«Тарихсыз» әндер тарихта қала ма?

98

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деген Абай атамыз әннің адамға берері мол екенін айтып кеткен. Қазір осы сөздің маңызы жоғалып бара жатқандай. Бұрын көмейінен бал тамған әншілер ән айтқанда, тарихын қоса айтып, тыңдағанда әннің тұңғиығына шомылдырып, бірде жылатып, бірде бақытқа бөлейтін. Əннің құдіреті де ерекше еді.

Бала бесікте жатқаннан бастап әсем әуенді естіп өсуі керек. Ұйықтар алдында бесік жырын айтып құлағына құйып отырған асыл әжелеріміз не деген көреген десеңізші? Жалпы, пенденің тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі музыкамен өрбиді. «Бесік жыры», «Жарапазан, «Сыңсу», «Жоқтау», тағысын тағы. Бұл – бүкіл өміріміз осы жеті нотамен біте қай­насады деген сөз.
Бірде Әзілхан Нұршайықов батыр Бауыржаннан жазылған шығармалар туралы пікірін білгісі келеді. Сонда батыр атамыз: «Кез келген жазу­шы соғыста болмай-ақ, суық окопта жатпай-ақ, төбеден төнген бом­баның жаныңды суырып алардай боп шыңғырған даусын білмей-ақ, жаралы жер мен жаралы адамның ыңырсығанын естімей-ақ, дәрі мен қанның иісін иіскемей-ақ үйде отырып шығарма жазуына болады. Ондай жазушыны жалпы білімі болғанымен, соғыста сауаты жоқ жазушы дейміз. Сондықтан олар өзі бастан кешпеген ерлік пен батылдықты, үрей мен қорқынышты соғысқа қатынасқан адам сенетіндей етіп суреттей алмайды. Ондайлар тек өз оқығаны мен естігенінен шамасы жеткен мөлшерде қоспа жасайды. Міне, ән де солай, оны тудырар кезде тарихына зер салмағандықтан ол даңғараға айналады. Сазгер немесе ақын не туралы шығарып жатқанын сезінбегендіктен өтірік әндер пайда болады» деп жауап берген. Осы ащы шындық қазіргі қоғамның негізгі тақырыбына айналды десек артық болмас.
Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. «Қазір ән қалай шығады?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүрген сауал болар. Басым көпшілігі өнерді емес, қалтаның қалыңдығын көксеп жүр десек те болады. Сезімге жүгінбеген, жүректен шықпаған әнді орындаған әншінің де құр айғайға басатыны анық. Ол халықтың жүрегіне жетпейді. Мүмкін бір-екі мәрте тыңдалар, кейін ұмытылады. Әлгі әншіні ешкім іздемейтін болады.
Соңғы кездері аты да, заты да түсініксіз әндер шығып жүр. Мысалы, «Turkiss» тобының «Мама­сының баласы», Дәуір Сағындықов­тың «Сұрағаның шанс па?» әнде­рінің тақырыбы еріксіз сынауға мәжбүрлейді.
Баяғы әндер қалай еді?! Ақанның, Шәмшінің әндері халық арасына кеңінен танылған. Ол әндерді тыңдаудан халық жалыққан жоқ. Жалықпайды да. Оны орындаған әнші де ерекше тебіреніп айтады. Себебі, ол әндердің тарихы болатын.
«Егер бір елдің ахуалын білгің келсе, сол елдің жөн-жобасын танығың келсе, алдымен музыкасына құлақ түр»» деген екен Конфуций. Біздің кейбір өнерпаздар дәл осындай тегі бар, тарихпен шыққан әндерді таңдап, оны жүрекпен сезініп айта бермейтіні өкінішті.

Думан КЕҢШІЛІК
Алматы облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *