Туған елдей ел болмас…

577

Астана қаласындағы  «Астана» концерт залында Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен VIII Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» және XIV Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен гала-концерті өтті.

VIII Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурс отандық композиторлар мен драматургтердің, ақындардың шығармашылығын қолдау, ұлттық опера, балет және музыка саласының бәсекелестігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
«Тәуелсіздік толғауы» конкурсының басты мақсаты – заман талабына сай драма­лық және музыкалық шығармалардың жа­зылуына жол ашу, отандық авторларды қолдау, республика театрлары мен концерттік ұйымдар репертуарларын көркемдік деңгейі жоғары жаңа туындылармен толықтыру, өнер туындылары арқылы ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Мәдениет және өнердің көрнекті қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы аталым жеңімпаздарын төмендегі талапкерлерге байланысты іріктеді: тақырыптық бағытқа сай келуі, жоғары көркемдік деңгейі, тақырыпты ашудағы өзінділігі, автордың шығармашылық даралығы және шеберлігі, шығарманың көркемдік баян етілуі. Бәйгеде бағы жанғандар реті төмендегідей болды.
VIII Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурсы «Алаш Орда қозғалысының 100 жылдығына арналған Алаш зиялыларының еңбегі мен ерлігін айшықтайтын ірі немесе кіші көлемді ең үздік музыкалық шығарма» (симфониялық, камералық және халық аспаптар оркестрлеріне, хор мен балет) аталымы бойынша: I орын – «Мән Һаят» шығармасы үшін Хабибулла Сетековке, II орын – «Пробуждение» шығармасы үшін Ильяс Ходжабековке, II орын – «Алаштың асыл ұлдары» туындысы үшін Марат Ильясовқа берілді. Жүлделі ІІІ орын Әли Алпысбаев, Альберт Әлмағанбетов және Айбек Бекбосыновқа табыс етілді.
Театрларға арналған отбасылық құндылықтарды айшықтайтын ең үздік пьеса (музыкалық-драмалық, музыкалық комедия) аталымы бойынша I орын – «Ешкімде кінәлі емес» шығармасы үшін Роза Мұқановаға берілді. II орын – «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» туындысы лайық деп танылды. Авторы – Жолтай Әлмашұлы. «Туған күніңізбен» туындысы үшін Әлішер Айтуарға ІІІ орынның марапаты табыс етілді.
Қуыршақ театрларына арналған ең үздік драмалық шығарма аталымы бойынша: «Сиқырлы шапан» (авторы Мәдина Төле), «Ерке лақ» (авторы Тілеуғазы Бейсембек) шығармалары жүлделі орындарға ие болды. «Ең үздік қолөнер туындысы» аталымында «Ереулі атқа ер салмай» (авторы Берік Бейісбеков), «Жайлау» (авторы Күлжай Хусман), «Найза, Үш жүз» (авторы Мадияр Жапабаев) шығармалары үздіктер қатарынан көрінді.
XIV Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауының «Алаш арыстары» аталымы бойынша жүлделі орындар Дмитрий Останьковичке, Серікжан Әбдінұровқа, Әліби Әбдінұровқа бұйырды. Ал «Ән сал, сарбаз» аталымында «Ұлы дала сарбазы», «Қолда, Алла, жігітті», «Танкішілер маршы» туындылары дара шыққанын айта кеткеніміз жөн. «Тәуелсіз елдің ұланы» аталымы бойынша Жәнібек Нұрбекұлының сөзіне жазылған «Ауыл мен қала», Тұрғын Досмағанбетовтың сөзіне жазылған «Шексіз алғыс сіздерге», «Әліби Әбдінұровтың сөзіне жазылған «Ала доп» шығармасы өзгелерден оқ бойы озық шықты.
Байқаудың жеңімпаздары дип­ломдар мен ақшалай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ Астана қаласы мемлекеттік филармониясы симфониялық және халық аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен жеңімпаз атанған туындылардың тұсаукесері өтті.

Әлия ЕРІКҚЫЗЫ
Астана




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *