Біз биыл 18 миллион халқы бар еңселі елге айналдық — Нұрсұлтан Назарбаев

102

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне  сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

«Құрметті Отандастар! Санаулы сәттерден соң біз күнтізбенің жаңа парағын ашып, 2018 жылды қарсы аламыз. Жаңа жыл — барша жұрт ізгі тілекпен, үкілеген үмітпен, ақ ниетпен асыға күтетін айрықша мереке. 2017 жыл Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғаларға толы болды. Ата Заңымызға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін маңызды қадам жасадық. Бабалар дәстүрінен нәр алып, болашақтың бағдарын айқындайтын «Рухани жаңғыру» жолын бастадық», — деді Елбасы өз құттықтауында. Мемлекет басшысы сонымен бірге, құттықтау сөзінде өткен жыл қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданған тарихи шешім ретінде есте қалатынын атап өтті. «Біз саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болдық. Татулық пен тұрақтылықтың мекені — Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты. Әлемнің әр түкпірінен келген спорт саңлақтары Қысқы Универсиада төрінде бас қосты. Астана мен бүкіл еліміздің ажарын ашқан «ЭКСПО-2017» көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты, елдің әр уақытта жадында қалатын үлкен мәселені шешті. Барша мұсылман елдерінің басшылары қатысқан жиын өтті. Биыл біз 18 миллион халқы бар еңселі елге, мерейлі мемлекетке айналдық», — деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы өтіп бара жатқан жылды баршамыз үшін құтты жыл болды деп сеніммен айтуға болатынын жеткізді. «Жарқын жетістіктеріміз бен жасампаз жеңістеріміз — бекем бірлігіміздің арқасы. Бұл белестерді өздеріңізбен бірге алдық. Толайым табыстарға Сіздермен бірге жеттік. Қадірлі қазақстандықтар! Босағамыздан аттағалы тұрған 2018 жыл да берекелі болар деп ойлаймын. Қазақстан келер жылды Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұңғыш рет төрағалық етумен бастайды. Бұл жас тәуелсіз мемлекет үшін үлкен абырой. Бұл — қазіргідей күрделі кезеңде елімізге артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік. Алдағы жылы ерке Есілдің жағасындағы ажарлы Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Елордасы еңселі, қуатты Қазақстанның мақсаты биік, бағдары айқын, келешегі кемел. Келер жыл ел қазынасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыратын жемісті жыл болсын баршамызға!», — деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтардың шаңырағына бақыт пен береке, бірлік тіледі. «Алдағы жылы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ел ішінде ынтымақ пен молшылық арта берсін. Баршамыз сол үшін қызмет етейік. Әрбір шаңыраққа бақыт-береке, бірлік тілеймін. Жаңа жыл баршамызға құтты болсын! Елімізге жаңа табыстар әкелсін!» — деп құттықтауын аяқтады Нұрсұлтан Назарбаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *