ГЕНЕРАЛ САБЫР РАҚЫМОВ – ОТАНҒА ОРАЛУ

Бердалы Оспан – мәдениеттанушы,

Бауыржан Мо­мыш­ұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері

Бейбіт кезде де ерлік жасауға орын бар. Мен сіздерге осындай бір ерліктің тарихын баян етпекпін.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Ұлы Отан соғысының Батыры генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін жұрттың бәрі біледі. Оны мақтаныш тұтады. Бірақ, бұрын, көп жылдар бойы ресми құжаттарда батырдың ұлты басқа деп жазылып келді. Иә, сонымен генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін халыққа кім, қашан жеткізді?
Батырдың ұлты қазақ екенін 1972 жылы жариялаған ғалым, шымкент педагогикалық институтының оқытушысы Әсілхан Оспанұлы. Осы жерде ғалымның кім екенін қысқаша айта кетуді жөн көрдім. Әсілхан Оспанұлы ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың өзі таңдап алған соңғы аспиранты. Ол жүз жасаған Жамбылдың:
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан…
Майлықожа, Құлыншақ –
Пірім еді бас ұрған, – деп басын иіп, ұстаз тұтқан оң­түс­тіктің жыр сүлейлері Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлымен қатар өлең сөздің зергерлері Ергөбек Құттыбайұлы, Мә­делі Жүсіпқожаұлы, Молда Мұса Байзақұлы, Нұралы Ны­санбайұлы, тағы басқа да ақиық ақындардың шығарма­ларын зерттеуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған ғалым, қоғам қайраткері, ұлжанды азамат. Ол кісіні бүкіл елімізге белгілі ұлы тұлғалар: мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов, батыр Бауыржан Момышұлы, ақындар Әбділда Тәжібаев, Ақсар Тоқмағамбетов, сыншы Мұхаметжан Қаратаев, ғалымдар Рахманқұл Бердібай, Мардан Байділдаев, тағы басқалар сыйлап, жақсы қарым-қатынаста болып, дастарханынан дәм татқаны белгілі.

Суретте: Оңнан сол­ға қарай: Генерал Са­быр Рақымовтың жары Құра­лай апай, ғалым Әсіл­хан Оспанұлы, ға­лым­ның жары Ораз­күл Батырбекқызы.  Сурет Құралай апай С.Ра­қы­мовтың ұлты қа­зақ екенін дәлелдеп, жария еткен ғалым Ә.Оспан­ұлының иығына қазақ халқының ежелгі дәстүрі бойынша шапан жапқан күні түсірілген. Суретті түсірген ғалымның ұлы – Ералы Оспанұлы.

Суретте: Оңнан сол­ға қарай: Генерал Са­быр Рақымовтың жары Құра­лай апай, ғалым Әсіл­хан Оспанұлы, ға­лым­ның жары Ораз­күл Батырбекқызы.

Әсілхан Оспанұлы генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін 1972 жылы 9 мамыр күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне арналған санында «Қазығұрт қыраны» атты мақаласында жариялады. Ғалымның осы мақаласы бір айдан соң, республикалық «Ленин­шіл Жас» газетінің 6 маусым күнгі санында жарық көрді.
Иә, сонымен бұл қалай болған еді?
Ғалым 1971 жылы балалық шағында бір­ге өскен досы Адамбек Нысанбаевтың үйін­де қонақта болады. Әсілхан Оспанұлы болған жайды «Қазығұрт қыраны» мақала­сын­да былай деп баяндайды:
«Балалық шағымыздан бiрге өскен, облы­­сымыздың Ленин аудандық халық қа­зысы болып жүрген Адамбек Нысанбаев жайшылықтағы жайдарлығына басып күлiм­дей отырып, ортамызға бiр сұрақ тастады:
– Сендер генерал Сабыр Рақымовтың осы бiздiң ауылымыздың Қазығұрт бауы­рындағы Жаңабазар жерiндегi «Коммунизм» совхозы орналасқан ортадан екенiн бiле­сiңдер ме?
– ?!
– Сенбесеңдер, мына кiсiден, сол совхоз парткомының хатшысы Арапбай Тұрлы­бековтен-ақ сұраңдар.
Арекең бiздiң сұрағымызға өз бiлгенiнше тыңғылықты жауап қайтарды. Одан естiп, бiлгенiмiз, – аталған совхоздың тау жақ түкпiрiнде орналасқан Жамбыл атындағы бөлiмшесі бір кезде сондағы ұлы жүз Суан тайпасының ру атымен Бағыс атанғаны, генералдың шөбере туыстары сонда тұра­тыны жайындағы мәлiметтер болды».
Осы әңгімеден соң, қай мәселеге болса да салиқалылықпен жете назар аударатын ғалым, бұл мәселенің үдесінен шығуға бел байлайды. Айта кету керек, бұл КСРО-ның сол кездегі билігінің саяси ұстанымы бұн­дай мәселені көтеруге оң көзбен қарай қоймайтын кез.
Генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеу оңайға түспейтінін жақсы түсінген ғалым, өзінің ізденістерін ең алды­мен батырдың туған-туысқандарымен кезде­суден бастады. Бұл кездесу жайында ғалым былай жазды:
«…1971 шi жылғы жазғытұрым аталған ауылға бардық. Түскен үйiмiз генералдың шөбере ағасы Байдар ақсақалдың үйi болып шықты. Еңкiш тартқаны болмаса, келбеттi келген, келiстi кәрие екен. Тоқсан екiдемiн дегенiмен, дилы қалпы сүйсiндiрдi. Бұйымтайымыздың жайын естiген соң, бұрынғыдан да жадырап кеттi.
– Жөн, жөн, шырақтарым, – деп алды да, бар бiлгенiн баяндауға кiрiстi.
– Сабырдың әкесi өзбектер айтып жүрген­дей Омар емес, Омарқұл. Ол кiсi менiң әкем Құлымбетпен немере. Омарқұлдың әкесi менiң бабам Қалшора бiр әке, бiр шешеден туған. Омарқұл ағамыз бертiнде, 1918-1919 жылдардың аралығында дүние салды».
Ғалым Байдар ақсақалдан мүмкінші­лігінше көп білуге тырысады. Батырдың тегі неге «Рақымов» болып жазылып кеткені де ғалымның назарынан тыс қалмайды:
«– Сабыр iнiмдi екi ененi бiрдей емген телқозы десе де болады, – деп бiр күлiп алды Бәкең.
– Ол өзi қазақ перзентi болса, өзбекке жиен. Өйткенi, оның шешесi, бiздiң жеңгемiз Бәһәрайым Ташкент маңындағы Жүнiсабад деген жерде тұратын өзбек диханының қызы едi. Төңкерiстен кейiнгi кезде күйеуi қайтыс болған соң, туған ағасы Рахымның көлейтiнде болғанды ұнатты.
Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке барған кезде, соның балалары қатарында Рақымов болып жа­зылып кеткенiн кейiн бiлдiк. Содан жастайынан әскер оқуын оқып, әскерлiк қыз­метке кеткен Сабыр елге ағайын-туыстарға ат iзiн сирек салып жүрдi. Ақыры Ұлы Отан соғысының қанды майданына аттанды ғой…»
Әсілхан Оспанұлы Байдар ақсақал айтқан кейбір деректерді жазбаса да, батырдың атасы Мәмбетқұл мен басқа туыстарының есімдері болашақ тарих үшін өте құнды мәлімет екеніне ғылыми тұрғыдан қарап, мүмкіншілігінше көбірек жария етуге тырыс­қан:
« – Сабыр ағаның сiзден де гөрi жақын туыс­тарынан ешкiм бар ма? – деп сұрадық бiз.
– …Мәмбетқұл атамыздың өз кiндiгiнен үш ұл тараған. Олар Омарқұл, Мәуленқұл, Оспанқұл. Солардың Мәуленқұлдан ту­ған немере апасы Зуһраның көзi тiрiде, соғыста қаза тапқан немере iнiсi Қадiр­дiң балдары Тұрсынбай, Мүсiлiмдер Таш­кент­тiң Ескi­жуа аймағында тұрады. Сон­дағы бас­па­ханада iстейтiн Тұрсынбай – бабасы Оспанқұлдың атымен Усманов болып жазылып жүрген көрiнедi. Бiзге бес атадан барып қосылатын мына туыстарым – осы бiргадiр Шерхан Ырысқұлбаласы, совхозда iстейтiн Қанат пен Әбу, Құрымбай, Төлехан балалары солармен барыс-келiс жасап, қатынасып тұрады».
Осы бір ғибраты мол жүздесу барысында Байдар ақсақал батырдың екі туыстас қазақ және өзбек халықтарының ортақ перзенті екені туралы да айтып, ағынан жарылып ризашылығын білдірген:
« – Айналайын халық қата айтпайды ғой. «Жiгiттiң үш жұрты болады: бiрi өз жұрты, екiншiсi – нағашы жұрты, үшiншiсi – қайын жұрты» деп. Тап солай айтқандай, мына өзбек ағайындарымыздың Сабыр iнiме жасап жатқан жақсылықтарында шек жоқ қой! Сабыр Рақымов атындағы колхозды былай қойғанда, Ташкенттегі бұрынғы Тақтапұл көшесiн Сабыр Рақымов деп атайтын болыпты дейдi. Тiптi, Ташкенттiң өзiнiң үлкен бiр ауданы сол Сабыр Рақымов атымен аталыпты. Денесiн сонау майданнан елге әкелдiрiп, Ташкент қаласының қақ ортасына қойдырып, ескерткiш тұрғызғаны және бар. Адамды ардақтаса, елдiң ерiн еркелетсе, осылай-ақ ардақтап, осылай-ақ еркелетер ел-жұрт. Бiздер Сабырдың туыстары өзбек жұртына, Өзбекстан басшыларына шексiз риза болып, мыңда бiр алғысымызды күнде айтып отырамыз. Мың жасасын мың жасағырлар…».
Әсілхан Оспанұлы тоқсаннан асқан ақсақалмен қатар Сабыр Рақымовтың басқа да туыстарымен әңгімелескен. Ғалым мақаласында Шерхан Ырысқұлбекұлына да сөз береді:
«Әңгiмеге жанымызда отырған Шерхан араласты.
– Сабыр ағамыз екi рет үйленген, – дедi ол – бастапқы жеңгемiз татар қызы едi, одан бала қалмады, кейiнгi жеңгемiз Құралай болса, ағамыз басқарған дивизия бөлiмiнде медициналық бөлiмнiң жауынгерi ретiн­де майданға қатысқан, соғыста жүрiп жа­ра­қаттанған көрiнедi. …Ол Ташкент қала­сында, Әлiшер Науайы атындағы опера және балет театрының күнгей жақ қап­та­лындағы Шымкент орамының 9-шы үйiндегi 37-шi пәтерде тұрады. Жолыңыз түсiп, бара қалсаңыз, онда ағамыздың жең­ге­мiзбен майданда жүрiп, бiрге түскен суретi де сақтаулы».
Осы кездесу барысында ғалым естіген сөздерін ерекше ыждаһаттылықпен қағазға түсіріп отырған. Одан соң, С.Рақымовтың туыстарына өз сөздерінің растығын дәдел­дейтін қолхат жазып беруін өтінген.
2005 жылы мен ғалымның естелік әңгі­мелерін магнитофон таспасына жазып ал­дым. Сонда, Әсілхан Оспанұлы осы бір кез­десуді есіне ала отырып, былай деп айтты: «…басқа да інілерінің айтқандарын қағазға түсіріп, сауатсыздарының бармақтарын бас­­­тырып алдым. Сауаттылары қолын қойып берді». Бұл дерек «Мұрагер Әсілхан Оспанұлы» атты 2008 жылы «Атамұра» бас­пасынан жарық көрген кітаптың 391 бетінде басылды. Ғалымның өзінің айтуы бойынша бұл қағаздардың бәрін сол жердегі ауылдық кеңестің меңгерушісіне апарып, мөрін бастырып куәландырып алған. Осылай Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 27 жыл толған 1972 жылдың 9 мамыр күні ғалым Әсілхан Оспанұлы «Қазығұрт қыраны» мақаласында генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін бүкіл елге жария етті.
Бұл жаңалық бүкіл Қазақстанда елеу­лі оқиға болып, үлкен қоғамдық пікір ту­ғызды. Сондықтан, бұл құбылысқа билік басындағылар да немқұрайлы қарай алмады. Әрі бұл жарияланым туралы Өзбекстан басшылығына да хабар жеткен. Дегенмен, билік басындағылар мақалада жазылғандай Сабыр Рақымовты: «Екі енені бірдей емген тел қозы десе де болады, ол өзі қазаққа перзент болса, өзбекке жиен. Өйткені, оның шешесі, біздің жеңгеміз Бәһірәйім Ташкент маңындағы Жүнісабад деген жерде тұратын өзбек диқанының қызы еді. Революциядан кейінгі аласапыран кезде күйеуі қайтыс болғасын туған ағасы Рақымның көлейтінде болуды ұнатты. Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке берген кезде, соның балалары қатарында Рақымов болып жазылып кеткенін кейін білдік» деп қабылдамай, ғалымның тарихи шындықты дәлелдеп жазғанын «халықтар достығына сызат түсірді» деп түсініп, Шымкенттегі облыстық партия комитетіне келіп түсінік­теме беруін талап етеді. Іс бұнымен шектел­мей, әуре-сарсаңның не бір түрі басталады.
Бірақ, ғалым Әсілхан Оспанұлы шын­дықтан бас тартқан жоқ, Қазақстан, Өзбек­стан және Ресейдің ресми мекеме­леріне өзінің дәлелдерін келтіре отырып, көптеген хаттар жазды. Төменде сол хаттардың бі­реуін толық келтірдім:
Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­­тетінің насихат және үгіт бөлімінің мең­герушісі жолдас А.П.Плотниковке
Шымкент педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кан­дидаты, доцент Ә.Оспанұлынан.

Саламатсыз ба, Андрей Павлович

Кезінде Қазақстан КП Шымкент облыс­­­­тық комитетінде, алдымен үгіт және на­си­хат бөлімінің меңгерушісі жолдас Ю.Е.Котуновпен, содан соң обкомның хат­шысы И.Т.Тілеубергеновпен болған кезде­сулерде, менің кейбір белгілі тұл­ға­лардың, атап айтқанда, Шымкент облысы Ленин ауданының «Коммунизм» сов­хозының ту­масы, генерал-майор Сабыр Омар­ұлы Ра­қымовтың ұлты қазақ екені жөніндегі ізденістерім, қазақ және өзбек ха­лықтары арасындағы бауырмалдық дос­­тық қарым-қатынасқа сызат түсіреді деп хабардар етілді. Осы ескертумен қатар, сіздің тарапыңыздан бұдан былай менің Сабыр Рақымов туралы жаз­ған мақалаларым басылмасын деген нұсқау­дың берілгені маған белгілі болды, сондықтан, менің қандай жағдайда екенімді жақсы білесіз. Сіздің осы нұсқауыңызға бай­ланысты, «Оңтүстік Қазақстан» газе­тінің редакциясындағы жолдастар, тіпті, Ұлы Отан соғысында генерал-майор Сабыр Рақымовпен қатар соғысқан жауын­гер­лердің ерліктері баяндалатын мақала­ларым­ды да жариялаудан бас тарта бастады.
Сұрауға рұқсат етіңіз, өзбек әріптес­тестеріміз жағынан біздің тарихи тұлғала­рымызды өздерінікі деп жариялау бір емес, бірнеше рет орын алып жатқаны байқалып жатқан жағдайда (мысалы Шымкент облысы Қызылқұм ауданының тумасы, Жауын­герлік қызыл ту орденімен үш рет ма­рапатталған тұңғыш түркістандық, аза­мат соғысының батыры Абдолла Ермұ­ха­ме­­­довтың қазақ екеніне қарамастан, Өз­бекстандық ғалымдар тарапынан ұзақ уа­қыттан бері оның ұлты өзбек делініп келді), біздер Қазақстандық ғалымдар не істеуіміз керек, тарихи ақиқатты білмегенсіп үндемей отыра беруіміз керек пе?
Сіздің қолыңызда менің бас қарсыласым Леонид (Асқар) Юсуповтың мекен-жайы қай жерде екені жазылған хатының бар екені жөнінде маған хабардар етілді, соның көшірмесін алғым келеді.
P.S. Менің бұл хатымды жеке хат немесе ресми құжат ретінде қарасты­руы­ңызға болады.
30 тамыз 1976 жыл.
Шымкент қ.
(Хат орыс тілінен аударылды – Б.О.)
Билік ғалымды өз дегенінен бас тар­туға қаншама әрекеттенсе де, қайсар тұл­ғаны жеңе алмады. Тіпті, Әсілхан Ос­пан­­ұлының С.Рақымовқа қатысы жоқ, бі­рақ, Ұлы Отан соғысы туралы жазған мақа­лаларын да бастырмауға барын салды. Осын­дай жағдайда «Әсеке, қоя салыңыз, болашақта балаларыңызға қиын болады» деген пысықайлар да табылды. Бірақ, бұл қиындықтар ғалымды тоқтата алған жоқ. Ә.Оспанұлы батыр генерал С.Рақымов туралы тарихи шыңдықты паш ету мақ­сатында КСРО Қорғаныс Минис­трлігіне, Өзбекстанның басшысы Шараф Рашидовке, Өзбек Ғылым Академиясына т.б. ресми орындарға көптеген хаттар жолдады. Әрине, ол жақтан жалаң жауап жазылған хаттар алғаны мәлім. Ол былай тұрсын, ғалымның көп жылғы ізденіс­терінің нәтижелерін пайдаланып, осы бір тарихи оқиғаны өзінен бастауға тырысып ұят тірлік жасағандар да бар. Олар өз жазбаларында С.Рақымовтың ұлты қазақ екенін бірінші болып халыққа жеткізген Әсілхан Оспанұлының сонау 1972 жылы жариялаған «Қазығұрт қыраны» мақаласы туралы, тіпті де, еске алмауға тырысады, деректерді пайдаланғаны туралы сілтеме жасамауды әдетке айналдырған.
Ғалым Әсілхан Оспанұлы толассыз тосқауылдардарға төтеп бере жүріп, батыр­дың өмір жолын зерттеуін тоқтатқан жоқ. Ол батырдың нағашы ағалары Төлеген мен Азизмат Кәрімовтармен, батырдың соғыстың алғы шебінде бірге болған жұбайы Құралай апаймен, батырдың азамат соғысы жылдардағы қарулас досы, атақты кинорежиссер Кәміл Ярматов, генералдың Ұлы Отан соғысында бірге болған басқа да азаматтармен кездесіп, батыр туралы көптеген баға жетпес деректер жинады.
Әсілхан Оспанұлы бұл ізденістерін іске асыру үшін Ташкент қаласы мен басқа да жерлерге барды. Осы жерде алты ұл, екі қызы бар отбасының отағасы бұндай іс-сапарларына өзінің жеке қаражатын жұм­сағанын айту артық болмас деп ойлай­мын. Әсілхан Оспанұлы батырдың жары Құра­лаймен осындай бір сапарға 1973 жылдың тамыз айының 21 күні шығып, Ташкент облысы, Ордженикидзе атындағы аудан, «Коммунист» колхозының жерін­де тұратын Сабыр Рақымовтың қарын­дасы Лүтпі Ос­пан­құлқызымен кезде­сіп, одан батыр со­ғысқа аттанар алдында туған ауылына келіп, оң бата алғаны туралы және басқа да өте құнды деректер жазып алады:
«…айтқан әндерiн ұмытпасам, Сырдың «Қараторғайы» мен «Аққұм». Себебi, бұл өлеңдердi ағам ұнататын да, нәшiне келтiрiп сала алатын. Сондай-ақ, Сабыр ағам сол күнгi кеште патефон қойғызып, бiрнеше қазақ күйлерiне би де биледi.
…ауылдан бiраз жер ұзап шыққанда, үндемеген ағам ақыры айырылысар жерде «Майдандағы менi есiңе алып, өлең айта жүр, өзiң ондай өлең бiлмесең, мiне былай деп айт» деп күлдi. Сөйттi де, өзi өлеңдете жөнелдi:
«Есiк алды-ау тал ма екен,
Талда бiр шымшық бар ма екен?
Әскерде жүрген ағамның
Шыбын да жаны бар ма екен?»
Әсілхан Оспанұлының «Ақырғы атта­ныс» атты бұл мақаласы бірден жарыққа шығарылмай, әрең дегенде, батырдың қарындасымен болған кездесуден бір жыл­дан аса уақыт өткеннен кейін, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1974 жылдың күзінде басылды. Ә.Оспанұлының осындай жанкешті еңбектерінің нәтижесінде С.Рахымовтың қазақша өлең шығаратыны, қазақ әндерін сүйіп орындап, халық күйлеріне билеуді жақсы көргені туған халқына жетті.
Ғалым 1975 жылы С.Рақымовпен соғыс­та бірге қызметтес болған Ұлы Отан со­ғысының батыры Тоғанбай Қауымбаевпен кездесіп, батырдың майдан шебінде қалай соғысқаны, қаза табар сәті туралы да мақала жариялады. Батыр туралы ізденіс жасау барысында ғалым генерал С.Рақымовтың жұбайы Құралай Натуллаевамен жиі қарым-қатынас жасап тұрды. Ол кісіні Шымкентке шақырып, облыстық теледидар арқылы хабар ұйымдастырды. Нағыз азамат, ғалым Әсілхан Оспанұлының осы ұлтжандылық ерлігіне риза болған Құралай апай, оңтүстіктің жаймашуақ күндерінің бірінде ғалымның үйіне келіп, алғысын айтып, қазақтың ата салты бойынша иығына шапан жапты.
Ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Ә.Оспан­ұлы 2005 жылы көзі жұмылғанға дейін өз ізденістерін еш тоқтатқан жоқ. Әсілхан Оспанұлының Білім Министрлігіне және басқа да ресми орындарға жасаған ұсынысы арқасында Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың есімі Шымкенттегі әскери мектеп-интернатқа беріліп, ескерткіш орнатылды.
Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың өз Отаны Қа­зақ­станға оралуының қысқаша тарихы осындай.

 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *