Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

788

Біз үшін ең үлкен ұлттық мереке — Тәуелсіздік күні. Себебі біздің мемлекеттік мереке болып саналатын – Ата заң күні де, Рәміздер мерекесі де, Ұлттық валюта күні де егемендік алмасақ тойланбайтын еді. Сол үшін Тәуелсіздік – теңдессіз, ең асыл байлығымыз. Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бұрын оны сақтап тұру қиын», — деген болатын. Біз Көшбасшымыздың осы сөзін өз ұстанымымыз ретінде қабылдауымыз керек.

Әрбір қазақ азаматы мен азаматшасы еліміздің егемендігі тұрақты болып, кең байтақ жеріміздің көркейіп, өркендеуі үшін ат салысуы қажет. Біз осы мақсатта Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәнінің оқытушысы Смағұлов Сабырхан ағайдың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз» атты шағын кеш өткіздік. Концерт әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығы, тарих, археология және этнология факультеті жатақханасының акт залында 10-желтоқсан күні болып өтті. Кешіміздің басты мақсаты студенттер мен жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, бостандыққа қол жеткізу жолындағы талай қанды-соғыс оқиғаларды,  тәуелсіздік жолында ажал құшқан қаһармандарымызды өскелең ұрпаққа үлгі ету болатын. Іс-шараға Смағұлов Сабырхан ағайдан тәлім алып жатқан ғылыми-тарих мамандығының үшінші курс студенттері қонақ болып келді. Кешімізді ағайдың өзі ашып берген болатын. Одан соң, 1-курс студенттері осы тақырыпта газетке жариялаған мақалаларын, өздері жасаған баяндамаларын оқыды. Өлеңге жаны құмар кей студенттеріміз ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің қошеметіне ие болды. Соның ішінде Ерзат Өркен есімді жас ақын, студент өзі шығарған өлеңін ұйып отырған тыңдармандарға тарту етті. Концерт барысында Желтоқсан көтерілісі туралы көп айтылды. Себебі Желтоқсан оқиғасының зардаптары мен шындығын, ауыр көріністерін, Желтоқсан батырларының күйінішітері мен қайғысын көрерменге жеткізу алға қойылған міндет болатын.  Бостандықтың ақ таңын қарсы алу үшін, еркіндіктің тәтті екенін ұрпақтарға жеткізу үшін Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова сынды қазақтың талай батыр ұл-қыздары жанын пида етті. Осы орайда Эдилова Сабина есімді студент Л.Асанованың ақ парақтарға жазып, қалдырып кеткен хатын тауып, монологын оқыды. Досекеш Тұрар мен Тұрмаханбетов Бекнұр «Желтоқсан желі» әнін бірі айтып, бірі домбырамен сүйемелдеп, Желтоқсан деп жабырқаған жүректерді бір тебірентті. Осы студенттердің өнерлері өте әсерлі шыққандығы көрермен қошеметі мен әнді бірге қосыла шырқауынан да анық байқалды. Тәуелсіздікке арналған концерт Ғинаятова Анжела мен Нәдірхан Айымның патриоттық ән шырқауымен өз мәресіне жетеді деп ойластырылған.  Алайда, ынтымағы жарасқан, бірлігі берік 1-курс студенттері «жұп болсын» деп мәдени кешті «Бір үйдің баласындай» әнімен аяқтады.

         Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісіне арналған мәдени кеш қонақтар мен көрермендердің көңілінен шықты. Олар жылы лебіздері мен пікірлерін білдіріп, 1-курс студенттеріне алғысын айтты.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы

Амина ҚАЙПБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

филология және әлем тілдері факультетінің 1- курс студенті

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *