Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын!

167

2017 тауық жылының аяқталуына да санаулы уақыт қалды. Өткен күндерге көз жүгіртсек, бұл жылдың еншісінде еліміздің тарихында мәңгілік қалатын айтулы оқиғалар мен маңызды шаралар аз болмапты.

Жылдың ең алғашқы айында XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада Алматы төрінде шымылдығын ашты. Елу елден келген қатысушылардың ішінде Қазақстан екінші орынға тұрақтап, 11 алтын, 8 күміс, 17 қола жүлдені қанжығасына байлады.

Еліміз асыға күтіп, жоғары дайындықпен өткізген ірі оқиғалардың бірі — ЕХРО-2017 дүниежүзілік көрмесі болды. 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысқан шараға 2,1 миллион адам келген.  Жаһандық энергетика мәселелеріне арналған көрмені де абыроймен атқарып, меймандарын жоғары дәрежеде күтіп алған қазақ елі қонақжайлықтың ұлтымызға тән ерекше үлгісін көрсетті.

2017 жылдың айтулы оқиғаларының бірі – халық санының өсуі.  11 мамырда  еліміздің 18 миллионыншы адамы дүниеге келді деп БАҚ атаулы жарыса жариялаған еді. Бұл демографиялық көрсеткіштің ілгерілеп, 2016 жылмен салыстырғанда 232,5 мың адамға көбейгендігімізді көрсетті.

2017 жылы тарихи қажеттіліктен туған тілімізді дамыту мен оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығарудың бір жолы — латын графикасын қабылдау мәселесі шешімін тапты. Осы жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, жаңа әліпбиге өтудің алғашқы шаралары басталып та кетті.

Биылғы жылдың ерекше жаңалығы – Димаш Құдайбергенов десек артық айтпаған болармыз.  Қытайдың “Хунань ТВ” телеарнасынан көрсетілген “Мен әншімін” жобасында аспан асты елін тамсандырып, қазақ жұртын әлемге паш еткен өнер жұлдызы 2 орынды иеленген болатын. Ол да бір жер жаһанда беделімізді асқақтатып, жезтаңдай әншінің асылдың тұяғы екендігінің дәлелі болды.

2017 жылы Елбасының есімі Астана халықаралық əуежайына және Алматы қаласындағы Фурманов көшесіне берілді. Ұлыларын ұлықтаған елдің мәртебесі қашанда биік. Өткен күнге өкпеміз жоқ. Келер жылдан күтеріміз көп. Елімізге аяқ басқалы отырған 2018 жылдың берері мол, берекелі жыл болсын! Ит — адамның досы, адалдықтың белгісі деп санайды халқымыз. Алдағы жыл арамдықтан ада, адал досқа бай, жүрекке қуаныш, көңілге шаттық сыйлар ерекше жыл болғай!

«Қазақ газеттері» ЖШС ұжымы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *