Құрманың пайдасы көп

Шығыстың тәтті жемісін бәріміз жақсы көреміз. Шырынды, тәтті құрма бәріміздің дастарханымыздан табылады. Ол әлемге 1855 жылы Америкалық адмирал Мютью Перри Батыс Жапон елін ашқанда «келді». Бүгінде құрма жер шарының сүйікті жемісіне айналған. Оның тағы бір атауы –«диоспирос», латыннан аударғанда «Тәңірлердің азығы» деп аталады. Құрма денсаулығымыз үшін аса пайдалы жеміс. Бірақ оны шектен тыс жеуге болмайды.

Пайдалы қасиеттері:

1. Ағзаны нығайтатын қасиеті. Құрма құрамындағы полифенол мен катехинның қабыну мен бактерияға қарсы қасиеті бар. Демек, бұл суық тию мен тұмауда таптырмас жеміс. Ондағы бета-каротин тыныс алу жолдарына оң әсерін тигізіп, өкпе қабынулары мен бронхиттің асқынуына жол бермейді.

2. Құрмадағы калий мен магний элементтері жүрек-қан тамырлары жұмысын, жүрек бұлшық етінің жасушаларындағы зат алмасуды реттеп, оларды энергиямен толтырады. Ал олар өз кезегінде, миокардтың қысқаратын функциясын қадағалап, жүрек жеткіліксіздігі мен жүрек соғуы ырғақсыздығының алдын алады.

3. Несеп-тас ауруында

Жеміс құрамындағы магний бүйректе тастардың түзілуін болдырмайды, ағзадан натрий қышқылдарын шығарып, бүйректі тазалайды. Яғни құрманың несеп айдайтын және сергітетін қасиеті бар.

4. Қан аздықта

Құрмада темір элементі көп мөлшерде кездесетіндіктен, гемоглобин жетіспеушілігінен айықтырады. Сондықтан оны болашақ аналарға жиі жеуге кеңес беріледі.

5. Обырға қарсы

Құрма жемісінде бета-каротиннің мөлшері көп болғандықтан, жасуша құрылымын бұзатын зиянды өскіндерді жоюға атсалысады.

Қарсы көрсетілімдері

1. Семіздік пен қант диабеті

Құрмада қанттың мөлшері тым көп. Сондықтан семіздік пен сусамырға шалдыққан адамдарға құрмадан бас тартқан жөн.

2. 3 жасқа дейінгі балаларға құрманы бермеген жөн. Себебі олардың ағзасында асқазан қышқылын шығару қызметі толық қалыптасып болмаған. Жеміс талшықтарының бөліктері асқазанға жабысып, іштің ауыруына әкеледі.

3. Аллергияда

Йодқа жоғары сезімталдығы бар адамдар құрмадан бас тартқандары жөн. Бұл жеміс ағзада түрлі тітіркенулер туғызуы мүмкін.

4. Тіс жегісінде

Құрманы жеген соң ауыз қуысын міндетті түрде шайқап, тіс пастасымен жуу қажет. Өйткені олай істемеген жағдайда, танин мен органикалық қышқылдардың тістің жылтыр қабығына зиянды әсері тіс жегісіне әкеледі.

Асқазан мен ішекке ота жасатқан адамдарға құрманы жемеген жөн. Өйткені мұндай жандарда құрманы тұтыну ішекте бөтен заттың, яғни безоардың түзіліп, ішектің тарылуына және ота жасау қажеттілігіне әкеп соқтырады.

Құрма қабығындағы таниннің илейтін және уылдыратын қасиеті бар.

Құрманы қатыру үшін әуелі жуып, сосын кептіру керек. Әр құрманы азық-түлік қаптағышымен орап, тоңазытқышқа салу қажет.Құрманы бірнеше бөліктерге бөліп, кейін тәтті бәліштер мен ботқаларға қосуға немесе майдалап үгітіп, сүйектерін алып тастаған соң, блендерде ұсақтап, ыдыстарға салып қоюға болады.

Құрманы мөлшерімен жеген дұрыс. Бір адам үшін тәулігіне 2 құрмадан артық жемеген жөн. Сондай-ақ оны аш қарынға жеуге болмайды. Жемісті суық сумен, сүтпен бірге жемеген де жөн.

Дайындаған Үміт Жұмаділова




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *