Заң терминдерін аударуда бірізділік қажет

849

Бекен ШОЛАН,
Қазақстан Республикасының
Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының 
аға ғылыми қызметкері

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәселелер еліміздің рухани тұрғыдан жаңғыруына негіз болуда. Соның бірі – толғауы тоқсан туған тілімізге қатысты мәселелер. Қазақ тілінің әліпбиін латын әліпбиіне көшіру міндеті де қойылып отыр. Мұның барлығы құптарлық іс. Бұл орайда ортаға салар ой – тіліміздің кемелденіп, қолданыс аясының кеңейе түсуі үшін қазақ тіліндегі терминологиялардың дұрыс қалыптасуы да келелі міндеттердің жүзеге асырылуына негіз болары анық.

Жалпы кез келген тәуелсіз елдің негізгі іргетасының бірі мемлекеттік тіл болса, соның ішінде заң мен құқық саласына қатысты терминология, аударма ісі де маңызды рөл атқарады. Енді осы тақырып аясында ой өрбітіп көрсек. Тіл білімі бірнеше арнаулы саланы қамтитыны белгілі, соның бірі – аударма тілі. Бұл өте күрделі сала, өйткені оның өзіне тән ерекшелігі, тұрақты қолданылатын ұғымдар жүйесі (тезаурусы), терминологиялық аппараты (негізгі ұғымдары) бар. Осының бәрі әлі толық зерттеліп, бір жүйеге келтіріліп болған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта, әсіресе аударма тіліне қатысты шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық.
Елімізде заң жобаларының бар­лығы дерлік орыс тілінде дайында­лып, кейіннен қазақшаға аударыла­ты­ны құпия емес. Ал заң жобалары­ның орысша мәтіндері, өз кезегінде, батыс елдерінің үлгі заңдарына (әсіресе ағылшын тіліндегі) негіз­деліп жазылады. Соның салдарынан өміріміздің алуан түрлі саласына арналған заңдарымыздың қазақ тіліндегі мәтіндері шет елдердің тіл ерекшеліктеріне бейімделген­діктен, сөз тіркестері, әсіресе жалпыға бел­гілі қазақы ұғымдар қасаңданып, қара­пайым халықты айтпағанда, маман-заңгерлердің де түсінуін қиындатады.
Термин сөздерді қолданғанда олардың мәні мен қызметін ескере отырып, ана тіліне нұқсан келтірместен, қазақ тілінің сөздік қорын барынша толық пайдалану қажет. Көне грек, парсы, латын, француз және басқа да шет тілінен еніп, сіңісіп кеткен, халықаралық деңгейде қолданылатын термин сөздерді жобамен баламалап, екіұдай мағынада қолдануға болмайды. Себебі мұндай ағаттық заңның негізгі нормасына кері әсер етіп, кейде құқықтық мағынасын мүлдем өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал оның қандай салдар­ға әкеп соғатыны айтпаса да түсінікті. Бұл орайда, Қазақстан Республикасы­ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төрінде 2014 жылғы 25 тамызда берген сұхбатында: «Тілді байыту керек! Оған халықаралық ұғымдарды енгізсек, тіліміз дамиды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұдан қорқып, шошудың қажеті жоқ. …Қазақстанда мемлекеттік тілдің болашағы зор» деген құнды пікірін де үнемі есте ұстаған абзал.
Ал енді шетелдің кейбір сөздерінің мағынасын дәл беретін баламасы табылып жатса, оны дұрыс қабылдап, сөздік қорымыздың аясын кеңейте түсуге болады ғой. Ондай сәтімен табылған сөздер, тіпті сөз тіркестері аз емес (мысалы: «арбитраж – төрелік», «рынок – нарық», «глобализация – жаhандану», «стаж – өтіл», «резюме – түйіндеме», «реквизит – деректеме», «ставка – мөлшерлеме» және т.б.), олар қазір сөздік қорымызға кірігіп, кеңінен пайдаланылуда.

Осыған қатысты бір ғана мысал келтіре кетейік. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы»1998 жылғы 9 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Заңында «аффилиированное лицо» деген сөздер «аффилиирленген тұлға» деп аударылыпты, ал енді оның қандай тұлға екенін тиісті мамандар болмаса, қарапайым халық түсіне бермейді. Кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Терминком) экономикада жиі қолданылатын осы сөздердің қазақша баламасын «үлестес тұлға» деп бекітіп берді. Жоғарыда аталған Заңда мәселе кәсіпкерлік қызметке өзінің пайыздық үлесімен қатысатын тұлға жайлы болып отырғандықтан, түпнұсқаның қазақша аудармасы ұғымға жеңіл әрі оны кез келген адам қиналмай түсіне алады.
Осылайша, әрбір сала бойынша заңнамалық актілерге қатысты заң терминдерін жасап, тұрақты тіркестерді қалыптастырған жөн, яғни қолданыстағы заңдарымыздың тезаурусын құрастыру қажет. С.Ожеговтың «Орыс тілінің сөздігінде» тезаурусқа «қандай да бір арнайы саланың терминдері мен ұғымдарын толық қамтитын сөздік немесе деректер жинағы» деген анықтама берілген. Ондағы ұғымдар барынша стандартталған әрі нысандық және ұғымдық жағынан өзгеріске ұшырамай, қалыптасқан шаблон сияқты қайталанып келіп отырады. Мұның өзі заң мәтіндерінде жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін қолданғанда бірізділікті сақтауға мүмкіндік береді. Заңгер-журналист әрі тәжірибелі ­аудармашы Д.Омашұлының «Заңнама ұғымдарының тезаурусы» атты кітабы («Заңнама ұғымдарының тезаурусы», «Сөздік-словарь» ЖШС, 2013 ж., Алматы.) осы салада мемлекеттік тілде жарық көрген тұңғыш еңбек. Осындай игі істерді әрі қарай дамытып, жалғастыра беру қажет деп ойлаймыз.
Біз жоғарыда көптеген заңдардың қабылданып жатқанын, олардың бәрі дерлік орыс тілінде дайындалып, мемлекеттік тілге аударылатынын айттық. Мәселен, «Әділет» нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінің мәліметтеріне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары үш мыңнан астам заң қабылданыпты. Солардың үшеуі ғана мемлекеттік тілде дайындалған («Көші-қон туралы» (бас­тамашысы – Ә.Ысқақ), «Қазақстан Республикасындағы баланың құқық­тары туралы» (Ф.Оңғарсынова), «Баланың құқықтарын ақпараттан қорғау туралы» (А.Смайыл). Олардың өзі депутаттардың бастамасымен әзірленген. Ал Үкімет мемлекеттік тілде бірде-бір заң жобасын ұсына алмай келеді.Талпыныс бар, бірақ нәтиже шамалы. Бірте-бірте бұл олқылықтың да орны толар деп үміттенеміз.
Жалпы мемлекеттік тілдегі заңнама аудармаларының сапасы, әсіресе терминдер мен сөз тіркестерінің ұғымдық аппаратта дәл берілуі, орыс тіліндегі түпнұсқа нормалардың сақталуы тұрғысынан алғанда, қазақша заңнаманың мәтіндерінде әлі де болса кемшіліктер кездесіп қалады. Бұл – үнемі бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, әртүрлі деңгейдегі алқалы жиындарда, конференциялар мен семинарларда жиі айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Біздің мақсатымыз, осының бәрін жіліктеп, талдау емес. Оны шағын мақалада тұтастай қамту да мүмкін болмас. Сондықтан біз заң мәтіндерін аударуда мемлекеттік тілдің заңдылықтары мен өзіндік ерекшеліктерінің сақталуына, терминдер мен сөз тіркестерінің, орфографиялық, грамматикалық ережелердің дұрыс қолданылуына қатысты ойымызды ортаға салып отырмыз. Бұл тақырып кейбіреулерге ұсақ-түйек болып көрінуі де мүмкін. Бірақ осындай «ұсақ-түйектің» өзі мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінің сапасына елеулі әсер ететінін естен шығармаған жөн.
Айталық, орыс тілінде көптеген терминдер, жекелеген сөздер мен сөз тіркестері көпше түрде жазылады. Оларды аударған кезде қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін қатаң басшылыққа алу қажет деп есептейміз. Мәселен, «науки – ғылым», «знания – білім», «правонарушений – құқық бұзушылық», ­«в целях – мақсатында», «в случаях – жағдайда», «на оснований – негізде» деп аударылуға тиіс. Бұл сөздер жиынтық ұғымды білдіретіндіктен, қазақ тілінде жекеше түрде жазылады. Бұған нақты мысал ретінде 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің атауын (ал орысша атауы – «Кодекс Республики Казахстан об административных правонарушениях») келтіре кетуге болады. Осындағы «об административных правонарушениях» деген сөз тіркесін «әкімшілік құқықтарды бұзушылықтар туралы» деп алсақ, ол айтуға ауыр әрі қолдану кезінде оралымсыз болып шығар еді. Бұл сөз тіркесі жиынтық ұғымды білдіретіндіктен, нормаға нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Сол сияқты алдындағы анықтауышы сан есім болатын зат есімдер де («жеті күн», «бірнеше кәсіпкер», «көптеген жеңілдік», «алты бап» және т.б.) жекеше тұлғада берілуге тиіс. Өкінішке қарай, заңнама мәтіндерін қазақ тіліне аударған кезде тіліміздің осындай өзіндік ерекшеліктері үнемі ескеріле бермейді. Сондықтан мемлекеттік тілдегі заң жобаларын тіл институты ғалымдарының сараптамасынан, білікті тіл мамандарының тезінен өткізіп алған артық болмас еді.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі осыған байланыс­ты бірқатар шараларды күн тәртібіне уақтылы қойып келеді. Заңнама инс­титутымен бірлесіп, мемлекеттік тілдегі заң терминдеріне қатысты көкейкесті мәселелері Парламент депутаттарының, тілші ғалымдардың, білікті аудармашылардың, министрлік­тер мамандарының қатысуымен ғы­лыми-практикалық семинарларда, әртүрлі жиындарда талқылап, нақты шаралар кешенін белгіледі. Терминкомның ресми мақұлдауымен «Заңнама терминдерінің қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігі» (құрастырушысы – Заңнама институты­ның жетекші ғылыми қызметкері М.А.Айымбетов) жыл сайын пысықталып, қайта шығарылып келеді, ол көмекші құрал ретінде басшылыққа алу үшін Парламентке, атқарушы және құқық органдарына жіберілді. Бұл сөздік уақыт талабына сай туындайтын жаңа терминдермен толықтырылып отыратындықтан, әртүрлі салада жұмыс істейтін ­аудармашы мамандар заң мәтіндерін мемлекеттік тілге аударғанда, көбінесе осы сөздікті басшылыққа алады.
Заңнама институты Лингвистика орталығының қызметкерлері бастамашылардан келіп түскен заң жобаларына сараптама жасайды. ­Жобалар аудармасының мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық, орфографиялық, орфоэпиялық қателердің жиі кездесетінін сарапшы-мамандардың қорытындысынан байқауға болады. Мәселен, орыс тіліндегі халықаралық шарттарда, келісімдерде, хаттамаларда, меморандумдарда көптеген сөздер (әсіресе – қатардағы зат есімдер) бас әріппен беріліп жүр (мысалы, «Сторона», «Статья», «Глава», «Интернет», ­«Проект», «Программа», «Член» және т.б.). «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес «заң актісінің екі тілдегі мәтіні теңтүпнұсқалы болуға тиіс» деген қағиданы ұстанған аудармашы-мамандар осы сияқты атауларды мемлекеттік тілде де бас әріппен жазады. Бұл қазақ тілінің грамматикасына сай келе ме деген сұрақ туындайды. Бірақ оның жауабын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, тиянақты төрелігін айтатын ешкім жоқ. Орысша қалай болса, дәл солай жазылып келеді. Біздің ойымызша, қазақ тілінің грамматикасы бойынша кез келген зат есім бас әріппен жазыла бермейді, бұл жөнінде белгілі бір ереже бар. Осы ереже бойынша жалқы есімдер: географиялық атаулар, адамдардың аты-жөні, саяси мәні бар лауазымдар мен кейбір маңызды құжаттардың атаулары ғана бас әріппен жазылады (мысалы, «Қазақстан Респуб­ликасы», «Алатау», «Ертіс», «Алматы», «Абай», «Президент», «Парламент», «Мәжіліс Төрағасы», «Кодекс», «Заң», «Шарт», «Келісім», «Хаттама», «Меморандум» және т.б.).
Заң жобаларының көпшілігі орыс тілінен аударылатынын жоғарыда айттық. Олардың орысша мәтіндері, өз кезегінде, батыс елдерінің үлгі заңдарына (әсіресе ағылшын тіліндегі) негізделіп жазылады. Осы елдердің грамматикалық заңдылығы бойынша кейбір атау тұлғадағы зат есімдер сөйлемнің аяғында келсе де, бас әріппен жазыла береді. Ал шет тілінен орыс тіліне аударылып, бас әріппен жазылған сөздер қазақ тілінде де сол күйінде қалатынын кез келген нормативтік шарттан немесе келісімнен байқауға болады. Мұндай жағдайда заң бастамашылары (дәлірек айтқанда – аударма мекемелері) қандай дереккөзге сүйенерін білмей дал болуы әбден ықтимал. Өйткені басшылыққа алынатын құжаттарда да (заң, шарт, келісім, меморандум, хаттама) бірізділік жоқ. Мәселен, «тарап» деген зат есім бір шартта бас әріппен алынса, екінші заңда немесе келісімде кіші әріппен беріледі. Бұл ретте 2013 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шығарған «Қазақша-орысша-ағылшынша дипломатиялық сөздікті» (құрастырушы – Б.М.Жәмкенов) атап өткен жөн. Сонда кейбір атаулар, лауазымдар халықаралық шарттарға сәйкес бас әріппен берілген.
Заң мәтіндеріне қатысты көңіл ­аударатын тағы бір мәселе – қысқарған сөздердің берілуі. Социалистік дәуірде қолданылып, құлаққа сіңісті болып кеткен қысқарған сөздердің көпшілігі қазір ескіріп, қазіргі айналымнан шығып қалды. Оның есесіне, еліміз егемендік алып, әлемдік өркениетке бет бұрғаннан бері қысқарған сөздердің саны да көбейе түсті. Бұл заңды да. Кейбір халықаралық шартта немесе келісімде қысқарған сөздер жиі қолданылады. Олардың бәрі орыс тілінен аударылатындықтан, қазақ тілінде таратып жазу немесе түсіну өте қиынға соғатыны белгілі. Жоғарыда аталған сөздіктің соңында негізгі халықаралық, өңірлік және үкіметтік емес ұйымдардың атаулары толық және жақша ішінде қысқартылып (бас әріптері) берілген. Бұл еңбек – аудармашының пайдалануына қолайлы, бір ғана салаға (дипломатия тақырыбындағы құжаттарға) арналған көмекші құрал. Сондықтан алдағы уақытта басқа да сан саланы қамтитын ресми құжаттарда қолданылатын қысқарған сөздерді әліпби ретімен саралап, жеке сөздік шығаратын уақыт жетті деп ойлаймыз.
Бұл ретте Терминком атқарған тия­нақты жұмысты атап өткен жөн. Оның мүшелері негізгі жұмысымен қоса тоқсан сайын бас қосып, жүздеген термин сөздерді қарайды және өз отырыс­тарында олардың ең оңтайлы әрі дәл нұсқасын дауыс беру арқылы бекітеді. Терминком заң актілерінің аудармасында екіұдай қолданылып жүрген, мағынасы ұқсас сөздердің (синонимдер) аражігін ажыратып берді. Мысалы: «модернизация – жаңғыру», «модификация – түрлендіру», «преобразование – қайта құрылу», «слияние – қосылу», «присоединение – бірігу», «оригинал – түпнұсқа», «аутентичность – теңтүпнұсқалылық», «подлинник – төлнұсқа», «дубликат – телнұсқа», «контекст – түпмәтін», «проверка – тексеру», «досмотр – жете тексеру», «осмотр – қарап-тексеру», «обследование – тексеріп-қарау», «следствие – тергеу», «расследование – тергеп-тексеру» және т.б. Ең бастысы, осы сияқты жүздеген терминдер 2014 жылдан бастап жаңадан қабылданған кодекстерде (барлығы 7 кодекс) бір ізге салынып, барлық сатыдағы заң мәтіндерінде қолданылып жүр. Бұл – құптарлық жағдай.
ХХ ғасырдың басында ұлттық жазудың реформаторы, түркітанушы-ғалым, ақын, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ тірі болуы керек, ол үшін ірі болуы керек, ең бастысы тілі болуы керек» деген екен, ал ХХІ ғасырдың басында Елбасы Н.Назарбаев осы ойды әрі қарай сабақтап: «Мәңгілік ел болу үшін – мәңгілік тіл болуы керек» дейді. Яғни Мәңгілік елдің бір тұғыры тіл болса, тілдің бір тұғыры – заңнама тілі екені даусыз. Ендеше, Мәңгілік ел болғымыз келсе, заңнама тілін дамыта отырып, барлық салада (әсіресе күнделікті қарым-қатынаста) қазақ тілін кеңінен қолдана білуіміз қажет. Осындай іс жүзіндегі қарекеттің нәтижесінде таяу болашақта заң актілерін толықтай ана тілімізде әзірлеу мүмкіндігін пайдалануға болады деп ойлаймын.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *