Бала тәрбиесінде ата-аналарға берілетін кеңес

20

Бала тәрбиесінде қатып қалған қағида жоқ. Әр отбасының жылдар бойы қалыптасқан тәртібі мен дәстүрі бар. Дегенмен әрбір ата-ана тәрбиедегі ұстанымына қарамастан міндетті түрде балаларына айтуы тиіс бірнеше сөздер бар екен. Осы сөздерді естіп өскен баланың өзіне деген сенімі артып, болашақта аяғына нық тұруына септігін тигізеді.

Ата-ананың балаға айтуы тиіс сөздері:

1. «Сенің қолыңнан келеді, тек тырысып көр». Бұл сөздерді балаңыздың қолынан белгілі-бір нәрсе келмегенде айтасыз. Осы арқылы сіздер оған өмірде сәтсіздіктердің болатынын және оларды жеңу керек екендігін үйретесіз. Осылайша, балаңыз шыдамдылыққа дағдыланады және қателік жіберген ісін аяғына дейін жеткізуге үйренеді. Көп ата-аналар балалары қателескенде, керісінше оны сынап, ұрысуға дайын тұрады. Бұл дұрыс емес.

2. «Саған алғысым шексіз…». Балаңыз сізге көмектескенде әрдайым алғыс айтуды ұмытпаңыз. Балаңызға рахметіңізді сәби кезінен айта бастасаңыз, тіпті жақсы. Осы арқылы сіз балаңызды құрмет пен қадірлеуге, сыйлауға және алғыс айта білуге үйретесіз.

3. «Мен сені мақтан етемін». Балаңыздың кішкентай жетістігінің өзіне «Мен сені мақтан етемін» деген сөзді жиі айтыңыз. Өмір жолындағы үлкен табыстар мен белестер кішкентай жетістіктерден басталады.

4. «Сен мен үшін ерекшесің». Осы сөзді айту арқылы балаңызға деген махаббатыңызды жеткізесіз. Балаңыз өміріңіздегі ең ерекше орын алатындығын түсіне бастайды.

5. «Сенің шамаң келеді». Балаңыз белгілі-бір қиындыққа тап болған кезде, немесе берілген тапсырманы орындай алмай қиналғанда, осы сөзді айтыңыз. Талпыныс пен жігер кез-келген қиындықты жеңуге сеп болатынын айтыңыз.

6. «Сенің барыңа шүкір деймін». Бұл ата-ана мен баланы жақындастыра түсетін сөз.

7. «Мен сені сағындым». Балаңызды екі-үш күн көрмеген кездерде де оған осылай айтыңыз. Балаңыз сіз үшін өзінің керектігін әрқашан сезінетін болады.

8. «Мен сені жақсы көремін». Әр бала үшін ата-ананың махаббатын ешнәрсе алмастыра алмайды. Балаңызға қанша рет қайталасаңыз да, аналық, әкелік махаббатыңызды білдіру артық болмайды. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп сүйікті әнімізде айтылатындай, мейлі, балаңыз 3 жаста, немесе 33 жаста болса да, ол өз ата-анасы үшін әрқашан да сәби болып қалады. Ата-ана мейірімі мен қамқорлығын көріп, сезініп өскен бала ғана болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, адамгершілігі мол, мейірімді тұлға болып өседі. Ол өз балаларын да ата-ана үлгісінде тәрбиелейтін болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отбасы өнегелі, берік, ынтымақты болса, бала өмірі де мәнді де сәнді болмақ.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *