Жастарға артылар сенім зор

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің бүгіні мен болашағы туралы айтылған тағылымды ойлар толқындары, Отанға, ұлттық құндылықтар жайындағы көзқарастар оқыған адамды тебірентпей қоймайды. Ұлттық код пен бірегейлікті сақтай отырып, ұлттық сананы жаңғырту мен білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып тұрғандай. 

Бұл орайда айтайын дегенім ата-бабала­рымыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осы күнге жеткен елімді мақтан етемін. «Әркімнің өз жері – жұмақ» демекші, ата-бабамыздың мұра етіп қалдырған жерінде тату-тәтті күн кешіп жүргенімізге іштей қатты қуанамын.
«Елім үшін не істей аламын?» деген сұрақ мені үнемі толғандырады. Бабаларымыздың үмітін ақтау мақсатында қазір жоғары оқу орнында сапалы білім алып, болашақта еліміздің дамуына өз үлесімді қосатыныма сенемін. Мен таңдаған мамандық – сәулетші, елімнің көркеюіне үлкен үлес қосатын мамандықтардың бірі. Жүрегімнің қалауымен Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының Сәулет факультетіне оқуға түстім. Ең алғаш университет табалдырығын аттаған сәтте «Мен осы мамандықты игере аламын ба, ата-анамның сенімін ақтай аламын ба және де өзімнің мақсатыма жете аламын ба» ­деген ойлар пайда болды. Біраз уақыт осы ойдан арыла алмадым, себебі басқа ортаға үйренісу оңай болмады. Қазір мен өте білімді, тәжірибелі, өз істерінің нағыз ­мамандарынан білім алып жүрмін. Осы 3 жыл уақыт аралығында сәулет өнерінің мұхит­тай шексіз тереңіне сүңгіп кеткендеймін. Бола­шақта үлкен жетістіктерге жету үшін адам өз өткенін, яғни өз елінің тарихын терең білуі тиіс деп есептеймін. Мен 3D MAX сияқты бағдарламаларды жаңадан меңгеріп келе жатқаныммен, үйлердің пішіндерін жасау­дағы өзімнің стилім қалыптасып келеді. Оқыту­шыларымның айтуынша, қазақша ұлттық стиль менің жұмыстарымның барлығынан да байқалады және бастамасы өте жақсы.
Әзірше еліміздің гүлденуіне айтарлықтай үлес қоспасам да осы мақсат жолында келемін. Көмекке мұқтаж жандарға шамам келгенше қол ұшын беремін. Волонтерлік қызмет атқарғанды да ұнатамын. Анам маған үнемі: «Ең бастысы – адам бол!» деп айтып отырады. Менің арманым – ата-анамның ғана қызы емес, елімнің қызы болу. «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» демекші, қыз – ол болашақ ана. Арманым «Қазақ қызы» деген атқа лайық болу. Ол үшін бойымдағы бар жігерімді салып, өзім қалаған өнер түрлерін меңгеруге ден қойдым. 10 жасымнан бастап балет өнерімен кәсіби шұғылданамын. Франция, Германия, Испания, Түркия және Италия елдерінде өткізілетін түрлі байқауларға қатысып, еліміздің көк байрағын көтеріп жүрген де жайым бар. Өткен жылы шілде айында Италия мемлекетінде «Bravo, Italia!» деп аталатын халықаралық дарынды жастар байқауы өткізілген болатын. Қазақ халқының биіне байқаудағы қазылар алқасы ғана емес күллі Италия жұрты таң-тамаша болды. Бұл байқауға мен ерекше дайындықпен барған болатынмын. «Аққу» биін билеп, туған елім жайлы эссе жазып, сонымен қатар сурет байқауы­на да қатысып, барлық аталымдардан Бас жүлдеге ие болдым.
Менің өзге елдерде еліміздің атын шығарып жүргенім айтарлықтай зор үлес деп есептемеймін. Бұл еңбегімді бір тамшымен теңестірер едім, алайда тамшыдан көл, теңіз, керек десеңіз мұхит та құралады. Жарыстарда жүлделі орын алып қана қоймай, өзге елдердің сәулет өнерін де қадағалауға тырыстым. Шет елде кез келген ғимараттың, үйдің құрылысына қыруар ақша жұмсалады, себебі нысан энергия сақтау және үнемдеу технологиясымен салынады. Біздің еліміздің табиғатын Швейцария елінің табиғатымен салыстырып жатады. Әсіресе біздің тауларымыз көптеген адамдардың, шаңғы тебушілердің қызығушылығын оятады. Сәулет өнерінде «регионализм» деген стиль бар. Ол стильде белгілі бір мекеннің ерекшеліктерін ескере отырып, ғимараттар ойластырылады. Осы стильді мен де қолданып өз еліме сұранысқа ие құрылыстар жүргізсем деймін.
Мұндай үйлер адамдардың өміріне қауіпті емес, ең бастысы, табиғатқа зияны да жоқ. Олар көзге білінбейді, таулардың жалпы көрінісін де бұзбайды. Ал таулы мекендерде демалғанды ұнататын жандарға – арнайы қонақ үйін жобалауға болады. Бұл үйлер 2-3 адамға арналған. Қонақ үйдің айналасы қардан қорғайтын шектеумен қамтылған, ал құтқарушылар күні-түні еңбек етуі тиіс. Қонақ үйді іске асыруды қолыма алсам, міндетті түрде осы аймақты қадағалап отыратын белгілі мекеме ашылғанын құп көрер едім. Менің басты мақсатым – жобамның тұрғындарға қауіпсіз болуы, табиғатқа зиян келтірмеуі, тұрғызылған нысанның біраз жылдар қызмет атқаруы және де Қазақстанның экономикасына (туризм саласына) үлес қосуы.
Сәулетшінің басты мақсаты – ғимарат­тардың жан-жақты ойластырылуы және халыққа ыңғайлы болуы. Еліміздің болашағы біздің қолымызда болғандықтан, қарапайым студент болсам да «АРДИ» атты мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған орталыққа барып, жағдайларын бақылап, мәлімет жинадым, өзім үшін біраз жаңалық аштым. Менің мақсатым – осындай ерекше бүлдіршіндерге арналған орталықты жобалау.
Елдің әр азаматы өз тағдырын ел тағды­рымен байланыстырып, шын ықыласымен еңбек ететін болса ғана, біз Елбасы айқындағандай, «Қазақстан – 2030» даму стратегиясына сай бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіретін боламыз.

Ақбота Шаймұратова
Алматы




1 пікір “Жастарға артылар сенім зор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *