Бала денсаулығы бәрінен қымбат

95

Болат Женалаев, 
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі:

46 жылдан астам балалар хирургиясының жалынына шарпылып, отына күйіп, мыңдаған балаларға шипагер болып, ата-аналардың құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі, бүгінгі күні Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, 30 жылдан астам Ақтөбе облысының штаттан тыс балалар хирургі, Атырау, Маңғыстау және Орал өңірлерінің балалар хирургиясының ғылыми-тәжірибелік жұмысының жетекшісі, Қазақстан балалар хирургиясының негізін қалаушылардың бірегейі Болат Қанапияұлы Женалаев.

Болат Қанапияұлы 1948 жылы ­Батыс Қазақстандағы Зеленов ауданының Асерчево ауылында өмірге келген. Ашаршылық заман мен дүниежүзілік соғыстың қөп қиыншылығын басынан өткерген әкесі Қанапия Кенжегерейұлы мен анасы Ұлбике Сисенғалиқызы қарапайым ауыл адамдары еді. Қанапия атамыз ерен ең­бегінің арқасында фермадағы жай есепші қызметінен аудандық партия комитетінің хатшысы дәрежесіне дейін көтерілген.
Бөкеңнің Ұлы Отан соғысынан кейінгі заманға тұспа-тұс келген балалық шағы туған ауылында өтеді. 1954 жылы анасының кітап пен нан салуға арнап тігіп берген дорбасын көтеріп бастауыш мектепке барады. Орта мектепті 1965 жылы үздік бітіріп, Абай атасының «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген қағидасын ерте түсінген ауылдың құлшынысты да сергек баласы сол жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны 1971 жылы «қызыл дипломмен» бітірген.
Жас маман, өзінің еңбек жолын сол жылы ашылған Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында қатардағы оташы қызметінен бастады. Жас дәрігердің жұмысқа, білімге деген талабын байқаған аурухана басшылары 1972 жылы Мәскеудегі дәрігерлердің білім жетілдіру институтына, аты әлемге әйгілі профессор С.Я.Долецкий басқарған балалар хирургиясы кафедрасына 6 айға оқуға жібереді. Ол жерде дәрігерлердің тәжірибелік жұмысқа деген ынтасы мен білімге деген құштарлығын түсінген, балалардың көптеген хирургиялық ауруларын анықтау немесе емдеу тәсілдерін көрген, тоқыған, үйренген жас маман, оқу­­дан келе сала сол жаңа тәсілдерді күн­­делікті тәжірибелік жұмыста қолдана бастады.
Істеген ісіне тыңғылықты, білім мен игілікті істі меңгеруге ынталы жас дәрігерді байқаған балалар хирургиясы кафедрасының сол кездегі меңгерушісі, доцент Э.П.Рудин 1973 жылы ассисенттік қызметке алады. Сол жерде 5 жыл қызмет атқарып, хирургияның бағыт-бағдарын сезінген маман 1978 жылы Одақтық Медицина Ғылым академиясының Педиатрия ғылыми зерттеу институтына (Мәскеу қаласы) аспирантураға түседі. Күндіз-түні еңбектену, ғылыми ізденісі нәтижесінде Одақтың ең беделді балалар хирургі, кейіннен рухани ұстазы болған, Кеңес Одағының ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор А.И.Ленюшкиннің ғылыми жетекшілігімен 1981 жылы медицина ғылымының кандидаттығы, 1996 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 2000 жылы еліміздің ғылым саласындағы Жоғарғы аттестациялау комиссиясы профессор атағын берді. 1996 жылдан Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, 1997-2001 жылдары педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды.
Болат Қанапияұлының еңбек өткел­дерін екшелеген кезде оны бұрынғы Одақ көлемінде, еліміз бен еліміздің батыс өңі­рі­нің балалар хирургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты десем артық айтпаған болармын. Өйткені ол ғылыми-зерттеу жұмыстарын 15 жылдай Мәскеудегі Медицина Ғылым Академиясы аясында жүргізді. Сол жылдары Одақтық орталық ғылыми басылымдарында 90-дай мақала жариялайды. Жалпы ол кісі патенті бар 18 өнертапқыштық жаңалықтардың авторы.
Өмірдегі зиялылық мінездерін, жұ­мысқа адалдығын, ғылымға қосқан үлесі мен балаларға деген сүйіспен­ші­лігіне көздері жеткен Кеңес Одағындағы балалар хирургиясының білгірлері Ю.Ф.Исаков, Г.А.Баиров, А.Т.Пулатов, Э.А.Степанов, А.Г.Пугачев, А.Ф.Дронов, П.К.Яцык сияқты академиктердің қай-қайсысы болсын Болат Қанапияұлын шәкірті әрі Қазақстандағы тең дәрежедегі әріптестері ретінде бағалады.
Білімі, ой-түйсігі мен зейіні толысқан Болат Қанапияұлы елге оралған соң асқазан ішек жолдарының туа және жүре пайда болған хирургиялық ауруларға ота жасаудың нәтижелі тәсілдерін, балаларда кездесетін іріңді қабыну ауруларын лимфа тамыры және ультркүлгін сәуле арқылы емдеудің тиімділігін ғылыми тұрғыдан зерттеп, елімізде алғаш тәжірибелік жұмысқа енгізді.
1990 жылдары Қазақстанда бала­ларға ота жасау үшін заманауи эндо­ви­­деохирургия технологиясын пай­далану ең бірінші Болат Қанапия­ұлы­ның ұсынысымен қолға алын­ған. Айта кету керек, балаларға Одақ көлемінде ең бірінші эндови­део­хирургиялық ота 1991 жылы тікелей Болат Қанапияұлының жетек­шілігімен Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында жасалды. Бүгінгі күні М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасы балалар жасындағы эндовидеохирургия саласының қара шаңырағы екені Рессей мен басқа да ТМД елдеріне жақсы белгілі. Қазір еліміздегі, алыс-жақын шетелдерден эндовидеохирургиялық отаны меңгерем деген мамандар осы орталықтан оқып, білімін жетілдіреді. Қазақстан балалар хирургиясының негізін салушы, аты әлемге әйгілі ака­демик К.Ормантаев «Ақтөбе – Қазақ­станның эндовидеохирургия саласының астанасы және ондағы дәрі­герлер осы бағыттағы жетекші маман­дар» деп бағалаған. Еңбегің мен ғы­лымға қосқан үлесің бағаланды деген осы шығар.
Қазақтың «бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағидасын басшылыққа алған ол кәсіби ынтасы мен талабы бар жас мамандарды ғылымға баулып, Ақтөбе балалар хирургиясы ғылыми мектебін ашты. Ауру себепсіз болмайды, тек білімді дәрігер аурудың себебін анықтай алады, соған байланысты ота жасау қажет деп шәкірттеріне шегелеп айтып отырудан бүгінге дейін жалыққан емес. «Білім – жанып тұрған шырақ» екенін ерте түсінген азаматтың ғылыми жетекшілігімен 7 кандидаттық және 3 докторлық диссертация қорғалды.
Болат Қанапияұлы өзінің өмір бойы оқығаны мен тоқығаны, сонымен қатар елу жылға жуық кәсіби тәжірибесі бар аса білімдар маман ғана емес, медицинаға біртұтас философиялық көзқарасы бар ғалым. Қазіргі заманда медицина саласында емдеу үлгісі деген бар. Ол осы мәселе туралы былайша толғанады: Емдеу тәсілдерін бір стандартпен шектеуге болмайды, өйткені ұлты мен қаны бір адамның бір-бірімен түрі ұқсас болғанмен, бір-бірінен аумай туғаны кездеспейді. Сондықтан әр баланың ағзасы мен ауру ағымы да ерекше болады. Міне, ауруға шалдыққан балаларды емдеу осы ерек­шелік негізінде тағайындалуы қажет, сол себепті ұсынылған үлгілерді тек емдеу бағыты ретінде қабылданған дұрыс» деп түйіндейді.
Жоғарғы санатты балалар хирургі Болат Қанапияұлының еңбегі ақталып, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, ­Ресей хирургтар одағының «Н.И.Пирогов атындағы» медалімен, 2015 жылы ­Қа­зақстан Республикасының ең үздік дәрігері ретінде «Алтын адам» атағымен марапатталды және Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанды. Әр жылдары Денсаулық сақтау министрлігі, Ақтөбе облысы мен қала әкімдігінің, қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Жұбайы Тамара екеуі бүгінде ел азаматы болған Дамир мен Талғатты тәр­биелеп-өсірді. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген аталық сөзді үлгі тұтқан Дамир медицина ғы­лымының докторы, Астанадағы Аналар мен балаларға арналған Ұлттық ғылыми орталықта медицина жөніндегі директор, кішісі Талғат подполковник дәрежесіндегі әскери дәрігер болып қызмет атқарып жүр. Қазір Бөкеңнің жанындай жақсы көретін немерелері, сыйласатын ағайын-туыстары, сырласатын достары, әріптестері баршылық.
Болашақ ұрпақтың өміріне араша түсіп жүрген, бүгін жастарға үлгі-өнеге болған, ақылымен, парасатымен ерекшеленген Болат Қанапияұлы алдағы жылдың қаңтарында 70 жасқа толады. Бір өзіне жетерлік парасат-пайымы мен білім-ілімі бар, байсалды мінезді, ойы алғыр, қолынан қандауыры түспеген білікті оташы, ұрпағымыздың денсаулығын қор­ғауда қажымай-талмай қызмет жасап, абырой асқарына бөлене беретініне сенім мол.

Қ.Тұрсынов,
С.Асфендияров атындағы 
Қазақ ұлттық медициналық университетінің балалар 
хирургиясы кафедрасының 
профессоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *