Мәжілісте «Нұр Отан» фракциясы «Нұрлы жердің»орындалу барысын қарады

147

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті, деп хабарлайды Kazgazeta.kz parlam.kz-ке сілтеме жасап.

Отырысқа Вице-спикер, «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының Жетекшісі Гүлмира Исимбаева төрағалық етіп, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асыру барысы туралы талқылап:

«Елбасы Н.Ә. Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оның ішінде қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге әрдайым көңіл бөліп келеді. Осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, көптеген қаражаттар бөлінді», — деді вице-спикер.

Іс-шараға Мәжіліс төрағасының орынбасары В. Божко, Мәжіліс депутаттары — «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшелері және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар, орталық атқарушы мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселесі бойынша Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының Фракциясы жанындағы «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссияның басшысы Б. Оспановтың баяндамасы тыңдалды.

Айта кету керек, Комиссия үнемі «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының іске асыру мәселесін өз отырыстарында қарап, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына талдау жүргізіп, қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жолдап келеді.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуші Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтері бойынша 2017 жылы тұрғын үй құрылысына 820,7 млрд.теңге инвестиция бөлінсе, оның 134 млрд.теңгесі мемлекеттік қаражат есебінен, пайдалануға 84 мыңнан артық пәтер және тұрғын үй немесе 9,6 млн. шаршы метр тұрғын үй берілген.

 Сонымен қатар, жүргізген талдау көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға, 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін коммуналдық тұрғын үй қорынан 17,5 мың пәтер бөлінген, ал кезек 255,7 мың адамнан 2017 жылы 458,4 мың адамға, яғни 2 есеге жуық өскен.

«Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшелерін өңірлер бойынша қаражат бөлу мәселесі, жобалық-сметалық құжаттардың сапасыз әзірленуі және жоспарлануы, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінде өткізбеуі, инженерлік коммуникациялар құрылысын бастаудың мерзімінің созылуы, үй құрылыс комбинаттарының қызметінің тиімсіздігі, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысына жауапты ИДМ-нің Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитеттің пәрменді бақылауының жоқтығы алаңдаушылығын туғызуда.

Жиналыс жұмысының барысында жоғарыда айталған мәселелерге «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға жауапты орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшыларынан қажетті жауап алу күтілуде. Отырыстың қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *