Абай өлеңдерін жатқа айтатын орыс қызы Татьяна Ситниковамен болған сыр-сұхбат

Қостанай өңірінде де мемлекеттік тілді өз ана тіліндей жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – бұл күндері Қостанай мемлекеттік педа­го­гикалық институтында білім алып жатқан жарқын мінезді бойжеткен Татьяна ­Ситникова.
Жуырда осы орыс қызымен жүздесіп, көкейімізде жүрген бірқатар сауалдарымызды қойған едік. Оның жауаптары нық әрі тиянақты. Болашақ білікті маманның ой-толғаныстары кейінгі жастарға өнеге болар деген үмітпен осынау сұхбатты оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қазақтардың  арасында өстім

– Татьяна, сіз алдымен өзіңізбен оқырман­дарды таныстыра келіп, кіндік қаныңыз тамған туған жеріңізге қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Ең алдымен, менімен сұхбат алып отырғаныңыз үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Өзім 1997 жылы Қостанай облысы Қостанай ауданына қарасты Алтындала деп аталатын қазақы ауылда дүниеге келдім.
Ол облыс орталығынан алыс емес. Жастайым­нан жергілікті ұлттың балаларымен бірге өстім. Қазақ деген ағайындардың шұрайлы да бай тілін жан-жақты меңгеруге талпындым. Әрине, уақыт өте мақсатыма жету үшін таудай талап аз ететіндігін түсіндім. Ол үшін жоғары білім алып, тың ізденістер жасау керек екендігін терең ұқтым.
Отбасыммен ақылдаса келе Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына құжатымды тапсырдым. Жолым болып, студент атандым. Өзім болашақ тарих пәнінің мұғалімімін. Әлгі жоғары оқу орнында қазақ бөлімінде білім алып жатырмын.
– Әркімге өзінің ата-анасы, бауырлары қымбат емес пе. Әңгіменің орайы келгенде, солар жайлы да қысқаша тоқталып кетсеңіз. Олар кезінде қазақ тілін меңгеруіңізге өздерінің қарсылықтарын білдірмеген болар?
– Дұрыс айтасыз. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөзі бар. Соның мән-мағынасын қазір түсініп келе жатқан секілдімін.
Мен шынымды айтсам, көп балалы отбасында өстім. Шаңырақтың тірегі ардақты әкем Виктор мен аяулы анам Марина біз үшін барлық жағдайды жасады. Олар балаларының өз қатарынан қалмай білім алуына, парасатты да еңбекқор болып қалыптасуымызға айрықша көңіл бөлді.
Сондай қамқорлықтың арқасында жанұя­дағы алты бала ештеңеден кемдік көрген жоқпыз. Отбасында тек материалдық жағдай ғана емес, рухани жағына да айрықша ­назар аударылды. Таратып айтар болсам, өзім шаңырақтағы төртінші перзентпін.
Өзімнен үлкен екі әпкем, бір ағам және екі інім бар. Екі бауырым әлі мектепте оқиды. Қолым бос кездері соларға көмектесуге тырысамын. Қазақстан – байтақ ел. Елімізде күллі ұлттардың бақытты ғұмыр кешулері үшін барлық жағдайлар жасалған.
Әке-шешем түсінігі мол жандар. Олар менің бойымдағы қазақ тілін жетік меңгерсем деген құштарлығымды ерте білгендіктен үнемі қолдаумен болды. Солардың шапағатының арқасында осы тілді бір кісідей меңгердім.

Талай байқауларда  топ жарды

– Осы уақытқа дейін біраз байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған екенсіз. Сол жетістіктеріңіз жайлы да баяндаудың сәті келген секілді?
– Оныңыз рас. Өзімнің жастығыма қарамастан біраз табыстарға қолым жетті. Әрине, оның бәрі де адал еңбек, маңдай термен келді.
Жалпы, өз басым 7 сыныпта оқып жүрген кезден бастап, поэзияға қатты құмарттым. Содан екі жыл өткенде, яғни 9 сыныпта Қостанай аудандық Абай оқуларында бірінші орынды иелендім. Бұл жеңісім маған тың күш бергендей болды.
Осы сайыста Абай атамыздың рухы қолдап, облыстық жарысқа қатысуға жолдама берілді. Кіл мықтылар сынға түскен жарыста үшінші орынға қол жеткіздім. Дәл сол жылы аудандық және облыстық «Жарқын болашақ» сайысына да қатысып, жүлделі екінші орынды иелендім.
Сайысқа қатысқан сайын шыңдала түседі екенсің. Әділқазылар алқасы да өздерінің лайықты бағасын беріп отырды. Ата-анам да менің жеңісіме қуанып, биіктерден көрінуіме шын тілектестік білдіріп жүреді.
Өзім сізден несін жасырамын, сабақтан тыс кездері ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жаттайтынмын. Оның ойлы да парасатты өлеңдері маған ерекше күш-қайрат беретін. Болашаққа деген сенімімді арттыратын.
Ал мектептің 10 сыныбында оқып жүрген кезімде облыстық Абай оқуларында ақынның 250 өлеңін жатқа айттым. Сөйтіп, таза ізденістің арқасында өңірде бірінші орынды иелендім. Сіз білесіз бе, сол кездегі қуанышымды қазір сөзбен айтып жеткізе алмаспын.
– Содан кейін де республикалық байқауларда дараланып көзге түсіпсіз. Сол жөнінде де айтып өтсеңіз.
– Өңірдегі табыстарым мені тек алға қарай жетеледі. Өйткені өзімді-өзім қамшыласам, тынбай еңбектенсем алынбайтын асу жоқ екенін түсіндім. Соны мен өз басымнан өткердім. Облыстан кейін республикалық байқауға жолдама алғаным да есімде.
Бұл жолғы сайыс қазаққа Абай, Шәкәрім және Мұхтар секілді қайталанбас тұлғаларды берген Семей шаһарында ұйымдастырылды. Онда жүлделі екінші орынды місе тұттым.
Өзімді мақтағаным емес, дәл осы сайыста қазақтың ұлы ақынының өлеңдерін ең көп білген әрі оны мүдірмей оқыған талапкер ретінде «Қазақ» деп аталатын журналдың арнайы да­йын­даған Құрмет грамотасымен марапатталдым.
Семей секілді тарихи шаһарларда болу тек ғана жеңіске жігерлендіріп ғана қоймады, ондағы көрнекті орындарды да араладым. Талай біртуар дарындардың табаны тиген жерлерді көру мен секілді өзге ұлт өкілі үшін ерекше бақыт әрі мәртебе-тін.
– Қазақстан көп ұлтты мемлекет екендігі белгілі. Өзіңіз кезінде еліміздегі татулық пен бірліктің ұйытқысы болып отырған Ассамблея делегациясының мүшесі де болыпсыз. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Мұндай мәртебелі жиынға қатысу мен үшін үлкен жетістік. Қатысушылардың ішіндегі ең жасы да өзім едім.
Тіпті қатысу өз алдына, мені төрдегі прези­диумға отырғызды. 2014 жылы бағым жанып, Қостанай облысы әкімінің «Қазақ тілін дамытуға үлес қосқаны үшін» номинациясының лауреаты атандым.

Бәрі адамның  өзіне байланысты

– Өзің білесіз, шын ниет еткен адам биік асуларды бағындыратынын өмірден көріп жүрміз. Тіпті шет елден келіп те айналдырған екі-үш айдың ішінде қазақ тілін үйреніп, біздің әнімізді шырқап жүргендер де жоқ емес. Шыныңызды айтыңызшы, өзіңізге осы тілді үйрену қиынға соққан жоқ па?
– Ең алдымен айтарым, қазақ ағайындардың арасында өстім. Ауылдағы мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқыдым. Осы жергілікті ұлттың ұл мен қыздарымен тонның ішкі бауындай араласып, көп жайға қанықтым.
Тіршілікте күнделікті олармен сырласу, бірге жүрудің маған бергені мол. Әрине, бәрі бірден ойдағыдай игердім десем артық айтқан болармын. Шын ықылас қойсаң, көздеген мақсатыңа жетесің. Орта мектептің үшінші сыныбында ­таудай талабымның арқасында қазақ тілінде еркін сөйлейтіндей жағдайға жеттім.
Бір ғажабы, өзімнің барлық бауырларым да мемлекеттік тілді ерекше қастерлейді. ­Туысымдай болып кеткен қазақ халқымен өте жақсы сыйласады.
Өзіңіз де білесіз, қазақтардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы бізге жастайымыздан сіңді. Қазір жергілікті халықпен кәдімгі туысқандардай болып кеттік. Жылда айналып келіп отыратын ұлттық мерекелерде бірге жүріп, оларды тойлауға да қатысамыз.
Қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Менің мемлекеттік тілді тиісті деңгейде үйреніп, оны бойыма әбден сіңіруіме тәлімгерлерім, яғни ұстаздарымның да сіңірген еңбегі айрықша екендігін сөздің реті келгенде айтып өткенді орынды деп санаймын.
Менің өмірімде ардақты мұғалімім Жұмабике Нұрсейітова ерекше орын алады. Себебі ол әу баста мені қазақ тіліне баулыды. Маған үйретіп ғана қойған жоқ, жыл сайын Абай және басқа да оқулар сайысына қатыстырып, шеберлігімді шыңдауға тікелей ықпалын тигізді. Оны тезірек меңгерудің сырлары және қырларын үнемі айтумен болды. Міне, осындай абзал жанның арқасында көздеген мақсатыма жетіп, қазақ тілін бір кісідей игердім. Егер өткен жылдарда осы бағытта биіктерге көтерілген болсам, ұстазымның да тигізген ықпалы айрықша десем орынды болар.
– Егер құпия болмаса, өзіңіздің үздіксіз ізденістеріңіз, тілді терең меңгеру жолындағы талпыныстарың жайлы да тоқтала кетсеңіз. Өйткені бұл ой-толғаныстарыңыз кейінгі өсіп келе жатқан сіңілілеріңізге ғибрат болар еді.
– Шынына келсек, бәрі де адамның игі ниетіне, алға қойған мақсатына тікелей байланысты дер едім. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Бәрі де сайып келгенде, тынымсыз еңбекте. Алға қарай ұмтылып, тұрақты жұмыс істеуде екендігін баса айтқым келеді.
Өзімнің өткен кезеңдердегі тәжірибеме келетін болсам, жоғарыда тілге тиек еткендей күнделікті қазақ балаларымен сөйлесумен қатар, көркем әдебиеттерді көп оқыдым. Өмірден ойып алынған даналықтың түйіні болып табылатын мақал-мәтелдердің астарына үңілдім.
Мұндай талпыныстарым өзінің нақты жемісін берді. Бірқатар белестерді бағын­дырып, марапаттарға ие болдым. Сол алған грамоталар мен мақтау қағаздарым өткен күндерден сыр шертіп тұратындай көрінеді.
Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті де әлемге танымал. Қазақты тану үшін атақты жазушылар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» деп аталатын трилогиясын оқуға кеңес берер едім.
– Сіз тек Абай Құнанбаевтың ғана емес қазақтың мақтанышы Шәкәрім Құдайбер­діұлы­ның да өлеңдерін жатқа біледі деп естідім. Осы жөнінде не айтасыз?
– Кімнен естісеңіз де қателеспеген екенсіз. Мысалы, өз басым Абай атамыздың өлеңдерін жатқа білудің нәтижесінде қазақ ұлтының ішкі жандүниесін таныдым. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының да 80 өлеңін жаттадым. Әрі оның мән-мағынасын терең түсіндім. Мәселе, әлгі ақындардың өлеңін сыдыртып оқу шығуда емес, маңыздысы оны көкіректе тоқуда.
– Армансыз адам болмайды. Өзіңіз қазір қазақтың бір қызындай болып кеттіңіз. «Жақсыда жаттық жоқ» деп бекер айтылмайды. Енді алдағы мақсат-мұратыңыз жайлы да қысқаша баяндап өтсеңіз?
– Ең алдымен, қазіргі білім алып жатқан жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмәмдау. Содан соң ғұмыр бойы адам деген атқа сай болу. Алдағы уақытта тағы бір кәсіпті меңгерсем деймін. Ол өздеріңіз секілді халықтың бел ортасында жүретін журналист атану. Енді бәрін де уақыт көрсетеді.

Әңгімелескен
Оразалы Жақсанов




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *