Сахна саңлағы

19

– Сіздің Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарып келе жатқаныңызға да біраз уақыт болды. Сондықтан аталмыш өнер ордасының тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берсеңіз?
– Иә, жылдар зуылдап өтіп жатыр. Қазіргі таңда өзім күнделікті жұмыс істеп жатқан өнер ордасының халыққа қызмет етіп жатқанына да қарап отырсақ 17 жылдың жүзі болып қалды. Осы кезең ішінде театрды республика жұртшылығы жақсы таныды. Біз осы жылдар ішінде Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма теат­рында да, еліміздің көптеген өңірінде де гастрольдік сапарда болдық. Елімізге белгілі өнер саласындағы фестивальдарға қатыстық. Қазіргі таңда репертуарымыз да жеткілікті. Жылда жаңа драмалық ­туындылармен көрермендерімізді қуантуға тырысып келеміз.
Сондай-ақ артистердің қатары да Алматыда кәсіби білім алған дарынды жастармен толығып жатыр. Көркемдік жетекшіміз, Қазақстан Республи­ка­сының халық артисі ­Ерсайын Төлеубай­дың басшылығымен ойға алған спек­такльдеріміз қойылып, талантты жастар тың ізденістермен көзге түсуде.
– Талантты актер ретінде сізді көп адам біледі. Алайда оның сонау сағымдай бұлдырап, артта қалған балалық шағында қандай шәкірт болғандығынан да хабардар етсеңіз артық емес.
– Өз қатарластарымнан ерекше дараланатындай бала болдым деп айта алмаймын. Біз де ауылдағы балалар секілді талшыбықты ат қылып өсіп-жетілдік. Сонымен қатар кішкентай кезімде бұзықтық немесе тентектік жасап, біреуді ренжіткен де жайым жоқ. Осы арада бір тілге тиек етер жай, кішкентай кезімде ақсақалдар мені «Қара Қоныс» дейтін.
Әкеміз мұғалім болған соң біздің сабағымызды үнемі қадағалады. Өзіміз де шама-шарқымыз келгенше на­мысқа тырысып оқыдық. Қима ауылын­дағы бастауыш мектептен кейін Атбасар қаласындағы мектеп-интернатта білімімді жалғастырдым. Қазір сол интернатта жатып, қара нанды бөліп жеген достарымды да айрықша бір қимас­тық­пен еске аламын. Себебі олар да өзім секілді шалғайда жатқан елді-мекен­дер­дегі малшылардың және басқа да түрлі мамандық иелерінің ұл-қыздары болатын.
Міне, осы интернатта біз ата-ананы, бауырды сағынудың не екендігін түсіндік. Демалыс күндері үйге жеткенше асығатын едік. Білім алуды да ұмытқан жоқпыз. Ең бастысы, бұл жерде өз бетімізше қарекет етуді үйрендік.
Мектеп-интернат мен үшін үлкен өмір мектебі болды деп айта аламын. Жиі ұйым­дастырылып тұратын мәдени шараларда ән айтатын өнерім де бар еді. Әкемнен жұққан болар, сурет салу қабілетіме айналамдағы құрдастарым дән риза болатын. Осындай таудай талабымның арқа­сында қабырға газеттерін безендіріп, ұстаздарымның тарапынан жылы ле­біздер естідім. Сол күндерімді де ешқа­шан ұмытпаймын.
– Сіз актерлік мамандықты кіш­кентай кезіңізден таңдадыңыз ба? Әлде оған деген қызығушылығыңыз бертін келе пайда болды ма?
– Шындығы керек, мен еліміз­дегі бо­ла­шақ актерлерді даяр­лайтын оқу орнына бірден түскен жоқпын. Әпкем Қарашаш пен жездем Дулаттың мамандығы дәрігер еді. Өздері халыққа адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандар болған соң ба, менің де өздеріндей елге пайдасын тигізер кәсіпті таңдағанымды қалаған секілді.
Мектеп-интернатты аяқта­ған соң жездем Дулат сонау асқар Алатаудың баурайында орналас­қан Алматыға алып барды. Меди­циналық институтқа құжатымды тапсырдым. Алайда, несін жасырамын, дәрігер бола алмадым. Семей қаласындағы малдәрігерлік институтқа түсуімді жөн көрген ағаларым да болды. Қысқасы, әлгі аталған мамандықтарды игеру менің маңдайыма жазылмағандығын уақыт көрсетті.
Содан кейін аудандағы Кеңарал кеңшарындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Әскер қатарына шақырылып, өзімнің азаматтық борышымды өтедім. Алайда мені киелі өнер өзіне тартты да тұрды. 1978 жылы бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық шаһарындағы театрға жарық беруші болып қызметке тұрдым. Осы жерде артистердің сахнадағы өнерін көріп, қиялым қияндарға шарықтайтын. Әрбір қойылымнан ерекше бір рухани ләззат алатынмын.
Қайда да жанашыр және қамқор азаматтар баршылық қой. Әлгі театрдың сол кездегі режиссері ­Ерсайын Тәпенов ағамыздың тікелей қамқорлығымен әрі жолдамасымен әлемдегі көрікті де сұлу қалалардың бірі Алматыға жолға шықтым. ­Арманым мені алдаған жоқ. ­Жолым болып Алматыдағы ­театр және көркемсурет институтына студент болып қабылдандым. Сол шақтағы қуаны­шым­ды қазір тілмен айтып жеткізе алмаспын.
Бәлкім, бақытым мен бағым шығар, осы жерде Қазақстан ­Рес­публикасының еңбек сіңірген артисі, профессор ­Рахилям ­Машу­ро­ва­ның класында білім алдым. Ол кісінің менің артист болып қалыптасуымда алатын орны қашан да айрықша дер едім.
Жастық шақта студенттік өмірдің барлық қуанышы мен қызығын бірге өткіз­ген достардың жөні бөлек. Солар­дың арасында ел мақтаныштары, Қазақ­станның халық артисі Роза Рымбаева, асқақ дауыс иесі Майра Ілиясова, танымал эстрада әншісі Құдайберген Бекішов, Гүлбаушан Тілеубекова бар. Аталған жоғары оқу орнында бізге сахна тілінен дәріс берген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Мәрияш Жақсымбетова маған жанашырлық танытып: «Айналайын Қонысбек, сен шалғай деме, Арқалыққа барып, өзіңнің өнеріңді көрсет. Онда режиссер болып қазақ мәдениетінің білгірі Жанат Хаджиев жұмыс істейді» деді.
Оның пікірі маған үлкен ой салды. Сөйтіп, әлгі шаһардағы Сералы Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ драма театрында актерлік еңбек жолымды бастадым. Уақыт өте аталған өнер ұжымы Жезқазған қаласына қоныс аударған кезде әріптестеріммен бірге сонда қызмет атқардым.
– Шығармашылық жолыңыз бен жетістіктеріңіздің өзге де тұстарына тоқтала кетсеңіз…
– Өнер жолында небір мәдениет майталмандарының ұлағатты сөздерін естідім. Мәселен, ұлтымыз­дың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов кезінде маңдайымнан ­сипап: «Айналайын бауырым, өнерде жолың болсын. Жалпы театр­да кішкентай рөл деген болмайды, үлкен актер болады. Сенің алдыңнан ақ күн тусын» деген сөзі әлі күнге дейін жадымда сақтаулы.
Қостанайға осы қызметке келгеннен бері өздеріңіз секілді қаламгерлермен де араласып кеттік. Осы кезге дейін сомдаған театрдағы рөлдерім баршаға мәлім. Сондықтан оған тоқталып отырған жоқпын. Талай фестивальдерде жүлделі орындарға ие болдым. Қазақтың атын шығарған «Жау жүрек мың бала» киносына да түстім. Оның алдында тарихи тақырыпқа арналған «Көшпенділер» деп аталатын фильмге де қатысқан едім.
Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп, режис­­сер­лік жұмысты да батыл қолға алдым. Соның нәтижесінде «Саят батыр» деп аталатын фильм дүниеге келді. Ол осы саладағы алғашқы еңбегім. Фильмге бағаны беретін халық.
Отбасы өнер адамы үшін киелі. Сүйген жарым Зәмзәгүл де актриса әрі әнші. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ұлдарым мен қыз­дарым өмірімнің мәні. Бір ұлым Олжас менің жолымды қуды. Қазір өзім қызмет атқаратын облыстық театрдың актері.
Өзім өнер адамы болғаныма еш өкін­­беймін. Мемлекетіміз адал еңбегімді лайықты бағалады. Қазақстан Республи­ка­сы­ның еңбек сіңірген қайраткері атағын берді. Қостанай облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты атандым.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен 
Оразалы Жақсанов 
Қостанай облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *