Археолог

Арыс қаласында 1947 жылдың 20 қарашасында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келген Нұртаза Алдабергеновтің 1965 жылы Өзбекстан астанасындағы Ташкент мемлекеттік университетінің «археология» бөліміне түсуінің өзі таңғаларлық жағдай. Нұрекең үш студенттен тұратын топтың бір мүшесі болып шыға келеді. Жас балаға ұлық ғалымдар – Орта Азия археологиясының атасы деп аталып кеткен М.Е.Массон, Г.А.Пугаченкова, басқа да әйгілі ­мамандар дәріс оқып ілім-білім үйретті. Тәжірибені студент Н.Алдабергенов Орта Азияның ең көрнекті ескерткіштерінде – Түркіменстандағы Байрам – Әлі елді мекенінің қасындағы көне Мерв қаласындағы («Белое солнце пустыни» атты әйгілі кинофильм түсірілген) құрылыстарды, Өзбекстандағы Әмір Темір туылған Шахрисабз қаласындағы жәдігерлерді зерттеу экспедицияларының құрамында өткізіп небір археологиялық олжаларға тап болады. Мысалы, 1967 жылы Тоқтагұл су қоймасын салу қажеттілігіне орай Ташкент университетінің басшылығы Н.Алдабергеновті Қырғызстандағы Ош облысындағы Кетпентөбедегі ғұн обаларын зерттеуге аттандырғанда ол ғұндардың әйел мүрдесін (шамамен І-ІҮ ғасырлар) ашу барысында алтын масқа киген көне мәйітке тап болады. Сенсациялық табылым! Алайда масканың қасынан қытай айнасының табылуы бұл жаңалықты жасыруға мәжбүр етіпті. Өйткені сол кезде Кеңестер одағы мен Қытай арасы шиеленісіп тұрған-ды. Мұндай жағдайда Қырғызстан жерінен қытайдың затының табылуын жария ету сатқындыққа теңелер еді. Сондықтан 15-16 жыл Нұрекең тапқан алтын ­маска Фрунзедегі (қазіргі Бішкек) музей қоймасында жасырылды. Тек 1983 жылы шектеулі маман қатысқан конференцияда Қырғызстанның белгілі археологы Исмат Қожомбердиев көне ғұнның алтын бетпердесін қазақстандық жас археолог Н.Алдабергеновтің тапқанын жария етеді.
Ташкентте өткен студенттік шақ арнайы білім алумен қатар шығу тегі мен тарихы жағынан қазаққа жақын өзбектің зиялыларымен танысуға жағдай жасады. Нұрекең, әсіресе әйгілі өзбек жазушысы Гафур Гулямның отбасымен жақын ағайын-туысқандай болып кетеді.
1970 жылы университетті бітіріп Өзбекстанның бір облысындағы музейдің директоры қызметі ұсынысылса да жас маман «басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағидамен өз еліне қайтады. Қазақстандағы еңбек жолын Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих, архео­логия және этнография институтының Кемел Ақышев басқарған оңтүстік қазақстандық кешенді археологиялық экспедиция құрамына қатысудан бастайды да екі жылдық далалық маусымды Отырар төбе қазбаларында өткізеді. Нұрекеңнің Қазақстандағы ең үлкен ортағасырлық қаласындағы археологиялық қазбалар туралы ойларын көпшілікке 1971 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Отырар оттары» деген тақырыппен шыққан мақалада жария етті.
Н.Алдабергенов 1971 жылдың аяғында сирек мамандық иесі ретінде Мәдениет министрлігінің Республикалық ғылыми реставрациялық шеберханасына жұмысқа шақырылып Түркістанның ескерткіштерін жандандыру жұмыстарына қатысты. Әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне тиісті археологиялық бақылаулар жүргізіп, оның айналасындағы кесенелерді, Қылует, Шілдехана атты нысандарды зерттеулерге, Күлтөбедегі қазбаларға қатысты. Яғни Түркістанның аспан астындағы музейге айналуына өз үлесін қосты.
Нұрекеңнің өмірінің алматылық кезеңі қазақ зиялыларының қаймағы арасында өтті. Ұзақ тізімнің басындағы аттары аңызға айналған Әлкей Марғұлан, ­Бейсенбай Кенжебаев, Қалтай Мұхамеджанов «Қыпшақтар» деген монографияның ­авторы Сержан Ақынжанов, тағы басқа да жазушылар мен ғалымдар болды. Нұрекеңнің Ташкентте оқып Орта Азиядағы жәдігерлерді көзбен көріп, жинаған ақпараттары, білген-түйгені көптомдық Қазақ совет энциклопедиясына енді. Бұл Н.Алдабергеновты алғаш басылған қазақтың ұлттық энциклопедиясының бір авторы, һәм кеңесшісі етті. Аталған басылымдағы Орта Азияның археологиялық және сәулеткерлік ескерткіштер туралы мақалалардың бір бөлігі Нұрекеңнің қолынан шыққан.
1973 жылдан бастап Нұрекеңнің 30 жылдай өмірі Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде студенттерді тәрбиелеуге арналды. Нұртаза ­Алдабергенов университетте археология, этнография кафедрасының қалыптасуына, студенттердің археологиялық зерттеу тәсілдерін игеру, тәжірибе алу мақсатында Жамбыл облысы Шу ауданындағы Ақтөбе көне қалажұрты орнында археологиялық база ұйымдастыруға ерекше үлес қосты, Ақтөбе көне қалашығындағы археологиялық зерттеулерге басшылық етті.
Далалық жағдайда студенттерге практика ұйымдастыру үшін тұрақты база жасау оңай шаруа болмады. Ақтөбе қалашығындағы қазбаларды көріп қайтқан Шерхан Мұртазаның «Қазақ әдебиеті» газетінің бетіне жариялаған эссесіне назар салсақ: « – Бұл қаланы біз 1974 жылдан қаза бастадық, – дейді профессор Уахит Шәлекенов. Біздің студенттеріміз осында бір-екі ай практика өтеді. Оларға кафедра мұғалімдері – Нұртаза Алдабергенов пен Мадияр Елеуов жетекшілік етеді. Әуелі қиыншылық көп болды. Техника, жұмыс қолы жетіспейді. … Біреуді әке, біреуді көке деп жүріп электр жүйесін тарттырдық».
Әйгілі жазушымызды біздің кейіп­керіміздің топырақ астынан аршып алған олжалар таңғалдырған, терең ойға жетелегені анық: «Атақты Майлықожа ақынның туған шөбересі Нұртаза ­Алдабергенов тапқан тостағанды қолға ұстап отырып Омар Хайямды да, беріде өткен Сұлтанмахмұтты еріксіз еске аласың. Бұдан мың жыл бұрын, бәлкім, мың жарым жыл бұрын дәл осы арада бұл тостағанмен кім шарап ішті екен? Баласағұн бегі емес пе екен?.. Таяуда ғана Нұртаза Алдабергенов пен Мадияр Елеуов асықтың үлкендігіндей мөр тапты. Мрамордан қашалған мөр арыстан бейнесінде ойылған. Табанында таңба бар. Ол кімдікі?».
Нұрекең басшылық еткен қаз­балардан әсер алған Шерағаң келесі түйінмен аяқтапты: «Қазақ мемлекеттік университеті Археология және этнография кафедрасының игі ісіне көпшілік қауым болып табыс тілесек жарасар. Ұдайы жұлдыздарға көз тігіп жүргеніміз – озғанымыз. Ал жер қабатына да үңіліп, тарихымызды танығанымыз – инабаттылығымыз. Тарихын танымаған – талақ».
Қазір Ақтөбе көне қалажұртындағы қазбалардың нәтижелері барлық дерлік Қазақстанның ортағасырлық археология­сына арналған қорытынды еңбектерде аталады. Н.Алдабергеновтің осы қалаға арналған көптеген мақаласы жарияланды. Ал Нұрекеңнің профессор У.Х.Шәлекеновпен бірге дайындаған альбом-кітабының 2006 жылы Түркияда үш тілде, ағылшынша, түрікше және қазақша жарық көруі Қазақстанның мәдени мұрасын шетелде танытудағы үлкен еңбек.
Сөзге жүйрік, зиялылығы, адамгершілігі терең Нұрекең өзін білікті маман, ұлағатты ұстаз ретінде көрсете білді. Қазіргі таңда шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Арасында елге танымал азаматтар, мүйізі қарағайдай ғалымдар бар.Тізімнің басында қазіргі археология мен этнология саласындағы жетекші ғалымдар-профессорлар ­Мадияр Елеуов, Әбдеш Төлеубаев, Жәкен Таймағамбетов, Аманжол Қалышевтарды айтсақ да жеткілікті.
Нұрекеңнің суырыпсалма, тапқыр сөздері аңыз болып қалуда. Бірде Нұртаза емтихан қабылдай отырып үш сұраққа жауап бере алмаған студентке тап болады. Оңай сұрақ қояйын деп ұстаз «Питекантроп қай жерде табылған?» депті. Студент Тесіктас деп қате жауап қайтарыпты. «Ал синантроп қайда табылған?» деп одан да оңай, көне адамның атауында табылған жер белгіленіп тұрған сұрақ қойыпты. Шәкірт тағы – Тесіктас депті. Оқытушы тағы да атауында табылған жер белгіленіп тұрған сұрақ береді: «Ал неандерталь адамы қайда табылған?» десе, тағы Тесіктас депті.Студенттің білімсіздігіне күйініп кеткен Нұрекең: «Тесіктас не саған жатақхана ма?» деген екен.
1980-1983 жылдары Нұрекең Кеңес Одағының ең мықты оқу орны – МГУ-да аспирантураны тәмамдайды. Танымал археологтарымен жақын аралас­ты, пікір талас­ты. Нұрекең Еуразия аумағындағы әлемге әйгілі археологиялық ескерткіштердің археологиялық тұрғыдан зерттелуіне атсалысты. Мысалы, профессор Федоров-Давыдов басқарған экспедиция құрамында Шығыс Еуропадағы біздің тарихымызға тікелей қатысы бар Алтын Орда астанасы – Сарай-Бату аттыда басқа қала кирандыларын зерттеуге атсалысқан Нұрекеңнен басқа қазақты атай алмаймыз.
2004 жылы Мәдениет министрінің бұйрығымен Н.Алдабергенов Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директоры болып тағайындалды. ­Содан зейнеткерлік жасқа жеткенше музей ұжымын басқара отырып археологиялық ескерткіштерді зерттеу, қорғау, таныту жұмыстарын абыроймен атқарды. «Мәдени бағдарлама» аясында Нұрекеңнің профессор К.М.Байпақовпен бірге жазып құрастырған «Отырар алқабы» атты альбом-кітабы жарық көрді, ерен еңбегі үшін түрлі республика мен облыс деңгейіндегі марапаттауларға, Мәдениет қайраткері деген атаққа ие болды. Қазір Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының кеңесшісі қызметін атқара отырып, археологиямен шынайы араласам деген жастарға ақыл-кеңесін беріп келеді. Нұрекең жеңешеміз Шаадат апаймен бірге ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Нұрекеңнің Қазақстанның археология ғылымындағы алатын орны, осы салада атқарған қызметі республикамыздағы жетекші мамандар тарапынан жоғары бағалануда. Айталық, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты директоры, профессор К.М.Байпақов 2005 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақстанның ежелгі қалалары» атты кітабында көне қала орындарында қазба жүргізуге «есімі тек біздің елімізде ғана емес, әлемге әйгілі көптеген археологтар» қатысқанын айта келе олардың қатарында Н.Алдабергеновті көрсетіп, «осы кісілердің көп жылғы еңбектерінің арқасында біз Қазақстанның ежелгі қалалары жайлы толымды мәліметтер алып отырмыз» деп жазады.

Мұхтар ҚОЖА, 
тарих ғылымының докторы
Гүлжанат БАЙСАРИЕВА, 
Отырар мемлекеттік 
археологиялық-қорық музейінің 
аға ғылыми қызметкері




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *