Әлемдік деңгейдегі білім ордасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылы ірге көтерген Назарбаев Университеті білімді, ғылым мен инновация­ларды интеграциялау қағидатын арқау етіп алған халықаралық негізде танылған оқу орны. Төмендегі сұхбат-әңгімеде ғылым, технологиялар, кәсіпкерлік, медицина, мемлекеттік басқару, білім беру саласындағы ел көшбасшыларының жаңа буынын оқытуға бағыт алып отырған университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі сөз болады. 

–Қадиша Нұрділдақызы, ­Назарбаев Университетінің білім, ғылым сала­сындағы заманауи деңгейі көп­шіліктің көз алдында. Халық оның қандай дәрежеге жеткенін көріп отыр. Дегенмен, оқу орнының қазіргі нақты тыныс-тіршілігі жайында не айтар едіңіз?
–Бүгінде Назарбаев Университеті толыққанды университетке айналды. Мұнда қазір 4360 студент оқиды. Үш мыңнан астам бакалавр бар, оның ішінде 700 студент фаундейши бағдарламасы (университет алдындағы даярлық) бойынша оқып жатыр. Мыңнан астам магистрант және 99 докторант бар.
Университет жылдан жылға өсіп өркендеп, қанатын кең жайып келеді. Көпке белгілі, оқу орнында 8 мектеп бар, біз оны факультеттер деп атаймыз. Биыл жаңа мектеп жұмыс істей бастады. Ол – Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі. Оның міндеті қазір Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ немесе еліміздің шығысы мен батысында, Орталық Қазақстанда, айталық Қарағандыдағы өзге де техникалық оқу орындарының атқарып жатқан істерін қайталау емес, біздің мақсатымыз мүлде бөлек. Біріншіден, мұнда оқитындар өндірісте жұмыс істейтін немесе ­дуалды білім алатын инженерлер емес, бұлар ағылшын тілінде оқитын, өте күшті теориямен, сыни және талдау ілімімен қаруланған жоғары білікті инженерлер. Өзге жоғары оқу орындары даярлайтын мамандардан біздің университетті бітірген мамандардың айырмашылығы, олар тек техникалық мамандықты оқып қана қоймайды, бізде либералды білім деген компонент бар. Олар гуманитарлық білім алады, әр студент қазақ тілін және Қазақстан тарихын оқуға міндетті. Факультативтік сабақтар үшін студенттер әлем тарихын және өзге тілдерді таңдай алады. Мәселен, қытай, француз, неміс, корей тілдері студенттердің қызығушылығын ­тудыруда. Әрине, жас буын алдына перспективалық мақсаттар қойып, соған ұмтылады. Кез келген шетел тілін меңгеруі олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін ұлғайта түседі. Солай болып та жатыр. Студенттер қазірдің өзінде төрт тілді біледі. Қазақ-түрік лицейін бітіріп келгендер түрік тілінде еркін сөйлейді. Орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі бар. Осы жерден айта кетейін, университет мемлекеттік тілді оқытып, үйретуге баса мән береді. Сөйтіп, студенттеріміз төрт тілде еркін сөйлеп, пікір алмасады. Сондықтан да олар бәсекеге қабілетті. Содан болар біздің студенттердің 80 пайызы оқуды бітірген соң алты ішінде бірден жұмысқа орналасады. Диплом алған түлектеріміздің бір бөлігі жұмыс істеуге ынталы болса, енді бір бөлігі оқуын жалғастырғанды қалайды. Әсіресе бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдағандар осылай істейді.
Мақтан ететін бір ісіміз – универси­теттің алғашқы, екінші, үшінші жылғы түлектері әлемнің ең алдыңғы қатарлы университеттеріне оқуға қабылдан­ды. МIT, Стэнфорд, Калифорния сияқ­ты өзге де университеттерде білім алып жүрген біздің түлектеріміз аз емес. Олардың қатарында Америка, Ұлыбритания, Корея, Қытай жоғары оқу орындары, тіпті Король Абдолланың ғылым және технология университеті бар. Биыл Абдолла университеті біздің бакалавриаттар үшін магистратураны былай қойып, бірден докторантурада тегін оқуға 12 грант бөлді. Студенттерге бес жылға стипендия берілді. Бұлардан басқа Италия, Германия елдерінің оқу орындары бар. Түлектеріміз, әсіресе Германиядағы магистратурада оқуды қалайды. Себебі неміс университеттері дәстүрлі инженерлік мектебі қалыптасқан оқу орындары. Бұл бізді қуантады. Өйткені жастар болашақты, перспективаны жақсы біледі.
– Назарбаев Университетінің мәртебесі ғылыми-зерттеу университеті болғандықтан, ғылыми зерттеу үшін түрлі гранттар тарту мақсатында белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Осы ізденістердің, ғылыми жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Нәтижелер қазірдің өзінде бар деуге болады. Ғылым бір күнде жасалмайды. Оған үлкен ізденістер керек. Мәселен, бізде қазірдің өзінде қалыптасқан, өте жақсы батарея институты бар. Оны профессор Ж.Бакенов басқарады. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Шетелде жұмыс істеген ғалым, қазір осында. Әңгіме бұл жерде оның өзі жетекшілік ететін жас ғалымдар тобымен бірлесіп жасаған батарея ғылыми жобасын коммерцияландыруында болып тұр. Сондай-ақ генетика саласында да ілкімді ізденістерге назар аударады. Ғылым және өмір орталығы бие сүтінен йогурт жасауды қолға алды. Осы өнімнің университет сөрелерінде пайда болатын күні алыс емес. Бұл адамдар денсаулығына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға игі әсерін тигізетін өнім боларына сенім мол. Өзге де салалар бойынша, гуманитарлық салада, экономикада, Ғылым және технология мектебінде роботтық техника, компютерльік ғылымдар бағытында ізденістер өте жақсы жүруде. Әрине, бәрі бір демде нәтиже бере қоймайды. Зертханаларда ол жұмыстарды аяқтау бірнеше жылдарға созылады.
Осы орайда айта кету керек, университет өз мәртебесіне сай студенттерді міндетті түрде ғылымға тарту жағын а баса көңіл бөледі. Мәселен, профессор өзімен-өзі жалғыз ғылыми зерттеумен айналысар еді, бірақ одан ғылыми зерттеулерге студенттерді тарту талап етіледі. Студенттер зертханаларда зерттеу жұмыстарын жүргізеді, тәжірибелер жасап, оны сипаттап жазады, жетекші профессорымен бірге материал жариялайды. Бұл бакалавриат үшін өте тиімді. Өйткені олар төртінші курстың аяғында дайын маман болып шығады. Жыл сайын Американың алдыңғы қатарлы университеттері оқу бітірген 20 түлегімізді бірден докторантураға (PHD) қабылдайды. Өйткені біздің ­бакалаврлар сондай білімге лайықты, сол оқу орындарының лекцияларын тыңдаған, оқыған. Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы университтеттердің бәрі де өз лекцияларын онлайн режіміне қойған. Біз де осы бағытқа бет алып келеміз. Назарбаев Университетінің тәжірибесін бөлісу дегеніміз не, мәселен? Біз бәрінен жақсымыз, үздікпіз демейміз. Біз инновациялық әдістерді ортаға салып, Қазақстанның жоғары оқу орындарына тәжірибе үлгісі ретінде ұсыну үшін құрылғанбыз. Ешкімді осы тәжірибені қабылдайсың деп мәжбүрлемейміз. Бұл нөмірі бірінші стратегиялық міндет, біз диалог, әріптестік алаңы сияқтымыз.
Мысалы, Назарбаев Университеті ғалымдары қазір су проблемалары жөнінде агротехникалық және ауыл шаруашылығы университеттерімен бірлесіп ізденістер жасауға кірісті. Яғни біз бұл бағыттағы бөлінген грантқа таласып отырғанымыз жоқ, керсінше, сол жоғары қу орындарымен бірге ғылыми жұмыстар жүргізуге құлшыныс таныттық. Мәселе бәсекелесіп, өзгелердің грантын алуда емес, қайта бірегей команда болып, ортақ мәселені шешуге күш салуымыз керек. Сөйтіп, халықаралық ұйымдардың үлкен грантына үміткер ретінде қатысуымыз қажет. Осындай жағдайда ғана Қазақстанның ғылымы ілгерілейді. Егер әркім көрпені өзіне тартып, әр университет өз күшіне сенсе, ғылымды алға бастыру қиын. Қазір ғалымдар роботтық техника жөніндегі қауымдастық, су проблемасы жөніндегі, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі қауымдастық деген сияқты қауымдастықтарға бірігіп ізденістер жасау идеясын ұсынуда. Біз Қазақстан ғылымы қай бағытта дамыса, сол негізде жұмыс істеуге ұмтыламыз. Ең бірінші кезекте энергетика саласы тұр. Оның ішінде балама энергетика көздері алғы орында. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, суды тазарту Қазақстан үшін аса өзекті мәселе. Өйткені алдағы уақыттарда таза ауыз суы елімізде мұнайдан да қымбат болатын кез туады. Осындай жұмыстар жүріп жатыр, оларға жас ғалымдар тартылуда.
– Жоғары оқу орындарының автономия­лық еркіндігі олардың дамуына қаншалықты әсер етеді? Бұл тәжірибе сіздерде бар ғой. Оған қарап өзгелер көшін түземей ме?
– Таяуда Алматыда болғанымда ауыл шаруашылығы университеті атқарып жатқан жұмыстарды көріп таңғалдым. Инновациялық орталық, зертханалар қандай? Кейде біреулерден «Назарбаев Университеті жақсы қаржыландырылады, бізде мүмкіндік аз» деген сияқты орынсыз пікірлерді естуге тура келеді. Бәрі оқу орнының басшысына байланысты, жетістіктің төркіні ілкімді менеджерлік ізденісте жатыр. Ауыл шаруашылығы университеті соның дәлеліндей.
Қазір еліміздегі Астана агротехни­калық университеті мен Алматы ауыл шаруашы­лығы университеті бірлесіп су проблемасы бойынша Азия даму банкінің грантын жеңіп алуға ұмтылып отыр. Біз де осы бағытқа көңіл қою­дамыз. Бірақ бә­секелес емеспіз. Бізде бұл екі уни­верси­теттегідей ресурс та жоқ. Бұл маңдайалды екі жоғары оқу орнының атқарған шаруаларын қайталамаймыз. Егер олай істесек, бұл адам ресурстары мен қаржыны дұрыс жұмсамау болып табылар еді. Сондықтан бір-бірімізді толықтырамыз.
Әрине, біз өз тәжірибемізбен бөлісеміз, сол үшін ­Назарбаев ­Уни­верситетінің тәжірибелерін ­Қазақ­стан жоғары оқу орындарына ­тарататын шағын департамент құрылды. Бұл біздің оқу бағдарламасы жобалары ғана емес. Жалпы жоғары оқу орындары тірлігінде көңіл ­аударатын тұстар аз емес. Қазақстан университеттері әлі де болса көп мәселенің шешімін таба алмай келеді. Олар, тіпті өз ғимараттарын заңды түрде жалға бере алмайды.
Қазақстан жоғары оқу орындарына қазіргі жағдайда автономиялық дербестік керек. Оларға еркіндік беруден қорқуға болмайды. Бұл олар не қаласа, соны жасайды деген сөз емес. Керісінше, бұрынғыдан да көп жауапкершілік алады.
Назарбаев Университеті мәселен, автономиялық дербес оқу орны. Бірақ қай нәрсені қолға алсақ та оны зерттеп, зерделеп аламыз. Біз Қазақстанға не керек және әлемдік ең жоғары стандартқа не сәйкес келеді соған мән береміз. Осындай жағдайда ғана жоғары кәсіби білікті мамандар даярлауға болады.
– Кез келген оқу орнының білім, ғылым саласындағы жетістігі оның оқу үдерісін ұйымдастыруына тығыз байланысты. Осы орайда Назарбаев Университетінің ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?
– Осы алдымыздағы қарашаның төртінші жұлдызында біз тағы да өз түлектерімізді шақырамыз. Оқу бітіргендеріне бір-екі жыл ғана болса да олар мұнда үлкен ынта-ықыласпен келеді. Неге? Өйткені студенттердің өмірі оқу орны тірлігімен біте қайнасып кеткен. Бірер мысал келтірейін.
Университеттегі тіркеу офисі – бұл оқу орнының жүрегі, баға қоятын және кластар бойынша бөлетін орын. Тіркеу бөлімінің рұқсатынсыз деректер базасына кіріп, ешкімнің бағасын өзгерту мүмкін емес. Мен – Басқару кеңесінің мүшесімін. Біреудің танысының бағасын көтеру деген мүлде болмайды, бұл –қылмыс. Осындай мәселелер, адалдық, плагиаттыққа жол бермеу өзге адамды моральдық тұрғыда тәрбиелеуге негіз қалайды. Елбасы айт­қандай, мәселе адамның санасын өзгертуде жатыр. Сондықтан өзге университеттермен бірге осы бағытта жұмыстар жүргізуіміз керек.
Біз неге аттестаттың орта ба­ғасы­нан бас тарттық? Оқуға келген талапкерлердің 90 пайызының аттестаттағы орташа бағасы 5.0 екенін көргенде, бұл жерде күмән туғызатын жағдайлар бар деген ойға қалдық. Мен ешкімді кінәлағым келмейді. Егер бала жақсы математик немесе физик болса оның орыс тілі немесе басқа пән бойынша бағасын аздап көтермелейді. Бұлай болмауы керек. Сондықтан да оқуға түсу үшін емтихан ретінде халықаралық тест енгізуді шештік. Халықаралық тест бойынша жоғары баға алған балалар мектепте шын мәнінде жақсы оқушы болған. Ата-аналар да осы орайда бала бойына табысқа жету үшін тыңдай білу керек дегенді сіңіруі керек. Жетістік «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек арқылы келеді» деген. Біз студенттерді осылай тәрбиелейміз.
Әрине, бес саусақ бірдей емес. Оқуға түскен балалардың 10-20 пайызы жүйелі түрде еңбектенуге үйренбеген, сондықтан жүктеме қиындықтарына төзе алмай оқудан шығып қалады. Олар ойдағандай, «ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге» жол берілмейді. Бізде сабаққа қатысу 80 пайызды құрауы керек. Оны былай қойғанда, емтихандар бар және әр апта сайын әртүрлі тест жүргізіледі. Соңғы емтихан алдында бар сынақты бірден тапсыруға студенттің мүмкіндігі болмайды. Әр апта сайын ізденуге, еңбектенуге тура келеді. Ол профессорға өзінің жүйелі түрде еңбектенетінін көрсетуі керек.
Мынадай да жағдай болады. Жүйелі түрде еңбектенуге үйренбеген талантты балалар университетте қала алмайды. Ал қабілеті аса жоғары емес, бірақ еңбектенуге үйренген балалар үлгеріп, оқып кетеді. Бұл қарапайым шындық.
– Азырақ кейін шегінсек. Университет алғаш құрылған кезде алған үлгілеріңіз, бағыттарыңыз өзін-өзі ақтады. Бүгінде көптеген әлемдік көшбасшы университеттермен стратегиялық әріптестік қатынас жолға қойылған. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Назарбаев Университеті алғаш құрыл­ған кезде біз оқу орнының тұжырым­дамасын жасадық. 2009 жылдың қыркүйек айында Президент университетті 2010 жылдың ­маусым айында ашуға тапсырма берді. Уақыт тығыз. Сол кезде шетелдік сарапшылар ұсынған үлгілердің бәрін Қазақстан үшін пайдасы болмайды деп қабылдамадық. Солардың бірі – Катар үлгісі еді. Олар не істеген? Катар Амери­каның ең үздік университеттерін елге шақырып, солар үшін арнайы қала салып тастаған. Америкалықтар келіп, сол жерде университеттерінің филиалдарын ашады. Айналып келгенде Катар өзге мемлекеттің оқу орындары филиалдарына ақша салатын болып шыққан. Балалар сол уни­верситеттердің дипломын алады. Бірақ елге бұдан ешқандай пайда келмеді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Ка­тар­дың Білім министрі келгенде: «Сіз­дердің алған үлгілеріңіз дұрыс» деді.
Біз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерін әр факультетке, ғылыми орталықтарға шақыр­дық, солардан үйрендік. Алғашқы бес жылда олар бізге көмектесті, қазір біз сол университеттердің қалыптасқан стратегиялық әріптесіміз. Олардың қатарында Кембридж Университеті (Ұлыбри­тания), Колорадо тау-кен ісі мектебі (АҚШ), Дьюк Университеті (АҚШ), Сингапурдың Ұлттық Уни­верси­теті (Сингапур), Пенсильвания Университеті (АҚШ) , Лондонның университеттік колледжі (Ұлыбритания), Уорик Университеті (Ұлыбритания), Висконсин Мэдисон Университеті (АҚШ), Аргон ұлттық зертханасы (АҚШ) Берклидегі Лоуренс Ұлттық Зертханасы (АҚШ), Питсбург Университетінің Медициналық орталығы бар.
Біз олармен зерттеу саласында ынтымақтаса жұмыс істейміз. Бүгінде университетте 435 профессор дәріс оқыса, соның 80 пайызы 55 елден келген оқытушылар. Қалған 20 пайызы өзіміздің мұғалімдер. Олардың 90 пайызының докторлық дәрежесі бар.
Айта кету керек, біздің университетте магистрлардың сабақ беруге құқы жоқ, тек докторлар ғана ұстаздық етеді. Оның өзінде докторантураны бітірген жастарға профессорлық дәреже бірден берілмейді. Ол алдымен конкурстан өтуі керек. Екі жылда конкурстан өтсе, қабылданады. Бұл аралықта 3-4 курс жүргізеді. Сол екі жылда ол өзінің жақсы педагог екенін дәлелдеп шығуы керек. Бұл жерде студенттердің, әріптестерінің, деканның бағалауы ескеріледі. Ең бастысы – зерттеу жұмыстарына қатысуы. Осыдан кейін ғана ол профессордың ассисенті бола алады.
– Университеттің алға қойған мақ­сат­тарына қарасақ, көкжиегі кең сияқты…
– Иә, солай. Біз көптеген әлемдік уни­верситеттермен ынтымақ­тас­тамыз. Студенттер, мұғалімдер алмасамыз. Стра­тегиялық басты міндетіміз –Қазақ­стан­ның жоғары оқу орындарымен тәжірибе бөлісу.
Назарбаев Университеті Астананы туристік кластер ретінде дамытуға да белсене қатысады. Бұл үшін алдымен шетелдік студенттерді оқуға тартамыз, екінші елорданы медициналық кластерге айналдыру қолға алынуда. Шетелдік оқу орындарымен ғана емес, түрлі ғылыми орталықтармен де байланыс нығая түсуде. Ол – Жапония, Корея, Қытай… және басқа елдердің ғылыммен айналысатын нысандары.
Өткен жылы Назарбаев Уни­верси­­теті Азия университеттері альянсын құрушылар­дың, негізін салушылардың бірі болды. Альянсқа Азияның 15 жетекші университеті мүше. Олардың сапында Қытай, Корея, Жапония, Тайланд, Тайвань, тіпті Таяу Шығыстағы Араб елде­рінің университеттері де бар.
Мәселен, қараша айында Тайландта университет ректорларының кездесуі болады. Сонда ортақ мәсе­лелер бойынша пікір алмасамыз. Егер келісім болып жатса, оған еліміз универси­теттерінің бірін апару ойымызда бар.
Қысқасы, қазіргі таңда Қазақстан жоғары оқу орындарымен бірге еліміздің, Астананың дамуына үлес қоса отырып, университетімізді халықаралық үлкен білім хабына айналдыру басты мақсатымыз екенін айта кетпекшімін.
— Әңгімемізге рақмет!

Әңгімелескен 
Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *