Қазақстан – зайырлы мемлекет

1028

Елбасы Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Серікбай қажы Оразды Қазақстанның Бас мүфтиі лауазымына сайлануымен құттықтады.

– Мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Сізді осындай жоғары лауазымға сай­лануыңызбен құттықтау үшін ша­қырдым. Тәуелсіздіктің арқасында дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздың дінін ұстану мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет тарапынан кез келген азаматтың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін бар­лық жағдай жасалды, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде мемлекет ерекше рөл атқаратынын айтты. «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Министрлік дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ. Министрлік дін саласында тәртіп орнатып, дін жолындағы адамдар бір-бірінің құқығын бұзбауын қамтамасыз ету үшін құрылған» деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен биылғы сәуірдегі кездесуіне тоқталып, онда сананы жаңғыртып, еліміздің тарихи және рухани байлығын сақтау қажеттігі талқыланғанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы радикалды діни ағымдарды ұстанушы­лармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударып, дәстүрлі ханафи мазхабының қағида­ларын түсіндіру үшін Құран мен хадис­терді білетін білікті имамдарды тарту қажеттігіне мән берді. «Мешіттерге сән үшін баратындар да бар, шалбарының балақтарын қысқартып, сақал қойған діндарлар бар. Солардың бәріне ислам дінінің негізін түсіндіру керек» деді Қазақстан Президенті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікбай қажы Ораз еліміздегі діни білім беру мәселесін талқылады.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатының отырысына қатысып, депутаттардың алдында сөз сөйледі. Президент еліміздегі құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін жаңғырту үде­рісіне тоқталып, бұл жүйеде кадрлық өзге­рістер жасаудың қажеттілігін атап өтті.
– Игорь Рогов зейнет жасына жетті. Заңнамаға сәйкес ол атқарып отырған қызметінен босатылды. Сіңірген еңбегі мен атқарған жемісті жұмысы үшін оған алғыс айтамын. Конституциялық Кеңестің Төрағасы болып Қайрат Әбдіразақұлы Мәми тағайындалды, – деді Елбасы.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Қайрат Мәмиді Жоғарғы Сот Төрағасы лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізіп, бұл қызметке Жақып Асановтың кандидатурасын ұсынды. Елбасы өз сөзінде бұл кездейсоқ таңдау емес екенін, біз жаңа заңның қабылдануына байланысты сот-құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың келесі кезеңіне қадам басқанымызды айрықша атап өтті.
– Сондықтан сот органдарының жаңа басшысы оны тиімді әрі жылдам іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Нәтижесінде Қазақстандағы сот төрелігі неғұрлым дамыған әрі әділетті болуы тиіс. Жақып Асановтың кандидатурасы осы жоғары талаптарға толық сай келеді деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті Жоғарғы Сот Төрағасы лауазымына ұсынылған кандидаттың жеке қасиеттері мен кәсіби машықтарын атап өтті, сондай-ақ Қайрат Мәмиге еліміздің сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор лауазымына Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасын Парламент Сенатына келісу үшін ұсынды.
– Ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Басшылық қызметтегі және прокуратура органдарындағы тәжірибесі мол. Оның Бас прокурор лауазымына ауысуына байланысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Алик Шпекбаев тағайындалады, – деді Мемлекет басшысы.
Парламент Сенатының депутаттары ашық дауыс беру арқылы Қ.Мәмиді Жоғарғы Сот Төрағасы лауазымынан босату және осы қызметке Ж.Асановты тағайындау туралы қаулы қабылдап, Қ.Қожамжаровтың кандидатурасын Бас прокурор лауазымына тағайындауға келісім берді.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің сот және құқық қорғау жүйе­сінде сапалы әрі уақтылы реформалар жүргізудің маңыздылығына тағы да назар аударды. Өйткені сот және құқық қорғау жүйесіндегі сапалы қызметке көп мәселелер байланысты екені анық. Жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелі әрі уақтылы жүзеге асырылуы да осы саладағы іс-шаралардың тиімділігіне байланысты екені сөзсіз.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Астана қаласына көшуінің 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.
Қазақстан Президенті Астананың іргесін қалауға алғашқы болып атсалыс­қан азаматтармен кездесті. Мемлекет бас­шысы ЭКСПО конгресс-орталығы ғимаратында елорданың Астана қаласына көшуінің 20 жылдығына арналған «Президент және Астана» атты фо­то­көр­мені аралап көрді. Елбасы фотокөрме жұ­­мысымен танысқан соң, осы мерекеге ар­налған отандық және шетелдік эстрада жұл­дыз­дарының салтанатты концертін тамашалады.
Бұл орайда айта кетерлік жайт, Астана мерейі – ел мерейі екені баршаға аян. Қазақстанды бүгінде барша әлем әсем сәулетті Астанасы арқылы танып біледі. Елордада маңызды халықаралық алқалы жиындар мен шаралар өткізіліп келеді. Ел дамуына ерекше серпін берген бас қаламыз жылдан-жылға көркейіп, қа­натын кеңге жайып, еліміздің өзге аймақтарының гүлдене дамуына негіз болуда. Астанамыздың 20 жылдығы – халқымыз үшін айтулы мереке болғалы тұр.

Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *