Аманхан Әлімұлы

Ақын Аманхан Әлімұлы болашақ журналистермен кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде ақын, публицист, «Ақиқат» журналының бас редакторы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аманхан Әлімұлымен «Бүгінгі әдебиет және жастар» атты кездесу өтті.

Ақын әңгіменің әлқиссасын жастық шағын еске алудан бастады. «Мен бала күнімде кітапханашы болуды армандадым. Күні бойы кітапханада отыратынмын. Өсе келе әдебиетшіге айнала бастадым. Өлеңдерім жергілікті басылымдарға шығып жүрді. Мектеп бітірген соң, КазГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ түсе алмадым. Жылда тапсырамын, жылда түсе алмайтын едім. Өстіп алты жыл жүрдім. Мен емтихан тапсыруға барған сайын, ондағылар «мәңгілік абитурент» келді деп қалжыңдайтын. Жетінші рет тапсырғанда, оқуға түстім-ау әйтеуір» деп ақын өзі оқыған білім шаңырағында студенттік шағын еске алып қойды.  

Студенттер кездесу қонағынан оның журналистік қызметі мен ақындық қабілеті арасында қандай байланыс бар екенін сұрады. «Мен ақындық пен журналистиканы араластырған емеспін. Журналистика мен көркем дүние екеуі екі нәрсе. Бұрынырақ бір жігіт маған: «Аманхан, сенің өлеңдерің махаббат пен лирикаға толы. Ал мақалаларыңда басқаларды жанын шығарып, бас-көзін жарып аямай сынайсың» деп айтып еді. Мен басылымның редакциясында журналистпін, редакциядан шыққан соң ақынмын» деді А.Әлімұлы кездесуге жиналған студенттерге.

Болашақ журналистерді бүгінгі әдебиеттің жағдайы қатты толғандырады екен. Олардың бүгінгі әдебиетшілерге көңіліңіз тола ма, қазіргі жас ақындардан кімдерді жоғары бағалайсыз деген сұрағына «Бүгінгі әдебиетке көңілім толады. Үздік шығармалар өмірге келіп жатыр. Жас ақындар шоғыры қалыптасып келеді. Абай Ораз, Қайрат Сейітқазин сынды жігіттерді жоғары бағалаймын» деп жауап берді А.Әлімұлы.

Кездесу барысында ақын студенттерге өзінің жүрекжарды өлеңдерін оқып берді. Сырлы жыр шумақтарына риза болған жастар оған әлсін-әлсін қол шапалақтап, қошемет көрсетіп отырды. Жиын соңында А.Әлімұлы кездесу кезінде сауатты сұрақ қоя білген төрт студентке өз қаламынан туған «Өткірдің жүзі» кітаптарын қолтаңбасымен сыйға тартты.

Айта кетейік, кездесуді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Ж.Наурызәлиев

 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *