгінде құлаған. Шақпақ тастары жанында үйіліп жатқан көне жәдігер аймақтың картасына енгізіліпті.

ТҮЙІН: Сонымен, бес күнге созылған «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты ғылыми-танымдық экспедиция осылай түйінделді. Сапардың материалдары алдағы уақытта монографиялық кітапқа кіреді. Сол арқылы Жетісу жерінің қастерлі орындарына деген қызығушылық молая түседі.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Алматы облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *