Қазақстанға қайтарылатын жерлерде ешқандай қауіп жоқ – Бейбіт Атамқұлов

Кеше Ресей «Байқоңырдың» бір бөлігін Қазақстанға қайтаратынын хабарладық. Осы орайда Үкімет отырысынан кейін қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов журналистерге Қазақстанға қайтарылатын жерлердің таза екені, ол аумақта ешқашан зымырандар ұшпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

 Үкімет отырысынан шыққан министрді БАҚ өкілдері сұрақтың астына алды. Олар Бейбіт Атамқұловқа «Байқоңыр өңіріндегі қандай жерлер Қазақстанға қайтарылады?», — деп сауал жолдады.

Министр журналистердің сұрағына толық жауап беруге тырысты.

«Қазақстанға 11,5 мың гектар жер қайтарылады. Бұл аймақта Төретам станциясы мен Ақай деген елді-мекен бар. Осы аумақтағы жерді (Қазақстанға – автор) қайтарып жатырмыз. Себебі, аталған 2 елді-мекенде халықтың саны өсті, құрылыс та көбейіп жатыр, халыққа да жер керек. Сонымен қатар бұл аймаққа инфрақұрылым жүргізу керек. Сондықтан біз қазіргі таңда Қызылорда әкімдігімен келісіп, осы жалға берілген жерлерді қайтарып жатырмыз», — деді ол.

Осы орайда министрдің сөзін журналист бөлді. Ол Атамқұловтан елімізге қайтарылатын жерлердегі радиацияның мөлшерінің қандай деңгейде екенін сұрады.

«Сіздер шатастырасыздар. Бұл аумаққа барып көргендеріңіз дұрыс. Қазақстанға қайтарылатын жерлер елді-мекендердің жанында орналасқан. Ол – Төретам және Ақай елді-мекендері. Бұл аумақ Сырдария өзені мен теміржолдың бойында орналасқан. Бұл жерлер техникалық өңдеуден өтпеген. Қазіргі таңда халық арасында Байқоңырдың және оның аумағында орналасқан жерлер радиацияланған деген пікір бар. Бұл — қате пікір. Онда Қазақстан мен Ресейдің тиісті экологиялық қызметтері жұмыс істейді. Сонымен қатар қайтарылатын жерлерде радиация жоқ. Пайдалануға жарамды учаскілер. Берілетін жерлерде ешқандай қауіп жоқ. Аумақ — Кеңес уақытында және қазіргі таңда техникалық мақсатта пайдаланылмаған таза жерлер. Зымыран да ұшпаған», — деп түйіндеді сөзін Бейбіт Атамқұлов.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *