Елбасы: Алаш идеясы – ата-бабаның дербес ел болу жолындағы аманатымен ұштасып жатыр

Астанадағы ЭКСПО конгресі орталығында Алаш партиясының құрылғанына100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды BNews.kz.

Халықаралық деңгейдегі жиынға еліміздегі белді алаштанушылар, ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзербайжан елдерінен ғалымдар қатысуда.

Жиын барысында Гүлшара Әбдіхалықова қатысушыларға Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Алашорданың құрылғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-конференцияға қатысушыларға!

Баршаңызды конферениция жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қозғалысының XX ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі болып табылады. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр», — деп жазылған Елбасының құттықтау хатында.

Сондай-ақ Президент құттықтау хатында еліміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге зор мүмкіндік жасалатынын атап өтті.

«Мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біздің қоғамдық сананы қазіргі заманның талабына сай жаңғырту арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасала бермек», — деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Хаттың соңында Мемлекет басшысы конференцияның жұмысына табыс тіледі.

«Бүгінгі келелі жиында айтылатын таризымыз бен бүгінгі тәуелсіз ел тарихының өмірімен сабақтастығын ашып көрсететін дәйекті пікірлер, ғылыми ізденістердің нәтижелері жария етіледі деп кәміл сенемін. Конференцияның жұмысына табыс тілеймін», — деп Гүлшара Әбдіхалқова Елбасының құтықттау хатын аяқтады.

Конференцияның пленарлық мәжілісі ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметін ашып көрсеткен секциялық басқосуларға ұласпақ. Жиын соңында Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен де сабақтастыру мәселесі көрініс тапқан қарар қабылдау жоспарланды.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *