Мемлекеттік қызметтердің «жасырын» түрін қалай анықтауға болады?

2

Алматыда журналистерге «Қызметтердің сапасы – қоғамдық бақылау аймағында» («Качество услуг – зона общественного контроля») атты жобаның жүзеге асырылу нәтижелері таныстырылды.

Жобаны USAID (Халықаралық даму агенттігі, Орталық Азиялық Еуразия қоры мен Ақпараттық қор атты үкіметтік емес ұйым бірлесе жүзеге асыруда. Жобаның бірінші кезеңінде Шығыс Қазақстан облысында, екінші кезеңінде Алматы мен Павлодарда пилоттық жобалар жүзеге асырылды.
Алматыдағы пилоттық жобаның мақсаты – «жасырын» мемлекеттік қызметтерді анықтау арқылы жалпы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру болып табылды. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтерінің реестрінде орталық және жергілікті атқарушы билік органдары көрсететін 739 қызмет түрі бар, оларды мына сілтеме бойынша табуға болады: http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1300000983#z5.
Бүгінгі күні реестрге енгізілмеген «жасырын» мемлекеттік қызметтердің түрі көп. Мемлекеттік қызметтердің реестрге енгізілмеуінің салдары қандай?
1. Мемлекеттік қызметтің стандарты жоқ: демек, мемлекеттік қызметті көрсетуші, яғни, шенеунік өзі қажет деп тапқан құжаттарын сұратып, қызметті өзіне ыңғайлы мерзімде көрсете алады.
2. Реестрде болмағандықтан, мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасын бақылау мүмкін емес, өйткені, сапа мониторингі жүргізілмейді.
3. Жоғарыда аталған себептерге байланысты сыбайлас жемқорлыққа ыңғайлы жағдай туындайды.
Жобаның екінші кезеңінде жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтауға қатысты әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп, оларды анықтау жолдары айқындалды.
«Жобаның ұзақ мерзімді мақсаты – мемлекеттік қызметтердің жүйесін жалпы жақсарту. Жобаның екінші кезеңінің қысқа мерзімді мақсаты – жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау әдістемесін әзірлеу. Бұл әдістеме қазір дайын және 2017 жылдың 21 желтоқсанында мемлекеттік қызметтер жөніндегі уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бекіту үшін ұсынылды. Егер бұл әдістеме жұмыс істеп, қолданыла бастайтын болса, оның нәтижесінде жасырын қызметтер анықталып, қызметтердің барлығы ретке келтірілетін болады. Нәтижесінде, тұтынушылар, біздердің сұраныстарымыз бен мұқтаждықтарымызға қызметтер жақындай түседі деген сөз. Демек, сіз бен біз ақырында әлдебір кезекке тұрдың деген бос талон ғана алмай, тікелей қызметтің нәтижесін көретін боламыз. Айналып келгенде, барлығымыз қысқа мерзімде аз ақша-қаражат, аз уақыт, аз күш жұмсап, жүйкемізді жұқартпай-ақ қызметтің жемісін көретін боламыз деген сөз», – дейді Қоғамдық дамуды ақпараттық қолдау қорының басшысы Сергей Пизиков.
«Жасырын» мемлекеттік қызметтің айқын мысалы ретінде С.Пизиков көлік құралдарына газ жабдықтарын орнатуға рұқсат беруді атады.
Мемлекеттік қызметтердің реестрінде оған берілетін рұқсат жайлы айтылмаған. «Мемлекеттік қызметтер туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдар, әрине, бар. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңда атап көрсетілген рұқсат түрлері бар, оларды алу процесі мемлекеттік қызметке жатады. Сөйтсе, әлгі көлік құралдарына газ жабдықтарын орнатуға берілетін рұқсат жайлы аталған заңдардың екеуінде де жоқ болып шыққан. Бірақ процедурасы бар. Ол барынша көп сатылы. Рұқсатты алу үшін әкімшілік полицияның рұқсатын алу үшін өтініш беру қажет. Егер ол рұқсатты ала алса, онда көлікті қайта жабдықтаумен шұғылданатын компанияларда жасата алады. Бұдан кейін ол Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына барып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді деген қағаз алады. Бұдан кейін әлгі адам қайта әкімшілік полициясына келеді дегендей жалғаса береді. Ал бұдан кейін қайда баратынын ешкім білмейді. Қызметті алушы ретінде адамдардың іс-әрекеттерінің айқын реті мен тізбесі деген атымен жоқ. Ешбір стандарт немесе регламентпен реттелмеген. Адамға рұқсат қандай жағдайда берілетіндігі туралы ешбір критерий белгіленбеген. Бұл туралы толық ақпаратты еш жерден табу мүмкін емес. Әкімшілік полицияда, немесе Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында ондай айқын қағаз-құжаттар бар ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Осы уақытта жоғарыда айтылған қызметті алғысы келген адам бірнеше мекеменің есігін ашып, қажетті жауап ала алмай уақыт жоғалтып, бар жүйкесін тоздырады. Ақыры ол мәселені оңай шешу үшін пара беруге мәжбүр болады. Егерәки мұндай рұқсатты алмаса, онда ауқымды айыппұл мен жазаны мойнына жүктеп алды дей беріңіз. Ал қарапайым адамдарды олай-бұлай сенделтіп қойған шенеуніктер жүктеп алатын жаза тым мардымсыз. Ең ары кетсе, ескертумен шектеліп жатады.

Жанбота Төлеген




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *