Балқаштың бағын жандырған

– Бұл күнде мыспен күптеп босағамды,
Шынтақтап Бектауата — Босағаңды,
Жастанып шалқар көл мен Дересінді,
Байлығым басып жатыр осы араңды, – депті.
Сол бай өлке, қазыналы өңір жаңа ғасырда Тәуелсіз Қазақстанымыздың ғаламдық қуатының артуына, туған елінің көркеюіне зор үлес қосып, Елбасы Жолдауларында көрсетілген ұлы мұраттарға жетуге серпін беруде.
Еліміз бойынша өндірілетін мыстың үштен бірі, алтынның ауқымды бөлігі Балқаштыкі болуы да әлгі сөздерімізді айғақ­тай түседі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Балқаштың мүмкін­дігіне жоғары баға беріп, «Балқаш республиканың мақтанышы, бәрі де осында басталған. Алғашқы зауыт, алғашқы жұмысшы тобы, алғашқы қомақты мыс. Мен де сіздер сияқты Балқашты мақтан тұтамын» деген болатын Балқашқа келген бір сапарында.
Ал Елбасымыз Балқашқа талай рет келді. Келген сайын мыс алыбында болып, металлургтермен, кеншілермен жүздесті, халықпен тілдесті, кәсіпорынды аралап, қала активімен кеңескен сәттер біздің көз алдымызда. Өткенге көз жіберсек, Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде Балқашқа 1992 жылы қараша айында келді. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет ретінде аяғын тәй-тәй баса бастаған сындарлы уақыт еді ол.
Балқаш әуежайында Нұрсұлтан Әбішұлын қала бас­шылары, баспасөз өкілдері нан-тұзбен қарсы алды. Ал жүрегіміз… жүрегіміз лүпілдей соғып, кеудеге сыймас ғажайып қуанышқа бөленді, асқақ арман, үзілмес үміт бойымызды кернеді. Тәуелсіздік — Тәңірдің сыйы, Ата-бабаның арманы, бұл күн бүгінгілердің маңдайына бұйырған таусылмас несібе еді.
Тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы­ның Балқашқа тұңғыш келуі менің көз алдымда осылай қалды.
Ұшақтан түскен бетте жұртпен амандасқан Елбасы Балқашқа қай жылдары келгенін есіне алды. Содан соң кен-металлургия комбинатының директорын сұрады.
– Мен мұндамын, Нұрсұлтан Әбішұлы, – деді комбинаттың сол кездегі директоры Марат Раджибаев өзіне тән елгезектікпен.
Бұдан соң Президент бірден кен-металлургия комбинатына келіп металлургия цехына аялдады, мыс балқытудың барысымен танысты, цех ауласында металлургтермен жүздесіп олардың сұрақтарына жауап берді. Еліміздің ертеңі туралы әңгімеледі. Сол жолы Мемлекет басшысы кен-металлургия комбинатының бас корпусында комбинаттың инженер-техниктерінің, қала мен өндіріс басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді. Алқалы жиында аймақтағы өндірісті дамытудың барысы туралы айтылған сындарлы ой-пікірлерге назар салды.
Бұдан кейін Елбасымыз 1995 жылдың мау­сым айында, 1996 жылдың сәуірінде, 1997 жылдың мамыр айында Балқашқа арнайы ат басын бұрды.
1996 жылы Балқаш мыс алыбының жұмысы тоқырап, өндіріс қиын жағдайларды бастан өткерді. Жұмысшылар айлап жалақы алмады. Мұның өзі қала бюджетіне де оңайға соқпағаны белгілі-тін. Қалыптасқан жағдайды оңалту мақсатымен 1997 жылы Елбасының ұйғаруы бойынша Балқаш мыс алыбы шетелдік «Самсунг» фирмасының қанатының астына өтті.
Содан бастап Балқаштың бағы қайта өрледі. Мыс алыбының қуаты ай санап арта түсті. Қаланың тынысы кеңіді, халықтың жүзі жарқырап, көңілі тоғайды.
1997 жылы қаламызға келген сапарында Президент Балқаш әуежайынан бірден Қоңырат кенішіне бет түзеді. Онда ол тереңдігі 375 метрлік еліміздегі ірі кеніштердің бірінен саналатын карьерді көріп, Балқаш кен-металлургия комбинатының басшыларының кеніш­тің болашағы жайлы айтқан мәліметтерін тың­дады. Елбасы осы сапарында да Балқаш мыс алыбының балқыту цехына келіп еңбекшілердің жағдайымен танысты. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағанды мен Жезқазған облыстарының бірігу себебі жайлы да көпшілік сұрағына жауап берді. Біріншіден, бұл облыстардың энергожүйесінің бір екенін, екіншіден, бұрынғы Жезқазған облысына қарасты Қаражалда өндірілетін темір кен қазбалары «Карметкомбинатқа» жеткізілетінін, сонымен қоса Қарағайлы Полиметаллдары бір топқа кіретінін айтып, екі облыстың бірігуі болашақта жақсы нәтиже береді, ол күмән туғызбайды деген болатын. Міне, содан бергі жылдар легінде өмірдің өзі Елбасы жасаған шешімнің дұрыстығын, өміршеңдігін дәлелдеп берді. Бүгінде Қарағанды облысы республикамыздағы қуатты өңірдің бірінен саналады. Ол өз алдына үлкен әңгіме.
2000 жылы қаламызға арнайы келген Нұрсұлтан Әбішұлы жаңадан салына бастаған қуатты мырыш зауытының іргетасына белгі қалдырды.
Иә, балқаштықтар Елбасының әр келуін өндірістегі аса зор жетістіктермен, шынайы қуанышпен, үлкен үмітпен қарсы алды. Нұрсұлтан Әбішұлы эмальды сым өндіру цехы­ның тұсаукесер рәсіміне қатысты. Афинаж цехынан алынған алғашқы алтын құймасына бірінші таңбаны өз қолымен салды. Елбасы бұл туралы кәсіпорынның құрметті қонақтарға арнаған естелік кітабына өзінің риясыз ақ тілегін жазды. Онда Президенттің өз қолымен жаз­ған балқаштықтарға құт-береке тілеген, ыстық ықыласқа толы құттықтауларын оқуға болады.
Президент 2003 жылы 27 қазанда Балқашқа тағы да ат басын бұрды. Сол жолы ол Балқаштың бас кәсіпорыны «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінде салынып жатқан күкіртті залалсыздандыру кешенінің құрылысында болды. Президентке «Қазақмыс» корпорациясының басшылары экологиялық кешеннің жағдайын баяндады. Осы сапарында Елбасымыз мырыш зауытының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеп, Балқаш мырыш зауыты – еліміздегі индустрияландыру саясатының алғашқы қарлығашы екенін атап айтып, зауыт ұжымына, мамандарға зор сенім білдіріп, келесі келгенде жаңа күкірт қышқылы зауытын ашамыз деген болатын. Ол деген – Балқаш аймағындағы экологияның тазаруына, өңірдің өркендеуіне үлкен серпін беретін қуатты кәсіпорынның келешегіне білдірген сенім еді.
Иә, күкірт қышқылы зауытының ашылуы Балқашта туризмнің дамуына өзіндік серпін бергенін уақыт өзі көрсетіп отыр.
Тарих табалдырығын аттап 2007 жыл келді. Бұл жылы балқаштықтар туған қаласы — металлургтер шаһарының 70 жылдық мерейлі мерекесін зор жетістіктермен қарсы алуға жұмылған кез. Сол бір мерекелі жылы қала түрленіп, өңір гүлденіп кеткендей болатын.
Туған қаламыздың осы бір ғажайып мере­ке­сіне Елбасымыз арнайы келіп, балқаш­тық­тармен тағы да қауышты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы бұл сапарында өзі ілгеріде айтқандай «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінде салынған күкіртті ангидридін залал­сыздандыруға арналған жаңа зауыттың ашылуына қатысып, оның тұсауын кесіп, ақ тілек арнады. Жылдық қуаты 1 миллион 200 мың тонна өнім өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысын салу Президенттің өз тапсыруымен басталған болатын. Мақсат — аймақ экология­сын сауықтыру. Жыл озған сайын соған көз жеткізіп, көңіліміз марқаяды. Сөз реті келгенде айта кетейік, жаңа кәсіпорынды салу үшін «Қазақ­мыс» корпорациясы канадалық фирманы тарту арқылы әлемдегі ең озық технологияны пай­­далана отырып, қуатты өндіріс орнын салып шықты.
Елбасымыз зауыт ауласында еңбекші қауыммен кездесіп, оларды жаңа өндірістің ашылуымен және қаланың мерейтойымен құтықтап сөз сөйледі. Қаламыздың Қазақстан тарихындағы рөлін жоғары бағалаған Нұрсұлтан Әбішұлы бұл аймақтан мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар, өнер саңлақтары шыққанын айта келіп, кешегі Ұлы Отан соғысында біздің даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагка Жеңіс туын бірінші тіккенін еске алған еді. Өлке даңқын шығарған, сөйтіп, ұлт рухын асқақтатқан аталар есімі қашанда ел мақтанышы. Мұндай сәттер жүрегіңді шымырлатады, бойыңа қуат құяды. Даңқты жерлестерінің атын балқаштықтар әсте ұмытқан емес, оның абзал есімін ардақтаған халқы қаламыздағы іргелі білім ордасының бірін Рақымжан Қошқарбаев есімімен атауы да елім деген ерге жасаған шексіз құрметі еді.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен, Кенесары ханның қолбасшысы болған Ағыбай батырдың ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Ер Ағыбайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған Нұрсұлтан Әбішұлы батырдың қола мүсінінің алдында халқына тебіреніске толы баталы сөз арнағаны елдің есінде қалды. Мынау ұлы сахараның төсінде ежелгі бабаларымыз Керей хан мен Жәнібек ханнан бастап Алаштың небір дарабоз ұлдары, қазақ деген елдің тәуелсіздігі мен елінің бірлігін аңсап, ат жалында ғұмыр ке­шіп, сол жолда жанын пида етіп, ел бірлігіне бекем болуды ұрпақтан-ұрпаққа аманат еткенін айтты. Биыл Балқаш қаласы өзінің 80 жылдық мерейлі мерекесін үлкен абыроймен атап өтті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде қаланың өндірісі қарыштап өркен жайды. Жаңа зауыттар, жаңа кәсіп көздері ашылды. Соның бәрі Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында мүмкін болғанын ризашылықпен айтуға болады. Бұл қала халқының әлеуетінің артуына, тұрмысының жақсаруына, мәдениетінің кемелденуіне өзіндік ықпал етті.
Отан-Анамыздың қуатының кемелденуіне ұлы даланың бір пұшпағы саналатын Балқаш қаласы, оның айбынды еңбекшілері мен зия­лы қауымы, азаматтары, жас өрендері ел игілігін еселеу жолында толайым табысымен қомақты үлес қосуда. Қаламыздың жылдан-жылға кемелденіп, қуатының арта түсуі – Ұлт көшбасшысы, Бейбітшілік пен қауіпсіздік жаршысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасы деп түсінеміз. Еліміздің іргесі аман болып, тәуелсіздігіміз нығая берсін. Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстаным! Самғай бер, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ!

  • Жанболат Башар,
    жазушы
    Балқаш



Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *