Мемлекет ешкімге тегін үй беруге міндетті емес – Назарбаев

197

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстандықтарға пәтерге қол жеткізуге көмектесетін бағдарламалар туралы айтып берді. Мұнымен қатар, Елбасы мемлекеттің басты мақсаты – халықты үймен емес, жұмыспен қамтамасыз ету екендігін тілге тиек етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй проблемасының барлық мемлекетте бар екенін айтып, елімізде бұл мәселенің туындауына не себеп болып отырғанын түсіндірді. Артынша елімізде пәтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін төрт бағдарламаның әрқайсысына тоқталып өтті.

«Тұрғын үй проблемасы барлық мемлекетте бар және әрдайым болатыны анық. Біздің мемлекетіміз урбанизацияландырылмаған. Халықтың 40%-ы ауылдық аймақта тұрса, ауыл үшін халықтың тек 20%-ы қызмет етіп жатыр. Оның үстіне ауыл тұрғындары біртіндеп қалаға көшіп келуде. Біріншіден, елімізде баспана алуға жағдай жасайтын Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ банкі бар. Үй алғысы келген азамат қажетті соманың 50%-ын осы банкке жинайды. Ал қалған соманы аталған банк несиеге береді. Осылайша азамат пәтерге қол жеткізіп, қалған қарызды шетінен өтеп отырады. Екіншіден, біз жергілікті орындаушы әкімдіктерге ақша береміз. Олар өз кезектерінде бұл ақшаны пәтер алғысы келгендерге несие секілді үлестіреді. Ал пәтердің жаңа иелері оның ақшасын пәтерақы төлегендей өтейді. Мұнымен қатар, мүгедектер мен ардагерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Үшінші – жекеменшік құрылыс. Бір кездері арамыздан «Маған 10 сотық жер бер. Мен өзім үй салайын» деген секілді әңгіме шыққан болатын. Осыған орай, жекеменшік құрылысқа негізделген бағдарлама ойластырдық. Мемлекеттің айтары келесідегідей: Адам өз үйін Бетпақдалаға, Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданына немесе Жаңарқаға барып салғысы келмейді. Құрылыс нысанының қала ортасында бой көтергенін қалайды. Ал қала ішінде бос орын жоқ. Сол себепті, мемлекет үлкен аймақтардан 60 гектар жер қарастырады. Осы көлемдегі жерге 600 үй салынуы тиіс. Және үйлер Шанхай қаласындағыдай емес, арасында көшелер болуы керек. Яғни мемлекет өз тарапынан осы құрылыс алаңын алдын ала дайындайды. Оны жол, электр қуаты және сумен қамтамасыз етіп, осы жерге өзің жинаған ақшаға үй сал дейді. Құрылыстың осындай бірнеше түрі бар. Егер бір үйден екі адам жұмыс істесе, ипотеканы төлей алады. Сондықтан баспананы тек жұмыс істейтін адам алатынын ұмытпайық», — дейді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев халықты еңбекқор болуға шақырып, мемлекеттің ешкімді тегін үймен қамтамасыз етуге міндетті емес екенін айтып өтті.

«Үйде отырып алып, біреу дайын үйді тәрелкеге салып әкеліп береді деп күтпеңіздер. Мұндайды ойға алмаңыздар. Бүгінгі нарық шарттарының негізінде мемлекет ешкімге тегін үй бере алмайды және беруге де міндетті емес. Мемлекеттік қызметкерлер де осы жүйеде болулары керек. Мемлекет жұмыс істеп жүрген адамдарға көмектесіп, пәтерді аз пайызбен сатып алуға жағдай жасайды. Әсіресе, әкімдіктерге ақша өте төмен пайызбен беріледі. Осының барлығын мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек деп түсінуіміз қажет.

Ал әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар, көпбалалы отбасылар осы төрт бағдарламаның ішінен өзіне ыңғайлысын таңдап, қатысқандары жөн. Біз осының барлығын қолымызға қарындаш алып отырып есептеген болатынбыз. Мемлекеттің басты міндеті – адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету. Ал адам өз кезегінде жұмыс істеп, ақша табуы тиіс. Ешнәрсе өздігінен келмейді. Ең бастысы, индустрияландыру талаптарына сәйкес жұмыс істеген адамның ипотеканы төлеуге ақшасы жетеді», — дейді Президент.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *