Асқар асқан асулар

Халқымыздың «Әкеден ұл туса игі еді, әке жолын қуса игі еді» деген дана тәмсілі филология ғылымының докторы, профессор Жұбанов Асқар Құдайбергенұлының өміріне де тікелей қатысты.
Дарынды ғалым, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Жұбанов Құдайберген Қуанұлы нақақ жаламен «Халық жауы» ретінде тұтқындалған күні өмірге келгеніне алты-ақ күн болған кенже ұлы Асқар 1937 жылы 13 қарашада туған.
Елімізге белгілі құтты қара шаңырақ Жұбановтар әулетімен танысып, білісіп, үлкен-кішісімен қоян-қолтық араласа жүріп, достас, тілектес, ниеттес болуыма сонау 1947 жылдың күзінен бүгінге дейін табаны күректей жетпіс жыл өтіпті. Бұл жөнінде «Жұбановтар жұлдызы» атты көлемді мақалам да жарық көрді («Ұлы дала тұлғалары». Профессор Құдайберген Жұбанов. Алматы, 2013, 366-385 беттер).

Бұл мақаланың атынан көрініп тұрғандай, профессор Құдайберген Жұбановтың дарыны дамып, қазақ хал­қының ғылымы мен мәдениетінің төрінде есімдері шоқжұлдыздай жарқыраған Жұбановтар әулетіне арналды.
Бұның басты себебі – институтта бір курста оқып, төрт жыл, одан соң Тіл білімі институтында ұзақ жылдар бірге қызмет еткен досым марқұм Есет Құдайбергенұлымен қарым-қатысымыздың беріктігі еді.
1950 жылдың қаңтар айында Асқар Құдайбергенұлын Петропавл қаласында досым Темірғалидің інісі Арыстанмен бір сыныпта оқып жүргенін көргенімнен бері жетпіс жылдың жүзі болыпты. Қаншама қиын-қыспақ жағдайды басынан кешірсе де оқуын тастамай, оныншы сыныпты аяқтап, мектепті ойдағыдай бітіріп шыққан кезі оның өмірінің алғашқы асуы еді.
Жігерлі де қайратты, жас таланттың Абай атындағы Мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі ҚазҰПУ) математика факультетін 1960 жылы зор табыспен бітіріп, жоғары оқу орнының математика кафедрасында қызмет атқаруы еңбек жолының алғашқы сатысы әрі маңызды белесі еді.
Бұл жылдары одақтық тіл білімінде «Математикалық тіл білімі» деген жаңа саланың үдере дамып, көптеген тіл мамандарының бұған аңсары ауып, қызу қолдап, қызыға араласа бастаған кезі болатын. Солардың бірі ретінде менің де «Тіл біліміндегі статистика» атты көлемді мақаламның жарық көргені бар-ды. («Лениншіл жас». 1965 жылғы 7 шілде). Осы мақаламен танысқан, «Математикалық статистика» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғап, Шымкент Педагогика институтында қызмет атқарып жүрген доцент Қ.Бектаев бұл салада менімен бірлесіп еңбек етуге ынталы болды.
Ғылым академиясының Тіл білімі институтының басшылығы, оның «Түсіндірме сөздік бөлімінің» меңгерушісі, профессор А.Ысқақовтар болып, «Абай тілінің сөздігін» жасауды қолға алып, материал жинау, сөздіктің нұсқаулығын жазу, т.б. жұмыстар қызу қолға алынды. Мақаламды оқып шыққан ұстазым әрі бөлім меңгерушісі А.Ысқақов маған үлкен тапсырма берді де, Абай тілінің статистикасын қарастыруды, оның жиілік мөлшерін, қолдану ерекшеліктері мен негізгі заңдылықтарын анықтауды талап етіп, мені осы жұмысты орындауға міндеттеген соң дереу кірісіп те кеттім. (Ол жөнінде А.Ысқақовтың «Абай тіл сөздігі» туралы алғы сөзінде толық айтылған). «Абай тілі сөздігі» 1968 жылы жарық көрді де, біз алға қойған міндетімізді толық орындап шықтық.
Доцент Қ.Бектаев математикалық лингвистиканы қазақ тіл білімі жүйесінде статистикалық тұрғыдан зерттеуге батыл кірісті.
Қазақ тіл білімінің тың да жаңа осы саласын зерттеуге математика маманы, жас ғалым Жұбанов Асқар Құдайбергенұлы келіп қосылды. Жас талант, білікті ғалымның мақсаты – тілді статистикалық тұрғыда зерттеу ғана емес, әкесінің жолын қуып, бар өмірін туған тілді зерттеу, әке арманын орындау, бар өмірін осы салаға бағыштау болатын. Бұл Асқар Құдайбергенұлының өміріндегі аса биік те үлкен асу еді. Ол 1967-1970 жылдары ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының аспиранты, одан соң 1970-1976 жылдары кіші, 1976-1986 жылдары аға, 1986-1990 жылдары жетекші ғылыми қызметкер, ал 1990 жылдан бастап осы институттың қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі. Филология ғылымының докторы Қалдыбай Бектаевтың жетекшілігімен «Қазақ тексін ЭВМ-нің көмегімен статистикалық тұрғыдан зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл ғылыми жұмыс қазақ тіл біліміндегі статистикалық лингвистика саласына арналған алғашқы еңбек ретінде аса жоғары бағаланды. Бұл докторлық диссертация санатында жоғары дәрежеде жазылған жұмыс болғандықтан, Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың бұл еңбегін филология ғылымының докторы деген ғылыми дәрежеде бағалансын деп ұсыныс жасаған филология ғылымының докторы, профессор Р.Ғ.Сыздықованың пікірін қуаттаған ғылыми кеңес мүшелерінің бірі болдым. Жас ғалым қазақ тіл білімінің жаңа саласы статистикалық тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі болса, бұл күнде сол ғылымның қара шаңырағының иесі, шын мәніне беделді де қадірлі атасы болып отыр. Бұл ретте академик І.Кеңесбаевтың Құдайберген Жұбановтың жұбайы Раушан Жұбановаға жазған хаты да толық дәлел. Сондықтан оның нақ нұсқасын келтіруді жөн көрдік.
Аса құрметті Раушан жеңгеме.
Ата балаға сыншы ғой. Асқарға біз сияқты кісілер де ата. Асқарға жүктелген жұмыс ауыр еді. Оны мызғымастан өткелден көтеріп шықты. Ол ғылым өткелі еді. Ата баласының ат меңіндей белгісі болады емес пе?! Осы жолы әкеге біткен қабілет балаға біткен дарындылықтан анық аңғарылды.
Асқардың сәтті аяқталған еңбегіне шын жүректен шыққан қуанышымды білдіремін. Жұрағат, бала-шағамыздың, өзіңіздің бақыттан қол үзбеулеріңізге тілектеспін. Өмір бойы үйіңіздің түтіні сөнбесін.
Ісмет
15.06.73
А.Қ.Жұбанов 2001 жылы филология ғылымының докторы, математик А.В.Зубовтың ғылыми кеңесшілігімен «Основные принципы формализации содержания казахского текста» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғалымның зерттеулерінде қолданбалы лингвистика саласының әдіс-тәсілдері беріліп, жиілік сөздік мәселесі, олардың автоматты түрде жасалу жолдары көрсетілген.
Қазақ мәтініндегі негізгі сөз таптары­ның мәтін ішінде үлестірілу заңды­лы­ғының ықтималды-статистикалық моделін құру мәселесі зерттелген.
Ғалымның докторлық диссертациясында қазақ тіл білімінің өзекті мәселелеріне жататын мәтін және оның формалдық, мазмұндық құрылымына қатысты құрастырушы элементтер арнайы қарастырылған.
А.Қ.Жұбанов – қазақ тілін зерттеу­ге математикалық лингвистика мен ықтималдылықтар теориясы пәндерінің және қазақ лексикография саласына ­компьютер мүмкіндіктерін пайдалану әдісін тұңғыш рет қолданған және оны әрі қарай дамытушы озық ойлы, іс-тәжірибесі мол әмбебап білікті ғалым. Сондықтан да А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілінің қолданбалы саласының жаңа бағытына қатысты тақырыптарға Асқар Жұбанов ғылыми жетекшілік етіп келеді.
Ғалымның алғашқы зерттеулері ЭЕМ (компьютер) арқылы академик-жазушы М.Әуезовтің шығармаларындағы сөзформалар мен сөздердің жиілік сөздіктерін құрастыру және олардағы тілдік бірліктердің статистикалық заңдылықтарын анықтауға қатысты болса, соңғылары «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қорын» құрастыру мәселелерін қамтыды. Мұндай зерттеу қазақ тіл білімінде бұрын-соңды болмағандықтан, зерттеу нәтижесі компьютерлік лингвистиканың теориялық және практикалық негізін қалыптастыруға бастама болды. «Тіл мамандарының ең талантты дегендерінің ішінде екінің бірі аяқ баспайтын бұл салаға Асқардың жаңадан жол салып, бастау көздердің бірі болуының екі-үш себебі бары анық байқалады. Біріншіден, бұл маңызды да салиқалы іске математика маманының кірісуі болса, екіншіден, математиктің тіл білімі сияқты гуманитарлық ғылым саласының негізгі қағидаларын, оның бірнеше тармақтарын, теориялық тұрғылары мен практикалық-қолданбалылық қажеттіктерін дерлік жақсы игеріп (оқып), біліп-танып меңгеріп алған қабілет-дарыны болса, үшіншіден, қазақ тіл білімі саласын заман талабына сай дамытуға үлес қосу (дәлірек айтсақ, жаңаша жол салу) сияқты ғылыми мақсатты алға қоюы.
Ал мұндай мұрат-мақсатты қоя білуге, ашығын айтқанда әке жолын жалғастыру, «Жұбанов» деген ата атын жоғары ұстау сияқты жазылмаған адами заңның талабы да болған шығар» деп жазады академик Р.Сыздық («Ана тілі», қарашаның 8-і, 2007).
Профессор А.Қ.Жұбанов жоғары оқу орындарында: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жалпы тіл білімі кафедрасында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Магистратура және PhD докторантура институтында қазақ тілінің математикалық және компьютерлік лингвистика пәндері бойынша студенттерге дәріс оқыды.
Профессор А.Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімінің сөздік қор, лексикалық байлығын, яғни институттың картоте­калық қорында жиналған бес миллион сөз қолданыс байлығын компьютерлік қорға түсіруі де тұңғыш рет орындалған жұмыс болды.
Ғалымның ғылыми жетекшілік етуімен бөлім қызметкерлерінің бұл тамаша да маңызы зор еңбегі 2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» жасауда кеңінен қолданылып, зор пайдасын тигізді.
Бұл картотекалық қорға «ақ таңдақ» кезінде шығармалары пайдалануға тыйым салынған, тиімді де пайдалы, аса қажетті сөздері тиісті дәрежеде картотекалық қорға түсірілмеген арыстар: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып ­Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, т.б. ақын-жазушылар шығармаларындағы халық тілінің байлығы, жауһар сөздері компьютерге жаңадан түсірілді.
Ғылыми-зерттеу бағдарында және жоғарыда аталған пәндер бойынша дәріс оқу барысында А.Жұбанов – 5 монографияның, 5 жиілік сөздіктің, 4 оқу құралының, сондай-ақ 200-ге жуық ғылыми мақаланың авторы.
Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 6 шәкірті кандидаттық, 12 шәкірті магистрлік диссертация қорғап, ғылыми дәрежеге ие болды.
Профессор А.Қ.Жұбановтың негізі ғылыми-теориялық еңбектері: «Квантитативная структура казахского текста». – А., 1987. – 147 с; «Основные принципы формализации содержания казахского текста». – А., 2002. – 250 с; «Қолданбалы лингвистика: қазақ тілінің статистикасы». Оқу құралы. А., Қазақ университеті, I – 2004, II – 2007. – 209 б.; «Қолданбалы лингвистика: формалды модельдер». Оқу құралы. А., Қазақ университеті, I – 2006, II – 2007. – 280 б.; «Компьютерлік лингвистикаға кіріспе». Оқу құралы. – А., Қазақ университеті. – 2007. – 204 б.; «Қолданбалы тіл білімінің мәселелері». Вопросы прикладного языкознания. – А., «Арыс», 2008. – 640 б.; «Қазақ сөзінің «Тіл – қазына» деректер базасы және оның теориялық негіздері. База данных «Тіл – қазына» казахского слова и ее теоретические основы». – А., Арыс, 2009, – 304 с.; Қазақ тіл білімі: Қолданбалы лингвистика. Казахское языкознание: Прикладная лингвистика. – А., «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2012. – 696 б. (қазақша-орысша); Корпустық лингвистика. – А., «Қазақ тілі» баспасы, 2017. – 336 б. (Жаңабековамен бірге) және т.б. Қазақ тілінің жиілік сөздіктері.
Еңбекқор да табанды ғалым еңбегінің бір қыры – қазақ тіл білімінің сүбелі де жаңа бір саласы – жиілік сөздіктер туралы толымды да мәнді, аса маңызды еңбектер. Олар: Куманша-қазақша жиілік сөздік. А., 1978 (құраст. бірі) – 217 б.; М.О.Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі. А., 1979 (құраст. бірі); М.О.Әуезовтің 20-томдық шығармалар текстерінің жиілік сөздіктері. – Алматы – Түркістан. 1995 (құраст. бірі) – 346 б.; Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі (Арнаулы ғылыми редактор А.Қ.Жұбанов). – А., 2016, 1467 б.
Жан-жағына көлеңкесін түсірген саялы зәулім бәйтеректей болған профессор Құдайберген Жұбановтың шарапаты мен шексіз дарыны ұл-қыздарына дарып, Жұбановтар отбасының есімдері бұл күнде қазақ халқының ғылымы мен мәдениетінің төрінде шоқ жұлдыздай жарқырап тұр.

Телғожа Жанұзақ,
филология ғылымының докторы,
профессор, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *