Біләл ЮЖЕЛ, тілтанушы, профессор: Шағатайтануға жаңаша көзқарас керек

Қазақ халқы ежелден бері ілгерінді-кейінді сан түрлі жазу үлгілерін қолданып келгенін көзі қарақты оқырмандар мен тілші ғалымдар жақсы біледі. Ол көне жазуларда біздің тарихымыз, мәдениетіміз, дүниетанымымыз бедерленген. Есте жоқ ескі замандардағы байырғы жазулар әр уақытта ғалымдар назарын өзіне аударып келгені белгілі. Осындай зерттеулердің нәтижесінде сонау Күлтегін жазбаларындағы мұраларымыз қайта оралды. Бұл орайда өзге де көне жазуларды зерттеу ісі жалғасын тауып келеді.

Солардың ішінде Еуразия даласын алып жатқан туыстас түркі тілдес халықтар арасында ортақ қолданылған һәм қыруар тарихи оқиғалар мен жазба әдеби мұраларын естелікке алған жазу – шағатай жазуы деуімізге болады.
Осы орайда шағатай тілін зерттеп, көптеген еңбектер жазған белгілі ғалым, профессор Біләл Южел мыр­замен сұхбаттасудың сәті түсті.
Біләл Южел – Түрік республикасы Сивас қаласындағы Жүмһүриет университеті әдебиет факультетінің профессоры. Тарихи түрік тілі (хорезм, қыпшақ, шағатай) және ескі анадолы, осман, сондай-ақ қазіргі түрік тілі бағы­тында көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері бар. Мақалалары мен тұжырымдары халықаралық ғылыми конференциялардың жи­нақ­тарында жарияланған. Танымал тілтанушымен «Ғылым ордасы» Орталық кітап­ханасы (кітап­хана меңгерушісі – Қарлығаш Қаймақбаева, Сирек кітаптар, қолжаз­ба­лар және ұлттық әдебиет бөлімінің басшысы – Гүлшат Абикова), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факуль­теті (деканы – Ықтияр Палтөре) және Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сына қарасты имам­дардың білімін жетілдіру институты (директоры – Кенжеәлі Мырзабаев) бірлесіп, осы үш меке­менің ұсынысымен Алма­тыға келген са­парында жүздесіп, әңгі­мелескен едік.
– Шағатай тілін зерттеуіңізге не түрткі болды?
– Анкарада университетте оқып жүрген кезімде оқытушым бірнеше мәтінді оқуды тапсырды. Бастапқыда мәтіндерді оқуда әбден қиналдым. Ежіктеп оқып жүріп, біраз дүниені қарап шықтым. Кейін соның нәтижесінде бабалар тарихына қанықтым, көкірек көзім ашылғандай болып, көне жазбаларға деген қызығушылығым арта түсті.
– Шағатай тілімен жазылған қандай еңбектерді, жазбаларды зерттедіңіз?
– Шағатайша жазылған еңбек­терден негізінен Түркияда жарық көрген Бабырдың қолжазбаларын, Лүтфи диуанын зерттедім. Кейін докторантурада оқыған кезімде Бабыр шығармаларына ден қойдым. Әсіресе Бабырдың «Диуанын» айрықша атап өтуге болады. Әлемде Бабырдың «Диуани» атты шығармасының бес нұсқасы ғана сақталған екен. Біреуі Францияда, үшеуі Стамбулда, енді бірі Үндістанда сақталған. Осы бес нұсқасын салыстыра отырып зерт­тедім, нәтижесін арнайы кітап етіп шы­ғардым. Кейін Бабырдың «Рисәл-и-аууалдия» атты шағын аудармасын зерттедім. Шығарманың авторы – Қожа Убәйдулла Аһрари, түпнұсқасы парсы тілінде жазылған. Оны Бабыр кейін шағатайшаға аударған екен. Бұл – Тасаувуф (сопылық ілім) жайында жазылған ең көрнекті шығармалар­дың бірі. Зерттеу нәтижесі алдағы уақытта жарық көрмекші. Сонымен қатар Әлішер Науайдың еңбектерін де зерттеп, конференцияларда баяндама жасадым.

– «Шыңғыснамаға» тиесілі 60-70 жаз­баның ішінде төртеуін тауып, зерттеген екенсіз. Қай жазбаларды зерттедіңіз? Олар қай жерде сақталған?
– Қазақстанда шағатай тіліне қатысты ғы­лыми семинар ұйымдастырмақ болған­мын. Осы ниет «Шыңғыснаманы» қолға алуыма түрткі болды. Бұдан бұрын Түркияға ғылыми сапармен келген Зубейде Шадкам мен Гүлшат Абикова ханымдармен кездесіп, сөйлесіп едім. Сонда ол кісілер Қазақ еліне келіп, шағатай тілі бойынша семинар өткізу туралы өтініш айтқан. Мен келісімімді берген едім. Көп кешікпей Қазақстанда ғылыми конференция ұйымдастырылып, сонда шақырылдым. Өзім үшін салмағы ауыр, аса маңызды ғылыми талқыға «Шыңғыснама» туралы ғылыми баяндама дайындадым. Турасын айтқанда, «Шыңғыснаманы» қолға алуыма Қазақстанға келсем деген ұмтылысым себепкер болды. Қазірге дейін «Шыңғыснаманың» төрт нұсқасын ғана таптым. Ғылыми зерттеуім осы төрт нұсқаның негізінде болды. Басқа нұсқаларын таба алмадым. Ерекше атап өткім келетіні – Орталық ғылыми кітапханадағы нұсқада емле ерекшеліктері айқын сақталған. Мәселен, «Шыңғыс» сөзі «Шын ғыз» түрінде жазылған екен. Жазылуындағы, таңбалануындағы ерекшеліктер айрықша қызықтырды. Сонымен қатар Түркияда басылған Өтеміс қажының нұсқасын, Петербург нұсқасы мен Лондон нұсқаларын салыстыра отырып зерттедім.
– «Шағатай тілі» деген тіл жоқ, ол – әдеби жазба тіл, яғни «шағатай тілі» дегеннен гөрі «шағатай жазуы» деген дұрыс» дейтін зерт­теушілер бар. Осы пікірге қалай қарайсыз?
– «Шағатай тілі» деген терминді шетелдік түркітанушылар қойған. «Шағатайлықтар» деген сөзді алғаш рет Әлішер Науаи қолданған. Бірақ ғалым «шағатай тілі» деген атауды қолданбаған. Оны батыс түркітанушылары айналымға енгізіп жіберген. Көктүрікше, көне ұйғырша, Қарахани, Хорезмше дегеніміз сияқты «шағатай тілі», «шағатай әдебиеті» деген атауларды батыс түркологтары ғылыми айналымға енгізді. Мәселен, «Хорезм тілі», «Хорезм әдебиеті» деген атау бар. Ал «Хорезм ұлты» деген атау бар ма? «Қараханлылар» дейміз, ол да сондай. Шағатай – Шыңғыс ханның екінші ұлының аты. Бір адамның аты бір ұлттың атауы бола алмайды ғой. «Шағатай халқы» деп жүргеніміз – қарлұқ­тар, қыпшақтар, Орталық Азиядағы түркілер. Олар күнделікті өмірде өз тілінде, тілдік мәнерімен сөйлегенмен, жазуда ғұламалар, ғалымдар, ұлы тұлғалар ақындар қалып­тастырған жазба тіл нормаларын пай­да­ланған. Уақыт өте келе бұл үрдіс жазба әдеби тілдің ортақ нормасына айналған.
– Таза шағатай тілінде жазылған тарихи туын­дылардың ішінен қайсысын ерекше атар едіңіз?
– Мен «Бабырнама», «Диуани» сияқты көне шығармаларды оқыдым. Соның ішінде ерекше қызыққаным – естелік түрінде хатқа түскен «Бабырнама» туындысы. Естелік жазушы адам әр оқиғаға объективті түрде қарай алмаса, тарихшылар оны дәйек ретінде пайдалана алмайды. Оны өзіңіз де білесіз. Дегенмен, әлем әдебиетінің тарихында адамзаттың ортақ қазынасына айналған екі естелік кітабы бар. Соның бірі, әрі бірегейі – осы Бабырдың естеліктері. Енді бірі – Цезардың естелігі. Екеуі де естеліктерінде дұрысын да, бұрысын да, артықшылықты да, кемшілікті де бүкпесіз жеткізген. Сол себепті өте құнды. «Бабырнамада» ғұлама көрген-білген жерінің табиғатын, жағрапиясын, мәдениетін, сәулет өнерін, көркем өнерін түгел құнттап, егжей-тегжейлі хатқа түсірген. Естеліктен жеке адамның тұрмысы туралы да, қаймана жұрттың күй-жайы хақында да мол деректер табауға болады. Осы орайда Әлішер Науаидың еңбектерін де айрықша атап өткім келеді. Ғұлама өз дәуіріндегі лауазымды тұлғалардың бірі болған. Ел басына күн туған қиын кезеңдерде Науаи Үсейин Байқараның (бұл кісі де ақын болған, шығармалары бар) уәзірі болған. Сөйтіп жүріп, 28-ден астам кесек туынды жазған. Бүгінгі тілмен айтқанда, бір елде Премьер-министр бола жүріп, сол дәуірдің өзінде осынша мол мұра қалдырғанына таңданбай тұра алмайсыз. Бабыр бар-жоғы 48 жыл ғұмыр кешкен. 12 жасында елден ауады. Ауғанстанда билік құрып, кейін ата-бабасы ат ізін салмаған, жат жер, жат елде, аса ірі мемлекет – Үндістанда Бабыр қағанатын құрды. Сол Бабырдың ұрпақтары ағылшындар келгенге дейін 300 жылға жуық Үндістанды билеген. Біз мұндай тұлғаларымызды мақтан етуіміз керек. Орталық Азиядан шыққан мәртебелі екі тұлғаға құрметім шексіз. Өзім осы кісілердің ізі қалған жерлерде туып-өспесем де, шығармалары негізінде Түркияда көптеген зерттеулер жүргіздім. Аса ғажап, қуатты адамдардың өз қолымен жазған ерекше еңбектерін түпнұсқадан оқу – адамға шексіз қуаныш, бақыт сыйлайды. Үлкен жауапкершілікті де сезіндіреді.
– Өзіңіз зерттеген шағатай жазбала­рының ішінде қай жанрдағы шығармалар басымырақ екен?
– Бұл жағрапиялық аумақта өлең жазу дағдысы біршама кең таралған. Ол дәуірде лауазымды қызмет иелері, уәзірлерден бастап әдебиетке жаны жақын адамдар апта сайын не ай сайын бас қосып, рухани талқы жасап тұрған екен. Талқыда түрлі өлеңдер оқылып, өлеңнің құрылысы, көркемдігі, мазмұны талданған. Мұндай талқылар тұрақты түрде өткізіліп, дағдыға айналған. Сол кезеңде өлең жазатын қыздар да көп болған. Қолға түскен жазбалар негізінде әдеби шығармалардың ішінде поэзия жанрындағы еңбектер көп екенін айтуға болады. Яғни бұл дәуірде өлең жазу дәстүрі өте кең таралған.
– Шағатай жазбаларының сөздік құрамы бүгінгі таңдағы қай түркі халықтарына жақын келеді? Қай халықта көбірек сақталған?
– Шағатай тілі қазіргі кезде өзбек тілінде көбірек сақталған. Одан кейін Шығыс Түркістандағы жаңа ұйғырларда (көне ұйғыр емес) біршама сақталған. Қазақ, қырғыз тілдерінде де сақталған. Бірақ дыбыстық ерекшелігі жағынан бүгінгі қазақ-қырғыз тілдеріне бейімделіп кеткен. Бұған қарап, «шағатайша» дегеніміз – өзбек тілі екен» деген жаңсақ пікір тумауы керек. Шағатай әдеби тілі Орталық Азиядағы қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, қарашай-балқар, түрікмендердің ортақ мұрасы саналады. Әр өңірлерде тілдік айырмашылықтар сақталғанмен, жазу үлгісінде бірыңғай шағатайша норманы ұстанған.
– Шағатай тілінің зерттелуі қай елде қарқын алып келеді? Зерттелуі көңіл көн­шітерлік пе?
– Әлбетте, бүгінгі таңда шағатайтану, шағатайша мәтіндерді зерттеу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Түркияда Әлішер Науаи бастаған классиктердің еңбектері зерттелуде. Алайда әлі күнге дейін сөздігі басылып шықпады. Өзбекстанда Науаи Күллияттың 10 томдық еңбегі, Науаидың басқа да шығармалары жарық көрді. Үрімшіде, Бейжіңде де осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Олар шағатайшаға, Науаиға қатысты он шақты кітап басып шығарыпты. Түркия жағрапиялық аумақтан шалғай орналасқанын білесіздер. Сол себепті аталмыш шығармалар Түркиядағы ағайындарға жете бермейді. Шағатайша еңбектердің қолжазба нұсқалары Еуропада көп, Орталық Азияда сақталған көне қолжазбалармен енді-енді танысып жатырмыз. Осы орайда шағатайтану, қыпшақтануға қатысты семинар сабақтардың көбеюін, түркілердің батыс тармағы саналған Османлы, Селжұққа қатысты ғылыми сабақтардың жүргізілуін, оны зерттейтін жас мамандардың қатары артып, арамыздағы туысқандық байланыс жалғаса беруін тілеймін. Сонда туыстас халықтар арасында бір-біріміз туралы тарихи танымымыз орнығады. Бұл – «бәріміз бір тілге үстемдік беріп, соның аясында болайық» дегенім емес, бір-бірімізді дұрыс түсінуімізге, жақын болуымызға, тарихи және мәдени жазба мұраларымызды бірлесіп зерттеуімізге, ортақ ғылыми-танымдық басқосуларды көптеп ұйымдастыруымызға мүмкіндік берер еді. Алдағы уақытта ортақ жазба мұраларды зерттеуде осы семинар сияқты маңызды іс-шараларды мемлекет тарапынан қолдау табуын, ғылым-білім ордаларында зерттеу аясының кеңейе түсуінен үлкен үміт күтемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әділет АХМЕТҰЛЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *