Есімдегілер

ЕНДІ… ҚАДЫР АҒАНЫҢ МЕНІ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕГЕНІ ТУРАЛЫ 
(оны мен араға жылдар салып барып түсіндім…)

Бұл оқиға, өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы болған. О кезде Қадыр аға Жамбыл мен Байзақов көшесінің қиылысындағы, сол кездегі ақын-жазу­шылар тілімен айтқанда «сараңдардың сары» үйінде тұратын (шындығында олай емес еді…оның өзіндік сыры бар). Бір күні бойымда ана заһардың аздаған уыты бар, әрі ол аздау көрінген күйде асыл ағамның (жатқан жері жайлы болсын) үйіне бармаймын ба?!. Есікті Салтанат жеңгем ашты. О кісі мендегі аздаған екпінді бірден байқап, «Қадыр ағаң жұмыс істеп жатыр, Аманхан, қайт» деп, жеңіл-желпі ескерту айтып тұрғанда, Қадыр аға жұмыс бөлмесінен шығып, «кірсін, кірсін…» дегені. Қуанып кеттім. Өзімнің де күткенім сол емес пе? Қойыңызшы, әйтеуір, Қадыр аға кіре берістен алыстау емес жердегі асханаға бастап кірді де, бірден: «Неден бастадың…» деді. Мен де жұлып алғандай, «Ақтан…» дедім. «Отыр онда…» деді де, холодильникті ашып, азғана ішілген, толық деуге боларлықтай бір шыны арақты алды. Содан бастап кеттік, біраз әңгіме айтылды. Бір кезде Қадыр аға; «Аманхан, осы сен неге тез мас болып қалатыныңды білесің бе?» деді. Мен иығымды көтердім де: «Көп ішетін шығармын» дедім. Сонда, Қадыр аға, «Жоқ сен көп ішпейсің, сенен де көп ішетіндер бар. Бірақ, олар мас болмайды. Неге екенін білесің бе?» деді маған сұраулы жүзбен қарап. Өңіне қызғылтым қан жүгірген. Мен басымды шайқап: «Білмеймін…» дедім. Ағам күлді де, «Онда, мен айтайын, сен тыңда» деді. Сонда о кісі: «Аманхан, сенің тез мас болатының, бірінші, алдыңдағы арақ толы стаканның ішінде, яғни, арақтың (стаканның) түбінде, шайтан болады. Олар арақтың астында жатыр. Сен қазір, сол стаканды түбіне дейін көтеріп тастап, арақпен бірге шайтанды ішіп қоясың.

Ал, мен байқадың ба, стаканның түбінде арақты қалдырып ішіп отырмын. Мас болмайтындар сүйтеді.
Яғни, әлгі арақтың астындағы шай­­тандар жартылай ішілген арақтың ас­тында қалады. Ал, сен стаканның түбінде түк қалдырмай ішіп, арақпен бірге шайтандарды қосып ішіп қоясың. Бірнеше стаканнан соң сенің ішіңе түскен шайтандар бір-бірімен төбелесіп, сені арандатады да, солармен бірге сен де ерегіске, не басқаға дайын тұрасың. Сенің тез мас болатыныңның сыры сонда. Ал, қалғандар стаканында қалдырып ішкендіктен, шайдандар стаканның астында төбелеседі. Бар гәп сонда, Аманхан, – деді де, маған қарады. Ал, енді, «Сен неге көп ішесің?» деді сәл үнсіздіктен соң. Мен: «Достарым, көп, солармен ішемін ғой» дедім. Сөйтіп ем, күлді де: «Аманхан, енді бір отыз-отыз бес жылдан кейін, осы сағатта, осы үйде, осылай отырып, мен саған осы сұрақты қоямын. Сонда, сенің не деп жауап беретініңді көремін. Жауабың, тіпті, керісінше басқа болады, Досым аз, не жоқ дейтін боласың» деді. Міне, содан бері қаншама жыл өтті, мен Қадыр ағаның айтқан сөзінің қадыр-қасиетін енді ғана түсініп, Сіз­дерге, айтып отырмын, достарым. Әсіресе, жас достарым, бұны Сіздерге баса айтқым келеді. Қадыр аға жақсы көретін інілерін өмірде де, өлеңде де осындай сөздермен, іс-әрекеттермен тәрбиелеген. Мен аспаннан түскен жоқпын, қазір азды-көпті, жақсылы-жаманды бірдеңеге қол жеткізсем, сол ағаларымның арқасы. Достарым, сендер менің бұ сырымды дұрыс түсініңіздер. Мұны мен мақтанышпен айтып отырған жоқпын, кейінгілерге аз да болса пайдасы тисін деп айтып отырмын. Әйтпесе, арақ ішкенді мақтаныш ететін түк те жоқ. Біз де аз көрген жоқпыз. Мектеп, құрылыс, әскер, қайта құрылыс, Алматы, Москвадағы оқу, бәрі-бәрі өмір, өмірбаян.
Достарым, Қадыр аға, бір жылдары, біз жас кезде, Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет еткен. Үлкендер жағы біледі. Сол жылдары ағаға көп барып, өлеңдерімді көрсетіп, ақыл-кеңесін тыңдап жүретінмін. Ол кісі кемшілігімді айтады, көрсетеді. Мен жөндеймін, қайта қараймын. Қысқасы күзеймін, түзеймін! Ол туралы менің «Жалын» (1975) журналында жарияланған өлеңдерімдегі алғы сөзінде өзі жазған.Бұл реті келгендегі әңгіме. Сонымен, екеуміз Қадыр ағаның бөлмесінде отырғанбыз. Әдеттегідей, өлеңдерімді қарап, айтатынын айтып отырған. Бүгінде біреу білер, біреу білмес, бір кезде бөлмеге орыстың балалар ақыны Владимир Кушак кіріп келгені. Өзі көңілсіз. Біреуге өкпелі. Қысқа аман-саулықтан соң ол: «Қадиршик (осы сөзге қарағанда өздері қатарлас, көптен араласады-ау деп ойладым), қарашы, баспадағыларда ұят жоқ екен, мына кітабымды (қолындағы тілдей кітапты көрсетіп), тілдей етіп шығарыпты. Менің қалада жоқтығымды пайдаланған ғой» деп баспадағыларды біраз жерге апарып тастады. Қадыр аға күле тыңдап отыр, мен әңгімеге аң-таңмын! Анау болған кезде, ағам күлкісін тиды да, салмақты кейіпте: «Володя, оның несіне ренжисің, көсеміміз Лениннің атақты «Апрель тезистері» кіта­бының көлемі де сенікіндей емес пе? Кітаптың көлеміне қарама, он­дағы шығармаларыңның сал­мағына қара. Сен Лениннен кемсің бе, сенікін де сондай етіп шығарған ғой» дегені. Оны есіткен Кушак не дерін білмей тұтыққан күйі, Қадыр ағаға қарата қолын бір сілтеді де, есікті тарс ұрып, сыртқа шығып кетті. Екеуміз жата келіп күлейік. Күлкіміз басылған соң, Қадыр аға: « Володя да қызық, өзінің өлеңінің қадыр-қасиеті сондай болса, баспа да солай шығарады, дә!» деп өлеңімді оқуға ары қарата кірісіп кетті. Міне, Қадыр аға, кейбір ақындардың бағасын осындай ирония, сарказммен де бере салатын.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *