Ел байрағы берік қолда

197

«Кенет, Президенттің ту сыртындағы Ту артындағы ауыр шымылдықтың лебінен бе, бір жағына қарай қисайып бара жатты. Қапелімде соны байқап қалған Нұрсұлтан Әбішұлы сәл шалқайып барып, Туды сабынан бір қолымен шап беріп ұстап қалды. Ар жағынан әскери адамдар келіп Туды орнына қайтадан дұрыстап қойғанша құлатпай ұстап тұрды. Сол мезет талайлардың жүрегін зуылдатқан бұл жайды артынша: «Туымыз жығылмайды екен, дербестігін жаңа алған еліміздің туын Назарбаев қайтадан көтереді екен, лайым солай болғай» деп жақсылыққа ырымдап жаттық» — деп еске алады Елбасының алғаш ұлықтау салтанатын Төле Аманжолұлы. Президент ұлықтауларына екі мәрте қатысқан ардагердің Елбасы жайлы бұдан да өзге жан тебірентер естеліктері көп. «Ана тілінің» жаңа санынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжанның мақаласын оқи отырыңыздар.

Ел байрағы берік қолда

1991 жылдың соңғы айларында КСРО атты алып империяда қат-қабат оқиғалар тез алмасып, саяси өмір ширығып тұрды. Тамыздағы «ГКЧП» оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Кеңес өкіметінің тынысы күннен-күнге тарылып келе жатты. Бірқатар республикалар Одақтан бөлініп, өз тізгінін өзі алып та үлгерді. 1 желтоқсанға Қазақстан Прези­ден­тінің сайлауы белгіленген. 28 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев Таразға келді. Облыс­тық драма театрында үміткердің облыс сайлаушыларымен кездесуі өтті. Жам­был­дықтардың Нұрекеңе ілтипатында шек жоқ еді. Екі күннен кейінгі сайлау да жоғары белсенділікпен өтті. 10 желтоқсанға Тұңғыш Президенттің ант беру рәсімі белгіленді. 

Бұл республика астанасы – Алматы, ком­мунистік партия әлі де болса билік басында, бұрынғы атаулар бәз баяғы қалпындағы кез еді. Жамбыл облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Өмір­бек Байгелді Қордай ауданының басшыларына ерекше ұсыныс айтты. Осыған дейін өзі он жылдай басқарған ауданның жайын Өмекең жақсы білетін. Нұрсұлтан Әбішұлының нағашы жұрты саналатын осы өңірден бір топ адамның Елбасын ұлықтау рәсімі өтер сәтте Республика сарайы маңында ақсарбас атап шалып, аузы дуалы қария бата берсе несі айып. Ұсыныс бірден құп алынды. Сондағы оқиғалардың куәсі бүгінде зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай былай еске алады:
– Ол кезде аупарткомның бірінші хатшысы А. Шупта, мен – аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болатынмын. Өмекеңнің ұсынысын жамбылдықтардың Елбасыға деген ерекше құрметін, бүкіл халықтың ақ тілеулі ниетін білдіретін шара деп қабылдадық. Оны ойдағыдай атқаруға құлшына кірістік. Қызық болғанда, бата беруге сақалы белуарға түскен қария, ақсарбасқа бойында қылаудай бөтен дағы жоқ, ірі қой табу біраз әбігерге салды. Бүкіл ауданнан екі күн іздетіп ондай қойды ақыры Сортөбеден таптық. Оны жуып-шайып тазалаттық. Бата беруге Алмалы ауылының имамы, сол кезде жасы тоқсанға таялған Молдахмет қария таңдалды. Онымен бірге соғыс арда­герлері Рахманбай Әлімбаев, Молдарахым Әлімбаев тәрізді үлкен ақсақалдар, аудан имамы Мұқаметжан Сәменқұлов баратын болып, олардың ас-суын, көлігін әзірлеп, басы-қасында жүру «Береке» ӨК төрағасы Орынхан Уәлихановқа тапсырылды…
Сонымен, қордайлықтар бір «Газелге» адамдарын мінгізіп, бөлек машинамен қойын, оны сойып жайғайтын саймандарын алып ұлықтау рәсімі өтетін күні ертелеп Алматыға жүріп кетті. Облыс басшысының алдын ала нұсқауымен Республика сарайының алдына келіп, Абай ескерткішінің маңындағы бір үлкен ағашқа қойды байлап, қасына төсеніштерін жайып қариялар алқа-қотан жайғасып отырады. Ұлықтау рәсімі өтетінінен хабардар жұрт бұл маңға көптеп жиналып жатқан кез. Олардың ағаш түбінде қой байлап отырған бұларға келіп, мұны не істейтіндерін сұрап қызықтап жатқандары аз емес еді. Балалар жағы болса тайыншадай дәу қойға таңырқай қарап, кейбірі қолдарымен абайлап сипап та қояды. Әрине, Президенттің ант беру рәсімі өтетін сарайдың ішіне арнайы шақырылғандар ғана кіреді, ал былайғы жұртқа іштегі салтанатты көруге сыртта үлкен теледидар қойылған екен. Қой алып келген қордайлықтардың міндеті – әлгі үлкен экраннан ант беріліп, жұрт ду қол шапалақтап жатқан сәтте ақсарбас қойды бауыздап, Елбасыға ақ тілек айтып бата беру болатын.
– Мен ұлықтауға арнайы шақырыл­ған­дар қатарында ішке еніп, тиісті орныма отырсам да, бір ойым сыртта, ондағы шаруамыз қалай өтер екен деп алаңдаумен болдым, – дейді Төле Аманжолұлы сол күнгі оқиғаларды еске алып. – Елбасы сахна төрінде жеке үстел басында отырды. Ту сыртында флагштокқа Қазақ КСР-ның Туы қойылған, екі жағында екі құрметті қарауыл тұрды. Салтанат аса тебіреністі жағдайда өтті. Ант беру рәсімін Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Серікболсын Әбділдин жүргізді. Нұрсұлтан Әбішұлы мінберге шығып, Конституцияға оң қолын қойып тұрып Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. Тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов батасын жаудырды. Әбіш Кекілбаев бастаған елге белгілі ірі тұлғалар кезекпен құттықтау сөздерін айтып жатты.
Салтанатты рәсім аяқталып келе жатқандағы бір оқиға есімнен кетпейді. Кенет, Президенттің ту сыртындағы Ту артындағы ауыр шымылдықтың лебінен бе, бір жағына қарай қисайып бара жатты. Қапелімде соны байқап қалған Нұрсұлтан Әбішұлы сәл шалқайып барып, Туды сабынан бір қолымен шап беріп ұстап қалды. Ар жағынан әскери адамдар келіп Туды орнына қайтадан дұрыстап қойғанша құлатпай ұстап тұрды. Сол мезет талайлардың жүрегін суылдатқан бұл жайды артынша: «Туымыз жығылмайды екен, дербестігін жаңа алған еліміздің туын Назарбаев қайтадан көтереді екен, лайым солай болғай» деп жақсылыққа ырымдап жаттық.Енді арада ширек ғасырдан аса уақыт өткенде сол ниетіміздің қапысыз орын­далғанын көріп, тәубе етіп отырған жай бар…
Қордайлықтардың апарған ақсарба­сына келсек, рәсім ойлағандай ретпен атқарылған. Ұлықтаудан соң облыс басшысы Өмірбек Байгелді бастап, Алматы, Шымкент, Қызылорда облыстарының бірінші хатшылары және басқа көрнекті тұлғалар құрбан шалынған жерге келіп, «Дұрыс жасаған екенсіздер, ниеттеріңіз қабыл болсын!» деп алғыстарын білді­ріп­ті. Ал ақ тілекпен бауыздалып, сол жерге қаны ағызылған қойдың етін ауылға алып келіп, ертесіне аудандық мешітке көп адам­ды жинап құдайы тамақ таратқан.
Біздің кейіпкеріміз Төле Сүгірбай Қазақстан Президентінің 2011 жылғы 8 сәуірдегі төртінші ұлықтау салтанатына да арнайы шақырумен қатысқан болатын.
– Ұлықтаулардан бөлек, «Нұр Отан­ның» съездерінде, басқа да алқалы жиын­дарда Елбасының сөздерін өз аузынан жақыннан тыңдаудың реті талай келді. Әсіресе, оның болашақты болжаудағы көрегендігі ғажап дер едім. Бір ғана мысал. Кезінде ел байлығын бүкіл халыққа теңдей етіп бөліп берейік дегендер шықты. Ал Президент оны Ұлттық қорда сақтауды ұсынды. Соның дұрыстығын енді көріп отыр емеспіз бе?! Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында осыны ескерте келе, қандай қиындықтарға да қарамастан халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеу, индустриялық, көліктік инфрақұрылымдарды дамыту, баршаға делдалсыз қолжетімді баспана тұрғызу тәрізді ең өзекті мәселелерді алға тартты. Елбасының алғашқы ұлықтау кезінде қапелімде қисайып бара жатқан Туды құлатпай ұстап қалғанын қалай жақсылыққа жорыған болсақ, солай еліміздің көгілдір Туы биікте желбіреумен келеді, – дейді Президент ұлықтауларына екі мәрте қатысқан ардагер.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

Жамбыл облысы
Қордай ауданы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *