Аралас неке баянды бола ма?

713

Қазір қоғамда аралас некеге қатысты сан алуан пікірлер көп. Бұл мәселе көптеген мақалаларға, бағдарламаларға арқау болуда. «Ана тілі» басылымының  №47 (1409) (23-29 қараша, 2017 жыл) санында «Аралас неке» атты мақала  жарық көрген еді. Автор қозғаған мәселе оқырмандар тарапын бей-жай қалдырмады. Міне, бүгін мен де қолыма қалам алып, осы мақалаға өз пікірімді қосқым келді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аралас неке мәселесі көп талқыланбайтын. Ал бүгінде бұл әркімнің көкейінде жүрген тақырыпқа айналуда. Неге? Өйткені қазақ жігіттері өзге ұлттан қыз алып, қазақ қыздары өзге ұлт өкілінің етегінен ұстап кететін жағдайлар артты.

  Бұл, әрине мақтанышпен айтылатын нәрсе емес. Қазір қазақ қыздарының көп бөлігі өзге ұлттың жігіттерімен кездесіп, өзге ұлтқа келін болуды армандайды. Қазақ жігіттерін жалқау, ынжық, сараң, өзімшіл санап, қазақ енелерін қатал, мін тапқыш деп есептейді. Шетел асып, тұрмысқа шығып, сол жақтың мәдениетін дәріптеп, өмірім жұмаққа  айналды деп жар салып жүрген қыздар қаншама? Соларға қарап, қынжылатының рас. Шешесі қазақ, әкесі өзге ұлттан болған бала, әрине өзге ұлттың тәрбиесін бойына сіңіріп, өзге ұлттың дінін қабылдап, тілі де солай шығатыны өкінішті. Жастар «бастысы ұлттық ерекшелікте емес. Екеуміз бақытты болсақ, махаббат болса, сонда»  деп есептейді. Өзге ұлтпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтергеннен кейін өкініштен өзегі өртеніп, «қап!» деп жүрген қазақ қыздарын да көріп жүрміз. Иә, бәлкім, бұл тағдыр шығар. Бірақ әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қараса, басқаша болар ма еді?

Жақында қыз ұзату тойына бардық. Күйеу жігіттің өзге ұлттан екендігін сол тойда бір-ақ білдік. Ұзатылған қыздың әкесі анасымен кішкентай кезінде ажырасып, қызымен мүлдем араласпаған екен. Хал-жағдайын сұрап, қолдау білдіріп, демеу бола алмаған әкеге өкпесі қара қазандай болған қыз «қазақ жігіттерінің барлығы да менің әкем секілді. Сол себепті ешқашан қазақ жігітіне тұрмысқа шықпаймын» деп өзіне серт берген екен. Ақыры, айтқаны айдай келіп, корей ұлтының жігітін өмірлік серігі етіп таңдады.  Абырой болғанда, күйеу баланың әкесі корей ұлтынан, ал анасы – қазақ екен. Жігіт он алты жыл нағашы апасының қолында тәрбиеленіп, мұсылман дінін қабылдаған, қазақша сөйлеп тұр. Туған-туыс осыған да шүкір десті…

Жасы отыздан асып, отырып қалған қыздар жалғыз қалғанша, осы дұрыс шығар деп, өзге ұлтпен шаңырақ көтеріп жатыр. Оларды көп жағдайда әке-шешелері де қолдайды екен. Қызым отырып қалғанша, бір басы екеу болып, жұбымен жүргені жақсы ғой, дегендерді жиі кездестіреміз. Демек, тәрбие отбасынан басталады демекші, қазақ отбасында ұл бала тәрбиесіне, әке, ал қыз бала тәрбиесіне ана жауапты болған соң, ұл ер жетіп, қыз бойжете бастаған кезде балаларға дұрыс бағдар беріліп, осы мәселе талқыланса, еліміздегі аралас неке саны да азаятын еді. Өзіміздің салт-дәстүріміздің маңыздылығы, ана тіліне деген құрмет, қыз баланың болашақта келін болатыны және келіндік міндетін дұрыс атқара білуі, ал ұл бала болашақ отбасының ұйытқысы, асыраушысы, ол да өз міндетін атқара білсе, отбасы берік болатындығын әке-шеше балаларының құлағына құя берсе,  болашақта  оларды бұрыс қадамға барудан сақтайтыны сөзсіз. Біз бұл жерде өзге ұлттарды кемсітіп, күйе жағудан аулақпыз. Бірақ қазақ қазағымен, орыс орысымен, еврей еврейімен отасқаны дұрыс қой. Екі ұлттан туған бала қандай болып өседі? Қай тілде сөйлейді? Қандай дінді қабылдайды? Осы сұрақтар әр бозбала мен бойжеткенді қызықтырса, жақсы болатын еді. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Өзге ұлтпен үй болу тіпті оңай емес.Жастарымыз осыны ұғынса екен.

Үміт Жұмаділова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *