КӨКБӨРІ РУХТЫ СУРЕТКЕР

27

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ – жазушы, Қазақстан респуб­­ли­касының мәдениет қайраткері. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Астана қаласындағы өкілі.

Асқар Алтай!
Бұл есімнің бүгінгі қазақ әдебиетінде өзіне ылайық орнын ойып алғаны рас. Көзі қарақты оқырман оның әр шығармасын асыға күтеді. Солай болуы заңды да! Өйткені, Асқар Алтай қазақтың шұрайлы тіліне жөргегінен жарыған жазушы. Алтайдың әйгілі Марқакөл өңірінде бес мыңнан жеті мыңға дейін алалы жылқы біткен Шонжырбай бай – Асқар Алтайдың арғы атасы. Одан – Жылқышы, Жылқышыдан – Алпысбай, Алпысбайдан – Құмар. Алпысбай атақты Шәкәрімнің ұлы Зиятпен дос болған, Шығыс Түркістан республикасы басшыларының бірі Сәліспен Семейде бірге оқыған. Арғы бетте генерал Мажунин дүңген көтерілісіне басшылық еткенде, оған қазақтар да қатысқан. Алпысбай ел басына күн туғанда, әкесі Жылқышыдан қалған бес жүзден астам қылқұйрықтан көтеріліске қатысқан қазақ жігіттеріне қосарлап ат та мінгізген. Ал, Құмар Мәскеу төңірегіндегі атақты Диверсиялық барлау мектебінің Шығыс барлау бөлімін (1936-1942 ж.) бітірген. Сонда жүріп, советтің барлаушылық қатал тәжірибесінен өтіп, қытай, моңғол, тибет, ұйғыр, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, еркін жазған. 1942 жылы генерал Дәлелхан Сүгірбаевтың кеңесшісі болып, Совет одағынан Зайсан шекарасы арқылы Шығыс Түркістанға енгізілген. Ол тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрысып, Алтай аймақтық Сақшы бастығы қызметіне тағайындалады. 1951 жылы Оспан батыр ұсталғаннан кейін, Құмарды қызметінен алып, Кеңес одағының ұйғаруымен Пекин Заң университетіне білімін көтеруге жібереді. Ол сол кездегі қазақтар арасында жоғары білімді заңгер азаматтардың санаулыларының бірі еді.
Құмар Алпысбайұлы Мағжанның «Батыр Баянын», Жүсіпбектің «Ақбілегін» әңгімелеп отыратын. «Алтайда ел нары екен қалың найман, Қытайға қалың найман қанат жайған» деп әкесінің әнге қоса ыңылдап айтқан сөздері Асқардың құлағында бала шағынан қалып қойған. Ол Шәкәрімнің көптеген өлеңдерін білетін, көп сөйлемейтін. Ал, сөйлеп кетсе, сөздің майын тамызатын. Асқардың өз анасы Меңке де сөзге ұста адам еді.
Асқар алғаш әкесінен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» өлеңін естіген. Құмар аға домбыра шертпейтін. Бірақ, өлеңді ыңылдап айтатын. «Отанды құтқару» деген Мәскеуден берілетін атақты радио толқыны болды. Түнгі сағат он бірден соң, сол радио желісін тыңдап, жалындаған жастық жылдарын еске алып, Шығыс Түркістанның азаттық жолында шейіт кеткен жолдастарын айтқанда, көзінен жас парлап отыратын.
Асқармен КазПИ-де бірге оқыған Жетпісбай досы екеуі ХХ ғасыр ба­сындағы әдебиеттен дәріс беретін Төкен Әбдірахманов ұстазынан Мағжан мен Шәкәрім туралы сұраған кезде, Төкең екеуін оңаша алып шығып:
– Әй, сендер мені соттатқалы жүр­сіңдер ме? Бұдан былай ондай әңгімені естімейтін болайын деп, – ауыздарына қақпақ қойған, – оны қайдан біліп жүрсіңдер?
– Мен әкемнен естідім, – деген Асқар.
Асқардың балалық шағы өте бай һәм құнарлы болды деуге толық негіз бар. Алты, жеті жасына дейін көп адамды көрген жоқ, қалың жылқы мен малды көрді. Құдды суретпен сызып қойғандай, қыл қаламның да құдіреті жетпейтін сұлу Алтайдай арда табиғаттың ортасында өсті. Өз көзімен көрген жабайы аң-құс, жан-жануарлар, бала Асқарды рухани түлетті. Бала кезінен бөрі мен бөлтірік аулауға, бұғы мен аю атуға аңшы Қауқай, Буратай, Нұрғали қариялармен, әкесі Құмармен бірге барып жүрді. Сондықтан да, оның шығармаларында аңшылық туралы оқиғалар жиі ұшырасады. Шынайылығымен, тылсымдығымен оқырманын тамсандырады. Ал, мамыр айында Алтайдың алқызыл мо­дағайлары кес-кестеп, қып-қызыл өрттей болып қарсы алған кезде өзі де түсінбейді, жан-дүниесі астаң-кестең болып кететін. Сондай таңғажайып сәттерді басынан кешірді.
Асқардың алғашқы жазған туындысы – «Құла құнан». Төрт-бес беттік шағын әңгіме. Ондағы оқиға өмірде болған. Ағасы асау құнанды үйретіп, Семейдегі оқуына кетіп қалады. Асқар құла құнанды мініп жүреді. Кейін аяғына жем түсіп, етке өткізіледі. Құнанның қабырғалары дала тағысы зебра сияқты тарғыл болатын. Құла құнанға шығарған өлеңі де бар.
Құла құнан дегенде, құла құнан,
Қиығы бар мінер жақ құлағынан.
Шапқанда, шабысы кем бе еді оның,
Желдей ескен даланың құланынан.
Бұл әңгіме оныншы сыныпты бітіріп, КазПИ-ге оқуға түсуге дайындалып жүр­генде жазылды. Бүгінге дейін ешқайда басылған жоқ. Сол күйі үстел тартпасында жатыр.
Асқар аса сезімтал, әсершіл болып өсті. Сыныбындағы Сәуле есімді қызға бірінші кластан ғашық еді. Содан, ойланып, тол­ғанып, «Біз әлі кездесеміз» деген роман жазбақ болды. Оншақты беті жазылды да. Бірнеше тарауға бөлді. Кейіпкерлерін айқындады. Бірақ, сол қалпы қалып қойды.

***
Асқардың студент кезінде жазған алғашқы көлемді шығармасы – «Қызыл бөлтірік» повесінің алатын орны айрықша. Ол осы хикаятымен-ақ әде­биет әлеміне нық басып енді.
Бала жаны еліккіш, бала қиялы ұшқыр. Он екі жасар Архаттың Бал әжесінен естіген ертегісінен соң, бала қиялына қызыл бөлтірік берік орнады. Бөлтірік атаулы сұр болса, бала қиялындағы құрғыр қызыл. Бал әжейдің Қызыл бөлтірік туралы аңыз-әңгімесі ойдан шығарылмаған. Түбінде негіз бар. Міне, бала мен атасы аңға шықпақшы. Қуанышында шек жоқ. Қуанбағанда ше! Қиялындағы қызыл бөлтірікті көреді. Оған бала бек сенімді.
Бала көзімен берілген көркем Алтайдың көріністері ғажап! Сұлу табиғат шалқыған көңілін тербейді әлдилеп. Іштей түлейді Архат.
Кәрия сүйікті немересінің алғашқы аңшылықтан құр қол қайтпауын ойлап, небір қиындықтарға жолығып, тау-тасты аралап жүріп, бөлтірікті тауып береді. Алайда, қатты ауырып, далада қайтыс болады. Онсыз да дімкәс өкпе мен сырқат қолқа ақыры алып тынды. Бала атасынан да, әзер қолына түскен қызыл бөлтірігінен де айрылып, атасының мәйітін ауылына алып келе жатады.
Ауыр мұңмен аяқталатын хикаят соңында кейіпкерді күліп атқан, кіршіксіз таң қарсы алғаны суреттелген. Тылсым табиғат түлеген. Ол баланың асқақ арманы! Жас жүрегіне қаяу түскеніне қарамастан мойымаған қайсар рухы!

***
А.Алтайдың тұңғыш жинағы «Қыр мен қала хикаяларына» (1998 ж) енген «Қара бура», «Қаладағы құтпандар» хикаяттары жазылу формасы соны, тұщымды туындылар.
«Қара бура» хикаятындағы қара бура – символ. Қара бура – қазақтың езіп-жаншылған, сорлаған, қорланған рухы! Жиырмасыншы ғасырда қазақ халқы басынан нені өткермеді?! Тепкіні де, теперішті де, аштықты да, қуғынды да көрді. Орыс отаршыларының езгісіне көніп, ылажсыз мойын ұсынып, айдаған қойша жүре берді. Қазақты жер бетінен жою үшін, қаңғыртып жіберу үшін «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сайқал саясат желеуімен әуелі алдындағы азды-көпті малын тартып алды. Ал малдан айрылған бейшара халық бас сауғалап, быт-шыты шығып шекара асты. Аштан қынадай қырылды. Бұл апалаң-топалаңға қазақтың өз ішінен шыққан жандайшап, жағымпаз, сатқын, тайғанақ адамдар да барынша үлес қосты.
Хикаят басында ашу-ызадан қаны қарайған қара бура аязды ақпанда өз жолымен келе жатқан автобустың алдына шөгіп, кесе-көлденең жатып алады. Қыларыңды қылып ал дегендей өркөкірек. Анда-санда ақ көбіктенген аузын аша азынайды-ай кеп. Өйткені, екі аяқтыларға кекті! Басқа ноқта, санға шідер, аяққа тұсау салатындар осылар деген ойға бе­рік бекінген. Ал, жылжытып көр батыр болсаң. Автобус жүргізушісі шыж-быж. Бензинім таусылуға тақау, моторды сөндірсем қатып қаламыз, сөндірмесем жанар-май таусылады дейді ышқынып. Осы кезде жолаушылардың арасындағы қара бураның иесі – Ескендір шалдың немересі Ұлбосын нәзік қолдарымен қант ұсынады. Қара бура «Меңсіз Қара» деген нәзік дауысты бота күнінде көп естіген. Кейіннен сол нәзік дауысты жоғалтып алып сағынып жүрген. Ұлбосынның созған алақанына мойнын иген бура танауынан буы бұрқырай жұп-жұмсақ ернін тигізе бір тал кесек қантты ептілікпен іліп алды. Одан соң қыз екі уыстай қантты тас жолдың арғы бетіне қарай көрсете шашып жіберді. Қара бураның тіліне тәтті дәм үйіріліп, солай қарай беттегенде, салон толы жолаушылар да «уһ» десіп, автобус орнынан қозғалады.
Екі аяқтыларға қанша қаһарлы, өш болса да мейірімге зәру бураның Ұл­босын қыз ұсынған қантты жеп, жүрегі елжіреп қоя берді. Қазақ та сондай халық! Қайтпас қайсар, табанды болғанымен жеме-жемге келгенде, жан-дүниесі нә­зік, кең, кешірімшіл, аяғыш, еліккіш. Сол аяғыштығы, сол кеңшілдігі, сол кеші­рімділігі, сол көнбістігі өз басына соққы-таяқ болып тигенін, тоз-тозы шыға жаздай барып аман қалғаны тарихтан мәлім.
Түйеші Ескендірдің көрмеген құқайы жоқ. Неше жерден намысқой, қайсар, табанды, рухы мықты болғанымен, жал­ғыздың аты – жалғыз! Ауданнан келген шолақ белсенді өкілдің: «Ендігі күш-көлік – трактор, машина, комбайн. Түйе мен жылқының күні өтті, көзін құртамыз олар­дың» дегеніне илікпегені үшін өкілдің қасындағы жас жігіттер Ескендірдің қол-аяғын қыл арқанмен шандып, байлап, төрт жүзден астам келені мылтықпен жайратып салады. Онымен де қоймай, кейіннен жапон мен қытайдың шпионы деген айып тағып, он үш жылға кесті. Содан, 1951 жылы бірақ оралды. Автор Ескендір тағдыры арқылы 20 ғасырдағы қазақ тағдырын айтып отыр.
Басқа ұлт тіліне, мәдениетіне әбден бейімделген, соған әдеттенген, өз ана тілінде сөйлеуге намыстанатын, өз ұлтын жек көретін нигилист, дүбәрә қазақтар бүгін де бар және жеткілікті. «Қара бура» – ұлттық намысты қамшылайтын, ес жиғызатын һәм қазақтың өткенін ғана емес, бүгінгі кескін-келбетін де қанын сорғалатып көрсетуімен құнды шығарма.
Төл әдебиетімізде ит-құс, жан-жануар­лар туралы шығармалар баршылық. Ойымызға алдымен түсетіні, М.Әуезовтің «Көк­серек», М.Мағауиннің «Тазының өлімі», С.Шаймерденовтің «Ит ашуы» сынды повестері. Ал, А.Алтайдың «Қаладағы құтпандар» өзгеше дүние.
Хикаятта қаладағы қаңғыбас бес ит – алпамсадай Ала төбет, қара овчарка – Тік құлақ, сүліктей Сары тазы, қоспа қанден – Торшолақ, сүйріктей қаншық – Ақ қанденнің кезбе тірлігі қамтылған. Иттердің көзімен кәрі анасын тастап кеткен қайырсыз ұрпақтары, маскүнем еркек, нашақор қыз-жігіттердің адамгершіліктен аттаған, қоғамға жат, лас, жиіркенішті кейіп-кескіндерін көріп, төбе шашыңыз тік тұрады. Күшік кездерінде ол иттердің өз иелері, мекен-тұрақтары болған. Кейіннен әртүрлі себеппен далада қалып, кезбелік өмірге көшкен. Қазақта жеті қазынаның бірі саналатын иттердің мұндай аянышты халге тап болуына, әлбетте олардың иелері, екі аяқты адамдар кінәлі. Жазушы иттердің тағылық тірліктерін жеріне жеткізе бейнелеген. Көз алдыңызға елестетіп, сурет салған. Қаладағы қоғам келбетін бес ит көзімен суреттеп шыққан.
Желтоқсанның ақырған аязынан аш иттер бүрсең қағады. Түн сабылып жортып келеді. Іздегендері қу құлқын қамы. Топ басында тік құлақ – овчарка. Өзгелері соңында. Иттер қала сыртындағы ауыл тектес жатаған тамды үйлерді бетке алған. Кенет алдағы Тік құлақ терезелері үңірейген, өртенген үйді көріп сілейіп тұрып қалған. Ит жазбай таныды. Күшік кезінен көзіне ыстық мекен. Бірақ, қожайыны жоқ. Өртеніп кеткен ғой. Өртеңнің ішінен ештеңе таппаған өзге иттер тайып отырды. Тік құлақ қалып қойды. Иесінің өзін мәпелеген сәттері елестеп үнсіз жылады…
Хикаят соңында құндақтаулы сәбиді көтерген қыз жөргектегі нәрестені аял­дамаға әкеліп тастайды. Артында қалып бара жатқан тастанды сәбиге бұрылып, көз салған да жоқ. Не деген тас жүрек жан.
Аяздан бүрсеңдеп тоңған, аштықтан бұралған иттердің ортасында – қорғансыз сәби. Құтпандардың көздері қарауытып әлі қырқынан да шықпаған періште-сәбиді жәукемдемек. Сол үшін де бірімен-бірі таласты. Абырой болғанда, аяқастынан бір топ қыз-жігіт келе қалып, тастанды бала тірі қалды!
Жоғарыдағы екі хикаятта да төгілген тілмен бірге жан тебірентер тағдырлар, өмірдің ащы ақиқаты бар.

***
Асқар әңгіме жанрының шебері. Бұған жазушының «Казино» жинағына (2008) енген әңгімелері айғақ. Оның әрбір әңгімесінің мәні мен мазмұны бір-біріне ұқсамайды. Оқыс оқиғалар көкірегі ояу адамды селк еткізері хақ.
Жинақтың беташары – «Казиноны» бей-жай отырып оқи алмайсыз.
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат… ештеңе жат емес екен. Ал, мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ…» деп басталған әңгімеден астаң-кестең, маламатан, былық тірлікке кезігесіз! Астанадағы генерал – «кэнбешниктің» қырықтан асқан баласы Жошының тамағы тоқ, көйлегі көк. Баратын жері Казино. Бар мақсаты, сұңғақ та сұлу Есілаймен кездесу, нәпсі-шайтанның құмарын басу. Жошы бұрын үйленген, сәби де сүйген, неге екені белгісіз, әйел затына деген суық, жат сезім бар бойында. Сол сезім ажырастырып та жіберді. Ол әрекетіне титтей өкінген жоқ. Тіпті бауыр еті – баласына да суып кеткен. Міне, қырықтан асты. Алды – тұман, арты – қараң.
Жошы болмысында қатыгездік мол. Бақсақ, қатыгездіктің дәмін еккен әке-шешесі екен. Әлде төрт, әлде бес жасында бір-біріне пышақ ала жүгіргенде, бала тұңғыш рет қызыл қанды көріп шошынған. Жігіт ағасының имандылықтан білетіні – Бісіміллә Рахман Рахым. Одан өзгенің бәрі нәпсі қалауы. Істеп жүрген тірлігі – арақ ішу, құмар ойыны, зинақорлық – бәрі-бәрі күнәлі істер. Астанадағы әкесінің де шекесінің «шылқығаны» шамалы. Әлдебір жас қызға «бұт артып» (шешесінің айтуынша), сәбилі болуымен өзімен-өзі әуре. Жошының сапалақ тұлғамен сұхбаттасуы, шайтанның ісі. Өйткені: «Алланы еске алудан кімде-кім бас тартса, біз оның соңына шайтанды салып қоямыз, шайтан оны азғырып, мәңгі бірге жүреді», – дейді қасиетті Құран Кәрім ( «Зуһруф» сүресі», 37 аят).
Жаратылысында Жошы жаман жігіт емес. Күнәлі, жиіркенішті іс-әрекетін саналы түрде істегенмен, оған өзі қатты өкінеді. Нәпсі-шайтанның арбауына шырмалғанымен, одан шығудың жолын білмейді.
Жошы, Жошының әкесі сынды адамдар өмір сүрген қоғамның барар жері – құрдым! Апат! Ақиқатында, қай адам, қай қоғам болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді. Өйткені, өмір бірыңғай шуақты емес. Қатыгездіктен де тұрады. Жарық жалғанды жалпағынан басып, ойға келгенін істеп жүргендер аз ба? Жер бетіндегі бүгінгі былықтар мен қырғи-қабақ соғыстар, түрлі-түрлі табиғи апаттар мен катаклизмдерге кінәлі адамдар!
Сол үшін адам баласы өзін-өзі жақ­сы жаққа өзгертуі керек! Парақор­лық­тан, жағымпаздықтан, мақ­тан­гер­шіліктен, қызғаныштан, көре алмау­шылықтан, тойымсыздықтан, тыраштанудан, еліктеуден, арақ-шараптан, ысырапқорлықтан т.б. толып жатқан жа­ғымсыз істерден!..
Жинақтағы Асқар Алтайға тән стиль: оқырманды бірден баурап, жетелейтін шұрайлы тіл, шиыршық атқан оқиға мен оқырманға салар ой, дәл қойылған тақырып мен мұндалап тұрады. Қараңыз: «Казино», «Салбурын», «Сібір офицері», «Көзімнің қарасы», «Қабірші», «Балақ бау», «Шың», «Дода», «Дық», «Оба жылғы сауық», «Мар», «Мең-зең», «Кентавр», «Лайбаран» т.б.
Әсілі сәтімен қойылған тақырып, шығарма шырайын ашып қана қоймайды, сол туындының табиғатынан, желісінен хабардар етері рас.
Түбі омбылық, аға лейтенант, офицер Бурахан Булатов әскери қызметіне адал еді («Сібір офицері»). 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы ой-санасын ғана емес, жан дүниесін де астаң-кестең етті. Желтоқсаншыларды ауыздықтауға, басып-жаншуға арнаулы әскери құрамнан іріктелген екі жүз жауынгермен бірге Новосібір қаласынан келген жиырма шақты офицер қатарында Бурахан да болды. Бұйрық қатал. Талқыға түспес. Арыс­танша арпалысып жүрген өз қандас бауырлары екендігін естен шығарып алған ол, қыздарды шаштан сүйреп, жігіттерді жағадан алып, жан алғыш жендетке айналды. Қолы қанға малынды. Бір кезде жас офицерге оқыстан: «Осы мен не істеп жүрмін?» деген ой келді. Ұлттық намысы оянды. Алғашқы кездегідей емес, арыны бәсеңдеп, әлденені сылтауратып, тасаланып тығыла берді. Соны байқаған Станислав деген офицер: «Сен немене, қазақтарға жүрегің ауырып тұр ма? Ә, қазақтығың ойыңа түсті ме?» деп қыжырта тиіскен. Бурахан ол сөзді елемеуге тырысса да, жүрегі шаншып ауырды.
Новосібірге оралған соң да байыз таппай аласұрды Бурахан. Станиславтың: «Сен офицер емессің. Совет офицері атына кір келтірдің! Сен сатқынсың! Сен ұлтшылсың! …Тағы да айтам: және сен кещесің! Сен өз қатыныңның досың Михайлмен ойнас екенін білмейсің… О, сорлы!» – деген сөздері құлақ түбінде ызың­дап тұрып алды.
Апыр-ай, шынында солай екен-ау! Қазақ жастары жазықсыз қырылды. Оған өзі куә. Ол дегеніңіз отарлаушы елдің көпе-көрінеу қорлығы, басынуы емей немене?! Ал, үйленгеніне үш-ақ ай болған жан жары Александраның істеп жүргені анау! Жүрегі сезетін. Бірақ, айғағы жоқ-ты. Ер жігітке бұдан асқан қорлық бар ма? Абақты, кісенді қоғам зорлығын істеді. Аңқау офицер әмірлі биліктің құрбанына айналды. Кір шалған ар сотынан құтылар жалғыз жол – өлімді таңдады! «Офицер асылып өлмеу керек, атылып өлу керек» деген әзәзіл ой миын мүжіді. Офицер ғой. Қарудың серті бар! Барар жер, басар тауы қалмады! Ар-намысын – жанының садағасы етті!
«Сібір офицері» қатал әңгіме. Қатал болғанымен, ақиқат өмір шындығы.
«Салбурын» әңгімесінің тақырыбы тосын. Неге салбурын? Оқып көрелік. «Бұйырғынды бел ақбұйраттанып, Арқаның апай-топайы бітеу күртіктеп тастаған қаңтар басы еді. Күнгейдегі қалың шұбардан ығыстап шыққан көк бөрі күйлі болса да кәрі тақыс-ты, бірақ, құлан шабысты. Соңынан түсер қуғынды сезген ол қары жұмсақ қараған арасынан сытылып, теріскейге қарай тартқан.
Бел-белегір жоны – жұқа сере. Қозы жонға көтеріле соңына бұрыла қараған. Бірі ат, бірі моторлы шана мінген екеу шұбардың шетіне шығып, әлдеқалай аял құрыпты. Құйрығы қар сызған аң бөрібүлкекке салып, жөней берді. Беті – қиыстағы құла орман иірімі…»
Үш аңшы әскери тікұшақ ішінде. Олардың бірі – министрдің орынбасары Досай, екіншісі тең төраға Уәлихан, үшіншісі – бизнесмен Жарқын. Кәсіби аңшы болмағандарымен, әуесқойлықпен салбурын жасамақ. Алғашқы күні кәрі арланды атып, мәз болған жігіттер кеш қарая жұртта қалған бес-алты үйлі ауылда әуелі тас моншаға түсіп, соңынан соғымның сере қазысын кертіп жеп, кекірік атып сол үйде еру болады. Елірген жігіттер ертеңіне аңға қайыра шығады. Мінгендері белді көлік, екі «Джип». Недәуір уақыт қасқыр атаулы кезікпей қояды. Бір жерге тоқтап, түстеніп алармыз деп келе жатқанда алдарынан қос бөрі жөнеле бергені. Бірі – арлан, екіншісі – қаншық. Көп ұзамай қаншық қасқыр оққа ұшады да, арланның артына түседі аңшылар. Әбден елірген жігіттер мен аң серісінің арасындағы алапат жарыс басталды. Жылдамдық тілі сексенге тақады. Дала тағысы шабысқа шабыс қосты. Бірақ, құтылып кете алмайтынын, қуғыншылардың құтқармайтынын аңдады. Бірте-бірте шаршап, қос өкпесі қабына берді. Темір көліктердің де жылдамдықтары азайды. Қашып қайда барады деп тоқмейілсіген топ оқ шығарып атпай-ақ, әбден титықтағанша қуайық, қайтер екен десті. Қасқыр айласын асырды. Аранға қиялай әкеп, қабырғалай соқтырған. Аңшылар әупіріммен шығып қайыра қуып берді. Міне, дәл осы кезде күтпеген оқыс оқиға өрбіді. Көкбөрі машина жақын қалғанда төрттағандап кері шегінді де, «Джиптің» маңдай әйнегіне оқтай атылды!
Ал, саған салбурын! Ал, саған қызық! Әулекі, тойып секірген тоғышар топ тәубесіне келгендей…
«Көзімнің қарасы» әңгімесінің де идеясы керемет! Үйлену тойы үстінде Рамазан есімді жігіт ағасы өзге ұлт өкіліне күйеуге шықпақшы туған қызын дүйім жұрттың көзінше тапаншамен атып тастады. Астафираллаһ! Не деген қаталдық! Бірақ, қатал шешім болғанымен әке үкімі! Әке қарсылығы! Әңгіме басында «Әзірет-Әлі» кафесінде қызының дүңген жігітке тұрмысқа шығуына қарсы болған әке сөзін қаперіне ілмеген Самал.
«… – Көке! – деді Самал, – Мен оны сүйе­мін! – дауысы салмақпен зілді шық­ты. – Кешіріңіз! Маған басқа ешкімнің де керегі жоқ.
– «Көке» деме, – деді Рамазан ызғарлы үнмен. – Енді сенде «көке» де жоқ… «Әке» де жоқ. Көкектің жұмыртқасы…»
Кім ол Рамазан? Көп қазақтың бірі ме? Жоқ, бақсақ, кәрі Кавказды мекен қылған Рамазан, кешегі «бірінші Шешен соғысына» да, кейінгі «Шешен соғысы» тұсындағы соғысқа да қатысқан жан екен. Қызының үйлену тойына да Кавказдан келіп отыр. Бәсе, бәсе…
Әңгіме басталардағы зау биікте көк әлемнің көзіндей боп қалықтаған қара ноқат – қазақ рухы! Шұбартқан Алатау, мұнартқан Алматы қара баршын қанатының астында! Зау биіктегі қара баршын бейнесіндегі – қазақ рухы, салт-дәстүрден алыстаған, ажыраған, имансыздана бастаған ұрпағына аянышпен көз салады жүрегі парша-парша болып.
Қазақ қыздары бұрын бұратана ұлтқа күйеуге тиіп пе еді? Шықса да ілуде біреуі! Қазір ше? Қазір «модаға» айналған. Шүршіт пе, зәңгі ме, ағылшын ба бәрібір. Қызға қырық үйден тию, қала берді күңнен тию деген тәмсіл қайда?
«Көзімнің қарасы» бүгінгі күннің қаны сорғалаған шындығы! Намыс­ты оятар айқай! Жан айқайы! Жазушы айқайы! Япыр-ай, бүгінгі қазақ қызы ертеңгі ұрпағымыздың аналары емес пе? Қаймана біреуге шығып кете беретіндей көппіз бе?
Жинақта «Киллер сауысқан» (Көз­жендет) деген әңгіме бар.
Адам баласының ойлап таппайтыны жоқ. Қараш есімді шал сауысқанмен аң аулайды. Кәдімгі ала қанат сауысқанмен. Мұндай сойқанды тірлікті кімнен үйренген? Жас кезінде Памир тауларына дейін жылқы барымталап барған сапарында, әлде «сібір­лік», әлде «хансулық» Қосман есімді сайда сайғақсыз, құмды ізсіз біреуден үй­ренген «өнері» бұл. Кейіннен кемпірі өліп, жалғыз ұлы Қайрат қалаға қоныс аударып Қарқараның биіктерін жайлап жұртта жалғыз қалғанда, зеріккеннен бұл да сауысқанымен аң аулапты. Көз шұқуға әбден машыққан сауысқан жануардың жазықсыз жанарын ағызып жібереді. Жанарсыз қалған жануар қайда барсын? Омақасып, құлап өз-өзінен өлмей ме?!
«…Жебелеп ұшқан жендет сауысқан құсап жетпістің де желкесіне шығып еді. Сонда да, сауысқанмен саятшылық құруын тоқтатқан емес. Көзжендет те аң мен жануардың жанарын оюын қойған жоқ. Күні кеше көк бөрінің көзін оймады ма?! Басын жоймады ма көзжендет… Қайран көзжендетке өкпе жоқ. Иесі үшін арқар мен түлкі түгілі бөрі мен барысқа да түсіп еді ғой!..».
Кейінірек Қараш Алматының тап іргесіндегі Думан ауылына баласы мен екі немересі үшін көшіп келді. Сол кезде аяғы ауыр келіні босанып, көзсіз сәби туды. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай! Бұл Қараш шалдың обал-сауапты белден басып, күнаға белшеден батқан ісіне Алланың жазасы! Бірақ, оны мойындайтын Қараш жоқ! Ала қанат сумақай сауысқанға кінә тағады. Сол сусыл қанат сауысқан себепкер дейді өзін-өзі ақтап…
Ақиқатында Қараш – ауру адам! Сауыс­қанға кінә артқандай, рухани кем­бағалдығын, рухани көрсоқырлығын мойындамаудың өзі аурудың ісі емей, немене?! Ал соқыр адамдар жайлаған қоғам да соқыр һәм сырқат!
Бұл әңгіме жөнінде талантты әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке «Жас Алаш» газетінде (№ 31, 17 сәуір, 2008 жыл) «Соқыр қоғам, соқыр ұрпақ, соқыр…» деп аталатын мақаласында жан-жақты саралап, терең талдаған болатын. «Суреткер Асқар Алтай бір ғана әңгімесімен қазіргі қоғамымыздың сиық-сықпытын дөп әрі терең ашып көрсете алыпты, – дейді Ә. Меңдеке. – «Көзжендет» әңгімесінде айтылған «соқыр ұрпақ» (соқыр ұл, соқыр немере, соқыр шөбере), яғни ұлттық топы­рақтан ажыраған, ұлттық болмыстан алыстаған, ұлттың мүддесін білмейтін, ұлттың мұңын түсінбейтін ұрпақ бүгінгі күні билікті де жаулап алды. Ал, енді не қалды?.. Не қылдық?…»
Қарасаңыз, күн де, ай да, жұлдыздар да өз орнында. Алла тағала жаратқан он сегіз мың ғаламның артық-тыртығы болсашы! Раббымыз ұлан-ғайыр жерді жаратты. Оның бетіне таулар тұрғызып, өзендер ағызды. Түнді күнмен жалғастырды. Ой жіберген қауым үшін осының бәрінде белгілер, дәлелдер бар. Ал, жұмыр жердегі саналы саналатын адамдардың істегендері, көп жағдайда кереғарлық.
Аталмыш жинақтың аңдатпасында: «Абсурд әлем новеллалары» деп жа­зылған. Неге абсурд? Абсурд етіп отыр­­­ған кім сонда? Әрине адамдар. Тағы да қасиетті Құран-Кәрімге жүгі­нейік: «Анығында, Алла адам баласына қыл­дай қиянат жасамайды, тек адамдар өздеріне өздері қиянат жасайды» («Жүніс» сүресі, 44-аят).
Қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков «Казино» жинағындағы әңгімелер жайлы: «…Әдебиетімізге өз үнімен, өз тілімен, өз шындығымен ек­пінді, қарқынды қаламгер келді. Асқар­дың тілі бай, Алтай тауларының топырағындай құнарлы, шөбіндей шүйгін. Қазақ тілінің қаймағы бұзыл­маған, жал-құйрығы күзелмеген, бөгде сөзбен былғанбаған ортада ер жеткен жазушы екенін кітаптың әр бетін оқыған сайын біле түсесіз», – деп қалам тербепті ( «Қазақ әдебиеті» апталығы, № 52, 27.12. 2008 ж.).
Кітаптағы отыз әңгімеден қилы-қилы тағдырларды көресіз! Өкінесіз! Ойланасыз! Әсерленесіз! Ал, оқырманды ойлантқан, жан дүниесін ұйқы-тұйқы қылып қопарған – жазушы Асқар Алтайдың дара дарыны, қапысыз суреткерлігі.

***
Жазушының отыз жасында жазған «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) роман-мифі жайлы баспасөз бетінде көп жазылды. Романда үш-ақ кейіпкер – аңшы, аю, қыз. Аңшы мен аю қызға ғашық. Осы үш кейіпкердің жан толғанысы, тағдыры суреттеледі. Адамдармен бірге аюдың таң қаларлық тіршілігі мен психологиясы ашылады. Аю психологиясын шеберлікпен ашуы – жазушы танымының тереңдігіне тән. Белгілі ақын Сәкен Иманасов «Табиғаты бөлек, танымы терең» деген баға берсе, С.Қасқабасов, Б.Май­танов сияқты саңлақ ғалымдар атал­мыш романда мифопоэтикалық байырғы сарындар мен пост-модэрндік ізденістің молынан қолданылғанын зерттеу еңбектерінде жан-жақты талдаған. Ал «Қайың сауған ел ауған», «Ноқталы арман» деген атпен үзінді боп «Жұлдыз» журналында жарияланған көлемді романы туралы сөз басқа… Ол туралы кезінде Хамит Ерғалиев пен Хасен Оралтай, Мұхтар Мағауин мен Тұрсын Жұртбай бастап ауызекі пікірлерді бүгінде оқырманы айтып жүр.
Ендігі әңгімеміз Асқардың «Жұлдыз» журналында (№ 1, 2012 ж.) жарияланған су жаңа туындысы «Туажат» романы турасында.
Роман басталуының өзі оқыс, төтенше. Қыс. Сақылдаған сары аяздың шақылдап тұрғанына үшінші тәулік. Мұз құрсауындағы ерен Ертіс бойы да қаһарлы. Сөйтсек, он жеті жасар жігіт қызық қуып, желігіп шықпаған екен. Дала бөрілері нағашысының жалғыз атын жеп кетіпті. Соған кектенген Байбура мотошанаға мініп, бөрілерді қуып келеді. Қаншық қасқырды қуып жетіп, апаш-құпаш айқаса кетті. Азулы аң оңайлықпен беріле ме? Ақыры айлалы аңшы жас жігіт дегеніне жетті. Бөрінің жағы қарысып қалды. Саптама қонышынан білектей селебені суырып алған Байбура бөрінің артқы сирағы байлауын кесіп жіберді де, тірідей соя бастады. «…Ашуға бой алдырған Байбураның ызалы жүрегі мен долы қолы дегеніне жетті. Ол қаншық қасқырдың терісін аз ғана уақта сыпырып алды. Бас терісі мен тізеден төмен терісін, қызыл шақа бұтына қысқан құйрығын ғана өзінде қалдырды. Булыққан күйі ноқталаған капрон арқанды кесіп, сирақтарын да босатып жіберді.
Қызыл шақа тәнінің беті жыбыр-жыбыр ете тартып, ал, өзі былқ етпес­тен жатқан бөрі кенет сирақтарын серпіп-серпіп қалды. Ол оқыс орнынан тұрды, сең соққандай сенделіп кетті. Қатты аязда тоңазыған қызыл шақа тәнінен көтерілген аппақ бу өзімен бірге ерді. Бөрі шалма лақтырым жерге дейін буы бұрқырап, сенделіп барды да, сылқ құлап түсті…»
Не деген жанкештілік?! Терісі сыпы­рылған Көкбөрі. Көкбөрі болғанда Ана-бөрі. Біз жалпы түркілер, қазақтар, яғни, көшпенділер тотем бойынша Анабөріден тарадық дейміз. Қазір біз сол рухтан ай­рылғанбыз. Ол рухты өз қолымызбен өлтіргенбіз. Рухтың өлуіне жан-жақ­тағы империялар да себепші. Өткен ғасырлардағы жоңғарлардан кейін бір жағы Қытай, бір жағы Ресей рухымызды әлсіретуге алып келді. Аумалы-төкпелі сын сағаттарда, тағдыр не олай, не былай болып кетеді-ау деп тұрған кезде Алланың назары түседі. Біздің арамыздағы рухты адамдар оянады! Жекелеген тұлғалар рухты оятады! Өкініштісі сол, сол қайсар рухты біз ұмытқанбыз… Тіліміз де, діліміз де әлсіз, еліктеуші-солықтаушы ұлтқа айналдық. Ағылшын келсе ағылшынға, қытай келсе қытайға, орыс келсе орысқа еліктейміз.
Дәл бүгін қазақ терісі шала сыпырылған сол бөрі сияқты. Рухы да сондықтан шала. Шала рухты, тіпті, рухсыз, намыссыз жұртқа айналып бара жатқандаймыз. Жазушы осыны айтып тұр. Бір кездегі рухты ер мен бүгінгі рухсыз елді меңзеп отырғандай.
Романда Байбураның көрмеген құқайы жоқ. Ол да аса ауыр, қиын шақта амалын тауып құтылып кетеді. Алла құтқарады! Бойындағы бабалардан жалғасып келе жатқан, өзі де ұмыт қалдырған бөрілік рухы жебейді. Бірақ Байбура бойындағы өлмес рух қазақ халқының бойында әлсіреп кеткен. Ендігі уақытта әлсіреген рухты ояту керек. Қазақ бойындағы қайсар рухтың дымы құрыған! Өзінде сол қайсар рух бар екенін де халық ұмытқан.
Байбура мықты жігіт еді. Тағдыр оны 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына салды. Одан соң Ауғанстан соғысына қатысты. Аулына келгенде досы сатып кетті. Өзінің ішінде де жаны күйіп жатыр. Желтоқсан оқиғасы кезінде сүйген қызы Алқабегімнен айрылды. Ол қыжыл да бар. Сонда, Байбураны ұстап тұрған не? Ол – туған жері Алтайға деген сағынышы, туған жерге деген шексіз махаббаты, туған топы­рағымен сіңген текті рухы.
Жүрегі алып ұшқан Байбура Алтайға, кіндігі кесілген туған жеріне келе жатыр. Қысқа ғұмырдағы жүріп өткен жолдары – Алтай – Алматы – Ауғанстан – Кавказ – Алтай… Көзінен парлаған жасты жел іліп әкетті. Жазушы осы тұста Алтай табиғатын қандай шеберлікпен суреттеген:
«… Көздің жауын алып, аузыңды аңқита аштыратын Қатон-Қарағайдың сұлу табиғаты хас арудың тал мүсін, кербез кескінін елестетіп өтеді. Шыңғыстай ауылы тұсынан арша-шырша таласа өскен құлама қияға қарай мүйізін кесіп тастаған әлде бір кербұғы керіле шапты. Байбураның да көңілі көтеріліп сала берді.
…Көкпеңбек айдынды көл. Аумағы аламан бәйге шаптырым. Тұп-тұнық көл айдынына көлеңкесі шомылып Мұзтаудың тәкаппар шыңдары шайқалыссыз көлбейді. Бұған жақын етегінде екі бұлан көл кешіп, бір-бірін желкеден қасынып тұр. Жиектей созылған белеңнің бауырын жалдай жатқан қара жол тепсеңге орын тепкен орманшылардың үйіне барып тұйықталыпты. Ал көлдің арғы бетіндегі қысырдың жонындай бесік сауырлы, орманды таудан асып, аттың ері тектес қос қасы күміс жапқандай шоқылана көтерілген атақты Мұзтау шыңы асқақтайды. Оның ұлы сұлбасы көл бетін әрлеп, көз тұнар сұлулыққа суғарып, айдынға аққудай шомылады.
Ауғанстанның Гималай мен Гиндукуш, Кавказдың Эльбурс секілді әсем таулы жерлерін көрсе де, Қатонның Қаракөлі мен Мұзтауы, Күршімнің Марқакөлі мен Құзғындысы сияқты мінсіз сұлулықты Байбура кездестірген емес…»
Роман жарияланған соң, көп ұзамай «Жұлдыз» журналында (№ 6, 2012 ж.) Дулат Тұрантегінің «Туажат» романы хақында бірер сөз», «Қазақ әдебиеті» апталығында (№39,21.09.12ж) филология ғылымдарының кандидаты Айман Ментебаеваның «Туажаттың тылсым образы» деген атпен пікір-мақалалары шықты.
«Кез келген көркем туындының оқыр­манға ой салуы – оның көркемдік мін­дет­терінің бірі, – дейді А. Ментебаева. «Туажат» романы өзінің бұл міндетін жеріне жеткізе орындап шыққан. Туажат образына сай тылсым сырын да оқырман ой көзімен шолсын деп тереңіне жасырған… Себебі, бір оқығасын қайтып қолыңа алғың келмейтін, оқиғасы оқыған жеріңде-ақ ұмыт қалатын шығармалар көп. Ал, «Туажат» санаңда таңбаланып қалатын, қайта-қайта қайталап оқуға оралтатын рухты шығарма» десе, Д.Тұ­рантегі: «Романды оқып отырғанда бірден М.Шолоховтың «Адам тағдыры» хикая­ты еске түсе бастайды. Мұнда неміс басқыншы фашистеріне қарсы сұрапыл соғыста әбден сілікпесі шығып, небір сұмдық қорлықтарды бастан өткерген солдаттың тағдыры баяндалса, мына шығармада ұлт тәуелсіздігі жолындағы желтоқсан көтерілісінің басшылық тарапынан аяусыз жанышталуы мен сайқал саясаттың ықпалымен болған Ауған жеріндегі мәнсіз майданның құрбанына, мазағына айналған, азапқа түскен тағдыры суреттеледі».
Байбура неге туажат? Жат болатындай не жазды? Қан кешіп келген жігіт, өмірге, қоғамға жат! Бәріне жат! Ол туажат! Өзіне-өзі жат! Ол өзін-өзі жек көреді. Өйткені, істемегені жоқ. Кісі өлтірді. Қолы қанды. Жан дүниесі ылайлы. Міне, Туажат образы… Қайшылықты, қасіретті. Ал, өлімнің ұшында тұрған адамға қол ұшын беруге біздің қоғам дайын ба?!
«Алла тағала адам баласына қылдай қиянат жасамайды. Адамдар біріне-бірі қиянат жасайды!» Бұл қасиетті Құранның сөзі. Демек, Он сегіз мың ғаламның иесі өзі жаратқан құлына аса мейірімді! Рахымды! Ал, адамдар ше? Обыр, жалмауыз нәпсі не істемей жатыр?! Не істетпей жатыр?! Біз Байбура сынды қайсар рухты жігіттерден айрылдық.
Ауғанстан соғысы – ашылмай жатқан трагедия! Ауғанстан соғысы әлі жұмбақ. Алайда, сол Ауғанстан соғысы оған қатыс­қан қазақ жігіттерінің алмастай өткір рухты екендігін танытты.
Роман бір деммен оқылады. Кино көр­гендей күй кешесіз. Бұл жазушының шеберлігі.

***
Асқар Алтайдың кез-келген шығар­масында жадыңызда жаңғырып тұрар, үнемі үзілмейтін өршіл рух бар. Ол – бабаларымыздың Бөрі тотеміне табынған сонау заманнан келе жатқан – Көкбөрі рухы! Содан да болар, жазушы сомдаған кейіпкерлер шетінен қайсар, қайратты, намысқой, жігерлі.
Әдебиет тарихынан белгілі жәйт, талантты жазушы прозаның қай жанрында болмасын қамшы салдырмас, әмбебап болады! Мейлі әңгіме, мейлі повесть, мейлі роман жазса да! Асқар Алтай да сондай ерек талант иесі! Бұл сөзімізге оның бүгінге дейін жарық көрген шығармалары айғақ.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *