Ұлтқа ортақ ұлы тұлға

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұрпақ жадына тарихи тұлғаларды ұғындыру жайлы жақсы айтты. Өткенсіз бүгін жоқ. Ел үшін еңбек еткен ерен ерлер аз емес. Кең даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабалар жайлы білгенімізден де білмегеніміз көп. Елбасымыздың еске салып отырғаны да осы. Ерлер есімін ұрпақ білу керек. Елдіктің, ерліктің өнегесі өшпейді. Ерлер есімі ұрпақ жадында мәңгілік сақталады. 

Оның бір жарқын мысалы жерінің асты қазына, үсті ырысты Жезқазған қаласында қазақтың Кетбұқасының еңселі ескерткішінің ашылуы дер едік. Ескерткіш Жезқазған қаласындағы «Қазақстың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің тапсырысы бойынша жасалды. Ескерткішті жасаушы авторлық топтың басшысы жезқазғандық шебер О.Секеманов. Мүсінші – А.Нартов. Сәулетші – О.Хлынов. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10,5 метр. Ескерткіш қаланың қақ ортасындағы Сейфуллин бақжолының басында, қаланың қақ төрінде қасқайып тұр. Ескерткішті ашуға қалың қауым көп жиналды.
«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі көп жұмыс атқарды. Бірлестік төрағасы Төлеген Нұрмағамбетұлы Бүкіров Кетбұқа туралы жан-жақты зерттеуді еліміздегі танымал ғалымдармен бірлесе отырып жүргізуге қол жеткізді. Кетбұқа туралы бірнеше тарихи, әдеби шығармалар жарық көрді. Сахнада Кетбұқа бейнесі көрінді. Ақын жырлары баба рухына арналды. Елдің зиялы қауым өкілдері қазақтың Кетбұқасы жайлы бар білген-жиғанын ортаға салып, ұрпаққа ұлттың үлгі алатын ұлы тұлғасының жарқын бейнесін жасауға бір кісідей атсалысты. Осының нәтижесінде Кетбұқа бейнесі жаңарып, жасарып, жанымызға жақын тартып оралды.
Жалпы осындай үлкен игі шараны атқарудың өзі бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісі деп айтуымыз керек. Шынын айтсақ, дәл осындай ескерткіштерді бұрын кеңестік кезеңде мұндай бірлестіктер, жеке адамдар орнатады дегенді көрмек түгілі, естідік пе? Ал бүгін тәуелсіз елдің ұландары батыр бабасының атын ұлықтап, ат үстіндегі бейнесін қаланың қақ төріне орнатты. Қаражатты да ел азаматтары өз қалталарынан шығарды. Ұйымшылдықтың үлгісі осы жерде көрінді. Ұйымдастыра білудің де үлкен өнер екеніне көз жетті. Тамшыдан көл тұрады дегендей қалың елдің қолдауы Кетбұқаны көтеріп кетті. Осының алдында Кетбұқаның мәңгілік мекен тапқан Айн-джалут жерінен әкелінген топырақ Жошыхан мазарының жоғары жағынан арнайы орынға қойылды. Онда «Айн-джалут жерінде жатқан Кетбұқа бабамыздың дене топырағы қойылған» деген жазу тұр. Осының өзі іргелі елдің өткенін ұмытпай, ұрпағына берген аманатты айғақтап тұрғандай. Әрине, Жошы мазарының қасына Кетбұқаға қойылған белгінің орналасуы бекер емес. Атақты Шыңғыс ханның алдында «Ақсақ құландай» күй тартқан Кетбұқаның осал емес екені белгілі. Саралап келсек, қазақ күйінің бастауы да осы «Ақсақ құланда» жатқандай. Демек, Кетбұқа күй атасы деп айтсақ қателеспейміз. Бес қаруы бойында тұрған батырлығы бір бөлек. «Ел мен жерін көздің қарашығындай сақтайық» деп жырлаған ақындығы және бар. Шешендігі, жыраулығы, көреген көріпкелдігі өз алдына зерттеуді қажет ететін дара тақырыптың бірі. Түркі жұртының тұтастығын ойлаған ойшылдығы кім-кімге де өнеге. Сары даладағы, Сарыарқадағы қалың елін, қазағын қимай-қимай сағыныштың сазын шертіп, «Сағындым» деп күй шерткен Кетбұқа баба енді елімен бірге мәңгілікке қауышты. Кетбұқа бізбен енді мәңгілік бірге деп сөз алғандар батыл айтты. Ол шынында да солай.
Ескерткіштің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошанов, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқару кеңесінің бас директоры Бахтияр Қырықпышев және басқалар ел азаматтарына алғыс айтып, Елбасы мақаласының ел тарихын жасау­да жаңа белеске жол ашқанына ерекше тоқталды. Әр жердің өз тарихы, өз тарауы бар. Қазақтың Кетбұқасына арналған ескерткіш тұтас елдің тұғырының биік, туының жоғары желбірей берерін тағы бір дәлелдеп бергендей. Тәуелсіз елдің төрінде тұрған қазақтың Кетбұқасы барда, осындай ерлерін еске алатын ұрпағы барда келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын екені сөзсіз.

Батырбек Мырзабеков,
«Қазақ газеттерінің» Қарағанды облысындағы өкілі
Жезқазған




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *