Тіл мен діл

231

«Ойдауа» топтамасынан

Жақау Дәуренбеков
жазушы, Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері, Халықаралық 
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Талап – жасқа, талант – Басқа тән.
***
Ұйықтамайтын – Уақыт қана.
***
Көшеде домбырасын көтеріп бара жатқан баланы көрдім. Маған ол қазақты көтеріп бара жатқан азамат боп елестеді.
***
Өмірдің ауа райын ешкім де болжай алмайды.
***
Ой кейде боталап келеді, кейде бошалап кетеді.
***
Тәтті сөз тасытады, қатты сөз жасытады.
***
Қанағатшыл марқая біледі, қанағатсыз шалқая береді.
***
Түйгенің өмірлік тұмарға айналады,
Сүйгенің өмірлік шынарға айналады.
***
Ұлт элитасының өмірі халқының қамын күйттеумен өтеді, әсіре элитаның өмірі халқының барын үптеумен өтеді.
***
Өтірік барлығына араласып жүреді, тіпті шындықпен жағаласып жүреді.
***
Отаны жоқ адамда тіл болмайды, пұл болады.
***
Қей атақ дарабоздай халық тілегімен жаратылады, кей атақтар тірегімен тегіннен-тегін таратылады.
***
Бізде орден алған сайын омырауын толтырғысы келетіндер бар.
***
Расына келсек, айтқан ақиқа­ты­мыздың бәрі асүйден шыға алмай жүр.
***
Өнердің мәңгілігіне – өмір кепіл.
***
Әдебиетті әділ бағалау құқы болашаққа тиесілі.
***
Дана сөз елге тарайды, шала сөз желге тарайды.
***
– Анау жемқор! – дегенге селт етпейміз, өйткені көптігінен етіміз өліп кеткенбіз.
– Анау ұлы! – дегенге селк ете түсеміз, өйткені ешкімді мойындамауға көніп кеткенбіз.
***
Қуаңшылықты Құдайдан көретін халық, қымбатшылықты мұнайдан көреді.
***
Қазақ мектебі – қазақ көктемі.
***
Пара берушілік тыйылса, парақор тек сөздікте ғана қалар еді.
***
Жақсыны көру қиын емес, жақсыны тану қиын.
***
Жақсының аты да жылышырай таратып тұрады.
***
Алушың ырза болса – базарың мырза болғаны.
***
Бізде, алған ақтілек алғыстардан – атақ алғыштар көп.
***
Адамды жел құлатса да Жер құлатпайды.
***
Еліңнің географиялық картадағы орнымен мақтан, саяси картадағы орнымен баптан.
***
Айтуы келіскен сөздер де айдарлы ойларға айналады.
***
Бастықтар жиналыста жүреді, орынбасар қиналыста жүреді.
***
Жалпы адамзаттық ойлар қарапайым адамдық көзқарастардан құралады.
***
Қиял – қанатыңды қатайтады, талабыңды түлетеді.
***
Адамға көркем келбет бой керек, ал оны биіктететін ең бастысы Ой керек.
***
Табиғи аштық арықтатады, рухани аштық аздырады.
***
Табанында бұдыры жоқтың, талғамында тұғыры жоқ.
***
Бәріміздің бағытымыз бір – құбыла.
***
Дүниенің өркені – ғалам, көркемі – адам.
***
Ақшаны тапқанмен ұстап тұру қиын.
***
Бала алға жүгіріп өседі, дана ақылға жүгініп өседі.
***
Өмір сүру – заңдылық, өмірді сүю – мәңгілік.
***
Бойдың пайдасы – бір күндік, Ойдың пайдасы – мың күндік.
***
Күнә мойында қалады, күмән ойыңда қалады.
***
Ақыл жетсе де арман жеткізбейді.
***
Күндей болсаң гүл де саған қарап ашылады,
Түндей болсаң гүл де сенен жүзін жасырады.
***
С.Нарымбетовтің еске алған сөзі: «Менде екі машинка болды. Бірі – қазақша басатын, екіншісі – орысша басатын. Сонда сұрақ белгілері жоқ еді, түсіп қалған. А.Сүлейменов машинка сұраған, «Сұрау белгісі түсіп қалған» дедім. Сонда А.Сүлейменов: «Қазаққа сұрау белгісі неме керек, қазақ леп белгісімен өмір сүреді», дегені бар. Есте қалар есті сөз.
***
Жаңбыр сіркіреп тұр еді. Жо-жоқ, Ғажап: ойлар сіркіреп тұрған-сынды. Мөп-мөлдір, мөлт-мөлт, моншақ ойлар…
***
Ұлы қадамдардың бәрі бесіктен ­басталады.
***
Кейбір ойлар сөзде тұрады, кейбір ойлар көзге тұнады.
***
Сөзіңді Тіл жеткізеді, көзіңді Діл жеткізеді, сезімді Гүл жеткізеді.
***
Қуана білетін адам құнарып
жүреді,
Қуана білмейтин адам қуарып
жүреді.
***
Өмірдің қадірін білу үшін уақыт жетпейді,
Өзіңнің қадіріңді білу үшін өмір жетпейді.
***
Көзіңнен тініңді таниды,
Сөзіңнен тіліңді таниды.
***
Сәлем беру – кішілік, сәлемді алу – кісілік.
***
«Бар» деуден жазбайтынға құт үйір,
«Жоқ» деуден жазбайтынға
жұт үйір.
***
Қара күш тасты уатқанмен Басты уата алмайды.
***
Романтика келмеске кетті. Аңызы ғана қалды. Мораль ғайып болған.
Ақша ғана қалыпты. Ақшамен жекпе-жек қалыппыз. Кім жеңер екен?
***
Адалдыққа үйрету қолдан келгенмен адамдыққа үйрету қолдан келмейді.
***
Жақсыны жамандағанмен
жаман болмайды,
Жаманды мақтағанмен
жақсы болмайды.
***
Қарбалас өмір жақсы өмір, қалғаны басқа өмір.
***
Қазақ тілінде ана сөйлемей бала сөйлемейді.
***
Білімдінің алдынан тойып
шығасың,
Білімсіздің алдынан мойып
шығасың.
***
«Қолымнан келмейді»
пақырдың сөзі,
«Қолымнан келеді!» батылдың сөзі.
***
Адам ойы жеткенді қолымен
атқарады,
Тілі жеткенді сөзімен атқарады.
***
Сенің өтірік мақтауың – өзіңді өзің даттауың.
***
Ой тыңдағанды,
Сөз шыңдағанды қалайды.
***
Биіктегілердің жиналысы,
Төмендегілердің қиналысы бітпейді.
***
Сөздің парқы қадірге,
Істің нарқы кадрге байланысты.
***
Талант – ұлтқа қарамайды.
***
Тіршіліктің өзегі – табиғат, өркені – адамзат.
***
Адамдар түрлі роботтар жасап әлек, шындығында өздерінің бұйрық-жарлыққа бағынышты роботторға айналғанын сезбейді.
***
Бұрын бала кеземізде өтірік өлеңдерге мәз болып күлуші едік, енді есейгенде өтірік мақтауға бас шайқап күлетін болдық.
***
Бәріне төзетін де, бәрін теңестіретін де – ел мен жер.
***
Рудың адамы болады – өңірлік,
Ұлттың адамы болады – өмірлік.
***
Ең ұлы суретші – табиғат,
Ең ұлы сыншы – жамиғат.
***
Бойсыз адам болса да, ойсыз адам болмайды.
***
Табиғаттайын таланттар да тұпнұсқа.
***
Әділдіктің барына сеніп өтеміз, жоқтығына көніп өтеміз.
***
Қауырсын қалам болмаса, қаһарман жырлар қалмас еді.
***
Асығып жүретіндердің өзі кешігіп жүреді.
***
Біреудің ақиқаты күшті, біреудің насихаты күшті.
***
Бақытты бағалай білетіндер ғана бақытты.
***
Ойнайтын актер – жалпы, ойлайтын актер – жалқы.
***
Алдыңа келгеннің есебін қайтарсаң да меселін қайтарма.
***
Сөзіңмен табалап сыншы болмайсың,
Сөзіңді тағалап сыншы боласың.
***
Жақсының ісі ірі болса, сөзі де тірі болады.
***
Шындықтың аңызы – жерде, абызы – елде.
***
Тіл – ұлттың ұяты.
***
Жастар сені түсінбейді, ең жаманы – жастардың түсінгісі де келмейтіні.
***
Аяғына сенген басын қатырмайды.
***
Қарапайым қайратты ерден,
Құжаты бар «қайраткер» көп.
***
Алаяқтар өрде жүрмейді, төрде жүреді.
***
Көп нүктелі көп сөзден бір нүктелі дөп сөз артық.
***
Әдемі сөйлеу – бет пердең,
Әділдік айту – бет бейнең.
***
Заманды уақыт түзейді,
Адамды уағыз түзейді.
***
Жақсы сөздің сиясы кеткенмен миясы кетпейді.
***
Махабаттың тәтті сөзі сертке тең,
Қатты сөзі дертке тең.
***
Сәйгүліктің шашасына шаң жұқпайды,
Уақыттың шашасына заң жұқпайды.
***
Жөн білмеген жағынғанын сезбейді,
Жол білмеген жаңылғанын сезбейді.
***
Өрі бар өмірдің оры да бар.
***
Әділдіктің шамы жанбайынша ақиқаттың таңы ашылмайды.
***
Сұлулық – өзінің әріне байланысты,
Суреткерлік – сөзінің нәріне байланысты.
***
Ең оңайы ойлану, ең қиыны сол ойды қағазға түсіру.
***
Барды-бақ ететін азамат, жоқты-бар ететін қанағат.
***
Адам шаршаса да тіл шаршамайды.
***
Ойдың асқары болады,
Сөздің астары болады.
***
Ойыңның өрімін саптай біл,
Сөзіңнің сабырын сақтай біл.
***
Мәңгілік ел болу үшін – мәңгілік Жер болуы керек.
***
Жақсының сөзін жүре тыңдама, құлағыңды түре тыңда.
***
Алғыстың шоғы болады, қарғыстың оғы болады.
***
Қирағатың алдыңды ашады, қиянатың артыңды ашады.
***
Сын шынды іздейді, шын шыңды іздейді.
***
Көктемді күн сәулесі оятады, ай сәулесі тоятады.
***
Табиғаттың шегіне көз жетпейді, тегіне сөз жетпейді.
***
Табағы бөлектің тамағы бөлек.
***
Адамына қарай махаббаты, адалына қарай марапаты.
***
Талғам қателеспейді, таңдау қателеседі.
***
Ойлы сөз айтылар елде қалады, ойсыз сөз айтылған жерде қалады.
***
Қала гүлдері бір күндік сый,
Дала гүлдері мың күндік сый.
***
Қарашы, жер бетінде не болмай жатыр?..
Адамдар не істемей жатыр?..
Беу, Күн де ұяттан қызарып батады.
***
Ел – өмірдің есімі, жер – өмірдің бесігі.
***
Тарихты көшіріп жазуға да, өсіріп жазуға да болмайды.
Тек оны оқи білу ғана ақиқатын аман сақтайды.
***
Сызат сынып тынады,
Сыздауық шығып тынады.
***
Ұят дегенің рух: жер дегенде арына сыйынады, ел дегенде барына сыйынады.
***
Арман мен арзанның арасы жер мен көктей.
***
Жердің сөзін киесі айтады, елдің сөзін иесі айтады.
***
Қателікті уақыт ұмыттырғанмен түзей алмайды.
***
Тәлім талғайды, таным таңдайды.
***
Шын ердің ізі қалады,
Шебердің бізі қалады.
***
Бала шағыңды ойласаң сағынасың,
Ал, болашағың… шіркін, сағым – әнсің.
***
Тендерде бақ сынайтын бәсеке болмайды,
Тендерде теспей соратын «Басеке!» болады.
***
Бақ білінбей кеп қонады,
Қуаныш күлімдей кеп қонады.
***
Бақыт – лайық болсаң өзі-ақ сені іздеп табады.
***
Тендердің теңгесі алысқа кетпейді, танысқа кетеді.
***
Өзгенің ақылы тыңдауға жақсы,
Өз ақылың шыңдауға жақсы.
***
Сыйлас сөзіңнің құнын түсінеді, қимас үнін түсінеді.
***
Алғанды аз деме, бергенді көп деме.
***
Баршылық – жолды қысқартады,
Жоқшылық – қолды қысқартады.
***
Сұмдықты әшкерелейтін – шындық.
***
Жібек жолымен тарихтың есігін, тұлғалардың есімін ашасың.
***
Адамның ішкі әдеп әлеуеті, оның бар болмыс мәдениеті .
***
Сөйлегенде ақылдымыз, былай шыға бәріне мақұлдымыз.
***
Өзгеге еліктеген өзінікінен айырылып тынады.
***
Тілдің тамыры – қаныңда, ғұмыры – жаныңда.
***
Халқы сүйген тұлға естелік боп мақталады, ескерткіш боп сақталады.
***
Өзіне сенген адам Өмірге де өзіндей сенеді.
***
Атың озса күншілдік, хатың озса міншілдік тіріледі.
***
Ақыл жолда жатпайды, Ойда жатады.
***
Жақсы әндерге күш салмайтын болды,
Ұры әндер ұсталмайтын болды.
***
Қасиетті сөздің бәрі қарапайым тілмен жазылған.
***
Сыбайлас сыңайласына сенеді, сыңайласы сұм-айласына сенеді.
***
Шындықты өтірікке айналдыратын сөзіміз, оған нанатын да өзіміз.
***
Тілі жоқ балық болады, тілі жоқ халық болмайды.
***
Кетерге дайындалып жүрген шенеунік ақшасын шетелге тығады.
***
Біреу бағынып күнелтеді, біреу жағынып күнелтеді.
***
Тілін тәрк еткен кейбір ақсақалдың өзі қауіпті емес, сөзі қауіпті.
***
Бір ауыз сөзбен шешілетін жайт, көбіне көпірме сөздің көкпарына айналады.
***
Адамның алмағы таусылса да арманы таусылмайды.
***
Былай айтсақ, әркүніміз айтулы асу – белес сияқты,
Былай қарасақ, бәрі баяғынша, бәрі елес сияқты.
***
Біреу күшіне сенеді, біреу ісіне сенеді.
***
Күмәнмен қарасаң күнің де күнгірт тартады.
***
Алаяқты түстеп тани алмайсың, тек істен тани аласың.
***
Тағдырыңа күн болуға емес, тек құл болуға жарайсың.
***
Еңбегіңді елеттіретін ерінбеу ғана.
***
Құрғақ мақтау көңіліңе желеу болғанмен, өміріңе жебеу болмайды.
***
Жақсы жан табындыра біледі,
Жақсы ән сағындыра біледі.
***
Бәріне төзетін де, бәрін теңестіретін де – ел мен жер.
***
Қайрат күмәніңді ашады,
Сенім тұманыңды ашады.
***
Бір ғажабы – жақсылық жасаған жанның өзі ұмытылса да, жақсылығының ұмытылмайтыны.
***
Құрмет – қызу еңбекке, атақ – қызметке беріледі.
***
Талантқа табыну міндет емес, тани білу міндет.
***
Сыншы ара ағайын емес, дара ағайын боп жүруі тиіс.
***
Бәріне де бас июге – бағынуға болады, бірақ тіліңе тиіссе бас ұруға, бас июге болмайды.
***
Саясатпен айналысып жүргендер кезекті спектаклді қоюға әзірленіп жүрген әртістердей боп көрінеді үнемі.
***
Өмірдің таяғы қатты болады, сабағы тәтті болады.
***
Артқа қарағанда өткеніңді көресің,
алға қарағанда өткеліңді көресің.
***
Жайсаңдар Басыңда жүреді,
Жантықтар қасыңда жүреді.
***
Атағы барлар қолдарын есеппен қояды, алдағы күні сұрары мен аларын есептеп қояды.
***
Тасқынның тасы қалып, тіні шайылып кетеді.
Тарихтың тұлғасы қалып, міні шайылып кетеді.
***
Біреулер жымқырған байлықтарын заңдастырып жатыр,
Біреулер ала-алмай жүрген айлықтарын қамдастырып жатыр.
***
Шенеунік байлығын жасырғанмен айлығын жасыра алмайды.
***
Адам жастықта оптимист, орта жаста пессимист, қартайғанда реалист болады.
***
Тыңдай білу-тынбай білудің басы.
***
Әдет – туа бітеді, әдеп – жүре бітеді.
***
Ықыласы жоқ адам ылғи сылтау іздейді.
***
Жаманды – жақсылы барлық қасиеттерге кінәлі әрі жауап беруші – адам.
***
Әр адамның өмірі – өзгеше бір жазылмаған кітап.
***
Өмірді заңмен емес, Армен қорғау әділетті.
***
Өмірді жұмақ деп сана да тірлік кеше бер. Қателеспейсің.
***
Екі сөйлейтін адамның өмірі де екі жақты болады.
***
Өзіне қарата айтылған сөзден жалтарғанмен естіген құлақтан жасыра алмайсың.
***
Сөйлей бергеннен көсем болмайсың, көсеу болатыныңды да қаперіңде ұста.
***
Редакторымыз: «Оқитын емес оқылатын дүние жазыңдар» деп отырушы еді.
***
Кемелдігің – кәсіптен, кенендігің – нәсіптен.
***
Ұлт ұстыны – тіл мен діл.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *