«Халық адасса көнеден сұрайды…»

Кез келген халықтың тілінде жаңа заманға сай жаңа сөздер пайда болатыны белгілі. Алайда қазіргі уақытта тілімізде бұрыннан бар атаулар қолданылмай, оның орнына ойдан шығарылған сөздер енгізіліп келеді. Кірме сөз қажеттіліктен туып жатса бір сәрі. Журналистер мен тіл мамандары үшін кейде бар сөзді іздеп тауып, орынды қолданғаннан гөрі жаңа сөз ойлап тапқан оңай ма деген ойға қаласың. Жекелеген адамдар мен ұйым-мекеме басшыларының салғырттығынан болатын және баспасөз бен телеарналардағы тілшілердің сөз қолданысындағы  қателіктер шаш етектен. 

Мәселен, «Апама жездем сай» деген қазақтың мақалы бар. Әдеби тіліміздегі «апа» сөзін Жетісу мен оңтүстіктің қазақтары «әпке», Шығыс Түркістан қазақтары «әпе­ке», бесқалалық қазақтар «апа», «қызапа», шығысқазақстандықтар «апай», еліміздің батыс аймақтарының қазақтары «апа» деп атайды. «Әпке», «әпеке» сөздері қайдан шықты дегенде, қазақ жездесін – «жездеке», ағасын – «ағеке» дейтіні ойға оралады. Сол секілді апаны да – «әпеке» деп құрметтеп, кейін солай жаппай айтылып кетуі мүмкін.
Жәңгір ханның тұсында өмір сүрген бөкейлік ақын ­Алмажан Азаматқызының «Жетім қыз» атты ­поэмасында мынадай жолдар кездеседі:
«Апа-екең мұңдық сау болса,
Дұшпаннан кегіңді әперер…»
Және:
«Қанаттасым, жалғызым,
Тар жерде жылап тасыма,
Апа-екең сенің қасыңда».
Бұл жерде байқағанымыздай, «әпеке» сөзін ертеректе еліміздің батыс өңірлерінде де қолданған. Сондай-ақ өзінен үлкен қыз туысқанын әр аймақ халқы әртүрлі атағанымен, қазақтың әдеби тілінде «апа» сөзі дұрыс саналып, барлық аймақтарда қолданылып келді.
Кейде емхана қабырғаларынан «көтеу» деген сөзді кездестіреміз. Онысы – «геморрой». Мемлекеттік тілді дамыту аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қолданысқа енгізілген сөз. «Көтеу» деген сөзді мамандардың қайдан алғанын қайдам, бірақ бұл аурудың біз білетін, баяғыдан келе жатқан аты бар еді. Геморройды ерте кезде қазақтар «бабасыр» деп атаған.
Көнеріп, тіл қорымыздан шыға бас­таған сөздердің бірі – «көзаба» сөзі дер едік. Мысалы, «ол көзабаға айтып тұр», «көзабаға істеген ғой» деген тіркестерден бұл сөздің «жай ғана көзбояушылық үшін, сырт көзге солай көріну үшін» деген мағыналарды беретінін көреміз. Көзаба сөзі бесқалалық қазақтардың сөз қорынан әлі де түспей келеді. Ал бізде ауызекі тілде мұның орнына көбіне орыстың «показуха» сөзі қолданылып жүр.
«Жарын» – «келер жылдың» бұрынғы атауы. Бүгінгі күнде Қарақалпақстан қазақтарында, Қызылорда, Ақтөбе аймақтарында бұл сөз әлі айтылады. Бала кезде өзіміз де «жарын» деп сөйлеуші едік. Үлкен қалаға келген соң бұл сөзді «келесі жылы» сөзімен ауыстырдық. Үлкендер «Биыл түсе алмасаң, жарын түсерсің» дейтін оқудан «құлап», ауылға оралған балаларына.
«Шатырхат» – оқу орнын бітіргенде берілетін диплом. ХІХ-ХХ ғасырларда діни медреселерді бітіргендерге шатырхат берілген.
«Мат» сөзін де Әму, Сыр бойы қазақтары көп қолданады. Мағынасы – «жеңілу, шарасыз қалу» мағынасында. Шахмат ­ойынында жеңілгенді «мат болды» дейді ғой. Тұрмыста қолданыстағы мағынасы да соған жақын. Толғау алыптарының бірі атанған – Базар жырау Пішанның Төребайына көңіл айтуында:
«Жарлылық пен жалғыздық,
Дұшпаныңа қылар мат…» десе, Кердері Құдайберген:
«…Жалғыздық сені қайтейін,
Сөйлеген сөзді мат еткен» деп толғаған.
«Бикеш» сөзін де тіл қолда­нысынан шығып бара жатқан сөздердің бірі деуге болады. Негізінен жеңгелер күйеуінің қарындастарын солай атаған. Біз айтып жүрген бүгінгі «қайынсіңлі» сөзінің синонимі. Яғни бұл сөз әйел адамға қарата әйел адамның айтатын сөзі. Ал қазіргі таңда телеарналардан жігіттердің қыздарды «бикеш» деп айтып жүргенін көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Ақын-жыраулардың өлеңдері мен беташарларында «бикеш» сөзін кездестіреміз:
Базар жырауда:
Ең кенжесін баланың
Ата-анасы әлпештер.
Әсіресе қыздарын,
Сылап-сипап көлпештер.
Қашып кетсе бір күні,
Қарғап-сілеп, ойбайлап,
Отының басын төмпештер.
Тап сол айтқан бір қашса,
Қашатындардың өздері
Осы отырған бикештер,
Бикештерге де бір сәлем!.
Наурызбек жырау Нұржаубай­ұлының «Беташар» өлеңінде:
…Бикешің болса, сіңілің,
Үйрете бер ақылды,
Көңіліңде болса білімің, – дейді.
Бұл мысалдар халқымыздың жыр-дастан, терме-толғауларында кездесетін ертеден келе жатқан сөздеріміздің бір бөлігі ғана. Қазір қолданыстан шығып қалғанымен, бүгінгі сөз қорымызға қайта енгізуге болатын сөздер өте көп. «Қайық адасса – кемеден, халық адасса – көнеден сұрайды» дейді халықтың өзі бір мақалында. Бір сөздің аудармасы туралы ойланғанда бірден жаңа сөз ойлап таба салмай, оны алдымен фольклорлық шығармалардан іздеп тауып, сөздік қорына қайта қосқанымыз абзал.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы 
Қазақ ұлттық консерваториясының 
оқытушысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *