«Қазақ газеттері» серіктестігі жас тілшілерді құттықтайды

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында биылғы қараша айының 27-29 күндері аралығында облыстық жас тілшілер фестивалін ұйымдастырып отыр. Осыған орай Атырау қаласында тұңғыш рет өткелі отырған фестиваль жеңімпаздарына «Қазақ газеттері» серіктестігі бес жүлде тағайындады. Биыл өмірден озған қаламы қарымды сөз зергері Жұмабек Кенжалиннің бұл медиахолдингтің қалыптасуы, өсіп өркендеуі жолында атқарған қызметі ерен. Міне, сондықтан да жас тілшілер фестивалінде оза шыққан жас талапкерге қазақ баспасөзінің жұлдызды тұлғасы атанған Жұмабек Кенжалин атындағы сыйлық белгіленді.

Серіктестікке қарасты басылымдардың арасында «Ана тілі» ұлт газетінің шоқтығы биік. Басылымда ұзақ жылдар қызмет етіп, еңбегі сіңген танымал журналистер Марат Қабанбаев пен Сабыржан Шүкіров атындағы жүлделер тағайындалды. Ал, шығармашыл жастардың жаңа басылымы — «Үркер» журналының атынан халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев пен көркем сөз зергері, талантты жазушы Сайын Мұратбеков атындағы жүлдені тағайындадық.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан жас тілшілер фестивалінде жүлдегер атанатын талапты жастарды шын жүректен құттықтаймыз. Бүгін қолына қалам алып, көркем сөзге, көркем жазуға ұмтылған, болашақта әдебиет әлеміне қадам басар талапты, талантты жастардың болашағы жарқын болсын дейміз. Жас тілшілер фестивалі құтты болсын, алдағы уақытта да жалғасын таба берсін!




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *