Айтыскер ақындар жасыл алаңда кездесті

478

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық ­«Руханият» орталығының ұйымдастыруымен «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты іс-шара ұйымдастырды. 

Бұл шара Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының айтыскерлері арасындағы достық әрі шығармашылық байланысты арттыру мақсатын көздеді. Жамбылдық айтыскерлер оңтүстіктен келген қонақтарды Тараздың түстігіндегі Жәнібек пен Керей хандарға арналған «Мәңгілік ел» монументі маңында дәм ұсынып, ұлттық ән-күйден, өлеңнен шашу шашып, қарсы алды. Мұнан соң екі аймақтың айтыскер ақындары «Руханият» орталығында бас қосты. Алдымен шымкенттіктерді сол орталықтың қызметкері Айніл Әбдібек көрме залдарымен таныстырып шықты. Бұдан кейін осы мекеменің мәжіліс залында екі облыстың белді айтыскерлерінің қатысуымен еркін сипаттағы жүздесу өтті. Бұл жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра ­Сембина ашып, түркістандық айтыскер ­Бекарыс ­Шойбековты «100 жаңа есімнің» қатарына қосылуымен құттықтады.
Кейіннен көрші облыс құрамасын бастап келген белгілі айтыскер Бекарыс Шойбеков бұл өте құптарлық бастама екенін, жаңа жобаны жамбылдықтар жылдам жүзеге асырғанын айтып, екі облыс өнерпаздары арасындағы достықтың жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Осы тұста шымкенттік айтыскерлер Біржан Байтуов, Бекмұрат ­Анарбаев, Нұрлыбек Мейірманов ойларын ортаға салды. Бұдан кейін ауылдың алты ­ауызы ретінде байзақтық жас айтыс­керлер Әсет Дүйсебаев Аяз Бетбаевтың «Ағайындар-ай!» термесін орындаса, Дидар Басығараев Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін тартып, жүректі шымырлатты. Жас өнерпаз Еламан Жүсіпов Мұхтар Шахановтың «Әке үкімі» өлеңін тебірене оқыды. Қонақтар тарапынан жас әнші Ғабит Шырынбеков Кенен Әзірбаевтың «Бастау» термесін орындап берді. Өзгелер де өнерлерін көрсетті. Әрі қарай ­Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында ­Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстары айтыскерлерінің арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өтті. Ойынның алғашқы минуттарында біздің жігіттердің біраз абдырап қалғаны рас. Соның салдарынан ойынның 10 минутында қонақтар екі доп айырмасымен алға шығып кетті. Дегенмен, жерлестеріміз жылдам ес жиды. Артынша Бағлан Қамбатыров шығарып берген допты Нұрлыбек Құрманов голға айналдырса, сәлден соң Дидар Басығараевтан доп алмасқан Әсет Дүйсебаев қарсы команданың қақпашысын қапы қалдырып, есепті теңестірді. Алғашқы кезең 2:2 есебімен аяқталды.
Екінші кезеңді біздің жігіттер ширақ бастап, жерлестеріміз алға шыққан болатын. Алайда соңғы минуттарда таразы басы қарсылас команда жағына ойысып кетті. Нәтижесінде Бекарыс ­Шойбеков бастаған, Қажымұхан Абзалов, Біржан Байтуов,Нұрлыбек Мейірманов, Дәурен Ақсақалов қостаған жігіттер екі доп айырмасымен жеңіске жетті. Әрине, бұл жолдастық кездесу. Жамбылдықтардан Ербол Қамбатыров, Алик Бекмұсаев, Дидар Апбасов, Медеу Мырзатай да жақсы өнер көрсетті. Енді командалар арасындағы екінші ойын Шымкент қаласында жалғасын табады. Бұл өте жақсы бастама екені анық.

Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *