Әлемді өзгертуге көмектесетін таптырмас нұсқаулық

Маркстың экономика саласындағы негізгі еңбегі – 1867 жылы, осыдан жүз елу жыл бұрын жарық көрген «Капитал». Қазіргі кезде Маркс мұрасына деген қызығушылық әлі де өшпеген. Ол «буржуазиялық қоғамды» талдай отырып, 21 ғасырдағы әлемдік экономика ерекшеліктерін болжай білді.

Бүгінгі күні Маркс туралы естімеген адам жоқ шығар. Оның аты тарихта мәңгілік қалудың себепкері – басты еңбектерін қарастырайық.
Карл Маркс – неміс философы, әлеуметтанушы, экономист, қоғам қайраткері. Йозеф Шумпетер бір еңбегінде оны – пайғамбар, ал маркстік теорияны – дін деп те атайды. Француз экономисі Жак Атталидің айтуы бойынша: «Карл Маркс ХХ ғасырда сияқты, ешбір адам әлемге осынша әсерін тигізбеді».
К.Маркстың өзінің жазуы бойынша, ғалым ретінде ол үш ғылыми дереккөзге сүйенген болатын: Гегельдің неміс классикалық философиясына, Смит пен Рикардоның ағылшын классикалық саяси экономиясына және Сен-Симон мен Фурьенің француз утопиялық социализміне.
Маркс капиталистік құрылымның уақыт өте келе нашарлауы туралы көптеген дәлелдер келтірген, алайда экономика тұрғысынан капитализмнің ішкі қайшылықтары оны ойрандауын дәлелдей алмады. Мұнда ескертетін жайт, Маркстың капитализмнің құлауы туралы дәлелдерінде басты себеп ретінде қоғам таптарының арасында табыстарды үлестірудің нарық қағидаларын бұзу емес, ал жүйе толық жұмысбастылықты қамтамасыз етпеуін қарастырады, бұл өз кезегінде отарлық қанау мен соғыстарға әкеледі.
Маркс бойынша нарық сұрапылы міндетті түрде дағдарысқа әкеліп соғады. Дағдарыс кезеңі депрессияға әкелетіні сөзсіз. Табысты максималдауға барынша ұмтылу еңбек қанауын күшейтіп, жалақы мен жеке тұтынуды азайтады. Нәтижесінде артық өндіру дағдарысы орын алады. Маркс «жалған капитал» деп атаған – кредит желілері, облигациялар, кредиттік-дефолттық айырбастар шиеленісті тек уақытша ғана азайтады, себебі нәтижесінде өздері тауарға айналады. Жағдай шиеленісе келе оларды да тұтыну мүмкін болмай қалады, себебі қоғамның сатып алу қабілеттілігі тым түсіп кетеді. Сұраныс шұғыл азаяды, сату көлемі кемиді, жаппай банкроттық және жұмыссыздықтың шұғыл өсуі орын алады. Әлемдік экономиканы тұтас қамтыған 2008 жылдан бері созылып келе жатқан терең рецессия кезеңіне өткен қаржылық дағдарыс осы артық өндіру дағдарысының салдары болып табылады.
Алайда, жалпы экономикалық артық өндіру дағдарысының мүмкіндігі мен заңдылықтары мәселесінде Маркстың көзқарасы классикалық саяси экономия өкілдерінің пікірлерінен қатты ерекшеленеді. Маркс экономикалық артық өндіру дағдарыстарды капиталистік экономиканың циклдік дамуының элементі және макроэкономикалық тепе-теңдік бұзылуының салдары ретінде қарастырады. Экономикалық ғылымдар тарихында Маркс бірінші болып макроэкономикалық тепе-теңдік шарттарын түсіндірген болатын. Ал экономикалық дағдарыстың себебін келесідей тұжырымдады: өндірістің кеңеюі автоматты түрде сұраныстың пропорционалды өсуіне әкелмейді.
Маркс экономикалық дағдарыстан шығу механизмдері туралы жазған. Осы күнге дейін оның еңбегінің өзектілігінің басты себебі осы да шығар.
2008 жылдың соңы – 2009 жылдың басында әлемде көптеген оқиғалар орын алды. Бірақ олардың екеуі өзара байланысты ғана емес, қисынды да болды: әлемді жаппай терең экономикалық дағдарыс қамтыды және Маркс еңбектеріне деген қызығушылық өрши түсті.
2008 жылдың қазанында әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде Германияның қаржы министрі Пер Штайнбрюк «DerSpiegel» журналына берген сұхбатында «Маркс теориясының белгілі бір бөлімдері жаман емес екенін мойындау керек» деген болатын.
Маркстың капиталды тұтастай жаңарту негізінде экономикалық дағдарыстан шығу механизмі өте қызықты. Бұл механизмді қысқаша айтып кетсек, ол келесідей болады. Экономикалық артық өндіру дағдарысы тауардың артылып сатылмай жатып калуынан байқалады, осының нәтижесінде баға төмендей бастайды. Төмен бағаға бейімделу мақсатында капиталист жаңа жоғары өнімді құрал-жабдықтарды ендіру арқылы шығындарды азайтуға тырысады. Осындай құрал-жабдықтар мен жаңа технологияларға деген сұраныс артады, бұл сәйкес біліктілігі бар жұмыс күшіне сұраныстың ұлғаюына әкеледі, бұл мамандар өз кезегінде жалақы алып, тұтыну тауарларына сұранысты арттырады. Екінші, үшінші және т.с.с. ретті жұмысбастылық орын алады.
К.Маркс пен Ф.Энгельс еңбектерін түп тілдерінде шығару бойынша Халықаралық редакция алқасының мүшесі, доктор Манфред Нойхаус Маркс мұрасы туралы дәл сөздер тауып айтқан: «Маркс – бұл құрал-саймандар салынған жәшік. Қазіргі теорияшылдардың ісі – оларды дұрыс пайдалана білу».
«Капитал» — бүгінгі күнге дейін ескірмеген және одан да бағалы болып бара жатқан таным әдісі. Барша әлемді өзгерткен кітаптың бірінші басылымынан бір жарым ғасыр өтсе де, мұны бүгінде есте сақтау жөн.
Қызығушылық танытқан әр адам үшін, университет студенті болса да, немесе басқа болса да, Маркс ХІХ ғасырдың ұлы философы мен экономисі болып қалатыны сөзсіз. Марксты оқу жөн, себебі, өзі жазғандай, әлемді оны нақты түсінбей өзгерту мүмкін емес, ал Маркс еңбектері әрдайым әлем мен біз қарсы тұратын мәселелерді түсінуге көмектесетін таптырмас нұсқаулық болып қалады.

Ж.Аубакирова,
экономика ғылымдарының докторы, 
профессор,
Ж.Ильясова,
PhD докторант, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті,
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
экономика кафедрасы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *