Алматы қаласы Алатау аудандық сотында гендерлік саясат тақырыбы талқыланды

1

Бүгін Алматы қаласы Алатау аудандық сотында «Гендерлік саясат немесе тең құқықтық жүйе» тақырыбы аясында кездесу өтті. Шараға ауданға қарасты мемлекеттік емес ұйымдардың бірқатары қатысты.

Жиында алғашқы сөзді Алатау аудандық сотының судьясы Ботагөз Өмен бастады: «ҚР Тәуелсіздігін алғаннан бері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев гендерлік саясатты ұстанып, басты назарынан түсірмей келеді. Бұл дегеніміз ерлер мен әйелдердің құқығын сақтау, әйелдердің құқықтарын жерге таптамау, оларды көтермелеп, сыйлай білу, әйел, ана, болашақ ана деп құрметтеу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу. Небәрі 26 жылдың ішінде, Қазақстан тең құқықтық пен гендерлік саясат жүйесі бойынша 135 елдің 31-ші орында тұр. Тәй-тәйлап, қанатын енді ғана кеңге жайып жатқан қазақ мемлекеті үшін бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Мемлекетте гендерлік саясаттың болуы – елдегі демократияның да көрінісі деуге болады. Ал демократия дегеніміз – ойымызды ашық білдіру, ер не әйел деп бөлмей, пікір-ұсыныстарын немесе шағым-талаптарын халықтың құзырлы органдарға ашық жеткізе алуы.  1995 жылы ҚР Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес өз жұмысын бастаса, кейіннен әйел істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия боп қайта құрылды. Одан кейін гендерлік теңдік жүргізуге арналған стратегиялар бекітіліп, сол бойынша жұмыс басталды. Мәселен, 2009 жылы аталмыш стратегияларын іске асыру мақсатында 2 заңнама қабылданды. Соның бірі 2009 жылы 4 желтоқсанда қабылданған «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заң. Аталмыш заңнан соң, отбасында жәбір көріп жүрген нәзік жандардың құқықтары айқындала түсті. Күйеуі қорғаны бола алмағандарға – заң қорған болып келеді».

«Алатау аудандық көпбалалы жанұялар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанар Шырақбайқызы болса, гендерлік саясаттың негізі мәні мынада дейді: «Ер азамат қашан да әйелден бір саты жоғары тұрады. Оған ешкімнің дауы жоқ. Гендерлік саясаттың мәні әйелдерді төбеге шығаруда емес, оларды құрметтеуде. Біз осыны нақты түсінейік.

Отбасы — әйелдің жаны тыныш болғанда ғана тыныш болады, бақытты бола алады. Сондықтан да, әйел затын сыйлау дегенді мен бірінші орынға қоямын. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп, үй шаруасына да үлгеріп, жұмысын да абыроймен атқарып жүрген нәзік жандарды біз әршашан қолдауымыз керек!»




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *