Баспанаға қатысты тұрақты сөз тіркестері

Қазақтың ерте заманнан келе жатқан жылжымалы баспанасы киіз үй, ағаш үй, отау үй, тіпті жай ғана үй деп аталса, киіз үйден кейін шыққан тұрақты баспанасы да үй деп аталып келеді. Киіз үйді әркім өзі жасап ала бермеген. Киіз үйдің сүйегін (уық, кереге, шаңырақ, есік) жасап, оларды құрастырып беретін, осы іске маманданған адамдарды үйші дейді. Ал балшықтан, кірпіштен үй соғатын адамдарды ұста деп атаса, ағаштан қиып, үй борайтын (құрастыратын) шеберлерді балташы деп атау қалыптасқан. Себебі мұндай ұсталар ағаштан үй салуда балтаны көп қолданған. Міне, осындай шеберлердің қолынан шыққан жылжымалы және тұрақты баспанаға, үйге және оның құрамдас бөліктеріне байланысты қалыптасқан фразеологизмдер тілімізде жетерлік. 

Үйге қатысты туындаған кейбір фразеологизмдер «еркек», «әйел» ұғымдарын білдіру үшін қолданылғаны мынадай тіл деректерінде сақталған. Мысалы, ер адамдарға байланысты ертеректе үйі сынық, үй сынық фразалары қолданылған. Бұл фраза «әйелі қайтыс болған еркек» ұғымында жұмсалған. Қазақтағы «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген мақал отбасының, шаңырақтың ұйытқысы болған әйелдің қаза болуы үлкен бақытсыздық екенін білдіреді. Егер біреудің қызын осындай үйі сынық адам айттырса, оны қыз жағы кемсіту деп түсініп, намыстанатын болған. Қазіргі қазақ тілінің аймақтық лексикасында бұл фраза Қостанай өңірі қазақтары мен Ресейде тұратын қандастарымыздың тілінде сақталған.
Әдетте, қызға байланысты «тұрмыс құрды» ұлға байланысты «үйленді» деп айтылатын сөздерді әркім-ақ біледі. Ұлдың үйленуін ата-бабаларымыз үйі түсті деген бейнелі сөз орамымен білдірген. Шаңырақ көтерді фразасы осы ұғымда жиірек қолданылады. Ер адамға байланысты «құлаған шаңырағын қайта көтерді» фразеологизмі «қайтадан отау тігіп, өз алдына түтін түтетті» деген мағынаны білдіреді. Мысалы: Көз көрген кісілер Еламанның құлаған шаңырағын қайта көтеріп, өз алдына үй боп жатқанына мәз.
Ер азамат ұғымына қатысты қолданылатын ендігі бір фразаның бірі – отау үй. Халық тілінде отау үй деп ержеткен баланың үйленіп, өз алдына бөлек тұрып жатқан үйін айтатын болған. Ал отау сөзінің әйелге қатысты да қолданыс тапқандығы келіннің отауы, келіннің отау үйі, кіші отау тіркестерінен байқалады.
Қазақ тілінде «қыз», «әйел» ұғымдарын қамтитын фразеологизмдер бар. Мысалы, оң жақтың қызығын көрді деген фразаны алайық. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде киіз үй ішіндегі кеңістік оң жақ және сол жақ деп бөлінген. Оң жақ пен сол жақтың тұрмыста өзіндік этномәдени сипаты болған. Оң жақ ер адамға, сол жақ әйелдерге арналған. Бұл бөлініс көшпелі түркі халықтарында қатаң сақталған. Қалыптасқан тәртіп бойынша сол жақта әйелдер атқаратын жұмыстарға қатысты бұйымдар тұрса, оң жақта еркектерге қатысты заттар қыран құс, тазы, т.б. орналасқан. Ерекше жағдайда болмаса, бұл орындар ауыстырылмаған.
Қазақ тұрмысында үйлер үлкен үй, кіші үй тәрізді бейнелі сөз орамдарымен ажыратылып айтылған. Бұл фразалар жай ғана үйдің көлемін білдіру үшін айтыла салмағаны анық. Үлкен үй деп ата, әже отырған үйді атаған. Мұның екінші бір мағынасы – «бәйбіше отырған үй». Қазақ әдетінде тоқал отырған үйді кіші үй деп атау қалыптасқан. Зерттеуші Е.Жанпейісов М.Әуезов шығармаларында қолданылған кішілік сөзі туралы айта келіп, оның «әйел» мағынасындағы кіші және -лік аффиксінен пайда болғанын көрсетеді. Зерттеуші осы атауға байланысты Алмажан Азаматқызының «Жетім қыз» поэмасынан мынадай мысал келтіреді: Нарындағы тоғыз би біздерді келіп алдаған. Төрежан сынды сәбиді есігіне құл қылып, қызметіне салуға, Алмажан сынды байбақты кішілікке алуға. Қысқасы, кішілік «әйелдікке алуға ұйғарылған қыз» дегенді білдірген. Біздің ойымызша, кіші үй фразасы осы «әйел» ұғымымен байланысты сияқты.
Қазақ тілінде қолөнермен байланысты қалыптасқан фразеологизмдерде «әйел» ұғымы осы айтылғандармен шектелмейді. Айталық, «жұбай» ұғымында – үй жолдас «үй-жайға, шаруаға басшылық, иелік ететін әйелді», үй кісісі «күйеуге шығып, қайтып келген қызды», біреудің босағасын аттаған, есік көрген тәрізді түрде бейнелеп айтқан. Шығыс Қазақстан аймағында «үй иесінің әйелі, бәйбішесі» дегенді білдіретін үйкісі сөзі бір кездері жиі қолданылған екен.
Адамның қимыл әрекетін, психологиялық сипатын білдіретін бір алуан сөз орамдары да шығу төркіні жағынан баспана мен оның құрам-құрылымына барып саяды. Мысалы, жан терезесі шыдамау – «тағат таппау, шыдамның шегіне жетуі», үйді басына көтерді – «даурығып кетті», үйкүшік – 1) «үйден шықпайтын үнемі үйде жүретін кісі», 2) «итаршы» деген мағынада, үйінен ит жаланып шықпайды – «барып тұрған сараң, ешкімге түк бермейтін адам», бақан тірес, ит тартыс – «бақастық», кең қолтық, кең есік – «бауырмал, кең пейіл адам», босағасын паналады – «үйіне тығылды, бас сауғалады, күн көрді», босағасын тоздырды – «қайта-қайта келді, келгіштей берді», босағасын солқылдатты – «күш көрсетті, қиратып кете жаздады», босағасын шапты – «шаңырағын ортасына түсірді, жауласты», есігі ашық – «қонақжай, кең пейілді, дастарханы жаюлы», есігі тар – «пейілі тар, сараң үй», есігінде жүрді – «біреудің босағасында қызмет етті», есіктегі басы төрге жетті – «елеусіз адамның беделі өсті, мерейі үстем болды», есігінің алдына кетірді – «дегенін істетті, бас идірді», есігі ойран, төрі талқан болды – «шаңырағы ортасына түсті, тас-талқаны шықты», есіктен шықса тесіктен, тесіктен кетсе есіктен келді – «мұнан кіріп, одан шықты, су жұқпас қу», есігін ашпады – «хабарласпады, келмеді».
Мұндай фразеологизмдердің арасында «өлшем» мәнін білдіретіндері де бар: есік пен төрдей – «бір аттам жер, таяқ тастам жер, тіпті жақын жер», кереге бойлы – «ұзын, керегенің ұзындығындай»: Кереге бойлы кер жылан, Керсеңдемей кел, жылан! (Қазақ бақсы-балгерлері. Алматы: Ана тілі, 1993. 207 б.), керегеден шығарып жіберді – «итше қуып жіберді, керегеге таңылды» (ұятқа қалған кісі туралы), керегесін керту – «керегесін кескілеп, ойран салу», уығын қадасып, шаңырағын көтерісті – «ортақ іске белсене қатысты, жәрдемдесті».
Отау үй түркі халықтарында ақ киізбен жабылып, ою-өрнектерінің айқын да әсемділігін ғана емес, үйге тігілген жалаумен де ерекшеленген. Жалпы, отау сөзі ақ сөзімен тіркесіп айтылады, басқа түстермен тіркеспейді. Мысалы: Айдалада ақ отау аузы мұрны жоқ отау (жұмбақ). Отауға жалау қадап қою дәстүрі ноғайларда ұзағырақ сақталған. Олар отау үйге ерекше белгі ретінде киіз жалау қадап, оны түңлік деп атаған. Жалауды лентамен (түңлікбау), шашақпен әшекейлеген. Жалау қалыңдықтың осы үйде тұратындығының белгісі болған.
Киіз үйді тігу ісі еркек пен әйел өмірінің бас­талуымен, жасампаздық, жаңа өмірдің басталуы, өсіп-өркендеу актісімен теңестіріледі, осы екі әрекет ұқсастырылады.
Бақан сөзі түркі тілдерінде әртүрлі нұсқада кездеседі. Ол үй шаңырағын көтеру, түндікті ашу, босанатын әйелге тірек, демеу қызметтерін атқарған. Бақанды әйел босанарда үйдің оң жағына, кіре берістен біраз алысырақ орнатады. Бақаннан керегеге дейін аттың жүгенін босанатын әйелдің қолтығынан өтетін етіп тартып байлайды. Босанатын әйел осыған сүйенеді. Ал қырғыздарда ошақтың оң жағына тізерлеп отырып, отқа бетін беріп, бақаннан қос қолдап ұстайды. Мұнда әйел-ана құдайы Ұмай анаға табынудың ізі жатқанын көреміз. Кейбір түркі халықтарының дәстүрлі дүниетанымында үйге тіреу ретінде қойылатын бақанның аруақ иесі болады, ол сол үйдің ішінде өмір сүреді деген түсінік бұрын көптеген түркі халықтарында орын алған тәрізді.
Алтыбақан аталатын әткеншектің шығуы да зерттеушілердің пікірінше, жастардың бір-бірімен танысып, көңіл көтеруімен байланысты. Алтыбақан – үш-үштен бақандыбасын түйістіріп байлап, әткеншекке тірек ретінде қойылған бақан. Олардың ортасына арқан байланады.
Қазақ салтында бақанды жерге тастауға тыйым салынған, оны тек тік қалпында ұстау керек немесе іліп қоюға болады. Бақаннан аттауға да болмайды. Ел ішінде «Бақан аттаған байымайды» деген сөз сақталып қалған. Мұндай тыйымдар әсіресе әйелдердің екіқабат кезінде қатаң сақталған. Іштегі баланың кіндігі оралып қалмасын деп, аяғы ауыр әйелдер ешқашан бақаннан аттамаған. Көбею, өсіп-өну идеясына байланысты осындай тыйым салынады, олай болмағанда еркек белінен (еркектік күшінен) айырылады деп түсінген. Бақан үйлену тойына байланысты рәсімдерде де қолданылады. Құда түсу кезінде ойын үстінде құдаларды бақанмен түртеді, оны күйеу жігіттің қалыңдығы отырған үйге кірер кезінде есік алдына көлденең қояды. Бақан бірдеңеден аттап өтудің, кедергіден өтудің, ол үшін төлем төлеудің нышаны ретінде қолданылады. Бақан аттар – «қыз үйіне кірер жолда кедергі болып тұрған бақанды алып қою үшін төленетін төлем». Бақан салымдық отау – «үйдің түндігін ашқаны үшін әйелдерге берілетін сыйлық». Мұны кейде бақан салды деп те атайды.
Қазақ салтында және бүкіл түрік-моңғол халықтарында дерлік жас жұбайларға арналған отау үйді қыздың ата-анасы, туған-туыстары, төркіні жасаған. Бірақ киіз үй есігінің босағасын, шаңырақты қыз ауылындағы ұзату салтанатына күйеу жігіт алып келетін болған.
Ертеректе түркі халықтарында киіз үйде ата-баба рухы, аруақ өмір сүреді, келіп-кетіп тұрады, үй сүйектерінің, бөлшектерінің де иесі болады деген түсінік болған. Үй тігудің алдында табалдырық түсетін жерге әкеліп садақаға қой сою, әйел босанғанда баланың жолдасын босаға жанына көму, т.б. осының нышаны болса керек. Қарақалпақ халықтарында уықты сары маймен майлау, керегеге қызыл бұрыш, пияз, тұз, адыраспан іліп қою әдеті де осы үйдегілердің жақсы өмір сүру үшін бәле-жаладан, тіл-көзден сақтау шарасы деп танылған. Қазақта да «дәмін татып көрсін, тілеулес болып тұрсын» деген ниетпен сары маймен керегені майлау әдеті орын алған.
«Босағама ақтық байла» деген фраза да аруақтарды құрметтеу ұғымымен байланысты шыққан. Аруақ тілеулес болып тұрады деп, үлкендердің кеңесі бойынша екіқабат әйел аруағын сыйлайтын үлкен үйдің уығына шүберек байлап, садақаға мал әкелетін болған. Аруақты сыйлаудың бір белгісі – киіз үйге кіргенде келіннің үйде ешкім болмаса да бір тізесін бүгіп сәлем беруі. Бұл ырым «үйге сәлем беру» деп аталады.
Үйге кіргенде адамдар бірінен кейін бірі кіруі керек. Біреулердің табалдырықтан бір мезгілде қабаттаса аттауы айып саналған, өйткені мұндай жағдай тек жерлеу ғұрпында ғана рұқсат етілген.
«Босағаға сүйенбе, босағада тұрма, жетім боласың!» деген тыйым бар. Ол да өлім хабарын білдіретін кейбір әрекеттерге байланысты сияқты. Осыған байланысты Ш.Уәлиханов мынандай дерек келтірген: «Егер адам жорықта қаза болса, жасақ ауылға жақындағанда, «ой бауырымдап өлген адамның үйіне қарай ат қояды, мылтық атып жолдарындағы ағаш т.б өсімдіктерді найзамен түйреп, қылышпен шабады, сондай-ақ өлік шығатын үйдің босағасын шапқылайды». Ал босағасын шапты тіркесі жаудың әрекетін, қара күшті сипаттайды. Киіз үй сүйегінің мықтылығын, амандығын, үзігінің, туырлығының бүтіндігін сипаттайтын босағасы берік фразеологизмі қазақта отбасының, рудың бақытты, тату-тәтті «бауыры бүтін» болып, қызықты өмір сүріп жатқанын білдіреді. Осылай өмір сүрсін деген ниетпен «босағаң берік болсын!» деп тілек айтады.

Закира ЕРЖАНОВА,
Шымкент әлеуметтік-
педагогикалық университетінің 
аға оқытушысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *