Елімізде туроператорлар өз клиенттерін өздері сақтандыруы мүмкін

 ҚР Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне  сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 «Бұл заң жобасы халық пен бизнесмен үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға және оның құнын төмендетуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заң жобасында 3 кодекске және 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді», — деді ол.

Сонымен қатар Жанат Құрманов аталған заң жобасындағы негізгі жаңалықтарға тоқталды.

«Біріншіден, заң жобасында онлайн-сақтандыру енгізу көзделген. Онлайн-сақтандыруды енгізу нәтижесінде халық офиске бармай немесе агенттікті қатыстырмай сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы сақтандыру шарттарын жасауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар сақтандыру шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сақтандыру төлемдерін алу үшін онлайн өтініш жасау мүмкіндігі пайда болады. Қазіргі уақытта құқықтық база мұндай өнімді толық көлемде өндіруге мүмкіндік бермей отыр», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, онлайн-сақтандыру халық пен бизнес үшін географиялық қолжетімділікті қамтамасыз етеді және сақтандыру қызметтерінің құнын төмендетуге жағдай жасап, сақтандыру және төлем жасау рәсімдерін жеңілдетеді. Оның пікірінше, бұл барлық бизнес-процестерді айтарлықтай тездетуге мүмкіндік береді.

Осы орайда Жанат Құрманов аталған заң жобасында азаматтар үшін бірыңғай сақтандыру дерекқоры құрылатынын атап өтті.

«Екіншіден, заң жобасындағы жаңалық – бірыңғай сақтандыру дерекқорын енгізу болып саналады. Алайда бұл база қазіргі таңда жұмыс істейді. Бірақ оны жетілдіру керек. Себебі, ол онлайн-сақтандыру енгізудің негізгі элементі болып саналады. Аталған дерекқор міндетті сақтандыру полистері бойынша бірыңғай есепке алу ұйымы және «қоймасы» болады», — деді ол.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасының орынбасары аталған заң жобасында шетелге шығатын туристер үшін міндетті сақтандыру енгізілетінін айтты. Оның айтуынша, енді туроператорлар өз клиенттерін өздері сақтандыруға міндетті.

«Үшіншіден, қазақстандық туристерді қорғау мақсатында заң жобасында шет елге шығатын туристің өзінің мүліктік мүдделерін міндетті сақтандыруға өтуі көзделеді. Бағдарлама халықаралық талаптарға және өнімдерге сәйкес келеді», — деді.

Осы орайда Жанат Құрманов аталған заң жобасында туристер шетелге шыққан сәттен бастап, өзін сақтандыру үшін күніне 1 доллар төлейтінін атап өтті. Алайда, бұл қаржыны туриске оқыс жағдай болған сәтте туроператор береді.

«Жалпы туристі сақтандыру құны жоғары болмайды. Шетелге шыққан сәттен бастап, ол 1 күнге 1 доллар төлейді. Сақтандырудағы ақша 10 мың доллардан 50 мың долларды құрайды. Бұл туристерге келесі басымдықтарды береді: сақтандырушының ассистанс компаниясының тәулік бойы қолдауын қоса алғанда, сақтандыру оқиғасы басталған сәтте шет елдегі туриске сақтандыру құжаты есебінен көмек көрсету; туристің шет елде болуының бүкіл кезеңінде сақтандыра отырып қорғау», — деп түйіндеді сөзін ол.

Мәжілістің кулуарында Жанат Құрманов журналистерге туроператорлар өз клиенттерін өздері сақтандырғанымен бұл туристік жолдаманың бағасына әсер етпейтінін атап өтті.

«Яғни азамат туристік жолдаманы ала отырып, сақтандыруға ие болады. Туроператор туристі міндетті түрде сақтандыру нормасы дамыған елдердің барлығында бар. Яғни туристің денсаулығына зиян келген кезде шетелде ол ассистанс компаниясының көмегіне жүгіне алады. Олар тиісті медициналық көмекті көрсете алады. Туристің құқығы шетелде жүргізіле береді. Бірақ туристік жолдаманың құны қымбаттамауы мүмкін. Себебі, сақтандыру құнының бағасы төмен ғой», — деп түйіндеді сөзін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *