Тұлғалар тағылымы

Кеңес заманындағы қазақтың беткеұстар тұлғалары қалай қалыптасты, тұңғыш Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының өмірінде қандай рөл атқарды, олар бізге несімен қадірлі, несімен ел есінде сақталып қалды?! Міне, жуырда Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында өткен «1917 жыл. Қазақстандағы кеңестік биліктің басталуы. Тарихи тұлғалар» атты  дөңгелек үстел мәжілісінде осындай мәселелер әңгіме өзегіне айналдырылды. 

Мемлекет тарихына, елдің қайраткер тұлғаларының өнегесіне бейжай қарай алмайтын мұрағат ұжымы айтулы шараға ғылыми тұрғыдан мән берді. Мұрағат қорында сақталған кеңестік дәуірдегі Қазақстан Республикасының қалыптасу, өсу, даму жолдары және соның бәріндегі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің табандылығы, ұлтжандылығы, іскеріліктері мен ұйымдастырушылық шеберліктерінен жан-жақты сыр шертетін тархи құжаттар, естеліктер, қайраткерлер өмірінің жеке қорларынан алынған деректер мен тарихи фотосуреттер көрмесін ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров дөңгелек үстел мәжілісін қысқаша сөз сөйлеп ашты. Қазақстандағы кеңестік биліктің басталуы кезіндегі елін, жұртын соңдарына ертіп, жол көрсете білген Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Меңдешев және басқа да танымал тұлғалардың өмірі мен өнегесіне құжаттар тілі және тарихшы-ғалым, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен үңіліп көрудің Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелермен де үндес жатқандығын алға тартты. Ал мұрағаттың зерттеуші-мамандары Ә.Сүлейменова, М.Жылгелдинов, А.Төлетбеков осыдан жүз жыл бұрын Қазақстанда большевиктік билікті орнатуға атсалысқан Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Меңдешев және басқа мемлекет қайраткерлерінің өмірлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының қорында сақталған құжаттарға шолу жасады.
Ғылым академиясы жанындағы Тарих және этнология институтының директоры ­Зиябек Қабылдинов өзінің «Сәкен Сейфуллиннің тарихи портреті» атты баяндамасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін жаңа қырынан танытатын деректерімен бөлісіп, қазіргі қоғамдағы деректану және тарихи өткенімізге жаңаша көзқарастың бірқатар сыр-сипаттарына қатысты ойларын ортаға салды. Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтың «Тұрар Рысқұловтың тарихи портреті» тақырыбындағы баян­дамасы Түркістан Кеңестік Автономиялық Республикасының төрағасы болған көрнекті қайраткердің бүгінгі қоғам үшін әлі де жетіспей жатқан қырларын ашып, қоғамдағы тұлғанудың ұлттық мүддемізге сай жүргізіліп, деректердің танымдық жағына терең назар аударудың оң нәтижелерге жеткізетіндігін сөз етті. Тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің «Әлиасқар Әлібековтың өмір жолы мен қызметі туралы» баяндамасында кезінде республиканың халық комиссары болған қайраткердің өміріндегі мемлекеттің қалыптасу кезеңіне қатысты танымдық мәні ерекше деректерін ұсына отырып, өзінің кеңестік дәуірдегі тарихымызды зерттеу барысындағы көңілге түйгендерімен бөлісті.
Жазушы, меңдешевтанушы Серікқали Хасан «Сейітқали Меңдешев – халқына қызмет еткен қайраткер тұлға» деген тақырыпта баяндама жасап, Қазақ Кеңестік Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы С.М.Меңдешевтің Батыс Қазақстандағы Бақытжан Қаратаев, Бақтыгерей Құлманов, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Ахмет Мәметов сынды зиялылардың ортасында тәрбиеленіп, ұлтжанды, қайырымды тұлға болып қалыптасқандығы мен қайраткердің соңында қалған рухани мұралары, ұрпақтары жөнінде айтты. Қызы Тамара әжейдің көзі тірісінде әкесінің өміріне қатысты танымдық әңгімелер айтып, тарихи фотосуреттерін баспасөзде жариялауға мүмкіндік жасағандығын да тілге тиек етті.
Дөңгелек үстел мәжілісіне Мәскеуден арнайы келген американдық Гарвард униве­рситетінің РҺD докторанты ­Мария Блэквудтің «Алғашқы қазақ большевиктері» баяндамасы Қазақстандағы кеңестік билік тұсындағы мемлекет ісіне араласқан қазақ қайраткерлерінің таным-білігі, зиялылығы, жас мөлшерлерін талдап-таразылауымен көңіл ­аудартса, Гарвард университетінің РҺD докторы Михаил Акуловтың аталмыш мәжіліске арнайы жіберген «Жаһандық-тарихи тұрғыдағы 1917 жылғы орыс революциясы» деген бейнебаян-баяндамасы да ортақ тақырыптың мәнін ашуға септігін тигізді.

Нағым ЕСЕНТАЙҰЛЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *