Жамбылдан бата алған

3

Жамбыл ақын табиғатынан дарынды, болашақты көре білетін қасиетті адам болғаны мәлім. Ұлы ақынның ықыласына бөленіп, батасын алып, еліне, жеріне адал қызмет еткендердің бірі – алғашқы қазақ оқымыстылары ағайынды Тұрлыбек пен Барлыбек Сырттанұлы еді. Осы орайда Жамбыл бабамыз бен Барлыбек Сырттанұлының бала кезіндегі кездесуі турасында сөз етсек.

1880 жылы бұрынғы Верный қала­сында үлкен жәрмеңке өтіп, Жеті­судың ақ жағалылары жиналып, ұлан-асыр той өтеді. Ұлы жиынға Боқыұлы Сырттан батыр да келіпті. Осы жиынның алдында ғана Сырттандай аңғал батырды ел-жұрты табалап, бай-бағландар келеке еткен екен. Осының мән-жайына әбден қанық болған өлең-сөздің жүйрігі Жамбыл бабамыз ұлықтар бас қосқан шарада:
Қыдыралы, Құлшаннан,
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жерді болжап күн шалған,
Жүргеніңді ұққаным.
Қыдыралы, Есімбек,
Еранталды сабаған.
Ер туған ұл десін деп,
Бір кәдеге жараған!
Маманыңның өрені,
Тиын-тебен санаған.
Құтылғалы кетіпсің,
Солар жапқан жаладан.
Енді ниет етіпсің
Кім кірмеген қаладан.
Сендей қазақ аз шығар,
Үміт қылған баладан.
Екі балаң жетілсе,
Құтыларсың табадан.
Дәметемін жетімше
Сендей білгір ағадан, – деп аңғал батыр ағасына өлең арнап, жиылған қауым алдында оның мерейін көтерген болатын. Бұл өлең «Сырттанға» деп аталатын әйгілі арнауы еді. Арнауды хатқа түсірген ақын бабамыздың әдеби хатшысы, Барлыбектей арыстың бауыры, ақын Ғали Орманов ағамыз болатын. Ақын осы өлеңін арнаған шақта, Сырттан батыр Верный ер балалар гимназиясында оқып жүрген Тұрлыбек, Барлыбек есімді екі ұлын құшақтап тұрыпты. Ақын батыр ағасына ізет көрсетіп, сәлем беріп, оның екі ұлын құшағына қысып, маңдайынан сүйіп, батасын берген-ді.
Кейін екі дарынды бала гимназияны үздік тәмамдайды. Тұрлыбек денсау­лығына байланысты оқуын жал­ғастыра алмай, әскери губернатордың кеңсесіне тілмаш, кеңсе регисторы болып қызметке алынады. Ал Барлыбек болса, «…Жетісу деген түкпірден қазақ көрмеген, естімеген жерге жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі, жол көрсету үшін» (М.Тынышбайұлы) Петерборға барып, Императорлық университеттің шығыстану факуль­тетінде оқып, оны І дәрежелі дип­ломмен тәмамдап, еліне келіп, 1891-1894 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығының Қазыналық Палатасында кеңсе меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. 1894-1909 жылға дейін Жетісу әскери губернаторының кеңсесінде іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі қызметін атқарған болатын.
Бала Барлыбек Жамбыл абыздың үмітін ақтап, сенімінен шыға білді.
Сөзіміз дәлелді болу үшін мына деректі келтірейік. 1894 жылы Алматы қаласындағы Байбұлан деген байдың үйінде үлкен ас өтеді. Алты Алашқа сауын айтып, хабар жіберген бұл жиынға Арқадан ат терлетіп Шашубай ақын келген екен. Арқаның атақты серісі ел-жұртпен сәлемдескен соң Жетісудың жақсыларын түгендеп, олардың есімдерін кестелі жырына қосыпты. Сөз арасында: «Барлыбек, Тұрлыбекпен аман болса, Жандарал да бұзбайды жарлығымды» деп Сырттанның ұлық қызметте жүрген балаларының есімдерін атап, Жамбыл ақынды аламанға шақырыпты. Осы айтыста Шашубай да, Жамбыл да Сырттанның оқыған балаларын мақтап, олардың елге еткен қызметін көпке өнеге қылған екен.
Асылы, Жамбыл бабаның ақ батасы «тұлпарды тай күнінен та­ныған» дегенге саяды. Барлыбек пен Тұрлыбек – Жетісу өңірінен алғаш болып білім алған қазақ жастары. Ал Бар­лыбек болса – осы өлкеден алғаш жоғары мамандық игеріп, университет тәмамдаған қарапайым ауыл баласы. Жамбыл баба сенген, үміт артқан бұл Барлыбек – қазақтың алғашқы Ата Заңын жазған заңгер еді. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» демекші, ұлы тұлғалардан бата алып, өмірде үлкен қайраткерлік жолға түсіп, еліне, халқына адал қызмет еткен азаматтар жайында бүгінгі ұрпақ біліп жүрсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, 
әдебиет зерттеушісі

Алматы облысы




2 thoughts on “Жамбылдан бата алған

  1. Айнаш

    Қандай бақытты адамдар еді Жамбыл атамыздан бата алған…

  2. Секе

    Жамбыл бата алған жүз жасар. Ақсақалдардан бата алу да дұрыс белгілердің бірі қазіргі кезде үлкендерден бата алу жастар ұмытып жатыр өкінішті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *